Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2921 0 пікір 12 Мамыр, 2010 сағат 03:41

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

Кісілік белгісі

Менің ұғымымда өз елінде тұрып жатқан қазақ үшін кісілік өлшемі - туған тілін білу. Анасын сатқан адамда қандай қасиет болуы мүмкін. Жарайды, танымай туғанына кінәлі емес. Бірақ қазір ес біледі ғой. Яғни, көріп тұрған анасына қайтып оралуы шарт.

Кісілік белгісі

Менің ұғымымда өз елінде тұрып жатқан қазақ үшін кісілік өлшемі - туған тілін білу. Анасын сатқан адамда қандай қасиет болуы мүмкін. Жарайды, танымай туғанына кінәлі емес. Бірақ қазір ес біледі ғой. Яғни, көріп тұрған анасына қайтып оралуы шарт.

Ал тіл үйрену деген, басқаны айтпайық, қазақ үшін онша қиын емес екен. Осы он жылда ағылшынға жетігіп алды. Керек десеңіз, қазақ тілінен хабары жоқ біраз балаларымыз, тіпті, арнайы барып оқымаған, тек бизнес төңірегіндегі кейбір жігіттер мен бойжеткендердің өзі түрік тілінде сайрап кетті. Өйткені, ісі жүру үшін түрік тілін білу қажет екен. Ағылшын - болса болмаса. Яғни, дәл осы ретте аюға намаз үйреткен - таяқ емес, соның туыстас ағайыны - тамақ. Тамақ табу үшін, күнкөріс үшін зәңгінің тілін де үйренесің. Ал қазақ тілін үйрену шарт емес. Өйткені, ешқандай қажеттілік жоқ. Ал біз «ойбай, тіл білмеген ұят» деп ұлттық сана, адамдық намыс дейтін абстрактілі ұғымдарды алға тартамыз. Ата-бабасының тілін білмеген, дәстүр-салтын мойындамаған, бар тәрбиесі орыс-советтік, тек түрі ғана қазақ «бауырыңда» адамдық намыс деген ұғым - туған ұлтына мүлде қатыссыз, керісінше ұлтын сөгіп, тілдеп жатқанда қорлану, намыстану орнына өзі қосыла қорлауға бейім. Намыс атаулының жұқанасы болса, өзінің қазақ екендігіне ғана намыс. Ал ұлттық сана... атымен жоқ. Керек десеңіз, өзін ұлттан жоғары санайды. Өйткені «төменгі нәсілдің» тілін тәрік еткен, дәстүр-салтынан жиренеді, қазақ тілді жұрттың бәрін жек көреді. Қояншық сана, құлдық мінез осындай былғаныш шыңыраудың түбіне түсірген. Қайтып шығуы үшін, бірдеңені түсініп емес, әлденеге түшіркеніп емес, басқаша жағдайда қу құлқыннан қағылатынын аңдау үшін манағы ағылшын, түрік, араукан, копт, инк, санскрит, масайы тілдерін үйренгені сияқты қажеттілік тууы керек. Бүгінгі жадағай ұранмен ешқашан ешқандай нәтижеге жете алмайсыз. Бұл үшін ең алдымен, қазақша білетіндер өзара қазақша сөйлессін. От басынан базарға дейінгі аралықта. Біздің бар тіршілік осы ошақ қасынан бастап бүлінді емес пе. Енді бүгінгі қаптаған базарға қарасаңыз, жыпырлаған қазақ және мәліш саудада отырғандардың көпшілігі ауылдан келген, орысшаға шалағай қазақ, сонда да құдай атып, қасынан өтіп бара жатқан қазақ кемпіріне: «дебұшка, дебұшка, пажалыста, купайте ұу мене...» деп мәдениетсіп жатқаны. Біздің еліміздің болашағы - жас балаларымыз қазақ мектебіне барар, ағылшын мектебіне барар, тіпті, дүниеге жақынырақ деп, орыс мектебіне барсын, бірақ тым терең болмаса да, әуел баста ауызекі  тілде еркін сөйлейтіндей дәрежеге ұмтылуы үшін, қазіргі күнге сенімсіз ата-аналар түптің-түбінде, тым ұзаса, осы балаларының заманында қазақ тілінің де керек боларын ұғынуы қажет. Ол үшін... атқарылатын, күн тәртібіне қойылатын мәселе көп. Соның бірі - кері тартқанды қыл кеңірдектен алатын пәрменді үгіт құралы - «Мемлекеттік қызметтегі қазақ азаматтар қазақ тілін білуі шарт» дейтін талап болуға тиіс. Манағы, «парламент депутаттығынан үміткер қазақ - туған тілін білсін» деген ұсыныстың мәнісі осындай, ұлт болашағын ойлаудан туындаған, аса ұтқыр жоба болатын. Ақыр түбі жүзеге асуға тиіс. Бірақ неге дәл осы жолы өтпей қалды? Неге қазақ тілін тәуір білетін, елге танылған «қалаулыларымыздың» біразы сол қолын ғана емес, екі аяғын бірдей көтеріп, қарсы дауыс берді? Мана айтқанымыздай, өздерінің дүбара әулетінің күйкі тіршілігін қамтамасыз ету әрекеті ғана емес, күні бүгінге дейін баяғы отаршыл, өктем ұғымнан арыла алмай отырған орыс тілді электоратқа жағыну амалы. Республикадағы сайлаушылардың қайткенде де жартысынан кемін, тіпті, үштен бірін ғана құрайтын ағайынға. Дауысым кем түседі деп ойламайды. Өйткені саны басым қазақ ешбір есепте жоқ. Түгел мақұлық, онсыз да дауыс береді деп біледі. Бірақ дәл осы жолы бұл көрегендер аз-маз қателесті. Бір топ әдебиет және мәдениет қайраткерлері бастап көтеріп, бүкіл халық ашу-ыза, наразылық білдіріп жатыр. Енді жаңағы азаматтарымыздың кейбірі «мен дауыс беріп едім» деп, көпе-көрнеу ісінен танса, енді біреулері екінші қайырымда бері қарай икемделсе, балшабектік отарлық санада қатып қалған бір ағамыз жалы күжірейе көтеріліп, тікелей қарсы шабуылға көшті. Атын атасам, алдымдағы қағазым былғанғалы тұрған, бүгінгі ұлтсыздықтың көрнекі тұлғасы ретінде көпке мағұлым бұл сабаз қазақ тілінің теңдік құқығы туралы мәселе көтерудің өзі республикадағы ұлт-аралық тыныштықты бұзатын арандату болмақ деген дана қағида ұсынды, енді өзі айтқандай-ақ, азаматтық құқығына нұқсан келмек орыс тілді жұртшылықты қазаққа қарсы, қазақ зиялыларына қарсы көтеріліске үндеп, ұйқысыз, күлкісіз жар салып жүр. Ал біздің жұрт, соңғы жылдарда қалыптасқан құр айқаймен жаппай сөгіп жатыр. Дұрыс емес. Рақмет айту керек. Тәубамызға түсіріп, ақылымызға келтірген, оң мен солымызды тануға жәрдемдескен мұндай қайраткерлерге рақмет айтудың өзі аз, бүгін тарихқа енді, ертең ескерткіш қойсақ ләзім, - отарлық, құлдық сананың ең соңғы ұлы құрбаны деген әйдік жазумен қоса.

