Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7773 0 пікір 5 Қаңтар, 2015 сағат 00:26

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ГАРВАРДТЫҢ БҰЗАУБАС БӘТЕҢКЕСІ

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының жалғасын оқи отырыңыз. Ал, жазбаның бастапқы бөлімдерін төмендегі сілтемелер арқылы таба аласыздар: 

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

16 қаңтар. 2014. Нью-Йорк – Бостон.

Бостонға Алма екеуіміз Манхэттеннен аттандық. Жолсерігіміздің аты – Әнуар, ферғаналық месхетин түрік, не Бұқар жойыты болса керек. Бірақ мұсылмандығына шүбәлімін. Жүргізушінің аты – Паша, Павел, қарағандылық. Сонымен қатар Андрей есімді Ұлан-уделік бурят бар. Былайша айтқанда, ала-құламыз. Бағытымыз: Нью-Йорк – Салем-Плимут – Провиденс – Нью-Лондон – Бостон.

Суретте: Бостонға бірге саяхаттауға аттанған бурят жігіті Андрей.

Бұлар: Рот-Айленд, Коннектику, Массачутес – Вермонт штаттарына қарайды. Оларды американдықтардың өздері «Жаңа Англия» деп атайды. Кей тұста олардың кейбіреуінің пұшпағын ғана басып өтеміз. Қалайда солтүстікке бет алып барамыз. Бұл жолы Нью-Йорктің құрылықтағы ауданы – Бронкс арқылы сыртқа щықтық. Бронкс те адам аты, өзі – теңіз офицері болса керек. Осында қоныс тепкен соң жұрт оны мэр етіп сайлапты. Беделі зор болыпты. Өзімізге белгілі әйгілі №95 – Рузвельт жолына түстік. Жүріс те көңілдене бастады. Бостон  – Сочи, Алматы және Уссури шаһарымен ендес, бауырлас шаһар екен. Бұл да тосын мағлұмат.

Солтүстік – оңтүстік емес. Орман мен бұта. Көк тастар жолдың жиегін, орман табанын, көл мен өзен жағасын «көріктендіріп» тұр. Мына тал емес, бүрген емес, қарағаш емес, үйеңке емес ағаштың тегін сұрадым. Қанша айтқанмен Орта Азиядан шыққан емес пе, Әнуар: – Бұл сіздердің қарағаштарыңыздың бір тұқымы әрі үйеңкенің де тегі бар. Мұны «қант үйеңкесі» деп атайды. Қантты осы үйеңкеден өндіреді. Оның тарихын реті келгенде кеңірек  баяндаймын, – деді.

Солтүстікке ендеген сайын ауа райы мен табиғат та, адамдардың киімдері де, бір-екі қабат үйлер де, бақшалары да бізге таныс тартты. Оңтүстік қалада костюм-шалбар киіп, галстук таққандарды тек кеңсе маңынан ұшыратсаң, мында көшеден жиі көресің. Қалалары да танық.

Жалпы, солтүстік штаттарға еуропалықтар 1570-1605 жылдардың аралығында қоныстана бастапты. Голландтықтар – оңтүстікті тез игеріпті. Испандықтар  батысты – Калифорнияны жаулапты. Ал француздар орта жазық арқылы солтүстікке көмейлей кіріпті. Атлант мұхитының шығыс-солтүстік жағалауы ағылшындардың еншісіне тиіпті. Олардың арасындағы бәсеке – мүлдем басқа әңгіме.

Бірнеше қияли қаламды жазушылар шыққан Коннектикут штатына үлкен темір жол тораптары тоғысып, ұшақтар шығарылады екен. Аса ірі жүк тасымалына ие. Өнеркәсіп те шоғырланған. Осы Коннектикутте мақта өңдеу заводы, тоқыма фабрикасы, конвейерлер жүйесі, каучук заводы, көп оқ шығаратын «Кольт» револьвері мен тікұшақ заводы (1943 жылы украиндық Сикорский сынақтан өткізген), әскери теңіз флоты, суасты атом қайықтарын құрастыратын завод орналасқан. «Американың әскери арсеналы» десе – дегендей. 1954 жылы жасалған атом сүңгуір қайығы қазір мұражайдан орын алыпты. Сондықтан да әлемге танымал 4 миллиардер осы Коннектикуттен шығыпты. Бұл американдықтар үшін ең маңызды, мақтанды мағлұмат.

