ЖҮРЕГІ ЖАРАЛЫ ЖЫРАУ
Қазақ тарихының қай-қай тарам жолдарында да қарашаның қайғы-мұңын жаһанға жар салып-жариялаған білекті батыр, жүректі жыраулар болған. Қазақтың “жырау” атауы – “жыр” сөзінен туындайды. Жырау – өз жанынан шығарып жыр төгетін әрі эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Жырау тұлғасының тарихы тереңде, талант-талғамымен өз жанынан суырып жырлайтын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Нағыз халық жанашырлары болған жыраулық мектептің түпнегізі абыздардан басталады. Жыраулар – жыр шығарып, толғау айтып қана қойған жоқ, ел басына күн туған жаугершілік замандарда атқа қонып, жауға аттанған батыр һәм қолбасылар да болды.
“Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам,
Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен”, – деп, Асанқайғы бабамыз күңірентпекші, халық ауыз әдебиетінің алтын тұғыры – жыраулық өнердің басты бітімі: халықтың мұң-зарын жеткізу, жайсаң жол мен соны соқпаққа бағыт көрсету, намысты нақыл мен берекелі бата арқылы ұлттың ұлықтығын жырлап, жігерін қайрау.
Айбында Абылайдың артықтығын мадақтап, айыбын тарақтаған қазақтың біртуар жыршысы Бұқар жырау былай деген:
“Биік тауға жарасар,
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар,
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы”
Мінеки, қазақтың бас жырауы таудың панасы – ық, сайдың саласы – тобылғылы, жігіттің намысы – найза, жыраудың тілі – әділ болғанда ғана ел іргесінің берік, келешегінің кемелдігін көрсетеді.
Біздің замандасымыз, дүниеден ертерек өткен қазақтың белгілі бард-әншісі әрі ақыны Табылды Досымов: “Бардизм – португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Демек, мұнда әуен өлеңді халыққа жеткізетін көмекші құрал ғана. Бұл өнерге қазақ оқшау қарамауы керек. Көше әндерін, авторлық әндерді орындаушылар өздері шығарған әнді мәтінімен айтады. Бұларды “бардистер” деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бермейді. Айырмашылық – осы. Жалпы, халыққа жеткізгісі келгенін әуенмен беру бізде бұрыннан бар. Сонау ғасырдан ғасыр асып жеткен жыраулық дәстүрімізде, өткеннен мұра болып қалған айтыс өнерінде де өрілген өрнекті сөзді әуенмен жеткізу бар. Сондықтан бард – қазақтан алшақ ұғым деп айта алмаймыз. Айырмашылық – тек аспабында ғана. Қазақтар домбырамен, қобызбен сүйемелдесе, нағыз бардтық шығарма гитарамен айтылады. Кешегі жаугершілік заманда да халыққа, батырларға рух берген осы сынды әндер. Ақын жүрегіндегі қаһармандық сөздерін осы арқылы жеткізді. Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің ешкімге де жаттығы жоқ” – деген болатын.
Бүгінгі таңда елімізде өзінің азаматтық көзқарасын батыл айтып, бард саласында оны нақты іспен дәлелдеп, төл-тума әндерімен халық санасын оятуды мақсат еткен танымал бард-әнші, қоғам белсендісі Жанат ЕСЕНТАЕВ халық арасында “Қазақтың Высоцкийі” атанып кетті.
