Сәрсенбі, 28 Шілде 2021
Мәйекті 4536 0 пікір 7 Желтоқсан, 2014 сағат 23:55

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. САҚАБАНЫҢ КӨЗІ

«Америка күнделіктері» циклынан. Басы мына сілтемелерде:

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238

 

 

10 қаңтар, 2014. Гарлем

Саяхатшылардың тобына қосылып қаланы араладық. Түсіндіруші келіншектің аты Наталья, тегі – алматылық, бұрынғы Бейбітшілік пен Виноградов көшелерінің қиылысында, Ілияс Есенберлин тұрған үйде тұрыпты. Ең қызығы әкесі қазақ, шешесі орыс (әрине, жойыт табынан ғой) екен. Мұнда тоқсаныншы жылдары келіпті. Оны Алма мен Әмина аңғарды. Біз қазақша сөйлесек аңтарыла қалып, құлақ тосқандай сыңай танытып жүрген соң: «Сіз қазақша түсінесіз бе?» – деп сұрамай ма. Сөйтсе: «Жоқ. Тек таныс ырғақты естігім келеді», – депті. Енді қайтеміз? Жақын да тарта алмайсың, кері де итере алмайсың. Әкесі қай сорлы қазақ екен? Тұрған жеріне қарағанда, кемінде қалалық партия комитетінде, не жоғары оқу орнында істеген қызметкер. Ұлы болса, ол қайда екен? Әй, ол да ел кезіп кеткен шығар.  Натальяның мамандығы өнер тарихы екен. Демек консерваторияны бітірген. Мұнда ол жағын сұрау әбестікке жатады. Екіншіден, жауап бере-бере әбден мезі болса керек. Тағы да Алматыдан бір жігіт, бір қыз болды. Қыз – Лос-Анджелесте оқиды. Тектеп сұрамадым. Нью-Йоркке келген орыс тілді жолаушы Брайтан бичке келіп, «Брайтан базар» (!) деген жерге барса болды, ақшасы болса еш мұқтажсыз өмірін өткізеді. Әйтеуір, қазақтың бір сөзі мұхит асып келіпті.  Оған да шүкір. Бұл орамда банктің өзі орысша қызмет көрсете береді. Аспұзыл да, шаштараз да, дүкен де орыстілді. 

Десе дегендей, қымтырылатын еш нәрсенің орайын көрмедім. «Сковородкадан» тамақтанып отырып Мәскеудің бар әлем-жәлем хабарын көргеміз кеше. Мұның басты себебі – Брайтан бич бұрынғы демалыс жағалауы. Негізінен зәңгілер мен латын америкалықтар бауыр басқан екен. Мұнда алғашқы орыс легі (әрине тегі басқа. Сол кезде СССР-дегі еврейлерге шетелге, Израильге көшуге рұқсат берген) жетпісінші жылдары Одессадан көшіп келіпті. Одесса – портты қала, СССР-дегі екінші, не бірінші орындағы қылмыс қаласы. Олардың дені – шет тілін біледі. Шетке шығып жүрген теңізшілер де көп... Сондықтан да Нью-Йоркке келген соң, әрине, Брайтан бичке зәкір салады. Содан, одессалық орыстар мен латынамерикалықтардың, зәңгілердің көше үшін «көше күресі» басталады. Жұдырық та іске қосылады. Төбелеспесе қолы қышитын матростың тұқымдары ақыры Брайтан бичті «Кіші Одесса», кейін «Кіші Россия» атандырыпты. Қазір бұл мүйісте 750 мың орыстілділер қоныстаныпты. Әрине, бәрі тұрмас, бірақ солардың барлығы сол Брайтан бичтен таралады, яғни, мұнда бір қонып, жөн сұрасып, жұмыс тауып, қанатын жая береді. Міне, біз де келіп, бауырымызды төсеп, жөн сұрап, жөн біліп, жөнімізді таппақпыз.