Мұхит жағалауына жақын шағын қаланың бірі Нью-Хавань – Жаңа Гавань. Атақты Иель университеті осында. Иайфель атты көпес,  оқу орны ашылғанда 400 кітап сыйлапты. Соның есімімен аталып кетіпті. Барлық мәселелер алқа мүшелері арқылы шешетін классикалық үлгідегі университет. 1975 жылға дейін латын, ағылшын, иврит тілінде дәріс өтіліпті. Әлі де сол тілдерге басымдық беріледі.  Барлық курстардың студенттері кампуста аралас тұрады. Жас шәкіртке ересек шәкірт жол көрсетеді, тәрбиелейді. Кампус – осы университеттен тарапты. 1969 жылға дейін қыздарды қабылдамапты. Абырой болғанда, алғаш қабылданған қыздардың ішінен Мая Линь атты қытай қызы Вьетнам соғысында қаза болғандарға арналған 1,5 мың адам қатысқан бүкіламерикалық конкурста бас бәйгені жеңіп алыпты. (Бұл туралы Вашингтонға барған сапарды баяндайтын күнделікте жазылған. «Жерге сіңіріле орнатылған ескерткіш – жердің жарасы»  деген емеуірінді білдіреді екен. Ал Вьетнам соғысына азды-көпті 38 миллион американдық тартылыпты). Бұл университеттің негізін Ульям Роджерс – шіркеубасы қалапты. Ол: барлық дінге жол ашылсын – дегенді ұстанып, қуғындалыпты. Ақыры Лондонға барып рұқсат алады. Содан барып Рот-Айленд  штатынан оқу орнын ашады. Кейін ол университетке айналыпты.

Енді бүкіл Американың тағдыры шешілген солтүстіктің отарлануы тарихына көшейін. Біз, немесе, менің өзім, ағылшындардың, француздардың солтүстік аймақты отарлауы, олардың арасындағы соғыс, азаматтық соғыс, азаттық майданы дегенді тым қарапайым түсініп жүр екенмін. Бұл өзі дін мен діннің түрлі бағыттарының арасындағы қайшылықтан қарама-қайшылыққа ұласқан ғарасат тарихы екен. Соны терең түсінгім келіп осы Бостонға баратын саяхатшылар тобына жазылғанмын. Соным дұрыс болған екен. Және Әнуар да түсінікті түсіндіреді.

Сонымен, алғашқы ағылшындар 1570-1605 жылдары жаңа құрылыққа қоныстана бастайды. Оның ең басты қозғаушы күші – XVIII  ғасырдың басында ашылған Лондон биржасы екен. Ол ашылған соң қоғам мүшелерінің капиталға – шикізатқа мұқтаждығы артыпты. Сөйтіп сырттан шикізат әкелу, өз өнімін өткізу жанталасы басталады. Кеме мен мұхит ол мүмкіндіктің өрістеуіне мүмкіндік беріп, бәрі Атлант мұхитының жағалауына ұмтылады. Екіншіден, капитализмнің заңына сәйкес, қоғамда тап пайда болады. Мүдде қайшылығы туады. Лондон сауда компаниясы жаңа құрылықты игеру үшін ағылшын қоғамындағы «салындыларды» үш топқа бөлуге болады.

Ең бірінші топ және алғашқы қоныстанушылар – католик дінінің бөлініп шыққан бұтағы – пуритандар. Олар үнемі қара киім киіп жүреді және құдайға күмәнсіз құлшылық еткен жанкештілер (фанаттар). Өздері Моисей пайғамбарды пір тұтады:1.Моисейдің «Өсиеттерін» – «Мұсаның уағыздарын» шіркеудің күмәнсіз мойындауын талап етеді. 2. Еш бір діни мерекені мойындамайды, үздіксіз еңбек ету мен шоқынуды ғана ұстанады. 3. Ішімдіктің барлық түріне тиым салынады. 4.Спектакльге де (ойын-сауыққа) жол жоқ. 5. Епископальді шіркеуді де мойындамайды. Құдай мен оның құлының арасында ешкім тұрмауы тиіс – деп есептейді. Епископ – артық қызмет лауазымы.6. Шіркеуге ешкім де салық төлемеуі тиіс. Құдайға байлықтың керегі жоқ.7. Әйелдің еркіндігі мен пәктігі басты мәселе. Қазынасы қаңырай бастаған король де, епископ та пуритандарды «діннен безгендер» деп жариялап, қуғындайды, түрмеге қамайды, жазаға тартады. Бұл азапты қуғындау жылдарға созылады. Пуритандар король мен шіркеуге тікелей қауіп төндіреді. Ел ішіне кең жайылады.

