Жұма, 4 Қазан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 9996 0 пікір 5 Желтоқсан, 2014 сағат 14:38

АЭС САЛЫНАР БОЛСА ЭКСПО ӨТКІЗУДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы елдердің ортақ знергетикалық нарығын қалыптастыру концепциясының жобасын Еуразия экономикалық комиссиясы 2015 жылдың 1-ші шілдесіне дейін дайындап, бір жылдан кейін ортақ энергетикалық нарықтың бағдарламасы қабылданады. Ал 2019 жылдың 1- шілдесіне дейін ЕЭО мүше мемлекеттер арасында ортақ энергетикалық нарық құру жөніндегі халықаралық келісімге қол қойылуы тиіс. Осының салдары болашақта энергияның қымбаттауына әкеліп соғары анық.

Елбасы Н.Назарбаев  17.01.2014 жылғы  жолдауында Қазақстанда АЭС салудың қажеттілігі туралы айтқан болатын. «Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет. Сонымен қатар, ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз» - деген болатын.

Жалпы АЭС салу мәселесі біраз уақыттан бері талқыланып келе жатыр. Осы жолдаудан кейін АЭС  салынуына шенеуніктер құлшына кірісті. Алғашқыда Ақтау, Балқаш, Курчатов қалаларының бірі таңдалатын болған. Астанадағы «Росатоммен» болған мемарандумға қол қойылғанда АЭС құрлысын 2018 жылы бастау жоспарланған еді. Бұл туралы сол кездегі Курчатовта өткен атом энергетикасы туралы конференцияда хабарланған. Онда Курчатов қаласы маңында, бұрынғы сынақ полигоны аймағында АЭС салу туралы келісім болғандығы айтылады. Алдағы 2-3 жылда АЭС салу жөніндегі барлық жоспар түзеліп, зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан соң қажетті қаржы көлемі анықталады. АЭС-тен алғашқы энергия 2023-2024 жылдары алынуы мүмкін. Ресейліктер салатын АЭС қуаттылығы 300 бен 1200МВт (меговат) аралығында ВВЭР типті реактрмен жабдықтайтын болады делінген.

Ал осы ядролық энергетика «жасыл энергия» көзіне жата ма?  АЭС салуға кететін қаржы жобамен 5 млрд  долларды  құрамақ.  Бұл шығындардан бөлек АЭС-ті ұстап тұру, одан шыққан радиоактивті қалдықтарды сақтау, уақыты өткеннен кейін АЭС-ті істен шығару мен қауіпсіз ұстап тұру шығындары кезегін күтіп тұр. Қазірден-ақ сезіле бастаған су тапшылығын ескерер болсақ, жұмыс істеп тұрған реактрды суытуға көп мөлшердегі судың қажеттілігі тағы бар. Бұл тек АЭС қалыпты жұмыс жасап тұрғанда ғана. Егер апатты жағдай орын алса Семай полигоны екінші рет ашылғанмен бірдей болатынын да қаперде ұстағанымыз жөн.

Ресейдің шекарасына жақын орналасқан Курчатов қаласының әкімі Дмитри Гариков қалаға АЭС салуға толық мүмкіндік барын айтып АЭС құрлысын тездетіп бастауға шақырды. Сол кездегі «Казатомпром» төрағасы, бүгінгі энергетика министрі В.Школьник мырза қауіпсіздігіне кепілдік берген еді. АЭС-тің салынуына шенеуніктеріміз соншалықты мүдделі болып отыр. Оның үстіне энергиялық тапшылығы жоқ солтүстік-шығыс аймағының таңдалуы да мына алмағайып заманда көңілге күдік тудырмай қоймайды. Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа жылдан кейін күшіне енетінін ескерсек, АЭС құрлысы мен ЕЭО-ның ортақ энергетикалық нарығының құрылуы жөніндегі саясаты бір-бірімен қабысып жатыр.

Қазіргі уақытта еліміздегі электрэнергиясының 80% - көмірден алынады. Газдан -10,5%, судан – 8-9%, жел мен күннен алынатын энергия 0,5 % екен. Ал өндірілген энергияның 20-30%  энергия тасмалдаушы желілердің тозуынан орта жолда жоғалатын көрінеді. Астанада өтетін 2017 жылғы халықаралық ЭКСПО көрмесі «жасыл экономика» тақырыбына арналғалы отыр. Баламалы энергетика көздерін дамытудың маңызы күн өткен сайын артып келеді.

Осы «Жасыл экономика, баламалы қуат көздері» деп жалаулатып ЭКСПО өткізе отырып даулы Атом энергиясы мен АЭС салудан бас тартпасақ  шығын көлемі қазірде 3 млрд доллар көлемінде деп жоспарланған ЭКСПОНЫ өкізудің қажеті қанша? Қажет болса АЭС салуға кететін қаржы мен ЭКСПО өткізуге кететін қаражатты энергия өндірудегі экологиялық таза, қалдықсыз, қалпына келетін энергия көздерін алуға мүмкіндік беретін отандық озық жобаларға инвестициялайық. Бұл қауіпсіз, әрі отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді, салынған қаржы өз еліміздің экономикасына қызмет ететін болады.

