Бейсенбі, 17 Маусым 2021
Өз сөзім... 7146 0 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 10:08

ГРАНТ - ҒЫЛЫМИ ЖОБА МЕН СУМИ БАЛАНЫҢ ЕНШІСІНДЕ МЕ?

«Алуан алуан жүйрік бар, өз әлінше шабатын» дегендей, «ұлттық бірыңғай тест-2014» те жақындады. Әр талапкер өз әлінше шабатын, мамандығын табатын, біреу күліп, біреуі жылап шығатын арпалыс басталғалы тұр. Иә, шапқан тұлардың бәйге алу басты мақсаты, болса талапкердің мақсаты көздеген биігін бағындырып, көңіліндегі мамандықтың тізгінін ұстап студент атану.

Әр жылы еліміз бойынша жүз мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Соның 35% ға жуығы мемлекеттік грантқа ие болады. Сол жеңімпаздарды іріктеудің негізгі басымдылығы ұлттық бірыңғай тесттің еншісінде.  Ұлттық тестте ұпай үшін күрес. Әр бала өзінің бар мүмкіндігін салып балл алуға тырысады. Қалайда бұл толық болмасада, баланың ішіндегі бар білімнің негізгі бөлімін анықтап береді.

Жөн делік, білімділер әділетті түрде мемлекеттік грантты иелену керек. Ол дау жүрмейтін, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бірақ біздің жұртта қазіргі кезде “аузы қисық болсада бай баласы сөйлесін” деп, білімімен емес ебін тауып «артқы есікті» жағалайтын, сол арқылы білімдінің жолдарын табатын да айла-шарғылар бар. Бұны тимасақ талай білімді баланың жолын қиямыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін шаппай бәйге алатындардың амалын ашып айта кетелік.

 

Шаппай бәйге алу

 

Мемлекеттік грантты ұлттық тест өтпей тұрып ұтып алатын, ай бұрын, кейде тіпті жыл бұрын қанжығасына байлайтын керемет «үздіктер» бар бұл күні біздің жұртта.

Мемлекеттік грантты бөлгенде ерекше жеңілдікке ие болатын топтардың ең басында «алтын белгі» иегерлері тұрады. Иә, 11 жыл үздік оқыған, сол үздіктігін ұлттық бірыңғай тестте мүдірмей қорғаған оқушыға таңдаған мамандығына баруға мүмкіндік беру керек. Әуелі, өсіп келе жатқан ұрпақты шабыттандыру үшін, қосымша марапаттау енгізсе де артық емес. Біздің айтпағымыз бұл емес, біздің айтпағымыз, сол алтын белгіден кейінгі жеңілдікке ие болғандар. Олар республикалық, халықаралық «ғылми жоба жеңімпаздары».

Бұл бала «ғалымдардың» артық статусқа ие болуы мемлекеттік гранттың тазалығына ауыр кесірін тигізуде. Себебі, ғалымдардың өзі ашатын жаңалық табылмас бұл күнде мектеп баласының ғылми жаңалық ашады деу қия-ғажайып ертегінің бүгінгі кейіпкерлерін жасаумен бірдей. Сыпра жоққа шығарғымыз келмейді,  еңбектенетіндері барда шығар, бірақ, мемлекеттік грантты беру тым артық, әрі орынсыз. Себебі, жемқорлықтың ащы сасық иісі аңқитын бұл тимділік, еліміздегі шаппай байге алатын «үздіктердің» үлес салмағын арттыруда.

 

Су төгілмес жорғалардың сыры

 

Сөзіміз дәлелді болуы үшін, цифрларды сөйлетіп, шаппай бәйге алатындардың шабысын көрсетелік.

Біріншіден: ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда. Бұл – жүлде алудың тамаша жолы. Иә, атағы алатудай халықаралық ғылми жобалар конкурсының жүйесі дәл осылай, барасыз, бір танысты табасыз. Танысты кейде іздеп те керек емес, орын керек пе, пәленбай доллар деп алдыңыздан өзі шығады. Ақшасын санасаңыз орын дайын. Орын болса грант дайын. Бұл бүгін құпияда емес. Сондай құпиямен орын алып келген бір «шабондозбен» сөйлескенімізде, «бардық, екі үш сағат отырып қайттық, ел көріп, жер көріп, грант алып келдік» деген еді жасырмастан. Мысалы, дәл осындай өтірк бәйгенің бірі еліміздің Байқоңыр қаласында өтетін «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғарыштық зерттеу бойынша Халықаралық ғылыми жобалардың жүлдесінің шарттары да ақшамен шешіледі. Одан жүлде алудың басты жолы бір жыл бұрын солардың оқушылар лагеріне барып қатысу. Қатыссаң болды, ғылыми жобалар сайысында бір орының дайын. Демек, грантты ұйқыны қиып оқып алмай, ақшаны қиып, демелып жүріп аласың.