Екінші топ – кедейленген ақсүйектердің кенже ұлдарынан құралады. Ағылшын дәстүрінде барлық мұра, оның ішінде жер де, үлкен ұлға қалады. Кенжелері жерсіз қалып, еріксіз пүшаймандыққа ұшырайды, тіпті, теңіз қарақшыларына да қосылады. Бұлардың да король мен шіркеуге қарсылығы күшейеді. Түрмеден шыққан соң бұрынғыдан бетер өшігеді.

Үшінші топ – кәдімгі қайыршылар мен қаңғыбастар, көше ұрылары, қылмыскерлер еді. Бұларды капитализм тез ысырып, «салындылардың» қатарына қосты.

Шикізатқа мұқтаж Лондон сауда компаниясы әлгі «салындылардың» әр тобынан еркек-әйелін, жас-кәрісін іріктеп, күш қуаты мен қабілеті бар «таза дінді» ұстанатын пуритандарды сауда кемесіне отырғызады. Басты кепілдігі – оларға кемеде жейтін тамақ береді. Сөйтіп, 1620 жылы екі кеме Америкаға аттанады. Жолда өлгені кемеде туған балалармен толығып, адасып жүріп оңтүстікке емес, солтүстік жағалауға зәкір тастайды. Түнімен кеңес құрып, «бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» «Ынтымақ» келісімін жазып, қолдарын қояды. Таң сыз бергенде таңдар алынған екі еркек, екі әйел жағадағы жер ошақтың орынындай табан тасқа аяқ басады.

Бұл – қазіргі Плимут кенті. Тура сол табан тасқа да қазір ескерткіш қойылып, сенек қалқа орнатылыпты.  Сол арада пуритандар келген кеменің қайта жасалған көшірмесі де бар көрінеді. Оны ертең көреді екенбіз. Ал жаңағы пуритандар жағаға шыққанда жүгері атызына тап болады. «Өлмегенге өлі балық кезігеді» деген сол. Олар жергілікті америкалықтармен тіл табысады. Пана сұрайды. Ауыс-күйіс жасайды. Сөйтіп жүріп тойынады. Еңбек дегеніңіз пуритандар үшін діни тапсырмамен тең болғандықтан да, әр сәтін харакетсіз өткізбейді. Үндістердің жүгері, жеміс атыздарын өңдеседі. Жүгері піскенде әлгі үндістердің барлығы бірі қалмай  «шешектен» қырылып қалыпты да, егін пуритандарға бұйырыпты. Осыған орай Джефферсонның: «Сіз болып, біз болып, шешек болып, Американы игердік қой» – деп жымия емеуірін танытатыны бар.

Міне, ағылшын текті «салындылар» (отбросы), «таза дінді»  пуритандар, Солтүстік Американың солтүстігін «шешектің» көмегімен осылай игеріпті.

Сөйтіп, Массачусетстен – үлкен бұғаздан Ракота мен Монтанаға қарай жоғарылатып көмейлей берген. Коннектикут өзені 6 штаттан өтеді. Француз королі жұмсаған Джовани Де Резано 1524 жылы 34-40 параллельдің арасын көріп, картаға түсіріп кетеді. Сондықтан да француздар да Коннектикуттың қос өзенін бойлап солтүстікке ұмтылады. Өзен – Апалач тауынан басталады, ұзындығы 2000 шақырым. Брэлок шыңының биіктігі – 2 000 метр. Ағылшын – Франция соғысында Франция 1753 жылы жеңіледі. Квебек ағылшындарға өтеді. Әйгілі «Масқара Версаль» келісіміне қол  қояды. Ағылшындар үндістерді ығыстыра-ығыстыра резервацияға қуып тығады. Мұны америкалықтар: «Адам факторы жеңді» – дейді екен. Ол дегеніңіз: нашар, әлсіз нәсілді күшті, текті нәсіл  жеңді. Адамның сапасы жоғарылады – деген сөз. Сонда, картофель мен жүгеріден бастап бүгінгі еуропалықтар тұтынатын азық-түліктің 65 пайызын әлгі «сапасы нашар» адамдар өндіріпті. Олар Еуропаны – темекімен улады, еуропалықтар оларға – шешек  пен «отты су» сыйлады.

