БІР ҚАРЛАГТЫҢ ӨЗІНЕН ҚАНШАМА ФИЛЬМ ТҮСІРУГЕ БОЛАДЫ...
Фэн Сяоганның «1942-іні еске алу» («Вспоминая 1942») атты драмалық фильмі былтыр «Оскарға» «лайық» деп табылмағанымен «оза шауып, осқырынып» тұрған дүние екендігіне киноәлемінің көзі жетті. Мәселе «Оскарда» емес, мәселе сол «Оскарға» екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы Жүңго халқының қан-жоса болған тағдырын таңбалаған картинаны ұсынған режиссердің азаматтық ұстанымында. Қытайдың киноиндустриясы қатты дамып барады. Аталған фильм туралы қысқаша пікірімізде оны да есепке алған жөн шығар. Оның үстіне ҚХР коммунистер билігінде болғанымен бүгінгі қытай коммунистері совет одағының коммунистері сияқты кертарпалықтан, қоғамның рухани өмірін тоталитарлық жүйге салып жүн қылудан бойларын аулақ ұстайды. Жан Кайшиден басталған қырғын, қазіргі Жүңго мемлекетінің түзімін жасаған Маоның кезінде шегіне жеткен аштық пен сүргін туралы қытайда кино түсіруге, роман жазуға және оны жалғанның жарығына жария етуге мүмкіндік берілген. Бір таңқаларлығы коммунситер билігінен ресми түрде бас тартқан Ресей мен Тәуелсіз Қазақстанда тұлымды ұлдарды тұл қылған күндердің ащы шындығын ашып жазуға, көрсетуге үнсіз тиым салынғаны әркез байқалып тұрады. Әйтпесе, бір Қарлагтың өзінен қазақ-орыс режиссерлері қасіретке толы қаншама фильм түсірер еді... Хасан Оралтай ағамыздың «Елімайлап өткен өмір» атты естелік кітабы жер бетінің алапат сұмдығын боса кешкен қазақ көші туралы эпопеялық туындының дайын сценарийі емес пе?.. Ойбай, толып жатыр. Соның бірі жоқ. Түк көрмегендей, аяғымыз аспаннан салбырап түсе қалғандай болып танаулап жүрміз. Бірақ, қазақ азабын шеккен ХХ ғасырдың сұрқия сұмдығы бәрібір кинода да, әдебиетте де безбенделеді. Әдеби шығармаларды өзіміз бірдеңе қылармыз, ал Сталиннің қазақ даласын тұтқындар лагеріне айналдырмаққа әрекеттенген қаскүнем пиғылын киноәлемінде «әшкерелеуге» өзіміздің режиссерлердің ерік-жігері мен шығармашылық әлеуеті жетпесе, шетелдіктер түбі қолға алатын болады. Қашан айтты демеңіздер...
(Дәурен Қуаттың FB парақшасынан алынды)