Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8980 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 08:00

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ВАШИНГТОНДАҒЫ ЕКІНШІ КҮН

Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазбасының алғы бөлімін оқырмандарды Америка астанасы – Вашигтоннан алған әсерімен бөлісу үстінде үзген едік, енді сол бір ойды тоқтаған жерінен жалғамақпыз.

Жолжазбаның алғы бөлімін  http://abai.kz/post/view?id=2464      сілтемесінен оқи аласыздар. Ал, «Америка күнделіктерінің» жарық көрген бөлімдерін былай табуға болады:

http://abai.kz/post/view?id=2450 

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

Капитолиядан кейінгі ғимарат – Жоғарғы сот. Оған кейіннен Президенттің ақ үйі қосылған. Ең құрметті ғимарат осы үшеуі. Қалғандары солардың ығында. 1800 жылы Вашигтон өлген соң астанаға тұңғыш президенттің аты берілген (Біздегі Нұр-Астана деген ұсыныс та соның жаңғыртпасы). Жоғарғы соттың 9 мүшесі бар. Олар мәңгілікке сайланады. Қылмысы ашылса ғана бар регалиясынан айырылмақ. Абайдың: төбе би сайлайық. Ол еш нәрсеге мұқтаж болмасын. Анттан аттаған біреу болмаса, жамандыққа жоламас. Халық та қадірін біліп, сеніп, сыйлап өтер еді – деген пікірінің бір ұшқыны осында жатыр. Біздегі конституциялық сот пен Жоғарғы соттың мүшелері де, төрағалары да тағайындалатын болуы керек. Билікке қарайлаған соттың беті халыққа ықыласпен бұрыла қоймаса керек.

Қаланың шырайына қарағанда көгалдандыруға ерекше ықылас білдіреді. 2-3 қабатты үйлердің ауласы көкмайса, таза. Егер көгалдандырмаса әжептәуір салмақты айып салынады екен. Шеткі қыратқа шыға келгенде биік дөңнің үстіндегі аппақ Капитолия көрінді. Мұнарасының басындағы билік пен әділет құдайының ескерткішінің беті шығысқа қарап, шыққан күнді құшағын жайып қарсы алады. Бұл – Еуропаның да сол жақта екенін үнемі еске салып тұрады. Сонымен қатар, Джордж Вашингтонның құрметіне тұрғызылған ұстын да аспанға шаншылып, Американың рухын көтеріп тұр. Жалпы мұнда Капитолиядан биік үш-ақ ғимарат бар көрінеді. Оларға неге сондай ерекшеліктің берілген себебін анықтай алмадым. Бұталы қарағаштар мен қант үйеңкесінің аясындағы 2-4 қабатты үйлердің шатырының шетінен Капитолия мен Вашингтонның ұстыны ағараңдап қылаң беріп, қай қалада жүргеніңді үнемі еске салып тұрады екен.

Жол реті солай болды ма, жоқ, әскери шеріктің күзет ауыстыратын шеру рәсімінің уақытына дөп келуді ойлады ма, әлде көрсеткен құрметі ме, біздің Вашингтонмен танысуымыз – Американың ең қасиетті қабірстаны, Америка үшін қаза тапқан әскери құрбандардың зираты – Арлингтоннан басталды. Мұнда Отан үшін өмірін қиған 300 мыңнан астам жауынгер жерленіпті. Жалғыз шарты – әскери қызметке не Америка үшін болған шайқасқа қатысың болуы керек. Алып әрі жап-жасыл қыраттағы зираттар да шеп құрып, сап-сап болып, тігінен де, көлденеңінен де, бүйірінен де түп-түзу көрінетін ақ плита мен ақ қалақтас тұр. Ескі зираттарда ғана тұғыртастар, ескерткіштер орнатылған. Арлингтон – Вашингтонға жолы түскен кез-келген адамның бір тәу етіп кететін тауфиқты орын. Мұнда Американың өз азаматтарына деген құрметі, ескерусіз қалдырмайтын салтанаты және ұлылығы паш етілген (Бізде де, әр кезеңде, әр түрлі соғыс пен көтерілісте қаза тапқан құрбандарымыз бар сияқты еді. Амалымыз қанша. Солардың ермен мен ебелек, бидайық басқан қабірлері көз алдыма елестеді).

