Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8835 0 пікір 12 Желтоқсан, 2014 сағат 08:54

Софы СМАТАЕВ. АЙТЫЛМАЙ КЕЛГЕН СӨЗ

Ардақты ағайын! Қадірменді қазақстандықтар, бауырлар, қандастар!

Мен бүгінде сіздерді «сырластарым, мұңдастарым, мүдделестерім!» деп атағым келіп тұр.

Мен де сіздер тәрізді тәуелсіз ел аталғанымызға 23 жыл толса да, соның әлі күнге дейін жемісі мен жеңісін көре алмай, биіктегі биліктің ерік-ырқымен ғана бас көтеріп, кеуде тіктеместен қыбырлайтын ащы өзек, аш қарын қазақтың бірімін.

Мен де дәл сіздердей өмірімді алса да, бостандығым мен дербестігімді ешкімге алғызба деп Алласына маңдайын тақылдатып ұрып, азаттықты анасындай құрметтейтін Алаш жұртының бір перзентімін.

Мен де егемендігімізбен егіле жылап, еркіндігімізбен еңірей қоштаспайық деген зар тілегін мынау мылқау Жалғанға жариялай жеткізіп, Ресеймен еуроазиялық одаққа мүше болып кірсек, бұрынғы үш жүз жылдық төбемізден тоқпақтатқан отаршылдықтың темір бұғауына қайтадан бодан болып кіреміз-ау деген қорқынышымды кеудемнен сығып шығарып, елбасыға құлаққағыс етіп ашық хат жазып далбасалағанның бірімін.

Жоғары жақтан жауап берердей тырс еткен үн, шылп еткен ерін болған жоқ. Қайта еуроодаққа кірген бойда қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ боп, пайданың астында қалып, үлде мен бүлдеге оранар тұрмыс-тірлікке күмп етіп еніп кетерміз дейтін өрекпулерін БАҚ-тың барлық түрінен бақылдап, тақылдап беріп жатқан басшыларды да, сол басшылардың тақылдауларын баршаға тақымдап отырып жеткізіп жатқан ұятын ұрлатып алған журналшыларды да тыңдаудан құлақ сарсылды.

Мені біразыңыз қаламгер ретінде тануларыңыз мүмкін. Көпшілігіңіз танымайсыз да. Бірақ мен бүгін сіздерге өте жақынмын. Сіздермен бірмін. Сіздермен біргемін. Себебі мен де дәл сіздер сияқты әр сайлауда өз даусын ұрлатқызатын шарасыз мұңдас пендемін. Мен де сіздер тәрізді сонау Жаңаөзендегі бейкүнә қырылған қыршындардың қазасын аза тұтқан, жүрегі қан жылаған қазақтың бірімін. Сондықтан да мен сіздердің сырлас, мұңдас мүдделесіңізбін.

Жаңаөзен оқиғасына, міне, үш жыл толыпты. Осынау үш жылда үш күндік теңдік таппаған қазағыңның, осы үш жылда еркіндігінің аясын барынша тарылтып алып, жоғарыдағылардың заң-низамды белінен басып, байыған үстіне байып жатқанына аш-жалаңаш тірлігінің өзегіне ас, жыртығына жамау таба алмай жүрген, төмендегі қандастарым, сіздердің естеріңізге биліктегілердің сол қылмысты әрекетін қайталап жеткізгім бар.

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақтың кеудесіне қадалған қанды жебе болатын;

 Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақтың жүрегін қақ тілген жазылмас жара салған;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – бүкіл қазақты биліктегі, биіктегі басынған шағын топ пен төмендегі өксіген, ашынған қалың көпті екі бөлген қанды меже еді;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – мүлгіп, шұлғып мәңгүрттенген қазақты жұлқып оятып, шарпып ойлантып, есін жиғызып, ерік-ырқын босатып алуға итермелей жаздаған ғаламат оқиға еді;

Өйткені Жаңаөзендегі қанды қырғын – «Қазаққа қазақ неге оқ атты? Қазақты қазақ неге қырып салды? Қазақты қазақ атуға кім бұйрық берді?» деген қанжардай  тілгілейтін сұрақтарды әрқайсымыздың кеудемізден айтқыза бастап еді-ау. 