Жаңа қоныстанушылар мақта мен темекіден көрі, мүлдем адам ойламаған саудамен байыпты. Оның біріншісі – мұз, иә, кәдімгі мұз. Солтүстікте не тегін – мұз тегін. Массачусетстеннің – Үлкен бұғаздың  30 пайызы көл. Сол көлдің тұщы мұзын ойып алып, ағаштың үгіндісіне орап, кемеге тиеп, сонау Индияға апарып сатады екен. Өйткені, сары жөтелдің емі – мұз екен. Бостондықтар  мұз бен тұзды ары-бері тасып жүріп байыпты.

Байлықтың екінші көзі – тегін жатқан жер астындағы гранит тас Вашингтонның ғана емес, Калифорнияның, Оңтүстік Американың, Африканың, Еуропаның келбетін өзгертіпті. Бақ та, баға да көтеріліпті. Георг III тас стаушыларға 20  жыл салық салмаған. 1773 жылы  «Рәміз салығы» деген салық шығады.  «Рәміз қағазды» толтырмаса – қылмысқа тартылады. Экономикасы тұралай бастайды. Жалы күдірейсіп алған әлгі «салынды ақсүйектер»  мен қуылған пуритандар, яғни, ағылшынның 13 колониясы король билігі мен «Рәміз салығынан» бас тартып шыға келеді. Көтерілістің туы – Бостонда тігіледі. Азаттық оқиғасы 1775 жылы сәуірде басталады. 40 бостондық үндістерше киініп, ағылшындардың кемесін басып алады. 40 тонна шәйді суға ағызып жібереді. Бұл – әскери соғыстың басталуы еді.  Азаттық жорығының жасақтары Бостон (Массачусетс штаты) мен Джеймтаунда  (Вирджини штаты) көтеріліске шығады. 1775-1781 жылдар аралығындағы  соғыс Америка құрама штаттарының құрылуымен аяқталады.

Америка мен азаматтық соғыс тарихынан алатын Бостонның саяси тарихы осындай екен. Ал Массачусетстен штаты қылқан жапырақты Көкшетау сияқты жер екен. Ауасы – дымқыл. Сыз бен ызғар біліне бастады. Жері – ойлы-қырлы, Кескентас, Керегетас, Үйтас, Мүктас, Шапқантас, т.б. деп ат қоюды сұрап тұрған тас жоталарды жол көлдеңінен кесіп отырады. Қарағай, қайың, көктерек, қант үйеңкесі, шоқ-шоғымен кездеседі. Жолдың екі жақ шетіндегі 1-2 қабатты үйлер үзіліп- жалғасып отырады. Кей жерлерде тастың бетін қырып, қырнап тегіс жол төсеген. Жолдан бір қарыс бұрыс аттасаң – бұталы, қылқанды, шыршалы орман мен көл. Біздің Есіл сияқты өзендерді олар бұлаққа теңесе керек. Өйткені, кеме жүзбейді. Демек, пайдасыз... Шіркін, барлық не істетпейді. Бір де бір көлденең қиылысқан жол жоқ. Астыңнан, үстіңнен орап алған көпірлер.

Кенеттен, иә, кенет! Кенет емей немене, бізді алып келе жатқан қарағандылық жүргізуші сәскелік тісбасар кезінде Алма екеуімізге: «Қазақша сөйлеңіздерші, сағынып қалыппын» –  дегені. Сөйледік. Жөнін айтты. Қарағандыда туып, оқу бітірген. Тоқсаныншы жылдары Ресейге әкесі көшіпті. Әкесі онда тұрақтай алмай Қарағандыға қайтып барып, сонда көз жұмыпты. Бірінші әйелі мен ұлы Қарағандыда. Ұлы: «Ресейге де, Америкаға да бармаймын. Қарағандыны ұнатамын» –  депті осында келгенінде. Бурият Андрей де бізге бүйірі бұра берді. Екеуін де іш тартып қалдық. Қазақты – Қазақстанда қазақша сөйлете алмай жүргенде, Америкадағы – американдық орыс сенен қазақша сөйлеуді өтінеді – деп кім ойлаған?!.

Бостон қаласына да келдік. Іргетасы 1630 жылы қаланған. 650 мың тұрғыны бар. Бір шаршы метрге 320 адамнан келеді. Хоккейдің, баскетболдың, футболдың, бейсболдың отаны. Әсіресе, «Қызыл шұлық» баскетбол командасы өте зор беделге ие. Волейболдың да ойлап табылған жері де осы Бостон. Ең жас, ең атақты президент Джон Кеннедидің отаны. Арғы атасы ирландиялық, «отты суға» тиым салынғанда трактир ұстаған бақалшы болыпты. Трактир – саяси айтыстың ұясы бопты. «Дженерал моторс» компаниясының негізі қаланған жер.