         Қыраттың төбесіндегі мемориалдық ескерткіштегі шеріктердің күзет алмасуын көрдік. Сымдай тартылған, сырықтай түзу, бойы сұңғақ. Салтанатты әскери киімі сыптықтай. Иектері паңдықпен, ерлік рухпен тік көтерілген. Әр адымын байыпты әрі нықтап басқан шеріктердің шерулі алмасуы әсерлі-ақ. Қарулары да сайлы. Сардарының дауысы да нақ-нақ, тақ-тақ, анық: «Америка үшін қаза тапқан ардагерлердің мемориалын күзету шеруі қабылданды» – деген соң Американың гимні орындалды. Содан кейін әр шерік өз орындарына қарыштай адымдап барып, құрметті қарауылға тұрды. Бұл рәсімнен кейін зеңбірек үні естілді.

Мен: осы қыратқа көтеріліп келе жатқанда жолыққан, Испанияның қорғаныс министрі Обаманың қабылдауында екенін, қазір осында тағзым етуге келетінін айтып, ботинкасы аяғын қажағандықтан, кроссовка сатып алғанын түсіндірген, Астанада болғандығын айтқан испандық офицердің сөзіне орай, Испанияның қорғаныс министрінің құрметіне атылған зеңбірек шашуы ғой – деп түсініп ем. Олай емес, бір әскери адам жерленіп жатыр екен. Оны қайтар жолдағы Джон Кеннедидің, Эдвард Кеннедидің, Жаклин Кеннеди-Онасистің зиратына тағзым етуге барғанда білдім. Ағайынды Кеннедилер Американың әскери қарулы күштерінде қызмет еткен айтулы офицерлер болыпты. Жаклин – Арлингтонның күтімі мен салтанатына ерекше үлес қосыпты. Джон Кеннедидің қабірінде мәңгілік алау жанып тұр.

Бүкіл Вашингтон алақандағыдай көрініп тұрған бұл қыратқа кез келген Президент жерлене бермейді екен. Міндетті түрде Американың мүддесін қорғап, соғысқан әскери құраманың тізімінде болуың тиіс. Арлингтон қабірстанының мұражайының тарихымен таныстық. Мұнда осында жерленген президент Адамстан бастап, Кеннедилердің,  Вьетнам соғысында қаза тапқандардың рәсімделуі көрініс береді. Түрлі-түрлі әсер мен қилы-қилы  ойлардың шармауын жамылып Арлингтоннан да шықтық. Мұны да көргеніме шүкіршілік еттім.

Роллинг атты шағын кенттегі (бізше шағын аудан десе де болады) қытай аспұзылына түстендік. Міне, Американы аралағалы пәленбай күн болды, не Нью-Йоркте, не Нью-Джерсиде, не Филадельфияда, тіпті арлы-берлі жол бойында қытай аспұзылынан басқа жерден дәм татпаппыз. Себебі, жергілікті американдықтардың тағамдары қымбат, біздің қалтамыз көтермейтін көрінеді. Сонда ғана осыдан екі жыл бұрын 5 миллион қытай ұлтының өкіліне Американың азаматтығын бергеніне таңданғаным есіме түсті және неге берілгенін енді түсіндім. Иелерімен екі-үш ауыз шүлдірлестім. Өзара дабырласып қалды. Өзге сапарластарым маған адырая қарады.