Қадірменді мұңдастар! Биіктегі биліктің жауапсыз немқұрайлығы барынша асқынғандықтан ел ішіндегі төменгі мен жоғарғының бірін-бірі түсінуі мүлде жойылды. Барлық өңірде жұмыссыздық белең алып, ауылдық жерлерде қайыршылыққа жақын жұртшылық тіршілігі басталды. Жоғарының төменді менсінбеуі, төбесінен төніп дікілдеуі, өтірік ақпарды көрнеу көзге алға шығаруы, сайлау біткенді бірде бір рет дұрыс өткізбеуі, дауыс ұрлауы, оппозицияны шеттетуі, қудалауы, азаматтарға өтірік пәле-жала жабуы көбейді.

Осындай келеңсіз, қитұрқы әрекеттердің себеп-салдарынан тұтанған наразылық көріністері ел ішінде  сол шақта-ақ бас көтере бастаған-ды.

Оларға бүкіл қоғамымыздың тірегінің сықырлап сызат түсіргенін байқататын жастардың өзіне-өзі қол жұмсаулары айғак.

Оларға шарасыз үлескерлердің сандалтқан күрескерлігінен еш нәтиже шығара алмай еріксіздік бұғауында қылғынып, өзін-өзі өртеудің көбеюі куә.

Оларға отанымыздың түкпір-түкпірінен діни экстремистердің оқты қардай боратып, қызыл қанды судай ағызуы дәлел.

Ол аздай-ақ үш жыл бұрын халықтың келісімінсіз Кеден одағына күмп етіп қойып кеттік те, қомағай Ресейді тесік-жыртық қалтамызға бір түсіріп едік. Ертең Еуразия одағына сүмеңдеп кіріп, ортақ экономика, ортақ валюта, ортақ шекара дейтін сұмдықтарды алға шығарып, жиырма үш жылдығын тойлаған тәуелсіздігімізді, жиырма төртінші жылы қыл мойнымызға қылбұрау боп түсетін Путиннің қанды қанжығасына мықтап байлап беріп, бұрынғы құлдық, кемдік, бодандық таз кепемізді қайта киеміз.

Тіршілігіміздің бадырайып тұрған осынау сұрқияларын көпсініп жүргенімізде, Жаңаөзендегі қанды қырғын ұлт трагедиясы, халық қасіреті боп тағы қосылып еді ғой.

Оған не себеп?

Ол – орталық, астаналық биліктің Маңғыстау өлкесінің аса қиын әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігінің күрделі мәселелеріне немкеттілікпен атүсті қараудан туындаған ұлттық трагедия болатын.

Ол – жеті ай бойы аптап пен аязда өз мұң-мұқтажын жоғарыға айтып жеткізе алмаған мұнайшыларды алыстан ызбар шаша қорқытып, үркітіп отырып, бұғалыққа басын сұғар үйіріне қайта қосам дейтін өктемшіл биліктің ұрдажық әрекетінен өрбіген халық қасіреті еді.

Төрдегілерден әділеттік күткен, ақиқатты аңсаған маңғыстаулықтарға президент түгілі, премьер-министр де, салалық министрлер де барған жоқ еді. Бару қайда, әлгілердің талап-тілектерін ескермек тұрмақ, елемеген де.      

16 желтоқсан 2011 жыл. Бүкіл елдің тәуелсіздігімізді мерекелейтін қасиетті де, киелі той күні еді. Ал сол айтулы мейрам күніміз қасіретті күнге, қайғылы күнге айналды. Халық қара жамылды. Ұлтты үрей биледі. Ұлт кеудесін кек жайлады. Қазаққа қазақ оқ атты!.. Неге? Не үшін? Кім үшін? Кім атқызды? Кім бұйырды?

Халықтың жүрегіне сонда оқ қадалды. Бүкіл ұлт болып өкініштің жолына өксіп түстік. Өкіріп көр құштық. Бұрынғы бір арманымыз, бір тілегіміз, бір талабымыз бір-ақ сәтте быт-шыт боп ыдырады. Төбе бір бөлек. Төмендегі бір бөлек. Бір діндегі, бір ділдегі, бір тілдегі ұлт екіұдай. Әкеге бала, ініге аға қарсы болғанымыз ба шынымен... Неге?