Нью-Йорктің бар мәліметі мен мәйміші қызықтыра қоймас. Дегенмен де өзім үшін мыналарды хатқа түсіруді лайық көрдім. Нью-Йорк әлемнің қаржы орталығы. Онда 8,5-9 миллион адам тұрады. Бұлар тұрақты тіркеуде тұрғандар. Қала бес үлкен ауданға бөлінген. Әрине, Манхэттен – Мана-хет – аң жолындағы Тасшоқы аралы қаланың атын да шығарып, қаржыландырып, жұмыс тауып беріп отыр. Оның ені – 3,5, ұзындығы 29,5 шақырым. Ал: Бруклин, Куинс, Бронкс, Стейтен айленд аудандары – осы Манхэттеннің қазынасының буымен күнін көретін сияқты. Өздері бұған қатты намыстанады. Бірақ,  мойындамасқа шарасы да жоқ. Аралдар: Бруклин, Де Розано сияқты сансыз көпірлер мен туннельдер арқылы жалғасқан. Бруклинде – шахматтан әлем чемпионы Роберт Фишер, фантаст жазушы Артур Кларк туып, өскен. Жалпы, осы Нью-Йоркте жазушыға деген құрметті көрмедім. Мұнда миллионер емес, миллиардерлер ғана салмақты адамның қатарына жататын сияқты.

Сондықтан да, саяхатты тағы да кеше көрген Манхэттеннің көшелері түйіскен ғимараттан бастадық. Бұл – әлгі атақты бұқа бұрышы. Бродвей деген атақты даңғыл осы. Бұл даңғыл Манхэттеннің өзегін тіліп отырып, көмейлеп барып Бронкске – құрылыққа тіреледі. Ал оны көлденең қиып өткен көшелер санмен бөлінген. Сол шаршы арқылы іздеген үйіңді тез тауып аласың. Мысалы, «Бірінші авенью, 4 көше» – десең болды, таксиіңіз сол бұрышқа апарып салады. Маған осы қолайлы көрінді. Біз белгілі-белгісіз ата-бабамыздың атын тықпалап әуре боламыз. Саяхаттаушыларға да оңай. Нью-Йоркке жылына 54 миллион адам саяхаттап келеді екен. Соның 40 миллионы ішкі саяхатшылар. Америкалықтар өз тарихын білуге өте құштар. Балаларын: «Америка – бәрінен жоғары. Американың тарихы – сенің тарихың. Американың ертеңі – сенің ертеңің. Сен оның тарихын білуге тиіссің. Өйткені Американың ертеңгі президенті – сенсің», – деп тәрбиелейді екен. Сондықтан да: Рокфеллердің, Морганның, Трамфтың, Нью-Йорк биржасының, Нью-Йорк қаржы орталығының, қазына орталығының, барлық мұражайлардың залдарын оқушылар босатпайды. Бұл бір сүйсінерлік жәй екен. Жастайынан атын естіп өскен әлем капиталистерінің ғимараттары көк тірейді. 5-6 қабатты үйлердің «үстін» сатып алып, биік ғимарат сала береді екен. Оны өздері «Ауа сатқандар» дейді. Мысалы атақты «Құрылыс пен ғимараттар патшасы»  «Трамфтың үйі» тура сондай. Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның таққа отыру рәсімі өткен Федеральдық ғимарат сол қалпында тұр. Алдында ескерткіші бар. Міне, Американың – Америка атануы содан басталады.

Дәл соның қасында 1792 жылы ашылған Нью-Йорк биржасы мен қазына үйі тұр. Бұл ғимараттар күніне миллиардтап доллар айналдырады. Бұл үй сәл тұмаурап қалса бітті, бүкіл әлем сүзекпен ауырады. Әлгі экономикалық өрлеу, экономикалық тоқырау, экономикалық дағдарыс дегеніңіз, міне, біз алдында тұрған мына ғимаратта шешіледі. Өткен ғасырда дүниені әуелі жеті, ғасыр соңында он бір алпауыт бөліске салған. Ал олар, міне, бір-бірінен бір аттам ғана тұратын 50-60 қабатты, жер асты – жеті қатты ғимаратта отырып, терезелерінен қарап қойып, қас қағып шеше береді. Олар үшін шекара жоқ. Дүние жүзінің алтын қорының 45, жоқ, 65 пайызы мына қазына ғимаратына тиесілі.

