Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7173 0 пікір 11 Желтоқсан, 2014 сағат 13:33

«ҚЫЗЫЛ» ДИПЛОММЕН... КҮЗЕТКЕ!

Қазіргі күні жерден алып, жерге саламыз ғой. Совет заманын айтамын да. Ол тұста қалай десек те жастар мәселесі оң шешімін тауып жататын. Оқу бітірдің бе, қабылдау емтиханынан өтсең, ЖОО-на түсесің. Аз мөлшерде болса да, шәкіртақың бар. Дипломыңды алған соң жұмыс іздеп сандалмайсың. Жас маман болып, еңбек ұжымының ортасына топ ете қаласың.

Жатақхана дайын. Үш жыл ма, мейлі, он жыл ма, қалай да баспана аласың. Сол совет тұсындағы бастығың да қазіргі жұмыс берушілер секілді емес. Саған мейлінше, қамқорлық жасайды. Ұжымдағы ең тәжірибелі бір аға маман саған «наставник» болады. Теория бойынша алған біліміңді практикаға бейімдеуге сол «наставник» жауапты болады. Араға бес жыл салып, біліктілік арттыру курстарынан өтіп тұрасың. Оның бәрі үкімет бюджетінің есебінен, әрине.  

Ортаға тез бейімделесің. Еңбегің еленеді. Шеберлігіңді шыңдай түссең, сатылап өсіре береді. Кейін сол ұжымның басшысы болуыңа да толық кепілдік бар. Қоғамдық белсенділігіңмен, біліктілігіңмен көзге түссең жастар комитеті, партиялық, әкімшілік органдар қалт жібермей өздерінің  резервіне алады, лауазымдық қызметтерге көтерілуіңе қолдау көрсетеді. Осының бәрі жиырма шақты жыл бұрын ақиқат еді, бүгінгі күні аңызға айналды.

Өзгені айтпағанның өзінде мемлекеттік грантпен оқуға түсіп күректей диплом алып шыққан жас түлектердің көбі бүгінде қала көшелерінде таксист, сауда кешендерінде сатушы. Сонда үкімет олардың такси жүргізіп, зат-тауар сатулары үшін мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөліп төрт жыл бойы өз есебінен оқытып, шәкіртақы төлеген бе? Базалық мамандығы бойынша неге жұмысқа орналастырмасқа. 

Ол әзірше мүмкін болмай тұр. Диплом алып мамандығы бойынша еңбекке орналаспаққа кәсіпорынның есігін ашқан жас түлекті құшақ жая қарсы алатын жұмыс беруші жоқтың қасы. Алдымен, сұрайтындары еңбек өтілі. Еңбекке орналастыруға хабарландыру бергендер де бірі бірінің аузына түкіріп қойғандай 3-5 жыл еңбек өтілінің болуын талап етеді.

Егер әр жұмыс беруші жаңа өмірге жолдама алған жастарды осылай кеудеден итере берсе, ол өмір бойы жұмыс іздесе де еңбек өтілі болмас. Жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттік білім гранты оған үкіметтік тапсырыс ретінде берілген жоқ па екен?! Егер үкімет өзі тапсырыс беріп, қаржы бөліп, білім  грантымен оқытқан болса, еңбекке орналастыруды да мойындарына алу керек сияқты. Ал, егер олай жасай алмаса, жоғарыда айтқанымыздай жастарды такси жүргізу немесе тауар сату үшін міндетті түрде оларға мемлекеттік қаржы-қаражат шығарып инженер, экономист, заңгер, дипломат, тарихшы, филолог мамандығының бакалаврлық білім берудің қажеті шамалы секілді.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып келгендердің арасында да жұмыссыз жүргендер кездеседі. Бір кездері  техникалық мамандықтарға, инженерлерге, машина жасау саласына мамандар керек деген дақпырт қоғамда кең өріс алды. Алайда, оның да баянсыз тірлік болғаны қазіргі күні белгілі бола бастады. Инженер, техникалық салалар бойынша білім алған жастар да жұмыс таппай жүр. Елде «анда ашылды, мұнда да ашылды» деп дабыра етіп жүрген өндіріс, зауыттардың көбінің үш күндік ғұмыры бар, ашыла салып жабылатын көзбояушылық болып шықты. Не істемек керек?

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің Парламентке ұсынған «Қазақстан Республикасындағы  мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасынан жоғарыда аталған мәселенің шешімін іздеген едік. Негізінен декларациялық сипаты басым түссе де біршама жақтары   құқықтық тұрғыдан негізделген екен.

  Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасында  мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырып, оны жүзеге асырудың басты тетіктері белгіленген көрінеді. Заң қабылданған жағдайда  президент, үкімет және жергілікті әкімдіктер жанындағы  кеңесшi органдар қызметі, республикалық және өңірлік жастар форумдары, жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтері,  жастардың ресурстық орталықтары құрылып, жұмыс істемек.  