Міне, Вашингтонның бір бөлігі саналатын, араларын Потокама өзені бөліп тұрған Джорджтаунды аралап келеміз. Ескі үйлер қаланың сәнін ашып тұр. Біршама қалыпты сақталған Семейдегі үйлер де осындай құрметке лайық қой. Абай табалдырығын аттаған кітапхана үйін бір саудагерге, Алаш ордасын – әйелдердің монастріне-шіркеуге сатып жіберген бір жылпос әкім ағамның тұрқы қарсы алдымда көмескі көрініс берді. Е, ағалығыңа да, әкімдігіңе де болайын... – деп ой қуып отырғанда, Джорджтаун университеті мен онда оқитын студенттер тұратын жатаған орамға келдік. Ең айбынды төбешікте кітапхана салыныпты. Мұнда шіркеу мен кітапханаға деген құрмет бірдей сияқты. Сүйінетін құбылыс. Жастары көп орам болған соң, нәсіларалық жұдырықтасулар да орын алып қалатын көрінеді. Жә, бас жаққа бармағаным жөн шығар...

Вашингтонда кешке жақын көбінесе шетелдіктер серуендейді екен. Елшіліктер қалашығы басталып кетті. Кеңес одағы елшілігін мұрагер еткен Ресейдің ғимараты көлемді де көрнекті. Украинаның да орнығуы мығым. Жиыны қырыққа жақын елшілік үйін санап отырып көрдім. Өзбекстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның, Қырғызстанның тулары желбіреп тұр. Иринаға реніш білдірдім. Жүргізуші тағы екі-үш көшені айналды. Қазақстанның туы көзіме түспеді. Қырғызстан құрлы санатқа қосылатын әлуетіміз бар сияқты еді. Сонда әлгі біздің «қауіпсіздігімізге кепілдік» берген Американың елшіліктер қалашығынан Қазақстанға орын тимегені ме? Кеудесіне нанды емес, шикі етті пісіріп жүрген елшілеріміз не бітірген, қай бұрышты барып паналады екен. Өзгені қойшы, мына Ресей, Украина, Өзбекстаннан келген саяхатшылардың алдында жерге қарап қалдым. Булығып, нәумез, жасыған, тіпті қорланған күйде отырып, масондардың қасиетті ғибадатханасы саналатын, әлгі Дэн Браунның шығармасы арқылы қабат-қабаттарының, шатырының, жертөлесінің баспалдақтарының санына (33!) дейін білетін шіркеудің сәулетіне  сүйсініп қарай алмадым. Маған мұнда келудің түк мағынасы жоқ сияқты түңіліп кеттім. Қанша айтқанмен жол үстіндегі жолаушы емеспіз бе, серіктерім де, Ирина да жұбатып: «Елшілік бар. Тек қиыс қалған ғой» – деседі. Бар екенін мен де білем. Тіпті еңселі де шығар. Бірақ мынау тәуелсіз елдердің туы бірімен бірі жарыса салтанатпен желбіреп тұрғанда, сенің туыңның тасада қалғанына қорланады екенсің. Ою-өрнегі ерекше екі-үш араб пен Түркия елшілігінің ғимаратын көрсетті. Мұсылмансың, түріксің, ескерілгенсің – дегені ғой. Бәрібір, қазақ елінің туындай қалай әсер етсін. Бірақ оған да тәуба.

