НИКОЛАЙ УРУСОВ: «МЕН ЕДІГЕНІҢ ҰРПАҒЫМЫН»
Николай Урусов — Америка Құрама Штаттарының азаматы. АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Нью-Хэмпшир штатында тұрады. Қазір зейнеткер. Бірақ жетпістің төртеуіне келсе де еңбектен қол үзбей келеді. Қазір Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті, психология докторы, профессор Темірхан Бердімұратовтың шақыруымен студенттерге дәріс беруде. Швейцарияның еуропалық университеттерімен және Мәскеудің «Синергия» қаржы-өнеркәсіптік университетімен халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, культорология кандидаты Марзия Жақсығаринаның көмегімен мұхиттың арғы жағынан келген ұстазбен сұқбаттасудың реті келді.
— Николай Леонидович, Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге қалай келдіңіз?
— Бізде, Америкада әкесінің атымен атау қалып-таспаған, сон-дықтан жай ғана Ник дей берсеңіз болады. Мен қазір зейнет-кермін. Бірақ қарап жата алмаймын.Сосын түрлі қоғамдық ұйымдар арқылы шет елдерге шығып, сол елдің жастарына өз көмегімді беруді жөн санадым. «Фул Брайт» халықаралық ұйымы арқылы бірнеше елде болдым, студенттер алдында лекциялар оқыдым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арқылы Женевада 4 жыл жұмыс істедім. БҰҰ арқылы Африканың Сенегал, Ботсвана, Судан мемлекеттерінде болдым. Ираннан, Ирактан қашып келгендермен жұмыс істеген кездерім де болды. Оларға ағылшын тілін үйреттім.
Сондай бір сәт Ресейге жол ашты. Ресейдің Карелия Республикасының астанасы Петрозаводск қаласында жоғары оқу орынында 2005-2006 жылдары сабақ бердім.
Өзім түрлі мемлекеттерде болып, сол елдің халқының тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысқанды жақсы көремін. Түрлі ұлттар, түрлі тағдырлар. Өмір сүру салттары да әртүрлі. Американың жергілікті индеецтерінің қасиеттерін зерттедім. Сондай-ақ Үндістанның үнділерінің өмірі мен тарихын, салт-дәстүрлерін зерттедім.
Айтқандай, үндістер мен қазақтардың арасында бір ұқсастықты таптым. Айтайын ба? (күліп) Жақында Ақтөбеде қазақтардың үйлену тойында болдым. Екі жүз бе, әлде одан да көп пе, әйтеуір үлкен мейрамхана толып отырды. Үндістер де тойына мың адам шақырады екен, соның кемінде бес жүзі дастарханда отырады ғой. Қазақтар да әнге, өнерге жақын. Үнділер де солай. Міне, осының бәрі мені қатты қызықтырады.
«Фул Брайт» халықаралық ұйымының грантынан үміткер ретінде тіркелген болатынмын. Грантты жеңіп алдым. Осылайша Қазақстанға да келіп қалдым. Айта кету керек, мен Ақтөбеге осымен екінші рет келіп отырмын. Өткен жылы да осы Қазақ-орыс университетінде дәріс оқығанмын. Міне, халықаралық ұйымдар ұсынған тізімнен мені Темірхан Бердімұратов екінші рет қалап алды. Бердімұратов психология докторы ғой. Мүмкін мен де психология маманы болғандықтан өзіне жақын тұтқан болар.
— Мистер Ник, сіз ақтөбелік студенттерге қандай салада және қай тілде дәріс беріп жүрсіз? Мамандығыңыз қандай?
— Менің бірінші мамандығым — философия. Гарвард колледжін бітіріп, философиямен айналыс-тым. Бірақ АҚШ-та ешкім бір мамандықпен шектеліп қалмайды. Өмірдің ыңғайына қарай бейімделіп, басқа да мамандықтарды игере береді. Кейін өмірге комьютер, электорника енді. Психологтарға сұраныс көбейді. Сондықтан психология және информатика мамандықтары бойынша екі магистратура бітірдім. Қазір Ақтөбе Қазақ-орыс университетінде информатика бойынша сабақ беріп жүрмін. Кей топтарға орыс тілінде, кей топтарға ағылшын тілінде жүргіземін.
—Ақтөбелік студенттердің оқуға, білімге деген құштарлығы қалай? Білім сапасы туралы не айтар едіңіз?
