Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5952 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 13:16

МОРАТОРИЙ БІТЕДІ, МАЗАЛАУ БАСТАЛМАЙ МА?

Әлқисса, алдағы жаңа жылымызда жақсы да жақсы дүниелер жоспарланып-ақ жатқан шығар, алайда адамдарды, адамдар болғанда да оның ішінде кәсіпкерлерді кәдімгідей аласапыранға түсіретін «атақты қаңтар» айы да бұйырса бірнеше күннен кейін босағамыздан аттайды.

Басқасын айтпай-ақ қойғанның өзінде дәл осы қаңтар айында шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімі бітеді. Елбасымыз жариялаған мораторий. Біраз уақыттан бері «ешкімді тексере алмай, әжептәуір ашығып» қалған көптеген де көптеген құзырлы органдар кәсіпкерлерді «тексеру тірлігіне аш қасқырдай» ұмтылады. Бұл енді айдай ақиқат. Рас, бүгінгі күні кез-келген кәсіп иесін тексеру кеп жіберу үшін тиісті орындардың «печатталып, қолы қойылған» рұқсат қағазы қажет, алайда осынау рұқсат қағазы дегеніңізді ҰРЫП қойып, әй-шәйға қарамай тексере беретін «белден басқыштар» да аз емес бүгінгі күні – қызмет куәлігін көз алдыңа көлбеңдетіп. Осы тұста ойланатын бір мәселе бар – толғағы жеткен. Ол – шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсібін заңсыз тексерген тиісті орын қызметкерлерін заң тұрғысынан ресми түрде жауапқа тарту мәселесі, өйткені бұл мәселе біздің елімізде әлі күнге дейін белгілі бір заң шеңберінде нақтыланбаған. Сондықтан да белгілі бір кәсіп иесін заңсыз тексерген белгілі бір орган қызметкері ешқашанда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Егемен еліміздің іс-тәжірибесінде мұндай дерек әлі бір де бір рет ресми түрде тіркелген жоқ. Демек, мұндай жағдай, яғни шағын және орта кәсіп иелерін заңсыз тексеру бұрын болған болса... болашақта да бола береді деген сөз.

Біреу білер, біреу білмес - біздің елімізде «Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау Одағы» деген қоғамдық бір ұйым бар. Жақында осы ұйым мүшелері шағын және орта бизнес иелерін заңсыз түрде тексерген кез-келген құзырлы орган өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке, тіпті шектен шыққан жағдайда оларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту мәселесін заңдық тұрғыда шешу қажеттігі жөнінде тиісті орындарға ұсыныс жасады. Жақсы ұсыныс, алайда осынау ұсыныстан қорытынды шықса, қанекей! АЛ ОСЫ КЕЗДЕ... Астанада Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына қарасты Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысы болып өтті. Отырыста сөз сөйлеген Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының басқарма төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ мырза мемлекеттік тілде емес, ресми тілде былай деді: «...молодые предприниматели получают доступ к деньгам и не знают, что с ними делать, берут кредиты в три миллиона, закладывают родительские дома. При этом все начинают заниматься частным извозом...»

Абылай мырзаның сөзінде жан бар шығар, бұған біздің дауымыз жоқ, өйткені шағын және орта бизнес өкілі боламын деген еліміз азаматтарына аталмыш ПАЛАТА тарапынан миллиондаған несиелер алуға ОЙДАҒЫДАЙ қолдау көрсетіліп жатқанға ұқсайды. Ал енді ҮШ МИЛЛИОНды қалтаға басып алып, «таксовайт» етіп жүрген жастарды, жасырып керегі не, көпшілігіміз көрген жоқпыз. Керісінше, ауылдан келген «алтын бастарымыз» бен «қалада жүрген каракөздеріміздің» бизнес-жоспарларын қолтықтарына қысып алып, несие ала алмай зар жылап жүргенін «шыққыр көзіміз» кәдімгідей-ақ көрді.

Иә, ағайын, Жаңа жылымыз да келіп қалды. Жаңа жылымызбен жылап көріспесек болғаны да, өйткені аты мен атағы дардай Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының жұмысының нәтижесі қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асатын болса, «БӘРЕКЕЛДІ!» демейміз бе?!

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz  

0 пікір