Суретте: Чарльз өзенінің жағалауындағы Бостон ғимараттары.

Сонымен, АҚШ-тың 8 президенті (соңғыларының ішінде кіші Буш, Обама бар) оқыған Кембридж қаласындағы Гарвард университетіне де ат басын тіредік. Атақтылардың қатарында «Ноутбукты» ойлап тапқан Марк Цукерберг те бар екен. Ол 2006 жылы бітіріпті. Мұнда 1000 профессор, 7 мың студент, 15 мың аспирант (PHD) оқиды екен. Оқудың құнына жылына 130-150 мың доллар төлеуің керек.

Мұның дені грант иелері екен. Оқитындардың 30 пайыздан астамы орыс тілді. Соның ішінде біздің де «болашақ» иелері бар. (Міне, Американың жылдық түсімінің негізгі бөлігін ғылым мен білім саласы құрайды – дегеннің шындығы осында. Ал долларды сату арқылы түсетін пайданың да мөлшері пәленбай миллион доллар. Сонда ғылым мен білімді, ақшаны монополия жасау арқылы бюджеттің тең жартысын тегінге жуық құраған Америка байымай, мен байыймын ба?!)  Бірақ солардың, біздің «болашағымыздың» ішінен  не Мая, не Марк болып кеткенін естімеппін. Көбі, қаптесер мен жатыпішер емес пе екен деп қауіптенемін.

Бұл университеттің шәкірттері арасында жазылмаған тәртіп бар екен. Бірінші, кампуста жататын жоғары-төмен курс студенттері міндетті түрде аралас тұрады. Өзара тәжірибе алмасады, білім бөліседі, таныстық орнайды. Алдыңғы шәкірт өмірден, қызметтен жолы болып жатса, өзінің бөлмелес – тетелес «бауырына» қол ұшын береді. Жобасына, жолдамасына көмектеседі. Көзқарасы ортақ болады.  Бұл –  университет үшін де, шәкірт үшін де үлкен демеу. Екінші, бірінші курс студентіне машина мінуге рұқсат етілмейді. Уақытыңды қоғамдық көлікте, қоғам, әлеумет арасында өткізу – сенің көзқарасыңды, адамдармен байланысыңды, қоғаммен араласыңды қалыптастырады әрі әлеуметтік мәселелерді шешесің. Өзгеге сенімің артады, өзіңе де өзгелер сенеді. Егер оқыған ортаңа, оқытушыңа сенім қалыптастыра алмасаң, сенің өмірден де, бұл университеттен де орын таба алмағаның.  «Неудачник» –  салымсызсың. Ал «салымсызсың – неудачник» деген бұл сөз американдықтарға «сілімтіксің» дегеннен он есе намысты әрі қорлық болып есептеледі. Мұны қазымырлап отырған себебім,  біз де профессормыз, бізде де шәкірт бар. Осыны солар да ойға алсын дегенім?

Ашығын айтайықшы, сол «Болашақтың» ішіндегілердің, біздің шәкірттеріміздің арасында Мая да, Марк та, Кеннеди де жоқ-ау! Мұрынының боғы кеппей жатып көлік мініп, профессорды қағып кете жаздап, күнін ата-анасын сорумен өткізіп жүрген шүйкебастардан не шығады? Олар қоғам түгілі  өзінің әке-шешесінің, аға-бауырының (ағайын-туысты былай қойыңыз) қарым-қатынасынан  мүлдем мақұрым. Қоғам олардың не теңі?  «Қаптесер» дегенім – тышқаншылап күн көреді дегенім сондықтан.

Үшінші тәртіп, әр шәкірт міндетті тұрде суға жүзуден емтихан тапсырады. Тапсырмасаң – оқудан шығасың. Мұның себебі: осыдан 113 жыл, яғни, 1911 жылы Виттенберг деген әйел Гарвард университетінде оқуға талаптанады. Бірақ күйеуі, ұлы  «Титанникпен» бірге суға кетеді. Содан 1,5 миллион долларын университеттің кітапханасын салуға беріп: тек әр шәкірт жүзуден емтихан тапсырсын, –  деп шарт қойыпты. Содан бастап суға жүзу – міндетті пәннің бірі болып қалыптасыпты.