 

Конституция бойынша мемлекеттік тіл - қазақ тілі болғаннан соң, мемлекеттік қызметкерлер де қазақша білуі шарт! Бұл бап бірден жүзеге аспас. Билеп-төстеп қалған, әдетте өз тілінен басқа тіл біле бермейтін орыс ағайындар үшін, әрине, өткел бермес асу. Әзірше. Бес, он, жиырма жыл дейікші. Әуелі өзіміздің қазақтан талап етейік. Сонда, заманы өткен ұғыммен айтсақ, қазіргі бүкіл партноменклатура: «Балшабектер алмайтын қамал жоқ!» - деген жалынды ұран астында екі бес жылдық жоспарыңызды үш те үш жарым - алты жарым жылда артығымен орындап, өзінің бүгінгі ғана емес, болашақта дүниеге келмек барлық немере-шөбере, шөпшек-шөбелек - жеті атаға дейінгі әлі тумаған ұрпағын түгел қазақшаға көшіріп береді. Әлбетте, партиялық басшылар осылай шешкен соң, билікті парламентіңіз де, былыққан базарыңыз да, ең бастысы - тумысы қазақ үлкен-кіші түгелімен өз тіліне қарай бет бұрмақ. Анығы осы. Сіздің осындай, өз тіліңізді өзіңіз үйреніп, айналасы он-жиырма жылда Хрущев жүзеге асыра алмаған коммунизмді Қазақстанда орнатып тастағаныңызды көрген басқа жұрт - «орыс тілді» аталатын қауым, әрине, ағылшын тілінен бұрын қазақ тіліне ұмтылмақ. Яғни, ағылшынды ғана емес, қазақ тілін де игеру қажет деген ұран. Қиял емес, шындық.

