Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 7894 0 пікір 8 Қаңтар, 2015 сағат 12:53

«КРЕСЛО» ЖОРЫҒЫ КІМДЕРГЕ БАҒЫТТАЛҒАН?

 

Иә, елімізде  бәрінен де бұрын  заң жобасын қабылдау ойыншыққа айналып бара жатқандай. Неге десеңіз, бір шаруалармен  қандай да бір кеңсенің есігін қақсаңыз, «бізде заң өзгеріп кеткен, енді былай жасауыңыз керек, бәленбай теңге төлеуіңіз керек» деп қарсы алатын кеңсе қызметкерлерін жиі  кездестіресіз. Қарсылық танытайын десеңіз келген шаруаңыз бітпей қалуы бек мүмкін. Біткенін айтасыз, апталап сандалтып қоюы да ғажап емес. Өз пікіріңді дәлелдейін десеңіз,  қаптаған заңдарымыздың қай «пұшпағынан» ұстарыңызды білмейсіз. Шынымен де, бізге дейін де талай рет айтып-айтып «табанын тоздырған» орындалмай жатқан заңдар жеткілікті. Тек олар халықтың қалтасын қағуға келгенде «аттандап» алға шығады. Шамасы жоғарыда отырған ел сенімін ақтайды деген депутаттарымыз алдарына келген заң жобаларына қалай болса солай қарайтын секілді. Осылай ашынып айтуымызға өткенде «Астана телеарнасына сұқбат берген депутатымыздың уәжі себеп болып отыр. Халық сенімін арқалап жүрген ханымысыз: «Жаңа ғана 19 заңды қабылдап жібердік, өйткені бізде бүгін корпоратив болады соған асығып жатырмыз» деп мәз-мейрам болыпты. Ал, ендеше, «тойға асығып отырып» ертең қарапайым халықты «тоңқалаң асыратын» қанша заң қабылданып кетті екен?!.

Соның бірі,шамасы7-қаңтардан бастап күшіне енген «Жол қозғалысы ережесі» Заңы болса керек. Енді осы ойымызды тарқатып айтып көрелік. Әрине,жаңа ережеге енгізілген өзгертулер мен түзетулер ең алды­мен, адамның амандығы үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отырғаны сөзсіз. Дегенмен, жалпы халықтың көңіліне көлеңке түсіретін тұстары аз емес секілді. Оған себеп, жоғарыда айтылған халық қалаулыларының немқұрайдылығы болса керек.  Жалпы бұл заңға көлік жүргізушілерден бастап, жалпы тұрғындар тарапынан наразылық көп. Неге десеңіз, жаңа заңдағы атап көрсетілген он өзгерістің  қай-қайсына да айтар уәжіміз бар.

Біріншісі,   «шетелдердің басым көпші­лігінде мейлі жеңіл көлік немесе жүк көлігі болсын міндетті түрде көліктің шамы жағу­лы жағдайда қозғалады. Сөйтіп, біздің елі­міздің жүргізушілері де жаңартылған «Жол қозға­лысы ережесіне» сәйкес күндіз көлі­гінің шамын жағып жүруге міндетті».  Осыған дейін де қаладан тыс шыға бергенде барлық автокөліктерге осындай талап қойылған. Онысы дұрыс та шығар. Ал, қаланың ортасында тапай тал түсінде шам жағып жүру талабы  қарапайым ақылға сия бермейтіндей.  Жол-көлік оқиғасы осы көліктің шамына тіреліп тұр деп ешкім айта алмас.  «Түн ішінде көзіңді ашып ұйықта» дейтіндей күлкі шақырады.  Жарайды, жаңа ереже бойынша МАИ қызметкері қандай да бір көлікті тоқ­татқан жағдайда жүргізушіге оны қандай себеппен тоқтатқанын түсіндіруі тиіс. Бұған қоса, жүргізуші МАИ маманына куәлігін көрсетіп, лауазымын білуді талап етсе, онда инспектор қарсыласпай құжатын көрсетуге құқылы. Үшінші талап – ішкі істер қызмет­кері көлікті тоқтатқан жағдайда жүргізуші де, жолаушы­лар да инспектордың рұқса­тынсыз көліктен түспеуі тиіс. Тағы бір маңызды нәрсе, бұдан былай көлікті мас күйінде жүргізген жүр­гі­зу­шілерге қол­данылатын айып барынша қа­таңдатылды. Мысалы, жаңадан қабыл­дан­ған «Жол қозға­лысы ержесі» бойынша көлікті мас күйінде басқарған жүргізушіні 10 жыл мерзімге көлік жүргізу куәлігінен айы­ру қарастырылған.  Өте орынды талаптар. Алайда, кімге қалай. Бұл талап «бай баласы Асан» басқаша, «кедей баласы Үсенге» басқаша орындалмайтына кім кепілдік бере алады. Олай дейтініміз, өткен жылдың бас кезінде «бай баласы Үсенов» тапайдың тал түсінде аялдамада тұрған жүргіншілерді таптап өтіп, бір жас қыз қаза болған еді. Сонымен «бай баласы Үсеннің» шаруасы біткен болар деп ойлағанбыз. Жоқ, бітпепті. Оның алдында көлікке жүргізушілік құжатынсыз отырып  (МАИ-дағылар өздері жасырып отырған болуы керек), тағы бір көліктегі жүргізушінің көлігін жарамсыз етіп, өзінің жарақаттау «міндеті» тұрыпты. Тағы да темір торға тоғытылған Үсенов алдыңыздан қайтадан «ажал құрығын» көтеріп шықпасына ешкім кепілдік бере алмас. «Бәрін де сатып алуға болады» деп ойлайтын бай-бағландар үшін адам тағдыры түк емес-ау.