 Төртінші, Гарвардтың өзіне қатысты студенттік «жазылмаған» ережеге қатысты. Джон Гарвард деген үйлене салысымен жер іздеп Бостонға келеді (Бостонның іргесі 1630 жылы қаланған). Жолай жас келіншегі қайтыс болып кетеді. Келсе, маманға аса зәру Бостон колледжіндегі 17 бала қаржысы болмағандықтан оқудан шығып қалыпты. Джон Гарвард соларды жиып, қаржы берген соң, оқу орны қайта ашылыпты. Міне, содан бастап Гарвард университеті аталып кетіпті. Осыған  осыдан біраз жыл бұрын университеттің мерейтойына орай оқу корпусы мен кампустың арасына Гарвардтың ескерткіші қойылыпты. Мұны өздері «Үш қатенің ескерткіші» –  дейді екен. Себебі, бұл университеттің негізін қалаған Гарвард емес екен. Ол қарыздар боп қашып кеткен шәкірттерді оқуға қайтарған. Екінші, университеттің құрылған жылы қате жазылған! Үшінші, мына бейне – Гарвардтың өзі ме, жоқ па, белгісіз. Міне, дүниенің оқу тұтқасы болған Гарвардтың өзі «Үш қателіктен» басталады екен. Парадокс. Оның есесіне, бұл ескерткішті  «әулие» дәрежесіне көтерген мынадай оқиға өтіпті. Гарвард болсын, басқа болсын, ерке шәкіртсіз университет болмайды.  Бір студент жалғыз-ақ билетке дайындалыпты. Емтихан тапсыруға бара жатып «Үш қателіктен» тұратын мүсіннің қасынан өткенде оның бәтіңкесінің тұмсығын ұстап тұрып: «Ей, Гарвард, сенің өзің үш қателіктен тұрасың. Бұл сенің орының емес еді. Мен де қателестім, емтиханға дайындалмадым. Егер осы араға әулиелікпен тұрдым десең, онда мені жарылқап, тек пәленбайыншы билетті қолыма түсіре гөр» – депті. «Әулие Гарвард» қолдап, дайындалған билет келіп, шәкірт бес алыпты. Содан бастап бүкіл студенттер Гарвардтың бұзаубас бәтіңкесін емтихан алдында сипап өте бергендіктен де, бәтіңкенің бұзаубас тұмсығын ақ жем болып кетіпті. Біз де сипадық. Тілек те, тілеу де көп қой. Бірі болмаса, бірі орындалып қалар...

Суретте: Үш қателіктен тұратын және ботинкасының тұмсығы ақжем болған Гарвардтың мүсіні.

Жалпы, Американың университеттері жекеменшік болғандықтан да, жабық мекеменің санатына жатады. Жарнама жасаушылардан басқаға жабық. Ғылыми зерттеу орталықтары мен лабораториялары тіпті құпия. Идея мен патентке негізделген және соны тұрақты және қомақты табыс көзіне айналдырған ғылым, білім саласы үшін мұның өзі үйреншікті жай. Алайда мемлекеттік тапсырыстың жөні басқа. Мысалы, АҚШ-тың картасын жасау Гарвард университетінің профессорлары мен шәкірттеріне тапсырылыпты. Тәжірибе, талант, жастық қиял қосылып, қуаты күшейген топ Американың, Американың ғана емес жер жүзінің жер бедерін жұлдыздардың орналасуы арқылы есептеп, картаға түсіріпті. Университетте – Астрономияға басты көңіл бөлінеді әрі басымдылық беріледі екен. Ғылыми орталықтардың ішіне кіруге, суретке түсіруге болмайды.  Сондықтан да 3-4 қабатты кампустарды, ескі үйлерді, кітапхананы көзден өткізіп, көлікке отырдық.

Назар аударарлығы, мұнда жас та, кәрі де шайтанарбаны – велосипедті жиі пайдаланады екен. Әрине, қытай сияқты көп емес, дегенмен де ерекше көзге түседі. Бұдан кейін атақты Массачусетс технология институтының ғимараты мен кампусын сырттай тамашаладық. Мұнда 4 Нобель сыйлығының лауреаты, 25 мың студент, 10 мың аспирант (PHD) бар. Негізгі бағыты – кибернетика, тектік негіз – ДНК. Осы университеттің инженерлік технология факультетін «Болашақ» арқылы бітірген, Америкаға біздің үйден аттанған, қазір Американың бір компаниясында істейтін, келген сайын Алматыдағы «Анкара» қонақүйінің президенттік апартаментінде айлап тұратын өзіміздің Ақсәуле бітірген. Ол Қазақстандағы біраз көпірлерді жобалауға қатысты, қазір де сол бағытта жұмыс істеп жүр. Осыдан жиырма күн бұрын Алматыдағы апартаментіне менің бала-шағам, немерелерім бір күн қонақтап қайтқан... Бұл университетке қандайда бір қатысыңның болуын сезінудің өзі де оны Гарвардтан көрі жақындатып жібергендей.

