Сенбі, 23 Қараша 2024
Рух 8375 0 пікір 15 Желтоқсан, 2014 сағат 10:31

ЖЕЛТОҚСАН. ҮРЕЙМЕН ӨТКЕН ҮШ ЖЫЛ

КЕЙІПКЕРДІҢ ЖЕКЕ ІС ПАРАҒЫНАН:

Үсіпхан Сейтімбетов. 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Игілік ауылында туған. Мектеп бітіргесін ауылдағы мәдениет үйінде жұ­­мыс істейді. Кейін Алматыдағы Эстрада және цирк студиясын оқып бітірген. Алматы облыстық филармониясында қызметін жалғастырып, артынан Театр және көркем сурет инсти­ту­тына түседі. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 3 жылға сотталып, соның 2 жылын өтеген.

Бүгін де экранның еркесі, сахнаның серкесіне айналып, жұрт көңілін жады­ратқан Үсіпхан Сейтімбетов шуағын көпке сый­ла­ғанымен тағдырының бір беті өткен өмі­рінің көлеңкесінде қалды. 

Оның ән­шілігін, сазгерлігін, актерлігі мен домбы­рашылығын білген көпшілік тарихтың ше­ріне булығып, жан дүниесінің тұңғиық түбінде қалып қойған зілді тағдырын біле бермеуі де мүмкін. Пленумның 16 минутымен дүниені дүр сілкіндірген 16 желтоқ­санда олар диплом жұмысына арналған М.Әуезовтың «Қаракөз» спектаклін дайындап жатқан еді. Түс ауа көркемдік же­тек­шілері, КСРО Халық артисі – Шолпан Жандарбекова аудиторияға көңілсіз күйде кірген екен.

– Апай, не болды, денсаулығыңыз жақ­сы ма? – дегенде, «Ой, құрып кетсін! Д.Қо­наев аталарыңды алып тастап, орнына қазақтың дәстүрін, салт-санасын біл­мейтін айдаладағы біреуді алып келді», – деп өзі­нің наразылығын айтады. Сол күні бәрінің көңіл-күйі болмағандықтан репетициялары да ойдағыдай өтпеген. 

Жаңадан шаңырақ құрған Гүлнар Сей­тімбетова екеуі жатақханада шай ішіп, болған жайды әңгімелеп отырғанда курстасы Құрманғазы деген жігіт алып-ұшып кіріп келіп: «ойбай, қырылдық, жойылдық, қазақ болудан да қалдық» деп, берген шай­ға да қарамай Үсіпханды ертіп кетеді. Гүлнар жалғыз қалады. Олар барған жа­тақханалардың бәрінде де көңіл-күй бәсең. «Онсыз да намысымыз тапталып жүрген қазақ едік» дегендей олардың жүздеріндегі ашу-ызаны байқағасын, ертеңгі сағат то­ғызда алаңға баруға ұсыныс жасайды. Олар келіседі. Жатаққа қайта келгесін, абыр-сабыр жұрт ішінен музыкалық комедияда оқитын 3-курс студенті Аманбай Қанетов пен Бақтыбек Иманғожаев деген достарын кездестіреді. Сосын төртеулеп жатақхананы араламақ. Ақыры шыққан­нан кейін шеруге «құр қол шықпайық» деп плакаттар жазуға кіріседі. Партия оқулық­тарынан тапқан «Әр ұлттың өз көсемі болады» деген сөзді ақжайманы жыртып, суретшілерге жаздырады. Жатақханадағы оқу залында ілулі тұратын Лениннің пор­третін де жұлып алып, ұстауға ыңғайлы бо­лу үшін оған ағаш қағады. «Пионер, ком­сомол, октябрят болып көргесін Ленин ол кезде біздің көсеміміз сияқты еді ғой» дейді ол сөз арасында.