Ал баламалы энергия көздерінен (су, күн, жел) энергия өндірудегі еліміздің әлеуеті қаншалықты екенін саралап көрсек, мысалы Шығыс Қазақстан облысында шағын гидростанцияларды дамыту қолға алына бастады. Әзірге 13 гидростанциялар салыну жоспарланған. Облыста негізінен таулы аймақтарда ағатын 700-дей өзен бар. Қуаттылығы 20МВт болатын алғашқы шағын гидростанция Зырян ауданындағы Тұрғысын өзеніне салынуда. Мұндай қуат күші бір ауданды энергиямен толық қамтамасыз етуге жетеді. Еліміздегі ең алғашқы СЭС Зырян кенішін энергиямен қамтамасыз ету мақсатында осы өзенге 1902 жылы салыныпта. 1927 жылы Жоғары Хариузовск СЭС-і (қуаты 3,2 мың кВт), 1934 жылы Үлбі СЭС-і (қуаты 27,6 мың кВт) салынды. Үлкен Алматы өзенінде 10 каскадтан тұратын СЭС (жалпы қуаты 47 мың кВт) 1959 жылы салынып бітті. Соңғы жылдары кешенді  мақсатта пайдаланылатын бірнеше ірі су-энергетикалық тораптар іске қосылды: Ертіс өзенінде Өскемен СЭС-і (қуаты 331,2 мың кВт) және Бұқтырма СЭС-і (қуаты 675 мың кВт), Шүлбі СЭС-і (қуаты 702 МВт), Іле өзенінде Қапшағай СЭС-і (қуаты 434 мың кВт) және т.б. Елімізде су-энергетика құрылыс объектілерінен басқа 200-ден астам шағын және орташа СЭС салынған. Кейіннен іске қосылған Шардара және Мойнақ ГЭС-ры тағы бар. «ҚазГидро» институтының бағалауына сәйкес қуаты 50-ден 300 МВт-қа дейінгі ГЭС құрылысын салу Қазақстан өзендеріндегі болашағы бар жеті учаскенің төртеуі Іле өзеніндегі Қапшағай аймағында анықталған.

Күннен алынатын энергия бойынша еліміздегі күн сәулесінің түсуіне мүмкіндік беретін ауа-райындағы ашық күндер жылына 2200-3000 сағатты құрайды. 1 м² -қа шаққанда 1300 – 1800 кВт  энергия өндіруге болады екен.

2012 жылы Жамбыл облысында қуаттылығы 504 кВт  «Отар» күнэлектрстанциясының бірінші бөлігі іске қосылды. Жобаның жалпы энергия өндіру күші 7 МВт. 2013 жылы Алматы облысының Қапшағай қаласында қуаттылығы 2 МВт болатын жаңа технологиялы күнэлектрстанциясы іске қосылды. Болашақта оның қуатын арттыра беретін болады.

 Елімізде «Казатомпром» ҰК-сы құны 160 млн доллар болатын күн энергиясын жинақтайтын батареялар заводын тұрғызбақ. Алматы облысындағы Текеліден шикізат өндіріліп, ол Өскеменде күн батареяларына қажетті күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұяшықтар, батареяның пластиндері жасалса, Астанада дайын өнімді құрастырады. Өзімізде жасалған мұндай батареяларды мысалы мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйі сынды мемлекеттік ғимараттарға құрып, энергиямен қамтамасыз ете алар едік.  

Сонымен қатар жер астынан шығатын табиғи ыстық су көздерінен де молынан энергия алуға әбден болады.  Арнаулы бу станциялары  Италия, Франция, АҚШ, Мексика, Филиппин, Дания, Қытай сынды елдерде бар.  Ресейдегі  осындай  станция Камчаткадағы бір қаланы толық  электр тоғы және жылумен  қамтамасыз етіп тұр.Соңғы технологиялармен жабдықталған бу станциясы бес бірдей атом станциясы өндіретін қуатты береді екен. Ал елімізде зерттелген жер асты ыстық су көздері  аз емес.

Шетелдік тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша географиялық жағынан «Жоңғар қақпасы» мен «Шелек дәлізі» арқылы өтетін ауа ағыныны әлемдегі ең үздік жел «дәлізі» болып табылады. Жоңғар қақпасындағы Тоқты деген жерде дүние жүзінде соқ­пайтын жылдамдығы секундына 60 метрге дейінгі Ебі, Сайқан дейтін жойқын күшті желдер соғады. Осы жерге жел электр стансасын салып, бірнеше жүздеген мега­ватт қуат өндіруге болатыны қанша уақыттан бері айтылып келеді. Жалпы, бұл жердегі желдің орташа жылдамдығы секундына 9,5 метр, Шелек дәлізінде орташа жылдамдығы секундына 7,5 метр. Ақмола облысындағы Ерейментауда да осы шамада. Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды облыстарындағы күшті жел соғатын жерлерді тиімді пайдаланар болса мол энергия алуға мүмкіндік бар.