Мысым басылып, жасып қалғаным сондай, кілең айғырға (мұның да өз себебі бар екен) мінген азаттық генералдарының мүсініне де, соншама көруге ынтызарлы болған Джордж Вашингтоның ақ сүңгідей аспанға қадалған ұстындарына да селқос көз салдым. «Тұрсын, тұғыры орнықты болсын» – дегенше, Ақ үйдің алдына келіп тоқтадық. Айналасын әскер мен күзет қоршап алыпты. Бүгін Барака Обама қызметте, бағанағы Испанияның қорғаныс министрі ішінде бар, шетелдік аса мәртебелі лауазымдыларды қабылдап жатқан шығар. Ауласы кең тынысты демесең, екі қабатты ақ үй, қарапайым ғана. Шатырында қаруын кезеніп қарауылдар тұр. Діңі жуан ағаштар ғана жайбарақат. Бұрыла бергенімде бізге бала кезден аты қанық поляк ардагері Костюшконың ескерткіші көзге түсті. Еуропаны, Польшаны, Ресейді елеңдеткен ержүрек Костюшко одан бұрын Американың азаттығына үлес қосыпты. Мұнда ертең қайтып келетін болып Капитолияға беттедік. Жолай әлем атына қанық ФБР-дің – Федеральдық барлау бюросының ғимаратын шалып қалдым. Ескінің де, жаңаның да табы аңғарылатын ғимарат. Ал оның ішінде әлемнің тағдыры талқыға түсіп, шешіліп жатқаны анық. Керек, бірақ біз аулақ жүретін мекеме.

Міне, атақ пен аңызға бөккен төбе басындағы ақ граниттен қаланған Капитолия – Конгресс ғимаратына да келдік. Мұның салыну тарихы, сәулет үлгісі, ішкі өрнегі, безендіруі, әр бөлмесі мен ондағы шырақтардың салмағы мен құны, шаршы көлемі, кейін салынған баспалдағы туралы жазып тауыса алмайсың. Ол туралы арнайы басылымдар да жеткілікті және күнделікті көтеретін көлемге сыймайды. Мысының өзімен басып, дүниеге ықпалын ымымен жүргізіп тұрған ұлы ғимарат екеніне күдіксіз мойынсынасың. Тек мұнарасының басындағы Бостандық тұлғасының беті шығысқа, яғни, негізгі баспалдақ пен ұлы аллеяға, Вашингтонның, Линкольннің, Джефферсонның ескерткішіне және Ақ үйге теріс қарап тұр. Оның да өз құпиясы бар шығар. Артында ұлы Америка құрылығы, алдында – әлем, яғный, бүкіл жер шары. Иә, бұл да емеурін.

Тура алдында аттылы қолбасшының (атын ұмыттым) айғыр мінген мүсіні тұр. Бұл генерал жүрісі жұмсақ деп соғысқа үнемі бие мініп шыққандықтан да, оның ескерткішіне биенің тұрқын салыпты. Бұған үрім-бұтақтары намыстаныпты. Аналық текті қасиет тұтатын гендерлік саясат ұстанатын жыныс қайраткерлерінің де көңіліне келетіндіктен, биенің тұрқын кейін айғырға «айналдырыпты». Бұл – инженерлік-техникалық тұрғыдан қиынға соқпаған сияқты. Сондай бір көңіл-күймен Капитолияның баспалдағымен көтеріліп, табалдырық тасына табан тіреп, батысқа ұзыннан ұзақ созылған Азаттық аллеясына қарадым. Шынын айтайын, күннің кешкі қызыл шапағына шомылған мұндай ғажайып көріністі бұрын көрмеппін. Ғажап! – дегеннен басқа теңеу ол сезімді жеткізе алмайды. Әлгі қызыл шапақ іштегі наланы да ыдырата бастағандай... Жітілеп назар салдым. 

 Алыста орман мен ойлы-қырлы қырат қызыл шапаққа малынған. Арлингтон қабірстанының сұлбасы шалынады. Одан беріде қызыл шоқтай балқыған Потомак өзенінің айдыны. Аспанға шаншылған Дж.Вашингтонның ақ гранит ұстыны зәңгір көкті тіреп тұрған сырық сияқты.

Ал Авраам Линкольннің мемориалдық ғимараты қызыл отты айдынның үстіндегі кеме тәрізді. Оның алдындағы қауызға түскен қызыл нұрдың бетінде ұстынның да, Капитолияның да, мемориалдың да бейнесі ұсақ толқынмен кілки тербеледі. Әр минут сайын ұшып-қонып жатқан ұшақ пен тікұшақ айдын бетінде қалқыған ақ қаздай әсер береді. Барлық даңғылдар мен көшелер үшбұрыштанып келіп Капитолияға түйіседі. Бейне бір масондардың лабиринтті ныспысы болушы еді, тура содан айнымайды.