Өйткені зиялымыз тозды да азды. Олардағы жағымпаздық, жалтақтаушылық, сыбаға күтіп қол жаюшылық, азаматтық парыз бен қарызды, ар мен ұятты, қайырым мен мейірімді ұмыттырды. Күштінің әлсізді пісірмей-ақ жейтіні, мықтының нашарды ойыншық қып ойнауы, құрбандыққа шалуы – бүгінгі біздің әдетке айналған тіршілігіміз ғана.

Құлдық күйдегі қоғамның, мүлгіген, шұлғыған қоғамның әр тұсынан биліктің қиянатына қарсы қадау-қадау дауыс көтерген бес-алты қаламгер болмаса, тұтас зиялы қауым зиянды қауымға айналып кеткендей-ақ. Абыз ақсақалдарымыз, ұлығатты дейтін үлкендеріміз үнсіз қалса, биліктің маңайында жүрген қаламгерлер  мұнайшыларды «бұзақы! басбұзар!» деп кінәлап, қара қарғысын құя салған-ды.

Ал еліміздегі басқа ұлт өкілдері, сондай-ақ православие, иудаизм төңірегіндегілердің бірде-бірі тіс жарған жоқ. Соған қарағанда, оларға қазақтың бірін-бірі қырғаны қызық болатын сияқты-ау.

«Сияқты-ау!» деуім бер жағы ғана. Ресейдің тұтас елді тулақтай сілкіп, шүберектей жыртып Украинадан Қырымды бас-көзге қарамай тартып алғанын көрмей отырған жоқ. Көрген соң өз еліміздегі, өз ішіміздегі біраз орыс жұртының делебесі неге қозбасын. Күні ертең ел басына «Ұлтым!» дейтін ұлтжанды азаматтар келсе, қазағымыздың қасиеті мен киесі өгей қалпынан озып, биік мәртебесін иеленсе, ана тіліміз босағадан сығалаған орнын төрге шығарса, ұлттық тіліміз бен қадір-қасиетімізді елемей, мұрын шүйіретін шүлдірлегіш жерлестеріміз (оған орыстілді өзіміздікі де қосылары сөзсіз) референдум дегенді әлден-ақ сылтауратып, солтүстік облыстарымызды бөліп әкетуге жанын саларына еш күмәніңіз болмасын, ағайын.

Өйткені дәл осы жымысқы әрекет Кремльден бастау алып, айтақтап қосар Жириновский, Лимонов тәрізді жандайшаптарының дүбірлетуімен іргеміздің беріктігіне сына қағып, шаңырағымызды шайқалтпақ болып ақ тер, көк терге бөгіп әлекке түсуде. Ал осындай қаскөй тілекті, жауыздық ниетті тыю үшін ой тербеп, саусақ қимылдатқан биліктегілердің біреуі болды ма? Болған жоқ. Кейін де болмауы мүмкін.

Жаман айтпай жақсы жоқ, ұлы державалық дәрежені күні-түні аңсаған көршіміздің тұтастығымызға сызат түсірер әлімжеттік жасар әрекеті басталып кетсе...

Армиямыздың Украина армиясымен салыстыруға қауқары әлсіз екенін сезсек...

ертеңіміздің еркіндігін уысымыздан шығарып алармыз-ау дейтін өкінішті өксікпен төгілер қалың уайымға батам де кетем, армандастарым.

Сондай-ақ тарихтың көкшешек жетімегіндей, лениндік-сталиндік саясаттың мұрагеріндей боп, тіпті заң шығаруға да икемделген ассамблея да тырс етіп үндеуге жарамаған. Өйткені ол ұлтаралық достық, татуластыққа емес, билікке қызмет етіп, солардың шашбауын көтеретінін сол кезде де, бүгін де дәлелдеумен келеді.

Төрдегі топқа ойлы, милы бастың, зерделі зерек кеуденің, интеллектінің түкке де қажеті жоқ. Мықты болуың үшін, өсуің мен бөсуің үшін төбеде отырған төре кланның өкілі болсаң жетіп жатыр. Мектеп мұғалімінен тізім арқылы-ақ мәжіліске депутат, колхоз агрономынан облысқа әкім, акушерден генерал, слесарь-сантехниктен зауыт директоры, һәм қожасы болып шыға келу – түкіріп тастаудан да оңай.