Екінші, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп судырату. Иә, бұл- ғылми жобаны қорғаудың амалы.

Ғылми жоба мәтіні ұрланып, әйтпесе сатылып алынған іші толған плагиат. Университеттегі ғылми атағы барлармен келіседі. Олар бір студенттің дипломдық жұмысын немесе курстық жұмысын құны бойынша сатады. Сатып алған жобаны «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп, судыратып айтып шығасыз. Тыңдаған жұрт оқушы мұншалық деңгейдегі жұмыс жасаса елдің болашақ жастарының білімі ұшан теңіз екен деп, аузын ашып тамсанады. Ал жүлде сізде, ҰБТ-ға дайындалып, алаңдап жан қинамастан қанжығаңызда белді университеттен белді мамандықтың гранты. Бұл недеген батпан құйрық демеңіз, бұл бәз біреулердің баласы грантсыз қалмас үшін жасалған керемет әдіс.

Үшінші, аузы қисық болсада бай баласы сөйлесін. Бұл – ғылми жобаны жеңіп алатын оқушылардың деңгейі.

Иә, білімнен жұрдай, ұлттық тестті мүлде тапсыра алмайтын «еркелер» қанжығасына грантты ерте байлап жатқанда, бәрі жалған демеске шараң жоқ. Бұл жалған да емес, ғылми жоба грант иеленгендердің 11 жылдық оқу үлгерімін көрсе, ғылми жаңалық ашпақ түгілі, өз өмір баянын жазуға толық қауқары жетпейтін «дара шапқандар» жетерлік.

 

Кеселді тірліктің кесірі

 

Мұның арты неге апарып соқпақ? Тұрсын Жұртбай ағамызша айтсақ жалған ғылымның басы осы жобалардан басталады. Бұдан жалған атаққа ұласары даусыз. Анығын айтқанда, бұл жалғандықтың кесірі білім саласына орасан болып тұр.

Біріншіден: дарындының жолын көлденең көк атты кесті. Иә, қаншама дарынды баланы грантсыз қалдырады. Жолын кесті. Бұл болашақ алдындағы қылмыс екенін сезінетін жұрт болмай тұр қазірге.

Екіншіден: бір құмалақ бір қарын майды шірітті. Білім саласындағы таза өтетін қаншама жас ұрпақтың білімін өлшейтін бәйгелердің бәрінің құнын түсіруде. Бұл ғылым жолына түскісі келіп, өз еңбегімен ізденетін ұрпаққа теріс үгіт беріп құлшынысын азайтып барады.

Үшіншіден: білімде бәсеке, бәсекеде әділеттілік болмай ғылым дамымайды. Ұрпақтың, жас өркеннің бойындағы әділ ізденімпаздықты дамытпай ел ертеңі, ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан бұл секілді жалған «тұлпарларды» уағында тізгіндеп алған дұрыс.

Төртіншіден: досқа – күлкі, дұшпанға таба. Халықаралық деп аталатын қаншама жобада елдің экономикасы өзгенің қамбасына құйылуда. Бір жүлдені сатып әкелу үшін өзге жұрттың қазынасына мыңдаған долларды толтырып жатырмыз. Бұл, ел экономикасына кері әсерін берумен қатар, елдің өзге мемлекеттер алдындағы беделін түсірері хақ.

Бесіншіден, сынықтан басқаның бәрі жұғады. Бұл дерттің асқынғаны соншалық, басқа емес бастауыштың баласына ғылми жоба жаздыру белең алды. Бесіктен белі жаңа шығып, оң мен солын толық айыра алмайтын баланы зерттеуші ету не керек? Ұрпақтың санасына жасандылық ұялату қасіреттің бастауы болмақ.

Балық басынан шіриді. Ғылми жоба жас ғалымдарды емес жас жемқорларды дайындайды демеске шара жоқ. Білім саласының бастауы болған мектептен басталған бұл жалған ғылым елімізді жауламасын, ұрпақ санасын уламасын десек осындай өтірік ғұламаларды ержеткізетін білім саласындағы бизнес жобалардың көзін жоғалту сала мамандарының мойнындағы аманат. «Қой ішіне жасырынған түйедей» болып тұрған білім саласындағы бұл кінараттарды көретін көз болғанымен, орнына келтіріп, қазақ қоғамына сауатсыз мамандардың құмырысқадай қаптауына қарсы келер қаһарман табыла қояр ма екен? Ол жағы беймәлім...

 

Аятжан Ахметжан, kazbilim.kz порталының бас редакторы 

Abai.kz

0 пікір