Масон демекші, Американың президенттерінің дені масондар. Ал Джордж Вашингтон Бас масон болып есептеледі. Оның ұстыны саздауыттың үстіне орнатылғандықтан да, тұғыртасы жерге батып кеткен. Сондықтан араға біраз жылдар салып барып жоғарғы жағы сұрғылттау гранитпен қаланған-мыс деседі. Ал мен парақтаған ақпараттардың бірінде:«Ұстынның астында масондардың құпия ғылыми мағлұматтарын жасыратын 333 баспалдақтан тұратын қойма бар. Ол қазылып біткенше жылдар өткен. Егер ол құпия ғылыми мағлұматтар қара ниетті оқымыстының қолына түссе, дүние астан-кестен болуы ғажап емес» – деген мәлімет бар еді. Қайсы жорамал дұрыс. Кейінгі бір жер сілкінісінде ұстынның тұғырына сызатты жарықшақ түсіпті, қазір соны болатпен шегендеп жатқан көрінеді.  Сонда да: бір нүктеге түскен ауыр салмақты көтере алмай сазды жер шөгіп кетті ме? Әлде, 333 баспалдақты шыңыраудың қабырғасы сыр берді ме? – деген күдік қылаң берді. Америка құрылығының жер асты бедері жалпылама тұтас жақпар тас екені туралы жағырафиялық мәліметтер шындық болса, онда әлгі екіұшты ойдың қайсысына жіп байлау қажеттігін, ешкімде кепілдік бере айта алмасы анық.

Қалай дегенмен де, осынау таңғажайып құбылысты көрініске таңдана сүйініп, қала көшесін аралауға көштік.

Міне, Ғылым академиясы. Кәдімгі сырты жұпыны ғимарат. Біздің Академияның ғимараты оның қасында Капитолия деңгейлес. Бірақ мұның ішіндегі ғылыми ойдың ұшқырлығы сондай, қазір олар ұшырған ғарыш обсерваториясы күн жүйесінен ары асып, екінші бір әлемнің есігін іздеп, тура жердің көшірмесі сияқты планетаны жетінші галактикадан тапты. Ал біздің академиктердің «галактикалық өрісі» –  төр мен көрменің арасы. Академияның батыс бұрышына кіп-кішкентай, тұрқы 16 жасар баланың тұрқынан аспайтын Эйнштейннің ескерткіші  отырған күйінде құйылыпты. Жүзі сондай мейірімді, кімнің де болса, еркелегісі келетіндей. Сол сезімін тежей алмаған бала да, ересектер де тізесіне қарғып шығып, шашын сипап, мұрынын қысып, суретке түсіп жатыр. Қорлық па, басыну ма, өзімсіну ме,  ажырата алмадым. Алдындағы дөңгелей тегістеле төселген мәрмәрдің бетіндегі ақ нүктелер – сол ескерткіш орнатылған күнгі жұлдыздар жүйесінің ғаламдағы орналасу орынын көрсетеді екен. Ескерткіштің артында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының, оның іргесінде Әділет үйінің, жерді езіп түсірердей ауыр Ішкі Істер министрлігінің ғимараты тұр. Ақ үй де қашық емес.