Ертеңгісін студенттер бірін-бірі оятып, бет жуа салысымен апыл-ғұпыл жиналып, сағат тоғызда алаңға А.Байтұрсынов көше­сімен шығады. Қ.Сәтпаев көшесінде көлік жүрісі тоқтаған. Мир көшесіне жақындаған кезде қойындарындағы ұрандарын шыға­рып, сол маңнан тосқауылдап тұрған екі по­лицияның машинасын көреді. Іштей қолдаған олардың ішінен «Жігіттер, өте беріңдер! Қазақтың намысын бермеңдер!» деп бір майор Үсіпханның құлағына сыбырлайды. Өзі намысты жігіт екен. «Намыс­ты қолдан бермеңдер, алға!» дегесін қарап тұрмай, олар да «Алғалап!» алға қарай жү­гіре беріпті. Алаңға бара жатқанда жол бойындағылардың бәріне «Алаңға, бейбіт шеруге бара жатырмыз!» деп жар салған екен. Олардың қатары көбейе бастағанда, қыздар келіп: «Ойбай, Жеңісті алып кетті, Не істейміз?» деп шырылдай жөнеледі. Бір-бірін бермеу үшін қол ұстасып, сақтана жылжыған олар Жеңісті қамаған «уазик­тің» есігін жұлып ашады да, оны шығарып алады. Шерушілер көп болғасын бәлендей қарсылық та болмайды. Алаңға келгесін «Ме­нің Қазақстаным» әнін айтып, ұран­дарын қайталай бастайды. Онда «басты ұйымдастырушы» деген жоқ. Әркім өз ойындағысын айта береді екен. Сосын студенттер мен жастарды жинап, қатарды бұ­дан да көбейту үшін Сәтпаев көшесімен Достық көшесіне қарай бет алады. Ол кезде ел жиналып қалған еді. Әртүрлі әндер айтып, ұрандатуды тоқтатпастан олар Советская көшесіне дейін түседі. Өз институт­тарының тұсында біраз айқайлап, сосын Абай атындағы ҚазПИ-дегілерге ұсыныс жасап көреді. Ондағы жетекшілері қарсы­лық көрсеткенмен, «Біз де шығамыз!» деп студенттері шуылдай түсіпті. Бірақ, есікте­рін жауып алғасын Гоголь көшесімен ҚызПИ-дан көтеріліп, сосын Байтұрсынов көшесімен қайтадан алаңға тартады. Көше бойындағы суретке, киноға түсіріп жүр­гендерге өздері барып, әртістерше мәз болып, әртүрлі вариантта суретке түсе бас­тайды. Өйткені, олар бұл жүрістерін қыл­мыс емес, бейбіт шеру деп есептеген. Қайта жатақханаға келгесін мұғалімдер есікті жауып алып, сыртқа ешкімді шығар­мапты. 

Бұдан кейін Үсіпхан алаңда болмаған. Ұрыстың қызған шақтарынан тек сырттай ғана хабардар болған екен. Гүлнар топ же­текшісі болатын. Студенттердің қолқалауы­мен болған жайдың қыр-сырын анығырақ білу үшін ол Асқар Тоқпановқа телефон соғады. Ол кісі: «Ертең сабақтарың бар, бұл сендердің араласатын шаруаларың емес» деп трубканы қоя салыпты.

Көп ұзамай саяси тәрбие жұмыстары да басталады. Тергеу жүргізетін қазақтарға сенімсіздік танытып, тергеушілердің көбін Ресей, Украинадан алдырған екен. Екі-үш күннен кейін Қауіпсіздік комитетінің адамдары фотоальбомдар әкеліп, жатақ­ханадағылардан, декан, мұғалімдерден суреттегі студенттерді анықтап беруді сұ­рай бастапты. Оның құжатын алып алған тергеуші біресе жатақханаға, біресе инс­титутқа іздеп келе беруін тоқтатпайды. Са­бақ жайына қалып, студенттер Қауіп­сіздік комитеті тергеушілеріне жауап берумен болады.