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде осындай органдардың бой көтеруі  жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, олардың өз болашағы үшін ғана емес, ел игілігі үшін де күш біріктіріп, іс-қимыл жасауына ықпал етеді екен.

  Аталмыш заң жобасы Парламент қабырғасына соңғы жылдары келіп түскен екінші құжат көрінеді. Бұған дейін жасалған  бірқатар заңдарға жастар саясаты жөнінде өзгерістер толықтырулар енгізген заң жобасын Үкімет депутаттар сынынан кейін кері қайтарып алған болатын.

Министр мырзаның астын сызып тұрып айтуынша, жобада жастар мәселесімен айналысатын өкілетті органның құзыреті айқындалыпты. Бұған дейін  жастар саясаты  бірнеше  құзырлы ұйымның арасындағы көкпар іспетті болған. Олай болса, жаңа заң бойынша аталмыш іс  Білім және ғылым министрлігінің ғана құзыретіне жатқызылмақ екен.

Тағы да ерекше тоқталатын жайт-заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының нақты міндеттері бірнеше топқа бөлініп  белгіленіп отыр. Атап айтқанда, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау,  оларды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту,  азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту негізгі басымдықтар екен.

Сондай-ақ. жастар саясатының негізгі бағыттары ретінде    қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулықты сақтау және нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру; жұмысқа орналастыру мен жұмыспен қамту үшін және жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау,  жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту секілді бүгінгі таңда жастар үшін өзекті болып тұрған маңызды мәселелер айқындалды.

Заң жобасы бойынша тағы бір шешімін табатын мәселе жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында орталық  органдардың  айқындалған құзыреттері болмақ. Нәтижесінде  Қазақстан Республикасы Үкіметіне 4 құзырет, өкілетті органдарға – 14 құзырет бекітілді.

Өз кезегінде білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек, кәсіпкерлік, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, діни қызмет, ішкі істер органдары, Қорғаныс министрлігі, қоршаған ортаны қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері де белгіленген.

Министр мырзаның айтуынша, әрбір құзыретті орган өз саласында жастарға қатысты мәселені шешуге міндетті әрі жауапты болады. «Мысал ретінде айтсақ, Әлеуметттік даму және денсаулық сақтау министрлігіне жастарды мамандығы бойынша жұмыспен қамту шаралары жүктеліп отыр. Бұл құзырлы ұйым қабылданған индикаторлар негізінде осы шараны жүзеге асырады. Керісінше жағдайда заңмен айқындалған негізде жауапкершілікке тартылатын болады» деп атап көрсетті, Аслан Сәрінжіпов.

Аталмыш заң жобасын  жастар үшін қажет  бүгінгі заман талаптарына толық жауап беретін құжат, оны талап деңгейінде жүзеге асырудың маңызы айтарлықтай екендігін депутаттар атап көрсетуде. Депутат Алмас Тортаев  жастарға қатысты мәселеде бұған дейін жергілікті әкімшіліктерде үнемі жалған ақпар беріліп, жалаулатқан жасанды ұрандар ғана айтылып келгенін қынжылыспен еске алды. Алдағы уақытта түрлі көзбояушылыққа жол берілмеуіне мүдделі екендігін жеткізді.

Аталмыш заңның ілеспе құжаты ретінде «Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралғанын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

Бұл құжат бойынша жұмысқа алғаш тұрған жас маманмен кемінде екі жылға еңбек шартын жасасу мәселесі қарастырылыпты. Депутаттар бұл мәселерге қатысты барлық салаға екі жылдық еңбек шартын жасасу кейбір мамандықтар үшін жеткіліксіз,  сондықтан дәрігер секілді күрделі кәсіп иелері үшін аталмыш құжатты сараптамалық сипатта жасау қажеттігін атап көрсеткен.

Министрдың бұл пікірге берген уәжі белгіленіп отырған мерзімнің әлемдік тәжірибеге негізделгені  болды. Депутаттар арасында екі жылдық келісім-шартты талап ету жұмыс берушілердің құқына қол сұғушылық дейтіндер де, керісінше бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін осылай айқындау керек деушілер де шыққан. Бұл тұрғыда пікір екіге айырылып отырғаны басы ашық әңгіме.  

Мұндай заңмен барлық проблеманың шешіліп кетпесі де белгілі. Дегенмен, белгілі деңгейде оң ықпал ете алатындығына сенуге болады. Бірақ, жоғары білімді, керек десең «қызыл» дипломы бар даяшы қыздар шай тасып, бакалаврлық білімі бар жігіттер аула күзетіп немесе мүлде  жұмыссыз жүрген жастардың мәселесін шешуге үкімет қаншалықты қауқарлы екендігіне уақыт төреші.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409