Халқымыздың кемеңгерлігі, жанының кендігі, көнімпаз көңтерілігі – жоғарыдағылар үшін нашарлық, сорлылық, әлсіздік һәм бишаралық боп саналады. Сол себепті де олар өздерін Құдай, немесе құдайдан былай еместей көреді. Сол себепті де мемлекетіміз бүгін ғана туа салғандай, ұлтымыз әлгінде ғана жаратылғандай сезінуімізкерек. Өйткені соның бәрін жасаушы мемлекеттің іргесін қалап, шекарасын бекіткен жалғыз ғана Құдірет иесі бізге ғана нұрын шашып отырғандай ғажайып мақтанышқа бөленуге тиіс екенбіз.

Бірақ бөлене алмаймын. Мен де дәл сіздердей осыншама жер асты, жер үсті байлығымыздың тап ортасында отырып, қайыршының күйін кешетініме қатты қиналам.

Мен де сіздер сияқты осынша ырыс-дәулеттің баршамызға түгел адалдықпен бөлінбей, төрдегі обыр тобырдың бір толмас құрдымдай өңешіне құйыла бере ме деп өкінішімді өкпемнен төгем.

Ал өз кенімізді өзгелер қазып алып, байып жатқанында, бас қаламызды басқалардың алабажақ етіп салып жатқанында мүлде жұмысымыз жоқ. Дуылдап, шуылдап далиямыз, далақтаймыз кеп. Ал Жаңаөзендегідей қанды оқиғалар болғанда ғана есіміз шыға алақтаймыз кеп.

Өйткені біз «Хабарды» көріп, «Егеменді» оқып, байлықты кешіп жүрген белшесінен, біздерде мынандай бар, мынандай бар!» деген биліктегілердің уағызнамасына күдікпен қарау түгілі, кілтипан келтіруді білмейтін «жүндеуге жақсы жуас түйеге» айналған көнтері жұрт боп барамыз. Бұрынғы тегін білім алу, тегін медициналық емді пайдалану, тегін пәтерге ие болып, отанымыздың шын мағынасындағы толық құқылы азаматы деген ардақты атағымызды қалпына келтіруді жоғарыдағылардан өңешін жұлып алардай қайсар табандылықпен талап етуді әлдеқашан ұмытқанбыз. Содан соң-ақ әлдекімдердің өзімшіл амбициясы үшін өткізгелі жатқан ЭКСПО-ға жұмсалар миллиардтаған қаржы-қаражатты тағы да салықтан салықты үдетіп, тыр жалаңаш халықтың ашық-тесік қалтасына сумаңдатып қол сұғуды бастап кеткен үкіметке қарсы қабақ шыту тұрмақ, жанар тіктеуге де шамамыз жоқ.

Ал ертең «бармақ басты, көз қыстысы» ерекше дамыған жүзіктің көзінен өтердей әлдебіреулеріміздің жылпостығының арқасында 2022 жылғы қысқы олимпиада Алматыда өтер болса... Құдай басқа салмасын. Қалтасынан ғана емес, қасығындағысын да салық деп аузынан қақшып алар шенеуніктерге жем болған қарабайыр бұқара жыртығын жамау былай тұрсын, жамау жапсырар жыртығының өзін таба алмай, ақ қар, көк мұзда бүрсеңдеген жалаңаш жотасын... жотасынан төменгі тұсын тұс-тұстан қаптап келетін шетелдік қонақтардың таңырқаған көздеріне тоса қояр-ау деп әлден-ақ күңірене бастаған ішімнің кірнесін өздеріңе ақтарып тастап отырмын, алашымның аңқау ұлдары.

Құдай-ау, дейікші: «Қан не үшін төгілді? Қыршын ұлдардың қаны! Елді жаудан, ерді даудан қорғауда төгілді ме? Жоқ! Ақша үшін. Өзгелердің ертең қоржынына миллиардтап құйылар оңай олжа үшін!

Анау «Қазақмыстың» жартысы өзгенікі. Анау «Қаражанбас мұнайдың» тоқсан пайызы өзгенікі. Екі-үш жыл бұрын соның он пайызын өзімізге қайтарып алдық деп үкімет шәпкісін аспанға атып қуанды ғой. «Қаражанбас мұнайдың» неге тоқсан пайызын қайтарып алмайды. Сөйтіп бүкіл елді, баршамызды неге қуантпайды?