Соза-соза – мойның, қарай-қарай көзің талып, қаға-қаға – таңдайын кеуіп, осы бір оймақтай мүйістен сытылып шығуға ұмтылдық. Ендігі беталысымыз – әйгілі «егіз ғимараттың» орыны, яғни, бұрынғы сауда орталығы. Ол 1972 жылы салынған. 56 мың адам қызмет істеген. Самолет соғылған кезде 16 мың адам болған. Олар 91 елдің азаматы екен. Қаза тапқандардың дені өрт сөндірушілер мен полицейлер. Ел қашып жатқанда, олар ішке қарай жүгірген. Ақыры бәрі де үйіндінің астында қалыпты... Әлемдік трагедия. Біз сол қайта тұрғызылған «егіз ғимаратты» тура жанындағы Нью-Йорк қаржы орталығының үшінші қабатынан көрдік. Биіктігі (мұнарасын қосқанда) 541 метр, көгілдір  әйнекпен қапталыпты. Бұл да сәулет өнерінің ғажайып туындысы. Тамаша! Қасында қаза тапқандарға арналған мұражай бар. Егіздің сыңары да соның жанында, екеуінің ортасынан аспалы автокөлік жолы салынып жатыр. 2020 жылы құрылысы толықтай бітпек. Оған дейін Атлант мұхитына қанша су құйылады десеңші.

 

Суретте: әйгілі «егіздің» орынына бой көтерген Нью-Йорктің ең биік жаңа зәулімі. Құрылысы толықтай 2020 жылы аяқталмақ.

 Бұдан кейін қаланың көрнекті әрі тарихи жерлерін араладық. Соның ішінде Рокфеллер орталығы есте қалды. «Егіздерден кейінгі» ең биік ғимарат. Мұнарасына ақша төлеп шығып, Нью-Йоркті тамашалауға болады. Біз барғанда тұман түсіп тұрды. Бұл егіз ғимаратты жапондар сатып алыпты. Қазір онда «Бас энергетика» мекемесі орналасқан. Сол мекемеге (энергетика бірлестігіне) мүше елдердің барлығының туы, соның ішінде Қырғызстанның туы да дөңгелек қауыздың ернеуінде желбіреп тұр. Қазақстанның туы жоқ! Жалғыз мен емес, төрт адам (мен, Алма, Әмина, Наталья) бірдей іздедік. Төртеуіміздің көзімізге түспей қай қолтықта қылтиып тұр екен. Әлде, біз энергетика қуатын өндіретін елге жатпаймыз ба? Бұқтырма, Шардара, Шульба ГЭС-тері әлемдік есепке кірмей ме? Мейлі ғой. Тек ілінетін жерде ілінбей, есесі кетіп қалып жүрмесе болды! Дүние жүзіне әйгілі монументші-суретшілер Рокфеллер сарайының төрт қабырғасын түгел қаусыра салған алып полотно туралы да аңыз көп екен. Аспаннан түсіп келе жатқан әлдебір сақабаның көзі сен қайда барсаң, сол тұсқа қарап, қарашығын өңменіңнен өткізе қадайды. Әуелгі эскиізінде бұл адамның орынына Лениннің сұлбасы салыныпты. Ленин мен Рокфеллердің мүддесі тоғыса қоймаса керек, қайта тапсырыс беріпті. Мұны зәруліктен емес, туымыз тұратын жер осы еді ғой – деген дәмемен осы жолдары күнделікке түсіріп отырмын. Әйтпесе, Рокфеллер менің не теңім?!.

 

 Суретте: Рокфеллер орталығы.

«Битлздің» көркемдік жетекшісі Джон Леннонның үйін және оны атқан жерді, Мадоннаның үйін... Армстронгтың театрын, тағы...тағы...тағы... сол сияқты орындарды көрдік. Бәрі де қаперде ұстайтын жайлар. Әсіресе, Джон Леннонды жақын тартып, «Битлз» орындайтын әндерді ұнатып тыңдаушы едім жас кезімде. «Ирландияны Ирландықтарға қайтарыңдар» атты әнінің ырғағымен жазған өлеңім алғашқы жинағыма кіріп еді. Тек суретке түсе алмадым. Армстронгтың атақты театры қазір тоқырауды басынан кешіріп отыр екен. Бірнеше шіркеуді көрсетті. Соның ішінде Бродвейдің – кең көшенің басталатын жеріндегі шіркеу (масондық шіркеу ме деп қалдым) әлемдегі ең бай шіркеу екен?!! Әне, «қытай қоржасының» маңынан мешіттің мұнарасын көріп қалдым. Кіру үшін оны іздеп табу керек. Қалай?

         Осымен қыстың қысқа күні де батты. Ұзынтұра ғимараттар күннің көзін көрсетпейді екен. Тура төбеңнен тесіле қарайды да тұрады. Ол сүлдерден түнде ғана құтыласың.

         Міне, біз де құтылдық.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір