Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7958 0 пікір 6 Қаңтар, 2015 сағат 10:24

Қуаныш ЖИЕНБАЙ. ҰЗАҚ СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

(әңгіме)

Сыртқы есіктің кілті сырт етіп ашылғандай болған. Әлде Әбдіғаниға солай елестеді ме. Орнынан лып етіп ұшып түрегелмесе де кәдімгідей елең еткені рас-ты; бүкіл жан дүниесі үгітіліп, әлденені аласұра іздегені рас-ты. Несіне жортақтатады, сыпайылық танытқаннан бір нәрсе өне ме. Аш. Кешеден бері нәр сызбады. Көздері қарауытып, буындары босады. Кранның жылымшы суымен қарынды қашанғы қампайтады. Әдепкіде болар-болмас әл шақырғанымен, артынша іші-бауыры шұрқырап, ұлып ала жөнеледі. Бір ғажабы, ал бір ғажабы, әлде аштықтың пайдасы ма, ақыл-есі бүп-бүтін, бас дегеніңіз мәңгілік мәшинедей сарт та сұрт жұмыс істеп тұр. Ай, өзі де өлермен. «Осы тарауды бүгін түннен қалдырмай бітіресің» деп әлдекім кеңірдегіне кездік қадағандай, он саусағын компьютер нүктелерінен айырмайды. Алақандай экранға түскен өңшең құрмалас сөйлемдер құдды бір көкірегінен пыр етіп ұшқан әдемі әуенге ұқсайды.

         Тоқ-та, тоқташы-ей! – Осы тұсқа келгенде жүрегі қаттырақ соқты. Шидей саусақтарымен көптен ұстара көрмеген қырым етсіз қу жағын үсті-үстіне сипалады. А-ха-ха! Жазушы аштан өлді! Өз үйі, өлең төсегінде  аштан өлді. Оу, оны аспандататын несі бар?! Өлді, бітті. Ажалы жеткеннің барар жері белгілі. Бірақ, бірақ... аштан өлген пақырыңыз күндіз-түні  қоқыс жәшігін паналап, түсініксіз жағдайда көз жұмған көшедегі көп кезбенің бірі емес, әжептәуір абырой-беделі бар, бірнеше кітабы шығып, әдеби ортада танылған белгілі қаламгер ғой. Сондықтан құзырлы орындар мұндай тосын ажалдың себеп-салдарына аздап тексеру жүргізетін болар. Алдымен Әбдіғани кім, қандай кісі? Таза жазушылықпен күн көрудің тым қиынға соғатыны жалпақ жұртқа аян. Және мұны жақтары талғанша қақсап айтып жүрген де сол жазушылардың өздері. Қит етсе сол әңгіме, үлкен мінбеден сөз тие қалса да соны төңіректейді. Бұл не қылған бітпейтін жарапазан? Айы оңынан туып, жетісіп жүрген кім бар бүгінде?  Қазір нарық заманы, ендеше бір кітабың шыққанда шала байып қалатын баяғы күніңді аңсап, үкіметке қол жайғаныңызды қойыңыз! Оу, айтқандай,  сіздікі не міндет осы?! Кім үшін және не үшін жазасыз? Жазбай-ақ қойыңыз. Баспадан кітабы қашан шығады деп, сыртқы мұқабасын аялы алақанымен сипағысы келіп, әрбір бетін мұқият оқығысы келіп, емешесі үзіліп жүргендердің қарасы да көп болмас!

         Сірә, тергеушілер бұл мәселені осы тұстан түйіндеп, дереу екіншісіне,  одан үшіншісіне көшер.  Демек бәрі түсінікті. Жазушыңыз да жынды емес, өнбейтін іске бола түні бойы ұйқы көрместен, өлшеулі тірліктің болмашы қызығынан безініп, жазу үстөлінде  сағаттап, тапжылмастан неге отырады? Және ол отырысында қандай мән-мағына бар? Бәлкім, нәпақа табу үшін біреудің әке-шешесінің өмір жолын баяндайтын кітап жазып беремін деп уәде байласты ма? Қаражатын жаратып қойып, қолжазбаны дер кезінде тапсыра алмады... А...а?! Жұмыс бөлмесінің астаң-кестеңін шығарып, айғақ іздейді. Әбдіғани аға тұтып жүрген, іні тұтып жүрген таныс-білістерін тергеуге шақыртады. Олар Әбдіғани туралы не айтады? «Талантты азамат еді» дер ары кеткенде.

                                                         ХХХ

         Әйелімен қарым-қатынасы қалай еді деп те біраз қазбалар. Айкүмістің әрине, табанда не тауып айта қоярын кім біліпті. Бірақ  жазушыға әйел болудың несі қызық?! Жазушыға әйел болу–күллі өміріңді өксіту, жасыңа жетпей қартаю, азып-тозу. Ағайын-туғаннан безіну. Бір сөзбен айтқанда, бейбіт күнде түрмеге қамалу.  Және жұрттың күйеулері секілді бұл көк тиын таппайды. Жеке кәсіпшілікпен де айналыспайды. Бүгінге дейін қалқайып тірі жүргендері Айкүмістің әке-шешесінің арқасы. Әкесі кезінде әжептәуір қызмет істеген. Беделі бар. Қала басшылығына еркін кіре алады, айтқанын істете алады. Беделді. Сол беделдің күшімен бұлар да итініп–сұғынып біразға дейін жан сақтады. Үлде мен бүлдеге оранбаса да, жұрттан алақан жайып қарыз сұраған жоқ. Құжаттарын Айкүмістің атына тіркетіп, қала орталығынан азық-түлік дүкенін ашып берді. Жұтынып тұрған супермаркет қайда, бұлардікі күнкөріс. Осының бәрін күн ілгері шоттың тасына салып, іштей есептеп жүрген әкесі қандай данышпан! Әбдіғанидың бітім-болмысын да түгел зерттеген. Күйеу баласы еске түскенде немкеттілеу жымияды. Құптағаны, не қарсылық білдіргені белгісіз. Орайы келгенде назарын төмен салып Әбдіғанидың басына біреу әңгір таяқ ойнатып жатқандай: «Ол жазушыға тиіспеңдер» деп ескертеді.

         Ара-тұра Айкүміс те Әбдіғанимен өткізген өміріне налиды. Институт бітірген. Ортаң қолдай математика пәнінің мұғалімі. Мектепте де беделді еді, сүйретіліп жүре беруіне де болар еді. Болмашы айлыққа қараған күнің белгілі. Қыздары бойжетті. Үлкені биыл мектеп бітіреді. Ақыры шыдамады, дүкенді төңіректеді.

         Сөйтіп бірді-бірге жалғап, итініп–сұғынып әзер жүргенде, бірде Әбдіғанидің адам төзгісіз иттік мінез танытқаны. Бала-шағаның аузынан жырып, әрі ертеңгі күндеріне талғажу үшін жинаған азын-аулақ қаражатты айылын жимастан аудармашысының қолына ұстата салғаны. Бұған  не дейсіз?! Оның айтар жауабы қашаннан белгілі ғой: «Құдай бізге де оң көзімен қарайтын шығар, Айкүміс!.. Менің еңбегім адал, қайтарымын күтейік. Бір жақсылықтың боларына сенімдімін. Шыда, сәл шыда. Мұнан басқа амалым қалмады. Ал аударма төгіліп тұр, көркемдігінен кінәрат таба алмайсың. Кітапты шетелден шығартамын...»

         Ойбайлап, шаш жұлып, бет тырнағаннан, жер тепкілегеннен кеткен қаражат қайтар ма?! Ол олқылықтың орны толар ма?!  Ал үйреншікті  әуейін қараңыз,  оныкі адал еңбек. Аудармашының еңбегі де адал. Ал бір тиынды екі тиын етсем деп, бел шешпестен тыртыңдайтын Айкүмістің еңбегі заңның қай бабына жатады сонда?! Әлде оның табысы көлденең табыс, бәлкім барлығы заңсыз табылған ақша шығар?..  Әбдіғани да үн жоқ.

                                                         ХХХ

         Міне, көктен іздегені жерден табылған жоқ па! Ажалы жетті, демі таусылды. Біреуге кеш, біреуге ерте. Бірақ... Әбдіғанидың ажалы оттан, судан, не оқтан келсе әңгіме басқаша болар ма еді. Аштан өлген. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына заманда аштан өлу деген не сұмдық?! Миында психикалық ауытқу бар ма еді дейін десеңіз, ондай пәлені қайдан таптыңдар деп,  дәрігерлер ат-тондарын ала қашады. Шығармаларының мазмұнына үңілсеңіз сай-сүйегің сырқырайды. Кейіпкерлері кесек, оқиғасы шымыр. Бүгінгі адам құнсызданған қоғамның бет-бейнесін осынша дәлдікпен суреттеу–нағыз хас шебердің ғана қолынан келетін шаруа. Космос, экология, адам санасындағы экологиялық ахуал, аңыз-әпсана, философия, осының бәрін майдан қыл суырғандай қалай жымдастырған. Неткен шеберлік?! Шедевр. Сөз танитын, сөздің жүйесін түсінетін шетелдіктер мұның аяғын жерге тигізбей қағып әкетеді. Бізде ғой сөз құнсыз, бозторғайдың шырылы, желдің гөй-гөйімен әдемі өмір сүруге дағдыланған елде қазір сөз қадірсіз! Әбдіғани іштей ширығып, аштан өлсем өлейін, біреуге дәрменсіздігімді көрсетпейін, не де болса жазарымды жазып үлгерейін дейтін көзсіз ерлікке бекінді ме?..

         Миығынан күлді. Ал одан арғысы қолмен қойғандай, көз алдында сайрап тұр. «Шығармашылық жолға шын ниетімен берілгені былай тұрсын, соншалық адал еңбегінің әділ бағаланбағаны үшін, еленбегені үшін және ертеңгі өмірінен де үміт сәулесін көре алмағаны үшін әбден ашығып, бірақ жазарын жазып үлгерген белгілі жазушы Әбдіғани Қосжанов  шын мәнінде аштан өлді» деген шындық айтылмайды бәрібір. Оның маңайына да жуымайды. Әл-ауқаты қарыштап  алға дамыған елдің жазушысы аштан өлді деген не сұмдық?! Мұндай жағдай бұл өңірде бұрын-соңды болмаған. Ұят, атамаңыз!..

         Тәлтіректеп орнынан тұрды. Есік қағылған секілді еді ғой. Сағатына қарады. Бәлкім, дүкенге бара жатқан жолда тамақ әкеп тастайыншы деп, бері бұрылған Айкүміс болмасын. Өлмегенге–өлі балық. Есік ашайын...

                                                      ХХХ

         Үлкен қызы. Жүзі сынық. Табалдырықтан жасқаншақтай аттады. Ала дорбадағы тамақ иісі мұрын жарады. Шыны, шынымен со бір жантүршігерлік қорқынышты жағдайға мысықтабандап жақындап келе жатқан-ды! Демім жеткенше романның соңғы тарауларын аяқтайын да,  ың-шыңсыз жан тапсырайын. Тірі пендеге тіл қатпайын, аманатхат та қалдырмайын. Бітті. Шығармашылықты мұрат тұтқан қаламгер қоғамға деген ішкі наразылығын осылай білдірді. Аштан өлді. «Ерлік пе мұнысы? Одан біреудің бір нәрсесі қисаяр...»–Қарсы жақтың әуейі осы. Ал екінші топтағылар, яғни әлі күнге дейін кітап сөзіне иланатындар, немесе кітап дүкендерін аралап, әлі күнге дейін кітап сатып алатын «жаман әдеттен» арыла алмай жүргендер сөз жоқ, Әбдіғанидың аяғын жерге тигізбейді: «Ерте ме, кеш пе, түбі осындай бір жүрек жұтқанның төбе көрсетуі тиіс еді ғой. Ендеше несіне уақыт өткізесіңдер, шамаларың жеткенше Әбдіғанидың рухын көкке көтеріңдер, барлық газеттерге жарнама беріңдер. Қоңыраулатыңдар! Үкімет қалың ұйқысынан селк етіп оянатындай болсын.  Әбдіғанидың «екінші өміріне» жағдай жасаңдар. Шығармалар жинағын шығарыңдар, өзі оқыған мектепке атын бергізіңіздер, туған жеріне ескерткіш қойғызыңыздар!..»

         –Сонда, сонда деймін-ау, сол ескерткішке алдымен гүл қоятын да сен боларсың, құлдығым...

         –О немене, қайдағы ескерткіш, қайдағы гүл?!–Қызы Әбдіғанидың түсініксіз балдыр-батпағынан кәдімгідей тіксініп қалды. Қорқасоқтап ас бөлмеге қарай жылжыды. Саусақтары дірілдеп, сөмкесінен ыстық тамақ құйылған құтыны әзер шығарды. Орауын да әзер шешті. Бір-екі қасықты қомағайлана жұтып жіберіп, аш өзегіне түскен асты көтере алмағандай, сол жағына қарай қисайып барып, бойын әзер тіктеп үлгерген әкесінің әрбір қимылынан көз айырмады. «Ауруға шалдықпады ма?»– деген күдігі де жоқ емес-ті.

         Әбдіғанидың сақтығы пайдаға асты бұ жолы. «Орманда жүрген жабайы аң секілді бірден бас салғаным абырой әпермес, қызымның жүрегін ұшырып алармын. Өлуге де мұрша бермейді бұл ағайын! Өлме, өлме дейді. Жә, сендердің-ақ дегендерің болсын...  Аңдысын аңлайық  әлі де...»

         Майлы сорпаны суытып, ары-арасында алтыншы қабаттан төмен үңіліп, әлдекімдердің асығыс-үсігіс қимыл-әрекеттеріне қызыға қарап отырып, асықпай баппен ішті.

         –Ал сөйле, әкеңді бір ажалдан құтқардың дегенмен.

         –Сіз немене?!–Қызының жасаураған көзіне көзі түскенде бір түрлі тіксініп қалды.

         –Жәй қалжың ғой біздікі, шешеңнің халі қалай?

         –Жақсы.

         –Саудасы жүріп тұр ма?

         –Білмеймін, маған айта ма.

         –Неге білмейсің, білуің керек еді. Егер мен өлсем, үйдегі бас көтерер өзің...

         –?

         –Дұрыс-ақ, алдымен өліп алсаңшы демексің ғой.

         –Өлімнен басқа әңгіме жоқ па?

         –А....а, не... не... өлімнен басқа әңгіме неге болмасын! Екі күн бойы кірпік ілмедім..

         –Көрініп тұр.

         –Көздерім қып-қызыл ма? Әй, мейлі, өз-өзіме эксперимент жасадым. Аш адамға қайдан шабыт келетіндігіне қайранмын. Сірә, шешең оң қабақ танытпаса, бұл тәжірибені жалғастыра беретін шығармын. Құйылып жатқан бір ағыс. Екі күнде екі тарауды шиырып тастадым. Және тарау болғанда қандай! Роман бітті, енді өлуге де болатын шығар.

         –Тағы да...

         –Кешір, күнім! Сонымен үйге, өздерің өмірге келген мына үйлеріңе қайтіп келетіндей мүмкіндіктерің бар ма?

         –Келеміз, келмей қайда барамыз. Тек...

         –Не?

         –Мамам екеулеріңнің ара-қатынастарың түзелсе.

         –Түзелер.

         –Шын айтамысың?

         –Айкүміс екеуміз бір-біріне  соғыс ашқан екі мемлекет емеспіз ғой. Керек десеңіз, сол мемлекеттердің арасына да алтын көпір орнатуға болады. Мәселен, сен сол даудың тігісін жатқызатын дипломаттың  рөлін мінсіз атқарар ең.

         –Ол қолдан келсе.

         –Келеді, ниет болсын алдымен... Дипломатиясы да бар болсын. Өз тіршілігімізге оралайық.–Әбдіғани өзін-өзі қинап күлген.–Сабағың қалай?

         –Жақсы.

         –Әлдебір жүгірмектер тиісіп жүрген жоқ па?

         –Жоқ!

         –Тиіскендер болса жасырма, әкелерін көздеріне көрсетемін! Әбдіғанидың кім екендігін білмей жүрген болар.

         –Біледі.

         –Бәли.

         –Сынып жетекшісі әкең қайда деп әлденеше мәрте сұраған.

         –Мені ме, мені не істемек? Сынып жетекшің, сонда... сәл сабыр, әлгі тұрмысқа шықпаған ұзын бойлы қыз бала ғой.

         –Сол! Оның тұрмысқа шыққан, шықпағандығының сізге қажеті қанша ?!–Қызы ыдыс жуғышқа қарай қалайы қасықты лақтырып жіберді.

         –Жәй, шындығында оның тұрмысқа шыққан, шықпағандығында шаруам қанша. Мені іздейтіндей неге керек боппын соншалық?

         –Сізбен жоғарғы сынып оқушыларының кездесуін ұйымдастырмақшы екен. Кітабыңызды тақырыптық баяндамашыларға бөліп берген.

         –Апырай, а? Үлкен жаңалық қой бұлары. Ал мен... мені үйқамақта отыр дедің бе?

         –Жоқ!

         –Қандай сылтау айттың?

