Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәсе... 6604 0 пікір 8 Желтоқсан, 2014 сағат 00:36

АЙЫППҰЛДЫҢ АҚШАСЫ ҚАЙДА, КІМГЕ КЕТЕДІ?

Жақында мұнайшылар астанасы атанып кеткен Атырау қаласында болған мамандар мен сарапшылар басқосуында өткен жылғы Қашағандағы апатқа байланысты экологиялық айыпұл мәселесімен қатар Каспий теңізінде «қынадай қырылып» жатқан балықтар және құстар мәселесі де қызу талқыланды.

Рас, талқылануы қызу болғанмен, бір де бір мәселе бойынша нақты бір қорытындыға келе алмаған басқосуға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Муфтах ДИАРОВ мырза жиын соңында мынандай сұрақ тастады: «...егер осы басқосуда айтылып отырған мәселелер бойынша өткен жылы не болғанын әлі күнге дейін білмейтін болсақ, онда экологиялық іс-шараларға қатысты алдағы жылы болатын жоспар-бағдарламаларды несіне талқылап, әуре боламыз...»

Академик ашығын айтты. Ал енді «қынадай қырылып жатқан» дегенге келетін болсақ, өткен күндердің өкінішпен еске алатын бірқатар деректерін біздер әліге дейін ұмыта қойған жоқпыз. Мәселен, КЕРЕК ДЕРЕК: 1998-ші жылы Каспий теңізінің жағасында 27 түрлі құс қырылып қалды. Саны, ресми мәліметтерге қарағанда, шамамен 10 миллионнан асып жығылады. Қырылып қалған құстардың дені дала үйрегі мен теңіз шағаласы. Дәл осы жылы Каспийде тағы бір адам таңданарлық оқыс оқиғалар орын ала бастады: атам заманнан бері алаңсыз «ғұмыр кешіп» келе жатқан Каспий тюленьдері аяқ астынан жағалауға шығып, адамдарға шабуыл жасай бастады. Сала мамандарының айтуларына қарағанда, құстардың қынадай қырылуы мен теңіз тюленьдерінің «аяқ астынан құтырып, адамдарға шабуы» мұнай өндіру барысында теңіз бассейнінің нормадан тыс ластануына байланысты көрінеді. Алайда аймақтағы мұнай компанияларының басшылығы мен жергілікті билік өкілдері осынау оқиғаны «жабулы қазан» күйінде қалдырды. Хош дейік. 2000-шы жылдың көктемінде Каспий теңізі тюленьдерінің, астрахандық ғалымдардың айтуларынша, 11 мыңнан астамы бір ғана маусымда қырылып қалыпты. Бұлардың «қырылып қалған қазақстандық туысқандарының» саны шамамен мыңнан асып жығылады. 2001-ші жылдың мамыр айында Орталық және Оңтүстік Каспий акваториясында миллиондаған кильки балығының өліктері пайда болды. Себеп? Ешкім білмейді. Жергілікті сарапшы-ғалымдардың мәліметтеріне сүйене отырып мемлекеттік ақпарат аггенттіктері кильки балықтарының өліміне мұнай компанияларының қатысы жоқ деген ақпарат таратты. Осы рас па? Күмәніміз бар. 2003-ші жылдың қазанында «Agip KCO» компаниясы бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан Солтүстік Каспий аумағында басқа мекен-жайға жол тартып бара жатқан миллиондаған құс тағы қырылған. Бұл жолы аталмыш компания басшылығы «құстардың өліміне біздің қатысымыз жоқ, олар әншейін қатты шаршағандықтан зорығып өлді» деген... адам миына сыймайтын ақпарат таратты. Бұған да ХОШ. 2006-шы жылдың сәуірінде Каспий теңізінің Маңғыстау аумағындағы жағалауында осетра тұқымды балықтың үш мыңдайы мен 337 тюлень жұмбақ жағдайда қырылып қалды. Себебі күні бүгінге дейін белгісіз. Соңғы рет... өткен жылы халықаралық Қызыл кітапқа енген шағаланың ілуде бір сирек кездесетін түрі қырылды. Білгіштердің айтуларына қарағанда, қырылып қалған шағалар саны небәрі...(?)  1200-дей ғана көрінеді. Міне, осының бәріне кім кінәлі? ЕШКІМ ДЕ КІНӘЛІ ЕМЕС ПЕ? Кейбіреулер осылай дейді.

Үстіміздегі жылдың басында Жайық-Каспий экология департаменті NCOC және «Agip KCO» компанияларынан қоршаған ортаға келтірген зиянды «әрекеттері» үшін 134,2 миллиард теңге өтемақы талап етті. Департамент пен екі бірдей шетелдік компания соттаса-соттаса келе... ақыры жергілікті департамент жеңіп шықты. Мұнай алпауыттарын. Қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, аталмыш компаниялар өздерінен талап етілген айыппұлдың, бір нақты білгіщтің айтуына қарағанда, «какой-то бір кішкентай ғана» бөлігін төлеп... құтылған екен. Қалғаны «ауфидерзейн» болып тұрғанға ұқсайды. Бір қызығы, аталмыш компаниялар айыппұл ретінде төлеген... төлеп жатқан... сонымен бірге алдағы уақытта да төлейтін миллиардтаған-миллиондаған теңгелер бюджет қоржынына түспейтін көрінеді. Сонда олар қайда кетеді?

ОСЫНЫҢ ЖАУАБЫН КІМ БІЛЕДІ?

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz  

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379