Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәселенің мәні 9638 0 пікір 30 Қараша, 2014 сағат 21:32

МОНОҚАЛА ДЕГЕН МАЙ ШЕЛПЕК БАР!

АЛЛА болмаса, адам атаулының назарынан тыс қалған біздегі моноқалаларда да адамдар тұрып жатыр. Кәдімгідей. Егемен еліміздің еңсесі көтерілгелі бері, дәлірек айтар болсақ, жиырма бірінші ғасырдың басынан бері саяси-экономикалық жағдайларға байланысты түрлі-түрлі таңсық сөздер «аттандап» келіп, күнделікті өмірімізге дендеп ене бастады. Дауымыз жоқ, бұл – саясаттағы да, саясатсыз адым аттай алмайтын бүгінгі күннің экономикасына да қатысты заңдылық. Бұлардың қайсібірін айтып жатармыз, бүгінгі айтпағымыз – соңғы бес-алты жылдың айналасында саяси лексиконымызға сыналап еніп кеткен МОНО деген сөзге байланысты.

2012-жылы Елбасымыз үкіметке еліміздегі моноқалаларды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. АЙТЫЛДЫ – БІТТІ, ТАПСЫРЫЛДЫ – КЕТТІ. Мемлекет басшысының аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, ойларына келген бағытты да бағытсыз бағдарламаларымен аймақ атаулыны «қылқындырып тастайтын «ләббай тақсырлар» бұған дейін де көп еді, бұдан кейін тіпті күрт көбейді. Моноға дейінгі бағытты бағдарламалардың өздерін іс жүзінде жүзеге асыра алмай жатқандар туралы кейіннен мемлекет басшысының өзі тікелей эфирден ашық айтқан болатын. Сол кездегі Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ негізгі бағыты моноқалалардың тұрақты да әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын айқындау болып табылатын бірнеше бағдарламаның әзірленіп жатқаны туралы қалың көпшілікке жария етті де.

Обалы не керек, Сағынтаевтың басшылығымен «жұнттай болып жылтылдаған» артық-кемі жоқ әдемі бағдарламалар арада айлар салып, «өндіріске» еніп те кетті. Конвейер қозғалды сонымен. Сөйтіп, Астананың айналасын былай қойғанда, етек-жеңі шашылып, ел дамуына оншалықты ілесе алмай жатқан еліміздегі шағын қалаларда қыбыр-жыбыр көбейді. Миллиардтап қаржы бөліне бастады. Әсілі, басы қатты болған істің аяғы тәтті болады деуші еді, ал бірақ бүгінгі күні дәл осы моноқалалар мәселесіне келгенде шаруа шатқаяқтап тұр. Ой безбеніне салып байқайтын болсақ, кез келген сала бойынша еліміздегі өзекті мәселені бірінші болып мемлекет басшысы көтереді екен. Оған дейін «өзекті мәселе» дегеніңізді ешкім көтермейді екен. Ал енді көтерілген мәселені соңына дейін жеткізіп, нүктесін нықтап тұрып қойып жатқан сала бесаспаптары және жоқ. Бұл да бұлтартпайтын шындық. Бір мәселе көтерілсе, «Болашақтың» балғын министрлері мен бұрыннан (Кеңес кезінен дегеніміз ғой) бұйда ұстап, әккі болып қалған шенеуніктер «алақандарына шырт түкіріп», «шыр-р-р» ете қалған «балғын бағдарламаларға» бөлінетін қаржы тағдырына «есеп-қисап» жасай бастайды. Осыдан кейін сыбайлас жемқорлықтың өмірі бітпейтін «кезекті марафоны» басталады. ҚарПОЛ (бұрынғы қаржы полициясы) қимылдайды бірінші болып. Сосын «шәпкіден» үлес тимей, өздерінше өкпелеп қала ма, әйтеуір басқалары да қимылдауға кіріседі.

Қойшы әйтеуір, ырду-дырдудың соңы Есеп комитетіне келіп тіреледі. Есеп комитетінің есебінде игерілмей қалған пәленбай миллиондар жөнінде әңгіме қозғалады.  Есеп беріледі. Бір қызығы, игерілмей қалған миллиондарды былай қойып, миллиардтарға жауапты адамдарды Есеп комитеті жазалай алмайды, өйткені ондай мәселелер комитеттің компетенциясына кірмейді екен. Олар тек тиісті орындарға жеріне жеткізіп тұрып мәлімет қана береді. БІТТІ! Сонымен ешкім жазаланбайды, өйткені миллиардтарды «игере алмай қалған» жауаптыларды бұдан кейін «біссіміллә» деп басқа... құзырлы органдар айналдыруға кіріседі. «Положеный шәпкісін» өз уақытында ала алмаған құзырлы органдар мәселенің мәнісіне қалай нүкте қояды, бұл енді бәрімізге белгілі хикаят: игерілмей қалған миллиардтардың миллионының... миллиондардың мыңының ілуде бірі ғана қазына қоржынына қайтып оралады. Қалғандары «жекеменшік секторларда» зәулім-зәулім коттедждер болып бой көтеріп, қымбат-қымбат көліктер болып көшеге шығады. Храпуновтың қалтасындағы долларлардың кебін киіп, тескен тау асып кеткен теңгелер де аз емес.