Генри Лонгфеллоның атын шығарған Чарльз өзенінен өтіп барамыз. Үндістердің әсіреәфсаналары мен аңыздарының, ертегі-хикаяларының ұлы жинағы – «Гайавата туралы жыр» осы Бостон өңірінде туыпты. Гарвард, Массачусетстен деп аталғанымен де, бәрі де Бостонның етек-жеңі сияқты қойындасып жатқан кіші қалалар. Тек жер жекеменшік болғандықтан да, шекарасын қосуға болмайды. Чарльз өзенінен өтісімен Бостон қаласы ресми түрде басталды. Шынын айтайын, Вашингтоннан, Филадельфиядан, Нью-Йорктен көрі Бостон маған бірден ұнады, жаныма да, көзіме де таныс тартты. Ең бастысы – солтүстік шаһар және сәл салқындау, үйреншікті ауа райы болса керек.

Бостонның мақтанышына айналған көкке тірелген ғимараттар мен Ривера мұнарасын тұман басып тұр. Боз тұманды жамылып зәулімдер мен зайырлы (көне мемориалдық ескерткіштер мен ескі үйлер орамы) ғимараттарды, сауда орындарын араладық. Аралаған сайын тынысым ашыла берді. Аспанда бозғылт тұман, ал көшелер тұп-тұнық. Күннің бозғылт сәулесі сондай жұмсақ әрі әсерлі. Не жаңа қалада, не көне қалада жүргенің сезілмейді. Үнсіз үйлесім бар. Алдыңғы күнделіктің бір бетінде «Американың тұтқасы – пуритан мен квакерлер діні» – деген тұспал бар еді. Бостонда соны анық сезінесің. Тіпті, шіркеулер мен мінәжатхананың  маңынан өткенде, сондай бір гейшалық жұмсақ жымиыспен мінәжатқа шақырған жапон кемпірлері мен жас келіншектерін көріп, уағызына елжіреп, еріп кеткің келеді. Мұсылман екеніңді айтсаң, ренжімей, қиылып қала береді.

Ескі мен жаңа ғимараттар қойындасып қалаға көрік беріп, ажарын ашады. Соның ерекше көрінісі  – Хок атындағы ұшына көзің жетпейтін, көгілдір түсті әйнекті  зәулім ғимарат және сол зәулімнің көгілдір әйнекпен қапталған қабырғасына тура айнаға түскен суреттей боп сағымы түсіп тұрған ескі шіркеу. Қайсысына көңіл бөліп қарарыңды білмей дағдарасың. Мұндай да үйлесім мен келісім болады екен-ау! Сөйтсем, биік ғимарат жатаған шіркеуді көлегейлеп қалмас үшін қала тұрғындары оның әйнек қабырғасына шіркеудің сағымы түсетіндей етіп салдырыпты. Шіркеудің көлеңкесі  әйнек қабырғаға түскенде, әлгі шіркеудің сағымы бір әйнек қабырғадан екінші әйнек қабырғаға түсіп, суреті бүкіл көшені алып кетеді екен. Әрине, бұл – өздерін Америкаға жетелеп әкелген дін үйіне және Американы – Америка атандырған Тәуелсіздік қозғалысының куәсі болған шіркеу мұнарасына деген ұлы құрмет. Өйткені бұғазға жеткен ағылшын кемелерінің келгенін және әскердің қалаға бет алғанын халайыққа хабарлаған Ривера мұнарасы да осы алаңда  екен.

Суреттерде: Американың азаттығына куә болған, сағымы көгілдір зәулімге түсіп, бір ғимараттан бір ғимаратқа созылған тарихи шіркеу және оның сағымы.

Сол орамдағы алаңқайда тасбақа мен қоянға өздерінің табиғи тұрықтарындай ғана мүсін қойылыпты. Тасбақа сөре сызығынан өтіп барады, ал мәреге әлі жете қоймаған қоян тасбақаға таң қалып тұр. Сөйтсек, бұл тасбақаны шыр айналып орағыта  зымырап жүргенінде, тасбақаның мәре сызығын бірінші боп қиып өткені туралы ертегіге қойылған ескерткіш екен. Ал әлгі ұзын сызық – атақты Бостон марафонының мәре сызығы екен! Міне, мәселе қайда?!. Халықтық сипат дегеніміз осы! Ал ана дөңгелек шеңбер –  Бостон марафонында жеңіске жеткендердің тізімі қашалған белгітас екен.