Бүкіл Қазақстанды шарпыған бұл кө­терілістің барлық республикаларға бас­тама болып, таңдандырғанын Үсіпхан былай деп әңгімелейді: 

– Жылда тәжірибе алмасу үшін Мәскеу мен Ленинградтың театрларын аралайтынбыз. Бізге «Қазақ ұлтшылдары» деген таңба басылғасын олар да қабылдамайтын болды. Өйткені, қазақ ұлтшылдары – на­шақор, бұзақы, ішкіш екен деген түсінік қа­лып­тасты. Сол кезде саясат сондай болды ма? Әйтеуір Тбилиси ғана қабылдайтын болып, жолда Бакуге қондық. Аэропорттан түс­кенде әзірбайжандар «батыр ғар­даштар келді» деп қолдарын шапалақтап, жақсы қарсы алды. Сосын кешкісін Тбилисиге келіп, пойыздан түскен бетте олар да «Батыр қазақтар келді» деп аяғынан тік тұрып қошамет көрсетті. Қысқасы, кө­терілістен бәрі де құлағдар екен, – дейді.

Бір күні қазақтарды жақсы көрмейтін Алексей деген Қауіпсіздік комитетінің тер­геушісі ректораттың бөлмесінде отыр­ған Үсіпханға телефон соғып, «повестка» жібергенде неге келмейсің?» деп айқай шығарады. Және жұбайының үлкен театр­да істейтіндігін, Үсіпханның да «звезда» екендігін айтып, сөзін сабақтай береді. Ал, «повестканы» алған бала оны оған бер­мепті. Гүлнар екеуін де шақырғасын бірге барса, Үсіпханды галстугінен бастап ше­шіндіре бастайды. Гүлнардың түрі бұ­зы­лып кетеді. Қолына кісен салып, аяғындағы бәтеңкесін шешеді де, табанына фамилиясы жазылған бірдеңені жапсырып, аяғына дәу кәлөш кигізеді. Сөйтіп, есіктері ши­қылдағанда үрейлі дыбыс шығаратын, тө­сегі жоқ темір торда наурыз айының ыз­ғарлы он күнін өткізеді. Күнделікті «Ұйым­дастырушы кім? Сендерді жіберген А.Тоқпанов па, Ш.Жандарбекова ма? Қайсысы айтты ұстаздарыңның?» деген тергеушінің қисынсыз сұрақтарына бас қатырып жүргенде, қолынан кісен түспей, әдемі, ұзын шашының да биттеп кеткенін жасырмады. Басқа шыққан орыс аздай биттің де басқа шығуы коммунистік қор­лықтың мазағының шегіне жеткізді. Осылай бастан сауал, шаштан бит жұлмалаған екіұдайы сарсаңда іс насырға шаппай тұ­рып, құтылар жол табу керек болды. 

Үш әріптің тергеуі бітпегесін олар өз­ара ақылдасып, не айтуды ойластырады. Сосын тергеушіге «Жатақханаға кешкі сағат ондар шамасында қара волгамен ұзын бойлы, сақалы бар, сұр пальтолы, бас киімді, денелі біреу келіп, «ертең алаңға шығың­дар!» дегесін, сол кісінің айтуымен шықтық» дейді. Бұл ойластырылған «невидимка» қиялдағы Шерлок Холмсты елес­тетеді. Бұл Шерлок Холмс тергеушілерге таптырма­ғасын, тергеушілердің өздері Шерлок Холмс болып, бұлардың ізіне тү­суін тоқ­татпады. Яғни, өтіріктің шындыққа қызмет ететін жағы да айтулы шеңгелден құтқара алмады. Немесе қиялдағы сақалы өскен адам, түрмедегі азап, сақалы өскен өздері болып шықты. Аяқталмаған «Қа­ракөз» спектаклінің жалғасын осылайша тергеу сахнасында ойнаған болашақ ак­терлердің бұл диплом жұмысы да сәтсіздеу болды. Сол арқылы өмірдегі шындықтың табиғи мазмұны ешбір сахнада ашыл­майтындығын сезді. Бұл нәтиже оларды шындыққа жүгінуге мәжбүрледі.