“Өзім бала кезімнен гитараға қызығып, ойнауды үйрендім. 15-16 жастан бастап өлең жаза бастадым. Ең алғашқы қарлығаш-өлеңдерім қыздарға деген ыстық сезімге, көрші-қолаңға деген сыйластық-құрметке, қоғамдағы кейбір келеңсіз жағдайларға байланысты жазылды. Менің анам жас кезінде өлең жазған. Енді менің тікмінезділігім мен күрескерлігім өз аталарымнан дарыған болуы керек” – деп, ағынан жарылған жаңа заманның тың тегеурінді тұлғасы Жанат жырау 1995 жылдары халық арасында орасан зор беделді болған адуынды ақындар Мұхтар Шахановпен Олжас Сүлейменов шетелдерге елшілікке жіберілгенде, “биліктен беделі биіктерге” әдейі арнап, үш шумақ өжет өлеңін өрбітсе; 1999 жылғы президенттік сайлауға қатысқан Ғани Қасымовтың телеэкранда ваза лақтырып, стақан сындырған саяси ойын, қамсыз қуыршақтығын тағы да сын садағына алды. Шығыс шайыры Омар Хайямның өзі:
“Если мельницу, баню, роскошный дворец,
Получает в подарок дурак и подлец,
А достойный идёт в кабалу из-за хлеба –
Мне плевать на твою справедливость, творец!” – деп, дүниені дүр сілкіндірсе, қазақтың қарапайым да қайсар жыршысы Жанат Есентаев:
“Бізде не көп партия көп,
Айтар сыны, даты да көп.
Бірақ, бірақ ішінде,
Махамбеттей батыры жоқ!” – деп, терең толғап, қопара қозғайды.
Шындық дер кезінде айтылмаса, кеш айтқан сөздің бос даурықпалығын ұғынып, Махамбеттің ақындығымен қоса, күрескерлігін пір тұтқан Жанатжырау жеті ай ереуілдің ақырында азап шеккен Жаңаөзен мұнайшыларын қолдауға барғанда қаһарына мініп:
“...Басыңа жаман күн туса,
Біріңді-бірің сатасың...” – деп, шындық-шапалағымен аяусыз салып та жібереді...
Адамзат қоғамының қайсы кезеңінде де көзі ашық, көкірегі ояу адамдар шыңыраудан шындық тартқан жырларды түсініп, жадына серік қылған. Есентаевтың есті жырлары мен әсерлі әндеріне тәнті қауым аймақтардан арнайы шақыртып жатады. Бірақ, шақыртуға баруға мүмкіндіктер болғанымен, аудан-ауылдарда клубтарды, мәдениет үйлерін шындық жыршысына көбіне-көп жалға бермейді. Басты мәселе – қаржы емес, жергілікті әкім-қарарлардың кедергісі, халықтың жиналуына тосқауыл қойылуы.
Жанаттың шығармаларын теледидар да көрсетпейді, радиотораптардан да өткізбейді. Сондықтан, көпшіліктің бейхабар болуы да мүмкін. Дегенмен, кезінде Высоцкийдің де телеарна мен радиоторапқа шықпай-ақ миллиондардың жүрегін жаулағанын Есентаев есінен шығармай, көңіліне медеу қылады.
2005 жылы әндерін кассетаға жазып-таратып, бес мың данамен 24 әні енген компакт-дискісі де шыққан Жанаттың қазір 1000-нан астам шығармасы бар. КазГУ-дың филфагын өнерге жақын болған соң ғана оқып, өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген ол өнерін бағалап, қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің арқасында ақиқат теріп, ән салуды ғұмырының өзегіне айналдырды.
2001 жылы құрылған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының құрамына 2002 жылдың аяғында өз еркімен кірген жігерлі жігіт:“Саясаттан басқа тақырыптарға ән айтқым келмейді...” – деп мәлімдеп, әнін айтып, халыққа жеткізіп, шындық жолында жүргендіктен, “Ақын белгілі партия қатарында емес, бүкіл қарапайым халықтың ортасында жүруі керек” – деген тұжырым-түйін жасады.
“Жиырма жылда не өзгерді елімде, Келімсектер шығып алды төріме...” – дейтін тура сөз, шымыр шындық шендіге жақпайды. Өлеңдері тікелей билік басындағы шенеуніктерге қаратып айтылғандықтан, өзі “тентек”, өлеңі тарпаң Жанат Есентаевқа бойдақ кезінде жиі тексерулер жүргізіліп, бақылау жасалатын. Қазір ақынның өз ойын, жүрек сөзін жеткізуіне үлкен кедергілер жоқ. Қалың қазақ қолдайтын өнерпазға қысым көрсету, қиянат қылып, қастандық жасау – ешкімге абырой әпермейді.
