Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8884 0 пікір 17 Қаңтар, 2015 сағат 10:56

ҰЛТ АЛДЫНДА ҰЛЫ ІС ТЫНДЫРЫП КЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

...Кеңес уағындағы мектептерде оқып білім алған кез келген адам біледі,

«Қазақ ССР тарихы» деп аталатын жұқа ғана оқулық болатын. Ол кітапта Әбліқайыр ханның өз еркімен Ресейге бодан болуы, 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы қазан төңкерісі, одан соң жаппай коллективтендіру, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы, сосын тың игеру науқаны ғана қамтылатын. Тіпті Қазақстанда (қазақтарда) бұдан басқа тарих бар деп ешкім ойлаған емес ол уақытта. Ал «СССР тарихы» деген оқулық бұған қарағанда әлдеқайда қомақтылау болатыны есімізде. Бұл оқулық арқылы біздер Ресей тарихына қатысты сонау «Игорь жорығынан» бастап, Илья Муромец, Александр Невский, Дмитрий Донской, Минин мен Пожарский секілді адамдарды бала кезімізден оқып біліп өстік. Оларды өзіміздің ұлттық батырларымыздай мақтан еттік. Адамның сәби шағынан зердесіне сіңген нәрсе ешқашан ұмытылмайтынын білген сол кездегі кеңестік идеология осыны барынша пайдаланды. Теріс тарихты миымызға сіңіріп бақты. Санамызды улады. Ресейді қойып, Еуропа тарихын оқытты (оқулық «Жаңа тарих» деп аталатын). Көне Рим тарихы, көне грек тарихы, атам замандағы франктер мен галлдар, якобиншілдер көтерілісі, Париж коммунасы дейсіз бе, әйтеуір осы секілді ауылдағы қазақ баласының миына қона бермейтін небір дүниелер оқытылушы еді. Бірақ ҚАЗАҚ деген халықтың сан ғасырлық тарихын айналып өтетінбіз. Қазақстан тарихының, Қазақ тарихының есігі Қазақ үшін жабық болатын.

Ол кезде «түркі» деген сөз де құлаққа жат еді. Сталин заманындағы «пантюркизмнен» зәрелері ұшып қалған қазақ зиялылары оны естісе, айнала қашатын. Бөгенбай, Олжабай, Жантай, Жәнібек, Малайсары, Наурызбай, Қабанбай т.б. ұлт батырларын бала түгілі, үлкендердің өздері ауызға ала бермейтін. Сабақтан тыс уақыттарда «Алпамыс», «Арқалық батыр», «Дотан батыр», «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Қамбар батыр» секілді эпостық жырларды оқитынбыз. Сосын бұл батырлар неліктен оқулықтарға кірмейді екен деп, бала болсақ та ойлаушы едік. Сөйтсек, оның ар жағында үлкен мемлекеттік саясат жатыр екен. Бұны ол уақытта мектеп қабырғасындағы бала түгілі, үлкендер де түсіне бермейтін. Осының барлығы социалистік қоғамның жетістігі, біз секілді бұратана халықтардың ғылым мен білімге көзін ашу болып есептелетін. Міне, Кеңес Одағының құзырында болған ондаған жыл уақытта ұлттық тарихымызды тану деңгейіміз осындай болыпты. Осындай «тарихи ілім» алған бірнеше буын ұрпақ өсіп шықты. Арғы тарихты айтпағанда, бертінгі, 1928-30 жылдардағы дәулеті барлардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздерінің жер аударылуы, халықты күштеп коллективтендіру, 1930-32 жылдардағы Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығы, Сталиннің көзі жұмылғанша тиылмаған жаппай қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақтарға қарсы жүргізілген шовинистік саясат-осының барлығы қазақтар үшін құпия болатын. Сол кеңестік уағыздың арқасында дүниені дүр сілкіндіріп, Еуропаны еңкейтіп, жаһанның жартысын уысында ұстаған ұлы жиһангер Шыңғыс ханды және оның мұрагерлерін «варварлар», өркениетті құртушылар деп түсіндік.