Бір күні Үсіпхан өзімен бірге тергеуде сақалы өсіп, азып кеткен Құрманғазыға «Ойдан шығарған адамымызбен бұларды жынды қыла бергенше, басымызды шауып алса да шындықты айтайық», – дейді. Яғни, Аманбай мен Бақытбек қосылып, бұл істі төртеуі ұйымдастырғанын, артынан тергеу орындарына да «өздері барғанын» ай­туға келіседі. Бір жағы, шындық айтылмаса, Үсіпханның әйелін де қамауға ала­тын­дығын ескертіпті. Бірде Үсіпхан жатқан камераға жансыз ретінде орыстың бір шошаңдаған сақалды жігітін де жі­береді. Ол сыр тарту үшін тамақ та әкеліп, жанашыр адамдай көрінеді. Қателік жасап, оның 10-15 жылға бекер сотталып кетпеуін де ескертеді. Әуелде Үсіпхан одан күдіктенбегесін, сыр жасырмай, ашылып сөйлесе береді. Он бес күннен соң Сейфуллин көшесінің бойында­ғы түрмеге ауысып, онда алты ай жатады.

Өзара тор терезе арқылы сөйлесіп жү­ретін көрші камералардың бірінен Қ. Рыс­құлбековты табады. Тесік арқылы бір-біріне хат жазып, жіппен тартып алып отырады. Қайрат бір хатында Савицкидің әкесі өлген баласын оның мойнына артып, «Ату» жазасын сұрап жатқандығын, өл­тіргендер жер басып жүрмеуі керектігін айтыпты. Ал, Қайраттың айтуынша, «Қазақстан» қонақ үйі маңында болған оның Сәтпаев пен Мир көшесінің қиы­лысында болған оқиғаға қатысы жоқ сияқ­ты. Үсіпхан оған мұндай жағдайда болмаған істі мойындамауды ескертеді. Бір күні есіктің ашылғанын пайдаланып, Қайраттың өзін көріп қалуға да мүмкіндік алады. Сосын «Қарауға болмайды» деп, Үсіпханды жендеттер желкеден салып қа­лады. Қайраттың шашы өсіп кеткен екен. Ауасыз, ыстық ондай камерада адамның көзқарасы да күрт бұзылады. Түрмедегі әртүрлі адамдардың ішінде адам өлтір­гендері де, үсті-басына сурет салып, сол зонаның өміріне біржолата кіріп кеткен­дері де бар. Әрине, ондайда өзіңді-өзің қорғау үшін де моральдық күш керек. Түрме дегенің өнерден де, сүйген жардан да, туыстан да айыратын пәнилік тозақ.

Әрине, түрмеге бойдақ кезде түссе, «ер мойнында қыл арқан шірімес» деп, жүй­кеге түскен жарты салмақтан азат болар еді. Ал, жанұялы болып, бала-шаға өскесін түрмеге түсу – ол да бір басқа. Ал Үсіпхан сияқты жаңа үйленген жас та әдемі жарынан айырылып, бір қиырда жапа шегу – рухы әлсіз адамдарды жындандыратын шы­ғар. Мұндай қиындықтан оны құтқар­ған – тек өзінің рухани күш-қуаты және сүйікті жары Гүлнардың да ерге тән ұлт­жанды азаматтығы мен махаббатына бе­рік­тігінің арқасы. Екеуінің заманы да, ортасы да, ойы да, өнері де ұқсас болғасын рухани туыстай өзара тұтасып кеткен шығар. Мұндайға мән беруіміздің себебі, елді отарлықтан айырмақ болған Желтоқсан қасіреті түрме арқылы жанұяны жампозынан ғана айырып қойған жоқ, жанұя мүшелерінің өзін де бір-бірінен мәңгілікке айырып кеткен жайларды естіп жатырмыз. Махаббаты жарасқандардың санасына сыннан сүріндірмейтін биік парасат үстемдік құрса, қателікке орын да қалмайды.

Қысқасы, үш жыл түрмеге кесіліп, оның екі жылын өтеп келген Үсіпханның қамаудағы кітапқа татырлық қалған тағды­рын әңгімелесек, Желтоқсан тарихын бір кісідей түсінер едік. 

  

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450