Үкіметтің ресми мәліметтеріне жүгінетін болсақ, еліміз халқының бір жарым миллионға жуығы белгілі бір салалар бойынша өнім өндіретін кәсіпорындар шоғырланған шағын қалаларда тұрады екен. Рас, бұрынғы одақ кезінде алпауыт-алпауыт кәсіпорындары болған шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте жақсы болды. Тіпті, Қарағанды облысындағы шағын қалалардың төрттен үш бөлігі, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар облыстарындағы Кентау, Қаратау мен Жаңатас, сияқты біраз қалалар стратегиялық маңыздылығы тұрғысынан тікелей Мәскеуге ғана бағынышты болды. Айтып-айтпай не керек, еліміздегі шағын қалалардың бүгінгі ахуалы қай жағынан алып қарасақ та, ауыз толтырып айтуға мүлде келмейді. Жоғарыда атап өткеніміздей, осынау моноқала мәселесін де өзгелер емес, Елбасымыздың өзі көтерді. Қазір еліміз бойынша 27 шағын қала бар. Осылардың бірқатары белгілі бір пайыз мөлшерінде өмір сүру деңгейі мен салалық потенциалдары ескеріле келе, «Жұмыспен қамту-2020» стратегиялық бағдарламасы бойынша Үкімет тарапынан қамтылуға тиісті еді. Түсінікті болу үшін келтіре кетейік, салалық дегенде, мәселен, Теміртау темірімен, Шахтинск көмірімен, Сәтбаев алтын-күміс, мысымен деген сияқты. Алайда Елбасы аймақ әкімдеріне берген тапсырмаларында шағын қалалар тек қана өздері өндіретін өнім барысымен тоқталып қалмай, оларды «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша да өркендету керектігін ашық айтқан болатын. Демек, бизнестің жол картасы негізінде шағын қалалар шеңберінде қосымша кәсіпкерліктер де дами бастауға тиіс-тұғын. Яғни, Теміртау темірімен, Шахтинск көмірімен тоқталып қалмау керек дегендей. Моноқалаларды дамыту жөнінде жаңа бастама көтергенде Елбасы негізінен осындай мәселелерге айрықша назар аударған еді.

Рас, тапсырма атаулыны «ту қылып» көтеріп алуға әдеттеніп қалған үкіметтегі үлкенді-кішілі шенеуніктер алғашқыда моноқала мәселесіне «бір бүйірлеп жауға тигендей» қатты кірісті. Моноқалаларды дамытуға деп Үкімет бірден 20миллиард теңгені бөлді де жіберді. Осы жерде оқырмандарымызға ой тастай кетсек артық болмас, моноқалаларды дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқан уақытта еліміздегі 27 шағын қала айрықша іріктеліп алынған болатын. Есеп-қисапсыз (бізде расында да солай болғанын растайтын дәлел бар) бірден бөлінген 20 миллиард теңге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде жасалған 114 жобаны жүзеге асыруға бағытталып, бірнеше шағын қаланы «біссіміллә» бірден аяқтан тұрғызуға тиіс еді. Бизнестің жол картасы мен Жұмыспен қамту стратегиясы негізінде. Бірақ бұлай болған жоқ. Елбасымыздың айтқаны ат үстіндегі әкім-қараларымызға онша жете қоймгаған сықылды. Мәселен, экономика саласы сарапшыларының жіліктеп-бөлшектеулеріне қарағанда, Үкімет соңғы жылдары қолға алған қомақты мәселелердің бірінен саналатын моноқалаларды дамыту барысында оларды өз аумақтарындағы елді мекендермен біріктіре отырып дамытқан тиімді көрінеді. Бұл, әділін айтқанда, қай жағынан алып қарасақ та, жаны бар ұсыныс. Мұндай бағдарламалар «өндіріске енгізілетін» болса, моноқалалар маңайында жергілікті жердің табиғи ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі бау-бақшалар мен жылыжайлар пайда болып, көптеген шағын және орта бизнес жұмыссыз отырған жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібіне айналар еді. Жергілікті өнім есебінен азық–түлік пен халыққа қызмет көрсету түрлерінің бағалары арзандап, тіпті туризм мәселесіне де даңғыл жол ашылуы әбден мүмкін. Моноқалаларға қатысты бизнестің жол картасын осы тұрғыдан ғана оңтайлы жолға қоюға болатын тәрізді. Рас, егер аталып отырған бағдарламаны жүзеге асыруды жаңаша қолға алатын болсақ, онда бұл бағдарламаның жолына еліміздің аумақтық-әкімшілік бөлінісінің кесе-көлденең болатыны және сөзсіз.