Жаңаөзендегі төтенше жағдайдың мерзімін билік неге ұзаққа созды деген сұрақ, қадірлі мұңдастарым, менің де  миымды шағып, мазамды қашырып біткен-ді сонда. Не үшін созу қажет болды? Қолмен жасаған қылмысты көмбелеп жасыру үшін бе? Өлген қыршындардың анық санын білдірмеу үшін бе? Ізсіз-түзсіз жоғалды дегендердің ізін жою үшін бе? Әлде қорқыту-үркіту, ұрып-соғу арқылы анау өжет жандардың, өжет Адайлардың, өжет оралмандардың мысын басу үшін бе?

«Бәріне, бар келеңсіздікке оралмандар кінәлі» - дейді Д. Ахметов те, Шүкеев те, Мәсімов те. Оралмандар отанына оралғаны үшін кінәлі ме? Жұмыссыз, үйсіз, күйсіз болғаны үшін кінәлі ме? Ондай жоқтарды үкімет неге бар қылмайды?

Оу, жарандар! Кіндікжұртынан кеңестік кезеңнің ұрдажыққа бағышталған зорлығынан бассауғалап ауып кеткен міскіндерді неге кінәлаймыз. Туған жердің түтінін аңсап, сүйегіміз байырғы атамекеннің топырағында қалсын деп, жүрегін қолына ұстап, елін, жерін сағынып жеткен бауырларымызды неге күстаналаймыз. Отанымыздың ары мен барын жоқтар төлтумаларымыз көбейсе, көз алартатын қос көршімізге кәдімгідей сес емес пе. Сырттағы 5 миллион қандасымызды түгел, көшіріп әкеліп, сонау «құриды, өшеді, қирайды!» дейтін Арқалық, Жаңатас сияқты босап қалған қалаларға неге орналастырмаймыз. Сонда олар жұмыссыз, үйсіз, күйсіз болмай, өздері-ақ өндіріс орындарын ашып, ауылшаруашылық ұжымдарын көбейтіп, тасқындаған еңбектің үлгісін танытар еді-ау. Оларды «оралман» деп кеудеден түйрер оқшаулауды жойып, «өзім, өзектесім!» деп қағаз-құжаттарын еш созбастан келген бойда қолдарына ұстатып, алаштың ақжүрек адалдығын неге танытпаймыз. Әйтпесе бүгінгі билікті өгей ұл басқарып отырғанда, өз қандасымызды өңменінен итерер кісәпірліктен құтылуымыз қиын.

Жаңаөзендегі кираған-бүлінгенді қалпына келтіру үшін және әлеуметтік мақсаттарға миллиардтап қаржы бөлінбек екен. Бөлінсе, сол қаражат тиісті орнына дұрыс жетті ме? Әлде шенеуніктердің қомағай өңешіне сүңгіп кетті ме? Гәп осында. Ал Мәсімов жолдас сол қыруар қаржыны өз қалтасынан шығарғандай керіліп, кердеңдеп маңғазданған болатын. Дер кезінде әліптің алдын алып, анау ереуілдеген мұнайшылардың талап-тілегіне көңіл бөлгенде, қан төгілмес еді. Осыншама шығын болмас та еді. Қателікті көре білу де, көрсете білу де өте қажет екенін ең алдымен президент ескерсе дер едім. Әйтпесе, «елбасыға тек қана көмекшімін!» дейтіндер көбейіп, төмендегілердің талабына құлақ асатындар азая бермек.

Халықтың билікке деген ұлы сенімі сөне бастады. Сол сенімді қалай қалпына келтіре аламыз? Анау шаңырақтары шайқалған маңғыстаулықтардың, көптеген қаланың төңірегіне шоғырланған шарасыз қазақтың ұлтарақтай жер таба алмай, тапса, қорғай алмай жүргендердің көңіліне медеу, үйіне береке, ауылына мереке берер қандай алданыш пен жұбаныш бар? Бар ма сондай мейірім мен пейіл билікте? Әлде осы уақытқа дейін тоқтатпаған ұрып-соғуын, жазықсыз жазалауын, түрмеге тоғытуын, үркітіп-қорқытуын жалғастыра бере ме?

Қымбатты мүдделестерім! Мен де сіздер сияқты «Сайлау неге дұрыс өтпеді? Даусымыз неге ұрланды? Оппозиция серкелері тізімнен неге түсіп қалды?» дейтін көп сұрақтың қамауында қалдым. Оларға жауап жоқ. Болмайды да. Өйткені бұл билікке өзіне қарсы сөйлер ауыз қажет емес. Одаға, мақтау-мадақтауға үйренген құлақ сын мен мінді тыңдамайды.