Қазақстандағы алғашқы қуаттылығы 1 500 кВт және 21 МВт болатын екі желэлектростанциясы 2011 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында іске қосылды. Одан басқа облыс аумағында Жаңатас және Шоқпар, Ақмола облысының Ерейментау ауданында қуаттылығы 45 МВт, болашақта 300 МВт  құрайтын желэлектрстанцияларын салу іске асырылуда.

Ал желді энергияға айналдыратын генераторды қазақ ғалымдары жасап, өндіріске дайындап қойған. 2011 жылы әлемдегі үздік жүз жобаның ішінде бас жүлдені алған генератор басқа елдердің қызығушылығын тудырып отыр. Қазір әлемде қолданыста жүрген жел генераторлары қатты желдерде сынғыш, әртүрлі табиғи апатты жағдайларға төтеп бере алмайды. Ал отандық құрал осы талаптардың бәріне жауап береді. Мұндай генераторларды әсіресе ауылшаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы басты қуат көзіне айналдыруға болады.  

         Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінен соғатын күшті жел Алакөлдің үстінен Аякөз асып, Егіз, Қызыл Ту, Жаңғыз Төбе, Қара бура, Көкпекті арқылы Шыңғыстау мен АЭС салынбақшы болып отырған Курчатов қаласының жанындағы атом сынақ полигонының алаңы болған Дегелең тауы арқылы өтіп, осы бағыт бойынша желден мол энергия алуға мүмкіндік береді. Жалпы Қазақстан бойын­ша 12 аймақта жел энергиясын тиімді өндіретіндей мүмкіндік бар.

Сонымен қатар «Самрұқ Энерго» АҚ Шелек дәлізінде қуаттылығы 300 МВт болатын желэлектрстанциясы, Кербұлақ ГЭС –ін салу, Шелек, Көксу, Үлкен Алматы каналында барлығының қуаттылығы 300 МВт болатын шағын ГЭС-ын салуды жоспарлап отыр. 

Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен, республиканың шы­ғыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақ­та­рында су электр стансылары мен жел электр стансыларын қосарлап орналастыру қажет. Қысқы уақытта желдің соғысы қатайады, жазғы мезгілде азаяды, судың қөлемі қыста азайса, жаз айларында көбейеді. Осыған орайластыра энергия көздерінің біртұтас энергетикалық жүйесін құрып, үйлесімді жұмыс жасауын қамтамасыз ету керек. «Экспо 2017» көрмесін өткізеді екенбіз, ондағы салынбақ кешендер мен ғимараттар энергиямен өзін-өзі қамтамасыз ететін, энергия үнемдегіш соңғы технологиялармен жабдықталып, отандық және басқа елдердің күн, жел, судан энергия өндіретін иновациялық генераторларын пайдаланып шетелдіктерге баламалы энергияны өндіру және тиімді пайдалана білудің үлгісін өзіміз көрсеткеніміз абзал.

Елбасы АЭС салуда оның қауіптілігін айтып елді дүрліктіріп жүргендерді пайдалы істің байыбына бара алмайтындар, елдің арасында Фукусима синдромы кезіп жүргенін айтып сынаған болатын. Халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін мұнай мен басқа да шикізат бағасының өсуі мен түсуіне үнемі алаңдаушылықпен қарап отырамыз. Тұтынатын энергия құны күнен-күнге қымбаттап барады. Ол болса барлық тауарлар мен қызмет түрлерінің қымбаттауына алып келеді. Қымбатшылықтан елдің әлеуметтік жағдайы төмендей түсуде . Ғалымдарымыз баламалы энергия көздерінен алынатын қуат құны 1 кВт энергия 6-10 теңге, тіпті 4-5 теңгеге түсіруге мүмкіндігіміздің бар екендігін айтады. Егер біз осындай жағдайға қол жеткізер болсақ АЭС салудан ғана емес  экологиямызды ластап жатқан көмірмен, мазутпен  жұмыс жасайтын ЖЭС-терден де бас тартатын боламыз.

«Жасыл энергия» арқылы экономиканы әртараптандырып, шикзатқа тәуелділіктен арылудың, отандық өндірістің өркендеуіне мүмкіндік беретін арзан энергия алуды қалайда тездетіп жүзеге асыру қажет. Экономикалық жағынан тәуелсіз ел ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізеді.

 

Ардақ Беркімбай.

Абай.kz 

0 пікір