         –Айттық қой, өтірік айтуға үйреттіңдер ғой бізді де.

         –Қалай, қалайша?! Сендерді өтірік айтуға итермелегенше...

         –Енді не деуім керек. Әке-шешем айырылысып кеткен деуім керек пе?!

         –Олай деме, шешең арыз бермесе, менің тіпті айырылысар ойым жоқ. Сендер немене, а?! О жағын да пісіріп қойғаннан саумысыңдар?! Шығарарсыңдар,–Жейдесінің төс қалтасындағы босаған шылымның қорабын мыжғылап-мыжғылап  қоқыс салғышқа атып ұрды.

         –Біз де білеміз ғой бір нәрсені. Шетелден кітабы шығатын еді, баспаның арнауы шақыруымен сонда кетті дедім.

         –Дұрыс, дұрыс-ақ, мұның жөн. Сынып жетекшіңнің көзі де атыздай болған шығар. Мына заманда... Әбдіғани шетелден кітабын шығарту үшін арнаулы шақырту алады. Кездесуді кейінге қалдырды ма?

         –Кейінге, кейінге,–Қызы көңілсіздеу орнынан түрегелді.

                                                          ХХХ

         Оу, бұл Әбдіғаниға не көрінген? Шынымен жынданғаннан сау ма?! Бір жолғысын кешірген. Дап-дардай кісілер бойжеткен қыздарының көзінше итше ырылдасып жатса, ел-жұрттан ұят емес пе?! Эх! Ел-жұрттың да адам қызығатын түрлері шамалы-ау.  Оу, олар Әбдіғаниды  әлі күнге дейін құдай көреді. Биік үйдің ауласында кешқұрым әңгіме-дүкен құрып отырған кемпір-сампыр, шал-шауқан Әбдіғаниды көрсе бітті, айлары оңынан туғандай  тұс-тұстан тұра жүгіреді. Сұрақ дегенді де қарша боратады. Әрине, ол сұрақтардың жауабын күнделікті газет-журналдардан неге оқып алмайсыздар  деп, басқа біреу болса қолды бір сілтеп, кілт бұрылып жүре берер  ме еді. Әбдіғани өйте алмайды. Әбіғаниға кез–келген адам–оқырман. Сондықтан тірі жанның көңілін қалдырғысы келмейді. Білгенінше жауап береді. Олардың да арғы жақтары белгілі: Жазушы бар мәселеден хабардар. Жазатайым дүние төңкеріліп түсе де алдымен осылар біледі. Оның үстіне Әбдіғани өтірік айтпайды. Үнемі оппозициялық пікірде, халық жағында.

         Міне, сол кісілердің бірінің үйіне бейсеубет бас сұққан болса да олар қалбалақтап, барын Әбдіғанидың алдына тоспас па, асты-үстіне түсіп, өбектемес пе?! Әбдіғани секілді  жазушы кімнің үйіне барып түстеніп жатыр. Қыдыр ғой біле білгенге. Ал не істейсіз, әлде Айкүміске өкпелегені ме, бұл қасқа қасарысып, олай қарай аттап басты ма! Рас, қызы келмегенде  аштық акциясын жалғастыра берер еді.

        Төреші болу немізді алған. Айкүмісті де қиянатқа қиғымыз келмейді. Жазушының жанын түсінбеді-ау деп, үйреншікті сүрлеуге түсіп кеткіміз келіп тұрды да іштей іркілдік. Құптаңыз, құптамаңыз, ерік өзіңізде. Әйел басымен бір шаңырақтың  бар тауқыметін ауырсынбай көтеріп, бәріне шыдап, қатардан қалмаудың қамын жасап келе жатқан Айкүміс туралы да там-тұмдап айттық білем. Сол Айкүмістің өткенде төбесінен жай түскендей тарс жарылмасы бар ма. Оқыстан соғылған телефонға не деп жауап берерін де білмеді. Белі бүгіліп ескі диванның шетіне отыра кетті.

         –Бұл Әбдіғани Қосжановтың пәтері ме?–деді сыңғырлай естілген аржақтағы дауыс.

         –Иә, соның пәтері.

         –Сіз кім боласыз?

         –Әйелімін.

         –Сіздің аты-жөніңіз. Айкүміс Шор...

         –Сол, соның өзі. Айта беріңіз, адасқан жоқсыз.

         –Бүгін айдың алғашқы аптасы екендігін білесіз ғой.