Ал зиялы қауымды – зиянды қауымға айналып барады деуіміз жалған емес. Өйткені біз жоғарыдағыларға батырып айта алмаймыз. Жалтақтап күн көріп, жалпақтап етек сүйіп, жалпылдап ода жазып тірлік кешеміз. Құнымыз президент стипендиясы дейтін 300 мың теңгенің төңірегі ғана. Өзімізге тиесі әлденеше миллион долларға татитын қаламақымызды – қаламгерлік еңбегіміздің өтеуін жиырма үш жылдан бері ала алмай жүргенімізбен мүлде ісіміз жоқ. Сол қаламақымызды ұрлап, тығып отырған билікке қарсы мыңқ етіп те көрген емеспіз. Зиялы деп атансақ та, өзімізді-өзіміз кемітіп, өзімізді-өзіміз қорғай алмай, өзімізге өзіміз зияндық жасап жүрміз.

Ал елбасымыздың осы биылғы ентелетіп, ертелетіп төбемізден үйе салған жолдауынан әлдебір төніп келе жатқан дүрбелеңнің, экономикалық дағдарыстың басып қалардай дүрілдетіп жақындағанын сезем бе, ұйқым мүлде қашып кетті, бауырларым. Сол құбыжық тірліктің алдын алмақ болып, құбыжықтың аяқ-қолына кешіктірмей кісен салмақ болып, дағдарыстан аман-есен алып шығар ма дейтін «Нұрлы жолын» елі мен жұртының алдынан ашпақ болып жанұшыра қимылдаған президенттің әрекетін де бір кісідей түсінемін-ау. Әй, бірақ білім алудың, қолжетімді үй алудың қияметке айналуын, зейнетақының болымсыздығы мен кредит берудің, шағын және орташа бизнеске көмек көрсетудің жоқтығын жоюдың дәл бүгінгі таңда шаралары табыла қоюы неғайбыл ғой. Азаматтардың табыс көзі мен еліміздің экономикалық көрсеткіштерінің құлдырауы, жұмыссыздықтың шарықтап өсуі барынша етек алып кеткен кезде, тығырыққа тірелген алдымыздан қандай да бір жолды ашып берем деу – ертегінің ертегісіндей сезілері хақ.

Көздің қарашығындай сақталуға тиісті ұлттық қорымыздан сауылдатып құйып ала бастауымыз – шарасыздықтың анық белгісі емес пе.

Ол ол ма, соңғы кездегі кадр ауыстырулардың түсініксіздігі үкіметтің тыянақсыздығын тағы бір дәлелдеп кеткендей. Осылардың арасынан әсіресе Ахметов Серік әлдебір қиянпұрыс есептің, әлдебір кландық мүдденің жазықсыз құрбаны болып кетті-ау дейтін күдік ойымды да, бойымды да босатар емес.

Жетпіс жасқа толғанымда облысымның әкімі болып тұрған Ахметов: «Сәке, сізді Қарағандыға әне шақырамыз, міне шақырамыз!» дейтін жалған уәдесімен облысым түгіл ауданыма, ауылыма төбемді көрсетпей, Астанаға ауысып кеткен Серікке өкпемнің қара қазандай екенін де жасырмаймын. Бірақ осы азаматтың тазалығына, ешбір кланды басқармағанына, өзге мықтылардай жылы-жұмсаққа тұмсығын тыға сұғынып кетпегеніне қаламгерлік сезімталдықпен көзім жететіндей. Сонау бір жылдары әлдекімнің әлдебір жікшілдікке ұрынған жетесіз тапсырмасын орындау үшін бе (ол арасын ашып айта алмаймын), бірақ тапжылтпас тегеурінмен орта жүз тұтас орналасқан Семей, Көкшетау, Жезқазған, Арқалық облыстары жойылып кетіп еді. Сол өңірлердің бүгінде құлдыраудың шегіне жетіп отырғанын баршамыз білеміз. Ал мынау Қарағанды арғындарына қарсы басталған қасақы шабуыл сондай зымиян есептің әдейі ойластырылған әрекетімен күрмеле қалуы мүмкін-ау демеске лажым жоқ. Елбасының өзі «Кез келген министр, әкімді қолынан жетектеп апарып, темір тордың арғы жағынан сығалата салуға олардың қызмет орнын пайдалануы, сыбайластығы, жемқорлығы жеткілікті!» демеп пе еді. Ендеше Ахметовтың да, Әбдішевтің де күн сайын қабатталып жатқан «қылмыстары» анау креслоларында шалқақтап «тірі» отырған әкім-төрелерден артық емесіне мен ғана емес, қазақ жұрты түгел сенімді. Оны мен төңірегімдегілердің дәл осынау қарағандылықтарды тұқыртуды елбасының өзі күштік құрылымдарға тапсыруы мүмкін деп іштей қарсылық білдіріп, бас шайқауларынан анық сезем.