Суретте: Бостон марафонының мәре сызығы осы арада.

Тізімнің ішінен Фаузия Сұлтанова деген ресейлік қыздың атын оқыдым. Тегі татар «матуры» (аруы) болса керек. Осыдан бір жыл бұрын, яғни, өткен жылы көктемде сөреге 50 метр қалғанда  жарылған бомбадан қаза тапқандардың да аты қоса жазылыпты. Әлгі қастаншықпағыр бомба жарылған бұрыштағы  ғимаратта  жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішім оттай күйді. Себебі, Америкада жүріп Қазақстанды ауызға алатын бірден-бір оқиға – осы жарылыс. Ұйымдастырушысы түбі қазақстандық шешен. Ал оның бұл ойын біле тұрып айтпаған және қылмысқа қатысы бар – деп ұсталған жас жігіт – қазақ еді! Атымызды шығарған жеріміз осы болғаны ма?!. Ферғаналық Әнуар оны еске салған жоқ. Оған да шүкір.

Сурет: Міне бомба жарылған  тура осы арада біз болдық.

Қарсы беттегі тас қабырғалы, салмақты ғимараттың кәрнезінен «Шекспир» деген жазуды оқыдым да түсіндім. Кітапхана. Ғимарат 1882 жылы салыныпты. Кітапханада қолжазбалары сақталған адамдардың аттары кәрнезге жағалай ойылып тұрып жазылыпты. Шіркін, «Отырар кітапханасының» ғимараты салынса, біз де  қолжазба иелерінің атын   қашап тұрып жазар едік-ау!  Уа, шіркін, арман! Арман да арман, шын арман! – деген осы!

1778 жылы салынған Бостон мэриясының  күмбезі алтын екен. Жер асты метросы 1882 жылы қолға алыныпты.  1945 жылы ашылған музыка колледжі Америкадағы осы саладағы ең жоғарғы оқу орыны екен. Алғашқы музыка докторы, композитор Дюк Эленктонды «пір» тұтатын көрінеді. Бұл колледждің ғимараттары да, бөлімшелері де ерекше құрметпен таныстырылды. Тереңдеп сырын білмеген соң, оны жанға жақын тарту қиынға соқты.

Бұдан кейін Азаттық майданына қатысты тарихи-мемориалдық орындарды көрдік. Құрбандар қорымы Бостон мен Джеймстаунда (Арлингтон) ғана бар екен. Американың азаттық алуының негізін қалаған Бостонның алғашқы дуанбасы Самуиэл Адамстың есімі ерекше құрметпен аталады. 17 баланың бірі, осында туған Бенджамин Франклинің әкесінің қабіріне тағзым еттік. Мені таңырқатқаны – 54-атқыштар полкінің тарихы. Бұл полк құлдықтан құтылу үшін қару ұстаған зәңгілерден құралыпты. Ол әскерді жасақтаған Шульц деген азамат екен. Өзінің жеңістерімен аңызға айналған бұл полк оқыста тосқауылға ұшырап, дерліктей қаза тауыпты.  Мына барельфті  сол 54-полктің тірі қалған зәңгі жауынгері өз қаражатына құйдырыпты.

Көне үй, ескі көшені жағалай аралап  «Америкадағы ең нашар ғимарат» деп табылған ғимаратты да көрдік. Астанадағы үкімет үйінің бетқабын – алекобондты сыпырып тастаса, әлгі үй өзінің «ең нашар ғимарат» деген «атақты» орынын еріксіз беретіні анық. Тым болмаса өзге құрылыстан ерекшеленетін ұлттық ою бұйырмаған ғимаратқа не дейсің?..

Содан кейін бүкіл бостондықтар кешкі уақытын өткізетін, жаз күндері концерт те көретін «Квинсон» сауда үйіне келдік. Әрі сауда, әрі өнер, әрі демалыс орталығы. Алма екеуіміз кешкі асты ішіп, күндізгі көргенді еске алып, бурят Андреймен, қарағандылық Пашкамен тіл қатысып, қас қарайғанда Бостоннан 25 шақырымдай солтүстікке орналасқан  «Маргарита» мотеліне жайғастық. Жуынып-шайынып шәй ішіп, күнделікті ретке келтірдім.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343