         –Оның маған қажеті қанша?

         –Неге қажет емес... Бұл сізге де байланысты.

         –Әй, құлдығым, жұмбақтамай турасына көшсеңші, не керек өзіңе?!

         –Сіз шынымен ешнәрседен хабарсызсыз ба?

         –Неден хабардар болуым керек?

         –Міне, тиісті құжаттармен де таныстық. Протоколға сіздің де рұқсатыңыз тіркелген. Заңды, нотариус куәландырған.

         –Түкке түсінсем бұйырмасын.

         –Қысқасы, бүгін банк несиесін қайтаратын күндеріңіз. Ескертіп жатқаным алдын ала. Бұдан кешіксеңіздер несиенің проценті көбейеді.

         –Қайдағы банк, қайдағы несие?

         –Сіздің күйеуіңіз жақында пәтерін кепілдікке қойып, біздің банктен екі жылға несие алған. Шетелден кітап шығарамын деді ме...

         –Қа-лай, не, не дедіңіз?!

         Телефон трупкасы қолынан түсіп кетті. Келесі күні балаларын жетектеп төркініне кетіп қалды.

                                                    ХХХ

         Үкімет мүшесі мына тосын жаңалықты естігенде алтын жалатқан көзәйнегін бір киіп, бір шешіп, әбден әбігерге түсті. Қуанышы қойнына сыймай таныс-білістерінен сүйінші сұрауға асықты десек, шындықтың көзіне шөп салған секілді болармыз. Әзірге бас жаққа барыспағандығымыз абзал. Солай болған күнде де мемлекет адамына ондай жеңілтек мінез жараса қоя ма. Дегенмен жақсылыққа ортақтаса білудің өзі үлкен жетістік.

         Бұл қалай? Әбдіғани Қосжанов дейтін жазушыны бұрын-соңды естімепті. Кітаптарын да оқымаған. Және анау-мынау өтініш айта келгендердің де тізімінде кезікпеген. Сонда ол үкіметке күнімді салмасын, не де болса өз маңдайымнан көрейін дейтін кертартпа, қасарыспа біреу болды ма?! Қасарыспалықтан ұпайы түгенделсе, кәнікей! Ол мінезі мемлекеттік наградаға айналып жатса сөз бар ма! Халықтың жоғын жоқтаған болып, кез келген тұста белсенді атанып, білегін сыбанып, биліктегілерге сұқ саусағын шошайтып, оппозициялық газеттерге оңды-солды сұхбат беріп, ал жеме-жемге келгенде жоғарғы жақтағылар жылы-жылы сөз айтып, әлдебір тұстан ыңғайын келтіріп, қаржы жағынан көмектесіп жіберсе сылқ етіп, осы тыраштанғандығынан ауруға шалдыққандығын араға тықпалап, үнін өшіретін топтағылар арасынан да Әбдіғанидың аты-жөнін ұшырастыра алмады. Бұл кім сонда?! Екі-үш қалада үй-жайы бар, коттеджі бар, дүниені шашып-төгіп жүрген біреу болды ма? Дүниеге белшесінен батқандар керемет  шығарма тудыра ала ма?

         Міне, сеніңіз, сенбеңіз, қазақ жазушысының Байқоңыр космодромы, космодром маңындағы Қорқыт кесенесі, сол өңірдегі қазақтардың тыныс-тіршілігі, олардың өркениетке талпынған іс-әрекеті, психологиялық ахуалы, қысқасы жаңа типті кейіпкер сомдаған екі жүз беттік шағын романы «мен, мен, түбі әлемді билеймін» деген кейбір атышулы қаламгерлерді шаң қаптырып,  «Букер» сыйлығына ие болып отыр! Кітап ағылшын тілінде жарияланған. Ал әдебиет саласындағы мұндай қомақты сыйлық бұрын-сонды  қазақ қаламгерлеріне бұйырмаған. Тұңғыш. Тұңғыш сыйлықтың иесі мынадай заманда қолжазбасын ағылшын тіліне қалай аудартқан? Аудартуын аудартар-ау, бірақ кітапты шетелде қалай бастырған? Оның қаражатына  шашының түгі жетпес. Шашының түгі жеткенде ертең сол кітап ел сенімін ақтай ма? Бұл неткен жүректілік және неткен жанкештілік?!