 

Ақиқатын айтсақ, «Көп - қорқытады, терең - батырады». Береке-бірлік те, күш-қуат та, айдын мен қасиет те көпте. Көп болсаң... айтып-айтып, құса, қайғы басты, егер 1932-33 жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны кемі жиырма миллионға тартар еді, Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет аталар едік, тіліңіз не, біздің ойымызға да кірмеген қаншама мәселе өзінен-өзі шешіліп жатар еді, мінезіміз де, жүріс-тұрысымыз да, әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз да басқаша болар еді... деп зарлана бергеннен не қайыр. Болмаған болашақ, жүзеге аспаған, орта жолдан қиылған тарих. Халқымыздың үш мың жылдық ерлік күресі, ұзақ тарихта жеткен барлық игілік - айналасы екі-ақ жылда сарып болды, ақыры, міне, өз жұртымызда осыншама бейшара күн кешіп жатырмыз. Бірақ ақыр түбі бұл емес. Тілегіміз біржола кесілген жоқ. Болашағымыз біржола тұйықталған жоқ. Өз ел, өз жерімізде отырмыз. Соған орай, өз сыбағамызды, тиесілі еншімізді иелену үшін... ең басты шарт - көбею! Бүгінгі республика шегінде басым көпшілікке айналсақ, «қара орысыңыздың» қайтадан қазақтануы тұрыпты, тілі жақын, діні ортақ ағайындас жұртыңыз не, сары орыстың өзі қазақ шығады. Тілімен ғана емес, ділімен де. Әрине, ерікті түрде, өзінің ынта-тілегімен. Қазір біздің орыс тілді қазақ журналистері бастап айтып жүргендей, әлемнің даму үрдісі, шет мемлекеттердің ұлттық құрылым тәжірибесі осындай. Франция - француздардың мемлекеті, Германия - алмандардың мемлекеті. Кішкентай ғана Чехия - чехтардың, Словакия - словактардың, Венгрия - мажарлардың елі. Бәрінде де аз ба, көп пе, басқа бір ұлттардың өкілдері болған, әлі де бар. Бірақ солардың бәрі де жұрт иесінің тілінде сөйлейді, сол жұртқа сіңісіп, қосылып жатыр. Өткен тарихта да солай болған. Бүгінгі қазақ та осылай құралды. Басым көпшілік, жетекші нәсіл қалған азшылықты өз ортасына қабылдап алады да, небәрі екі, үш, асса төрт ұрпақ өткенде айта-қатесіз өзі қылып шығарады. Тілін, дәстүр-салтын ғана емес, түр-тұлғасына дейін.

 

Бірақ... өзге емес, бізде мүлде керісінше - тіліңді де, дінің мен ата дәстүріңді де біржола тәрік етіп, басқа бір халыққа - орыс емес, аралықтан шыққан дүбара да емес, көп ұзамай мүлде құрып бітер тексіз тобырға айналу қаупі тұрғанын да терістей алмаймыз. Бүгінгі, қазаққа шекесінен қарайтын номенклатура, олардың өзі шыққан ұлтты жек көретін мәңгүрт әулеті байлыққа батып, билікке жетіп, сырт жерде осыншама құрметті болып отыруы - арттағы қара орман жұрттың арқасы екенін түсінбейтіні таң қаларлық жағдай. Қазақ ұлттық сыпатынан айрылса, көп ұзамай қазақ атымен аталатын ел де жер бетінен көшеді. Қалған қарапайым жұрт дәл бүгінгіше итшілеп тағы да біраз тіршілік кешер. Ал өзі мойындамаған, өзі қарсы жұмыс жасаған, ақыр түбінде өзі сатып кеткен елдің туы құлаған соң кешегі жандайшап кімге керек, бытқыраған байлығымен бұрынғыша тұра бермейді, ең алдымен солардың көзі жойылады - басқаны айтпағанда, қолындағы қазынасын тартып алу үшін. Бірақ азғындарының жаза тартқанынан өтіп кеткен елге келер ешқандай пайда жоқ. Күріш орылғанда күрмектің қоса кеткенінен не қайыр. Ішті, сорды, тойды, тиесілі теріс міндетін түгел атқарады. Ендеше, әуелі осы күрмек мәселесін шешіп алған жөн. Яғни, қара орман халқыңыз аман болсын, аман болу үшін арамнан тазарсын, арамнан тазару үшін етек-жеңін жинасын. Манағы сөзімізге қайтып оралсақ - бүгінгі, ұзын саны әжептәуір, бірақ өз елінде ұлттық басымдыққа жете алмай отырған қазақ еселеп көбеюі керек. Сонда ғана өз еліңізде Кісі боласыз.

(Жалғасы бар)

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373