Бірақ шындық деген өткір біз секілді, бәрібір бір жерден тесіп шығады екен.

Кеңес уақытында саяси цензура кірпік қақпай қадағалағанымен, ара-тұра өткен тарихымызды теңін бұзып, құпиясын ашатын түрлі жанрдағы шығармалар, зертеулер ара-тұра жарыққа шығатын. Сол үшін қуғын-сүргін көрген талай қаламгерлер өмірінің ондаған жылдарын Сібір лагерлерінде өткізіп келгенін ел біледі...

Дегенмен, уақыт өте келе, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қарай саясаттың сәл ғана еркіндік бергенін пайдаланып, төл тарихымызды тануға арналған дүниелер жарық көре бастады. Мысалы, сонау жетпісінші жылдары бұл бағытта әдеби-көпшілік тұрғыда   жасалған тұңғыш бастама-ІлиясЕсенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда» секілді романдар тізбегі еді. Осы кітаптармен алғаш танысқан соң, бала болсақ та жан-дүниемізді айран-асыр сезім билеп, тағы-тағы қайталап оқыдық. Бойымызды мақтаныш сезімі биледі. Біздің тарихымыз осындай екен ғой деп масаттандық. Ресей мен Еуропаны табанының астына салған Алтын Орда деп аталған алып империяның болғанын білдік. Керей мен Жәнібек секілді даланың қос қабыланы алғаш Қазақ мемлекетінің іргесін көтергенінен хабардар болдық. Бөтенге бодан болғаннан гөрі, айқас үстіндегі ақ өлімді артық көрген Кенесары мен Наурызбай сынды жолбарыстардың Ресей басқыншыларымен жұлқысып өткенін білдік. Мерейіміз көтерілді. Мақтандық...

Шындығын айтайық, саяси цензураның кірпік қақпай бақылап тұрған шағында Есенберлин осы кітаптары арқылы өзін қазақпын деп санайтын талай адамның санасына сілкініс жасады. Осыдан соң көкірек көзі ояу кез келген қазақ баласында ұлт тарихы жайлы жазылған дүниелерді оқуға деген қызығушылық пайда болды. Бұрындары қолданылып келген ресми тарихқа енді сенімсіздікпен қарайтын болдық.

Міне, Ілияс Есенберлиннің ұлт үшін атқарған баға жетпес еңбегі еді бұл!

Одан кейін Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Мұхтар Мағуинның «Аласапыран», Софы Сматаевтың «Елім-ай», Дүкенбай Досжановтың «Жібек жолы» секілді романдары жарық көрді. Бәрін де оқыдық, керемет. (Бертінгі замандағы трайбалистік бағытта жазылған «тарихи романдарды» есепке алып отырғам жоқ, ол үшін әрине, кейбіреулерден ғафу өтінем). 

Бірақ шынын айту керек, жоғарыда аталған жазушылардың кітаптары бізге дәл Есенберлиннің еңбектеріндей әсер ете алмады. Мүмкін оның бұл секілді «жабық» тықырыпқа бірінші болып баруынан ба. Болмаса, Есенберлин шығармаларының оқуға жеңіл, қарапайым тілмен жазылуында ма. Әйтеуір, оның романдарын араға уақыт салып, қайталап бір оқып тұрамыз.

Тарихи еңбектері өз алдына, ол кісінің «Ғашықтар» деп аталатын романы өз уақытында қазіргі тілмен айтсақ «бестселлер» болған кітап еді. Ол кезде мектептеміз, партаның астына тығып қойып оқитынымыз әлі есімде.

Қазір «ұлы жазушы», «классик жазушы» деген биік пафосты тіркестерді әркімге теліп жүрміз ғой. Есенберлин мүмкін ұлы да емес, классик те емес шығар. Бірақ міне, жарты ғасырға жуық уақыт оның кітаптары қолдан түспей, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып оқылып келе жатыр. Әлі де оқыла беретіні анық.

 

Сайлау БАЙБОСЫН.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406