Кешірек 35 жасында отбасын құрып, отау көтерді. Ғұмырлық жұбайы жасампаз жыршы-серігінің сергек өнері мен таңдаған соқтықпалы соқпағын терең түсініп, қолдау көрсетіп, демеп отырады. Батылдығы мен батырлығы қатар бард орындаушысының Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қоғам қайраткері Ғалымжан Жақияновтың құрметіне қойылған ҒАЛЫМЖАН есімді ұлы өсіп келеді...
Қазағының қасірет-қайғысы мен қиыншылық-қияпатын бірге кешіп келе жатқан жырау 42 жасқа толғанында демеушілері мен достарының жиып берген 500 мың теңге қаражатын “Жұлдыз” қайырымдылық қоры арқылы сырқат сәбилерге таратып берді.
Әні мен жыры халық санасына тез жетіп, қуатты әсер сыйлайтын жыршының өлеңдеріне сын айтылмайды. Қазақтың есебі жоқ көп тойларында Жанат Есентаев тілегін айтып, артынша саяси өлеңдерінің тығынын ашып жібереді. Дабырлаған көпшілік лезде тыныштала қалып, меңіреу үнсіздік орнайды. Шымыр шумақ, шындық сөзден үркіп-қорқып қалатындар да болады, ақиқаттың айтылғанына айызы қанып, көкірек-сарайы ашылғандар да кездеседі. Тойға арналған әні жоқ жыраудың жүрек сыры мен шындық жырын есітіп есін жиып, етегін жинаған ел ризашылықпен қол соғады...
Арқанкерген, Жаңаөзен, Шетпе, Шұбаршы оқиғалары туралы толғамды жыр айтып, толымды ой толғаған барды-әнші Жанат Есентаев Орал қаласындағы “Зенит” мәдениет үйінде тегін концерт беріп, жиналған қаржыны Жаңаөзен құрбандарының жақындарына аудармақшы болғанда, кедергі қойылып, рұқсат етілмеді...
“Естір құлақ тыңдар ма екен ақынды, Азған жұртың сыйлар ма екен батырды...” – деп, зор дауыс, өктем кеудемен ән шырқаған қайсар қайраткер кескілескен күрес, көлденең кедергілерді бұзып-жарып жүріп, Жайық жағалауының бас қаласында “Жаңөзенім танытпасын жалғыздық” атты авторлық кешін өткізді. Кештің мақсаты – жаңаөзендіктерге бүкіл қоғамның назарын аударып, жан-жақты қолдау білдіру болатын.
Қадым замандарда халықты біріктіріп, бір жұдырықтай жұмылдыруды көксеген қазақтың қабырғалы жырауы Дулат Бабатайұлы:
“Батырлықтың сәні жоқ,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Елірген тұлпар ерттеліп,
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,
Ұлын қорып жауынан,
Ереулеген егер дауынан,
Тұтамдап оқ жонбаса...” – деп жырлағанда, сірә, оқшау ой, ащы шындық айтылмаса – халықтың құлдық санадан арылмасын, сұрқия саясаттың қиямпыр-құйтырқысын білмесін сезініп, жеңіске жету үшін әрдайым жаңа буын мен жасампаз жыршының керектігін түсінсе керек.
...Адамзат алға адымдап басып, өркениет төріне телмірген заманда өнері мен өлеңі арқылы қазақтың санасы мен намысын оятып, ар-ұяты мен рухын жігерлендіруді мақсұт тұтқан байтақ қазақ даласының бүгінгі батыл жыршысы, жүрегі жаралы жырауы Жанат Есентаев желтоқсанның желді күн, ызғарлы таңында Ақтаудың бас алаңында ақиқат жайлы ән шырқауда...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.
Абай.kz