Біз өзіміз таң қалған Бостандық аллеясына қарай қадам бастық. Қарсы алдымызда Линкольннің мемориалы. Оған дейін тегіс көкмайса сияқты еді. Кенет сол қапталға қарай ойысқан топқа ілеспей тартыншақтай беріп ем, көкмайсаны оя түйетайланып барып тереңдеп, одан тік бұрыш арқылы бұрылып, қайтадан түйетайлана өрлеген трапецияға көзім түсті. Жерге қабырғалана қапталған қара мәрмәрда қаптаған тізім. Сөйтсем, бұл Вьетнам соғысында қаза тапқан, не белгісіз кеткен жауынгерлерге орнатылған ескерткіш тақта екен. Авторы сол кездегі студент Ли деген бостондық қытай қызы екен. Бұл жоба бүкіламерикалық байқауда бас бәйгені жеңіп алыпты,  осы ескерткіші арқылы Лидің аты бүкіл Америкаға әйгіленіпті. Ескерткіш тақтаның жерге сіңіріле орналастырылуының басты емеуріні: бірінші, олар Америка үшін жер құшты. Қайтып оралмайды. Құрбандардың атын іздеп жүргендер соны сезінуі керек.  Екіншіден, сендер де жер астына түсесіңдер. Сондықтан оларды ұмытпай естеріңде ұстаңдар – дегенді тұспалдайды екен. Мұны қабылдамағандар да болыпты. Сондықтан жаңағы екі қабырғаның ортасындағы жасаңға, зәңгінің, латынамерикалықтың және еуропалықың кейпіндегі жауынгерлердің мүсіні орнатылыпты. Өзгені қайдам, шынында да жартылай көрге түскендей сезіндіретін бұл мемориал маған қатты әсер етті. Ең бастысы, тың көзқарасы мен көркемдік шешімі тосын.

Мұны көрген, америка үшін Корея соғысына қатысқан ардагерлер наразылық білдіріпті. Сөйтіп, қауыздың екінші жақ қапталында олар соғысқан 38 параллельді мекзеген 38 жауынгердің әр түрлі жан күйзелісін білдіретін мүсіндерін қоюға ұйғарылыпты. Олар қалың нудың ішінде шайқасып жүрген сияқты бейнеленіпті. Алайда кеңістікті қажет ететін бұл жобаны жүзеге асыру барысында қаражат тапшылығына ұшырап, 38 мүсіннің санын 19-ға кемітіп, сол 19 жауынгердің бейнесі – тура сырт жағындағы қара айна мәрмәр тасқа түсіп тұратын етіп жасапты. 

Оның үстіне әлгі қара мәрмәрға Корея – Америка соғысының көріністері, жауынгерлердің суреттері бедерленіпті. Осының барлығы тұтас көрініс бергенде, шындығында да, ортасындағы соқпақпен өткен адам (көруші) майдан ішінде жүргендей сезінеді. Бұл да ғажайып көркем шешім! Міне, отаны үшін өмірін қиғандарға тағзым осындай шынайылықпен жасалса керек және сонау биікте Капитолия бұлардың құрбандығына біз де жауаптымыз – дегендей  анық көрініп тұрады.

Бостандық аллеясының екінші басында Авраам Линкольннің мемориальды ғимараты тұр. Тұғырлы ғимараттың ортасында тізесін айқастыра Капитолияға қараған, бетәлпеті парасатқа толы, мысы мығым Линкольннің мүсіні орнатылған. Кешке жақын жан-жағынан электр жарығы түскен кезде, оның бетіндегі әрбір әжім сызығы ерекше мағыналанып кетеді екен. Талай ұлы ескерткішті көрдік қой. Бірақ дәл мынадай мысы басым – Ұланбатордағы Шыңғыс ханның ескерткішінен басқа – ескерткіш жоқ сияқты сезіледі. Енді сол тұғырға көтеріліп қарағаныңда, Капитолия бұрынғыдан да асқақтап сала береді екен. Сол кезде Джордж Вашингтонның 77 метрлік (қателесуім мүмкін) ұстынының ұшар басында адамның екі көзі сияқты шырақ сөніп-жанып тұрғанын байқадым. Сөйтсем, ол Ақ үйге қарап: мен сендердің әр ісіңді көріп тұрмын – деген тәмсілді білдіреді екен!