         Бір қиыны, үкімет мүшесі сондай адамның әлі күнге дейін аты-жөнін білмейтін болып шықты. Паркет еденді сықырлата басып, креслосына келіп жайғасты. Екі қолын төбесіне қойып, шалқалай керілді. «Букер» сыйлығының лауреаты арқылы кәдімгідей бедел жинамақшы болған әрекетіне шұғыл кіріспекші еді, сәл іркілді. Оңтайлы сәт осы. Мұндай сәттілікті он-жиырма жыл үздіге күтсең де кезіктіре алмайсың. Республиканың шығармашылық ұжымы үшін де бұл үлкен бедел. Мейлі, мың жерден ағылшын тіліне аударыла берсін, ол кітаптың негізі қазақ тілінде түзілді ғой, қазақ тілінде жазылды ғой. Яғни, қазақ тілінде жазылған шығармаңыз өркениет көшіне ілікті. Ертең қазақ тілін әлем мойындайды. Осы олжа алғаш рет үкімет мүшесінің аузынан айтылса, төбеден түскен кереметің сол болмас па?! Бір-екі жиналыста өсіп-өркендегенімізді көре алмайсыздар, үнемі аяқтан шалып кері тартасыздар деп шығармашыл қауымға да аузын толтырып өкпе айтқаны бар-ды. Мына оқиға ол олқылықтың орнын да жуып-шаяр еді.

«Букер» сыйлығын беретін әтібірлі комиссия қорытындысын тікелей үкіметке  хабарлаған. Жарасымды, мәдениетті, әм абыройлы шаруа. Бүгін ертеңгілік қол астындағыларын шұғыл шақырған министр жүзінен шуақ төгіліп, кәдімгі адами кейіпте емен-жарқын күліп отырып, сыйлық иесін қалай қабылдау төңірегінде кеңінен пікір алысқан. Әлемдік деңгейдегі әдеби сыйлықтың жөні бір басқа, бірақ бұл жыл сайын қайталанатын үйреншікті дәстүр емес. Айтатыны жоқ, екінің біріне бұйыра бермейтін жеңіс. Сондықтан өздері тарапынан да қомақты жол-жоралғы жасағандары орынды.

Жауапты азаматтарға құпия түрде тапсырмалар жүктелді. Жүзіктің көзінен өтетін, мемлекеттік қызметте әбден ысылған жігіттер әзірге министрсіз бұл туралы тірі адамға жақ ашпау керектігін, ондай ашықауыздықтың керек десеңіз, жылы орынмен қоштасуға дейін алып баратындығын жақсы түсінетін еді. Түк болмағандай, төңірек әзірге тым-тырыс.

         Үкімет мүшесі орнынан ұшып түрегелді. Бір жағынан ұят қысып бара жатқандығын да жасыра алмады. «Букер» сыйлығының лауреаты атанған қазақ жазушысының бұған дейін қазақ тілінде шыққан бірде-бір кітабын оқымаған. Авторымен де таныс-білістігі жоқ. Кітабын оқымаса да бір өтінішімен алдына келгенде жәрдемдесіп жіберген болса, ең құрыса соған табан тірер еді ғой.

         Дереу көмекшісіне телефон жалғады:–Сендер осы... менің абыройымды ойлаған болып...–Дауыс қатқылдана түсті:–Менің қабылдауыма келген сол жазушыны сан түрлі сылтаумен қайырып жібергеннен саумысыңдар?!

         –Жо-жоқ, ол кісі сіздің қабылдауыңызды қажетсінбеген.

         –Қалайша?

         –Ол жағын қайдан білейік.

         –Неге білмейсіңдер, біліңдер, сендер жердің астындағыны білуші едіңдер ғой.

         Көмекшісі аң-таң: «Мына кісі қызық, жаңа әзірде жайраңдап отырып...»

                                                 ХХХ

         Түске тақау есік қоңырауы ұзақ-ұзақ безілдеді. Қызым шығар, басқа кім болушы еді деп, кирелеңдеп, екі-үш аттаған соң барып, бойын әзер тіктеген Әбдіғани дәлізге беттеді.

Бір құшақ гүлі бар ұзын бойлы әдеміше келген екі жігіт ішке кірген бойда Әбдіғанидың құлағына әлдене деп сыбырлады да:–Жеңгей қайда, алдымен жеңгейді құттықтайық?!– деп төргі бөлмеге озды.

         –Жеңгелерің бар... бар ғой жеңгелерің.–Көздері жайнаңдаған Әбдіғани не күлерін, не жыларын  білмеді.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340