Кімге де болса қай кезеңде өмір сүрмейік адалдықтың аппақ жібінен аттап кету абырой әпермейтінін ескере білгенге не жетсін, әу, ағайын. Солай ғой, ә...

Қымбатты мұңдастарым, үзеңгілестерім менің! Жаңаөзендегі қанды қырғын билікке ғаламат қорқыныш туғызғанын менен артық білесіздер. Биліктің ой-бойын құрсаулап үлкен үрейдің билеп алғанын сол биліктің сол кездегі солақай әрекетінен-ақ көре бастадыңыздар ғой.     

Ол қандай әрекет?

Күндіз күлкісін ұрлап, түнде ұйқысын бұзып, қарадай қалшылдатып бара жатқан өз кеудесіндегі сұмдық үрейді билік көпке, халыққа аудара салмақ боп жанталаса далбасалай бастады. Билік баршамызды үркітпек боп әлек. Бәрімізді қорқыныштың қоршауына түсірмек боп әбігер. Жалған айыптауларды жабудай ғып жапсырып, жазықсыз жазалауларды өздерінің мызғымас тәсіл-құралына айналдырып алды.

Өйткені үрей билеген кеудеде өжеттік түнемейтінін, қорқақ жаннан күрескер шықпайтынын төрдегілер де, түйсіксіз емес, сезеді. Сондықтан да олар әділет іздеп шырылдаған батыл да қайтпас, жеріне жеткізіп айтатын- дарды темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығарады.

Апырау, үйіне, жұмыс орнына сауылдап жетіп келіп, дырылдатып сүйреп әкетіп, апыр-топыр күйде сот үкімін теп-тез шығарып, еліміздің азат азаматтарын еркінен айырып, кінәсіз болса да қамап тастау – қай заңдылыққа, қай ақиқатқа, қай әділетке сыяды? Осыны ақтай қоятын қай «мықты» бар?

Осындай заңсыздыққа қарсы бас көтерген украиндықтар өз елінде демократияның салтанат құруына жол ашты.

Ресейлік БАҚ-тардың Украинаны жерден алып, жерге салып жамандауы – өз қылмысын бүркеудің жалған әрекеті. Ал бір пұшпағында соғыс өрті тұтанған Украинаның көп қиындыққа қарамастан жағдайы жақсарып келе жатқанынан хабардармыз. Азат тірлік кешкен азаматтарының арқасында сол ел бір жылдың ішінде ауылшаруашылық өнімдерін екі еседей өсіріп, өндірісін жандандыруда да айтарлықтай жеңіске қол жеткізіп отыр.

Ал біз ше?.. Аузымызға құлып салып, көзімізге шүберек байлауымыз ғана қалғанын байқаймыз ба, ақылдас, мақұлдастарым.

Бір, он, жүз тіпті мың адамды үркітіп, қорқытуға болар. Бірақ миллиондарды сескенту мүмкін емес қой. Ендеше, бүгінгі тіктелер еңсемізді, жазылар белімізді, көтерілер иінімізді, жаңғырар жігерімізді кеудемізде сақтай білейік. Сонда ғана Карл Маркстың: «Бүкіл байлығын аздаған топ иемденген мемлекетті отаным деп атауға болмайды!» деген пайымдауына сүйеніп, өз отанымыздың бар игілігін, әділетін, шындығын, барлық заңын пайдамызға асыра алатын азаматы атанарымыз хақ.

Сол күнге қол ұстасып, қатарымызды түзеп тезірек жетейік, мүдделестерім менің.

Абай.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413