Жә, жаңа ережедегі«бұдан былай 12 жасқа дейінгі балалар көлікке ар­найы орындықтарды пайдалану арқылы отыр­ғызылуы тиіс» деген талап та көңілге қона бермейтіндей. Неге десеңіз, сауда нүктелеріндегі аталмыш орындықтың нарқы қарапайым халық үшін қол жетімді емес. Мәселен, бір ғана Алматы қаласында 60-70 мыңдай жүргізуші тұрақты жұмыс орны болмағандықтан «таксист» болып нәпақасын тауып жүр. Оның өзі бір де жетеді, бірде жетпейді. Көлігі бұзылып қалса тапқан-таянғанын түгелдей дерлік қосымша бөлшекке жұмсайды. Онсыз үйіндегі жұмыссыздардың саны тағы бір адамға артуы мүмкін. Ал, енді осындай жандарға қалай «балаларға арналған орындықты ал» деп айта аласыз. Бірлі-жарымы алуы да мүмкін. Дені оған қауқарсыз.

Сонымен бірге,  көлікті тоқтатушылардың дені  жұмысқа асығып тұрғандар мен аузы-мұрны симай сығылысып тұратын қоғамдық көлікке жас балаларымен отыра алмайтындар. Енді «МАИ» қызметкері айыппұл салады деп қорыққан «таксистер» бұдан кейін балалары бар адамдарды көліктеріне отырғызбайды. Сонда жауынды-шашынды, боранды, қақаған суықта тұрған жас балалы жүргіншілер не істеу керек?  Жауап жоқ.

Ал отбасында 12-жасқа дейін бірнеше баласы барлар не істеуі керек?. Көлігіндегі орындықтарды түгелдей ауыстыру қажет пе?. Әлде бір жаққа жанұясымен қонаққа барғысы келсе, балалары үшін бірнеше көлік жалдап апару керек пе? Ақ-адал еңбегіне сатып алған көлігіне өзінің балаларын отырғыза алмайтын халге жеткеніміз бе?. Сауал көп, тағы да жауап жоқ.

Осы жазбаны жазу барысында  ғаламтор беттеріндегі осы мәселеге қатысты жұртшылықтың ой-пікірлерін сүзіп шықтым.  Сонда бір азамат «менің он жастағы баламның бойы ұзын, кәдуілгі 17-дегі жасөспірім тәрізді, мен оны кішкен­тай баланың орындығына қалай сыйғыза­мын?»  днп ашына жазыпты. Ал жауап беріп көріңіз. Ал денесі тым кіші, жасы 12-ден асып кеткендерді қайтеміз. Олар оны қалай дәлелдей алады. Мүмкін жұрттың бәрі құжаттарын қалтасына салып жүруді міндеттеу керек шығар.

Енді  ереженің ақылға сыймайтын бір тұсы – осы ережедегі көлікті тек арнайы рұқсат етілген белгісі бар көлік тұрағына ғана қою болатын. Өйтпеген жағдайда жүргізуші­нің айыппұл төлейтіндігі көрсетілген болатын. Неге десеңіз, бір Алматы қаласының өзінде ғана 600 мыңнан астам  көлік тіркелген. Қалаға күн сайын  келетін көліктерді ескерсек, қаладағы барлық көлік саны 700 мыңның үстіне шығып кетуі мүмкін. Ал осы көліктерді қоятын арнайы орындар бұл қалада жоқ екені, бар болса да ауыз толтырып айтуға болмайтын айтпаса да түсінікті.  Десек те, соңғы сәтте жаңа ереженің бұл  нұс­қа­сында мұндай шектеу алынып тасталғаны орынды болды.

Тағы бір таңғалдырғаны – бұған дейінгі жол жүру ережесінде елді-мекендерден жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау белгіленген еді. Бұл жолғы ережеде «елді-мекендердің қайсыбір бө­лік­терінен сағатына 90 шақырымдық жыл­дам­дықпен өтуге рұқсат етіледі» деп көрсетіліпті. Не үшін. Елді-мекендерде  жаяу жүргіншілер өтетін жол белгілері, бағдаршамдар жоқ екені белгілі. Оның үстіне ауыл тұрғындарының Жол жүру ережесі заңдылықтарын сақтауға құлықсыз екендігін ойласақ, бұл да тұрғындарға әжептәуір қауіп-қатер туғызатыны сөзсіз.

Қысқасы,  аталмыш Ережеге қатысты ортаға салып, кеңесер тұстар аз емес. Әдетте, өмірге келген әр Заңның жобасын еліміздің белгілі бір өңірінде сынақтан өткізіп, жарамсыз тұстарын алып тастап,содан соң ғана қабылдаса орынды болар еді. Атам қазақтың «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегені бекер айтылмаса керек.

Серікжан ҚАЖИ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061