—Студенттер әртүрлі. Студент — қай жерде де студент. Олардың арасында пысық, білімге құштарлары көп. Сондай-ақ орташа деңгейдегілер де бар. Ал сабаққа онша ынтасы жоқ, келіп-кетіп жүретіндер де табылады. Бұл жалпылама айтқаным ғой. Бірақ мен ақтөбелік студенттерге баға бере алмаймын. Өйткені мен олармен жете танысып үлгерген жоқпын, аз уақыттың ішінде бәрін танып-білдім деуге болмайды.
—Сіз осында дәріс оқығаныңыз үшін жалақы аласыз ба?
—Жоқ. Менің бұл сапардағы мақсатым жалақы алу емес, мен волонтерлық жолмен жүрмін. Осында келу сапарымдағы жол шығынын өзім көтеремін. Менің тек жатар орыным ғана тегін. Есесіне мен саяхатта жүрген секілдімін. Әлемнің бірнеше мемлекетінен достар таптым. Қаншама адаммен танысып, тәжірибе алмас-тым. Айтпақшы, Ақтөбеге келгелі мен өзімнің ата-тегіме де қатысты құнды деректер ала бастадым. Мен Ресейде князь болған Урусовтардың ұрпағымын. Біздің арғы тегіміз — Едіге. Мен өзімнің Едігенің ұрпағы екенімді білемін. Бірақ Едігеден князь Урусовтарға дейінгі ұрпақтар тармағын білмеймін. Сондықтан мұнда мен үшін қызықты деректер табылуда. Тағы бір білетінім — Юсуповтар да Едігенің ұрпағы екені.
Менің Сергей деген туған ағам және Владимир Легавич деген немере ағаларым болды. Сол кісілер менен гөрі бұл тарихты жақсырақ білетін. Және олар Урусовтардың шыққан тегі туралы мағлұматтар жинап жүретін. Владимир Легавич «Қызылдар мен ақтар» деген кітап жазды. Сол кітапта Едіге туралы, оның ұрпақтары туралы айтылды. Мен аса мән бермеппін. Енді міне, зейнеткермін, уақытым бар, алдағы уақытта Едіге мен Урусовтар арасын зерттеп, бір жүйеге келтірсем бе деген ойдамын.
Айтпақшы, испан күйеу балам бар. Бұрын сол еуропалықтардың генеологиясы, аристократтар тұқымы жөнінде зерттеулер жүргізіп, қызықты материалдар жинады. Біздің тұқымның генеологиясын зерттегенде сол князь Урусовтар екенімізді, Едігенің ұрпағы екенімізді тағы бір дәлелдеп берді.
—Ал сіздер Америкаға қалай барып қалдыңыздар? Урусовтар Ресейде князьдік етті ғой?
—Менің әкем мен аталарым Ресейде революция болып, азамат соғысы басталған кезде Санкт-Петербургте тұрған екен. Революция болған жылы әкем 17 жаста екен. Туысқандарымыздың бірқатарын өлтірген, атқан. Содан аталарым Қырым арқылы шет ел аспақ болған. Қырымда біраз тұрған. Кейін барғанымда Қырымдағы атамның үйін көрдім. Онда қазірде де туыстарымыз бар. Содан Италияға, сосын Францияға барған. Әкем Италияда туған. Кейін Бельгияда университет бітіріп, инженер мамандығын алып шыққан. 1930-жылдары Америкада өндіріс дами бастайды. Әкем кәсіпорындарда инженер болып жұмыс істеген. Ал шешем америкалық, фортепианода ойнады. Алты бала болып өстік. Бәріміздің де атымызды орысша қойған. Бала кезімізде орыс тілінде сөйлейтінбіз. Қазір ғой ауырлау соғып жүргені.
Әкем кейін елшілік қызметтерде болды. Ағылшын, француз, испан тілдерінде еркін сөйледі. Елшілік қызметте болғаннан кейін көшіп-қонып жүруге тура келді. Ақыры АҚШ-та тұрақтадық.
—Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Жалпы нені ұнатасыз?
—Үлкен теннис ойнағанды жақсы көремін. Спортпен шұғылдану керек, сонда денсаулық мықты болады, жұмыс істеу қабілетің артады. Теннисті әлі күнге дейін ойнаймын. Хорватияда өткен үлкен теннис жарысында 70-тен жоғары жастағылар арасында жүлдеге де ие болдым. Сосын орыстың халық әндерін айтқанды ұнатамын. Әсіресе дала туралы ән бар ғой «Степь за степь…» деп келетін. Дала, орман, өзен, тау сияқты табиғатқа арналған әндер көңіліме жақын. Тағы да айтамын, кең дала туралы әндерді қатты жақсы көремін және үнемі ыңылдап айтып жүремін.