Кеш қарая Джон Кеннеди атындағы әлем мәдениеті орталығына бардық. Ат шаптырым үлкен залдың екі жағына дүние жүзінің бар мемлекетінің туы биік қабырғадан төмен жамырай ілінген екен. Қырғыздың, өзбектің, түрікменнің туы төбеден төгіліп, жер сызып тұр. Тағы да қазақтың туы көрінбеді. Жабыла іздедік. Бір уақытта ине сабақтап үйренген Әмина бір бұрышқа барып төбені нұсқады. Екі тудың ортасынан шоп-шолақ боп шолтиған біздің көк туымыз әрең көрініп тұр. Өзгелері жер сызады. Ал біздің туымыз неге шолақ? Өзге тудың шылауы сияқты – деген ойлар мазалағанымен де, көңілім орнығып сала берді. Концерт залында Индияның «Бомбей рояль» ансамбілі өнер көрсетіп жатыр екен. Он-он бес минут тыңдаған соң көрме залын араладым. Кеннедидің мәдениет орталығының тура қарсысында атышулы «Уотергейт» қонақүйі тұр. Дөңгеленіп біткен маңдайшасы  бар кәдімгі мейманхана. Ал аты жер жарады. «Қазақтар мына Кеннедидің мәдени орталығында өнер көрсетті ме екен? Көрсетпесе – қашан қолдары жетеді» – деген тәтті қиялмен тағы да көлікке отырдық. 

Туды көріп, тусыраған көңілім өскендіктен бе, қайдам, Вашингтонның түнгі шырақтары жайнап сала берді. Енді екінші тұстан Джефферсонның тура Линкольннің мемориалы үлгісіндегі, бірақ дөңгелене діңгектелген ескерткіші көрінді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Шыр айналып өттік. «Ғажап!» – деген сөз ғана ерінімнің ұшында тұрды. Осы мемориал салынарда бір тосын оқиға орын алыпты. Жапон – Америка соғысы  кезінде жапондар өзінің ұлттық нысаны – сакураның көшетін беріпті. Еріксіз егуге мәжбүр боп, осы Джефферсонның мемориалдық ғимараты тұрған қыратты таңдайды. Мұны естіген қала тұрғындары үйлерінен жіптерін ала келіп, өздерін американың жергілікті ағашына байлап тастапты. Бұл – өз орманымызды қорғаймыз – деген патриоттық сезімнен туған қарсылық. Күн қапырық екен. Қала әкімшілігі салқын суды сондай бір жомарттықпен үлестіріпті. Су ақыры өз дегеніне көндіріп, жіпті шештіріп, әжет өтеуге жібергенде... мүдделі мэри мекемесі тракторды (мүмкін танк шығар) алып келіп, көнеден тамыр тартқан ағаштарды құлатып үлгеріпті. Сөйтіп, Жапонның сакурасын отырғызыпты. Көктемде сакура гүлдегенде, вашингтондықтардың дені осы арадан табылады екен. Бұл да туған жердің ағашына деген адал сүйіспеншілік пен саясат араласқан амалдың жемісі. Тек түбі қайырымен біткен. Қай тұстан қарасаң да көзді арбайтын Капитолияға бір қарап қойып қонақүйге бет алдық.

Қонақ үй жайлы болды. Темекі шектірмейді екен. Оның амалын оңай таптым. Көңіл аударарлығы – біз көрген ғимараттың барлығының ішіне тек Америкаға қатысты картиналар мен ғимараттардың көрінісін, ою-өрнегін, символдық белгілерін іліп қояды екен. Тіпті әр қала өздерінің, Нью-Йоркта – Нью-Йорктің, Филадельфияда – Филадельфияның, Вашингтонда – Вашингтонның ғимараттарының суреті ілінеді. Ал бізде ғой, атын өзі білмейтін, қандай мағына беретінін түсінбейтін, алабажақтар самсап тұрады ғой, самсап тұрады. Біле-білгенге, бұл да ұлтыңа, өз қалаңа, өз отаныңа деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Сондай әсермен бұл күн де аяқталды.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364