—Дала туралы әнді жақсы көруіңіз қаннан келе жатқан қасиет болар. Атаңыз Едіге кең даланың иесі болған ғой…
—Кім біліпті? Мүмкін, солай шығар.
—Енді өзіңіз тұратын штат, қала туралы айтсаңыз?
—Нью-Хэмпшир штатында, оның Нью-Лондон қаласында тұрамын. Нью-Хэмпшир ел тарихында бірінші болып Ұлыбританиядан тәуелсіздігін жариялаған штат. Штаттың басты қаласы — Конкорд, ал ең үлкен қаласы Манчес-тер. Бұл штаттың жергілікті тұрғындары индеецтер болып табылады.
Урусовтар — Алтын Орданы қолында ұстаған, кейін Ноғай Ордасын билеген ер Едігенің ұрпақтары.
Едігеден Нұраддин, Қасым, Саид-Али мырзалар туады. Нұраддин 37 жасында опат болады. Нұраддиннің афас, Уақас, Хоразми деген ұлдары болады. Уақастың ұлы Муса, Ямгуршы (Жаңбыршы) еді. Мұса мырзаның үшінші баласынан князь Кутумовтар, бесіншісі Жүсіп мырзадан князь Юсуповтар, жетіншісінен князь Шейдаковтар, соңғысы Исмайыл мырзадан Орыс, кей кітаптарда Уруслан тарайды. Міне осы тұқымнан біз әңгіме етіп отырған Николай Урусов шығады. Николай князь Петр Урусовтың тұқымы болып табылады.
Урусовтардан шыққан белгілі тұлғалар
Урусов, Александр Иванович (1843—1900) — заңгер, құқық танушы, адвокат и сот шешені.
Урусов, Александр Петрович (1768—1835) — генерал, Напалеонмен соғысқа қатысушы.
Урусов, Александр Петрович (1850—1914) — князь, жер иегері, II, III және IV шақырылымдардың Мемлекеттік думасының мүшесі.
Урусов, Василий Семенович (1668—1750) — боярин, фельдмаршал.
Урусов, Василий Алексеевич (1690—1741) — князь, генерал-лейтенант.
Урусов, Дмитрий Семёнович (1830—1903) — князь, шахматшы.
Урусов, Лев Владимирович (1877—1933) — князь, дипломат, теннисші, Халықаралық олимпиадалық комитеттің мүшесі.
Урусов, Лев Павлович (1839—1928) — дипломат.
Урусов, Михаил Александрович (1802—1883) — Витебский, Могилевский и Смоленский генерал-губернаторы.
Урусов, Никита Сергеевич (1760—1806) — Ярослав наместнигі.
Урусов, Никита Семёнович (ок.1640—1692) — боярин (1679).
Урусов, Николай Юрьевич (1767—1821) — генерал, Напалеонмен соғысқа қатысушы.
Урусов, Павел Александрович (1807—1886) — генерал, Қырым соғысына қатысушы.
Урусов, Пётр Арсланович (Урак бин Джан-Арслан)
(1639 ж туған) — татар мырзасы.
Урусов, Пётр Семёнович (ум.1686) — боярин.
Урусов, Сергей Дмитриевич (1862—1937) — князь, қоғам және саяси қайраткер.
Урусов, Сергей Петрович (1859—1918) — князь, жылқы зауыты иесі,жазушы-зоолог.
Урусов, Сергей Семёнович (1827—1897) — князь, генерал-майор, Севастополь қорғанысының батыры, шахматшы.
Урусов, Юрий Дмитриевич — князь, репрессияға ұшыраған.
Урусова, Евдокия Прокофьевна (1635—1675) — княгиня.
Урусова, Евдокия Юрьевна (1908—1996) — актриса.
Сұхбаттасқан Бердібай КЕМАЛ.
(Сұхбат 2012 жылы қазанда жасалды)
Автор Николай Урусовпен кездесу кезінде шежіре тарату жөнінде нақты ақпараттар бергені үшін Ақтөбе пединститутының мұғалімі, едігетанушы, филология ғылымының докторы Жұбаназар Асановқа алғыс айтады.
Абай.kz