«Талай жылғы тағдыры бар моноқалалардың экономикасын әртараптандыру үшін оларға маңайындағы елді мекендерді қосып, өздеріне аудан орталығы мәртебесін берген жөн болар еді» дейді ел ертеңін тереңнен таразылайтын кейбір сарапшыларымыз. Бұл да қисынға келіңкірейді. Ал енді мұндай қисынға келіңкіремейтін кейбір моноқалаға «арнайы экономикалық даму аймағы мәртебесі берілсе де теріс емес» дейді ел экономистерінің тағы бір тобы. Әрине, «аудан орталығы» деген мәртебені моноқалалардың барлығына бірдей таратып бере салу дұрыс емес шығар, бұл жерде қала мен оның аумағына жақын орналасқан елді мекендерді есепке алған тиімді болса керек. Бірақ қалай болған күнде де, моноқалаларды ойдағыдай өркендету үшін жергілікті басшы-қосшылар айтылып отырған «аудан орталығы» немесе «арнайы экономикалық аймақ» деген айрықша мәртебелерді ескере отырып, осыған байланысты Үкіметке жаңаша жоба-жоспарлар ұсынатын болса, бұл да тығырықтан шығудың тиімді жолдарының бірі болуы әбден мүмкін. Мойындауымыз керек, моноқалаларды дамытуға қатысты дүниеге келіп жатқан сан салалы салалық бағдарламалар аз емес. Алайда әділін айта кетейік, олардың ойдағыдай жүзеге асырылып, нәтиже беріп жатқандары жоқтың қасы немесе мүлде жоқ. Мұндай бағдарламалар, айналып келгенде, бюджет қаржысын босқа шығындап, көп жағдайларда сыбайлас жемқорлыққа кеңінен жол ашып жатыр. «Бәленбай да түгенбай жобалар былайша жүзеге асырылды» деп баспасөз бетін бермей жататын формальді есеп-қисаптар жемқорлардан құралған жалған комиссиялардың күнделікті хаттамаларының жаттанды мазмұны болып кетті.

Құдайға шүкір, елімізде ақша бар. Жағымды жоспарлар мен бағытты бағдарламаларға ақша аз бөлініп жатқан жоқ. Бірақ солардың бір де бірінің қайтарымын көзімізбен көрген жоқпыз. Миллиондаған қаржы бөлініп жатса да, сол ақша бөлініп жатқан сала «баяғы жартас –бір жартас» күйінде қалып жатыр. Өзгеріп жатқан, өсіп-өніп жатқан бірдеңе болсашы?! Әңгіменің өзі ақшадан шығады, осы жерде біз Астанадан таяқ тастам жерде жатқан Қарағанды облысын мысалға алып көрейік. Еліміздегі жиырма жеті моноқаланың сегізі осы облыстың еншісіне жазылған екен. Сонымен, дерек пен дәйек: бұл облыстағы моноқалаларды дамыту бағдарламасының екі бағыты бойынша 2013-2015-ші жылдарға арналып 41 миллиард 219 миллион теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. Бұл қаражат моноқалалар экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сонымен бірге әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымдарды аяғынан тұрғызуға бағытталуға тиіс-тұғын. Обалы не керек, аталған жылдары облысты басқарып тұрған Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ пен оның командасы әжептәуір тірліктер атқаруға тырысып-ақ бақты. Моноқалаларды дамытудың кешенді жоспарына 30 миллиард теңгеден астам қаржының «зәкірлік» жобалары енгізіліп, нәтижесінде АБАЙ қаласында шұжық цехы ашылды. Тіпті, Балқаштағы мыс кенінің қалдықтарын қайта өңдейтін байыту фабрикасы мен катодты мыс шығаратын гидрометаллургиялық цехты өркендетуге , сонымен бірге Жезқазғандағы «Capital progects LTD» мен Қаражал қаласындағы полиметалл рудасын қайта өңдеу-байыту фабрикаларының, Саран қаласындағы арнайы мақсатқа пайдаланылатын май өнімдерін шығаратын зауыт пен Теміртаудағы «ҚарЦемент» акционерлік қоғамының құрғақ тәсілмен цемент шығаратын №5 технологиялық желісінің болашағына жол ашатын бірқатар жағымды жобалар жоспарға енгізіліп еді.

Міне, бажайлап байқап отырсақ, облыстағы моноқалалардың  маңызын арттыру мәселесі бойынша бір қарағанда жаман жоба, жоспарлар түзілмеген сияқты. Жоба бар, ақша бар – енді не керек, «тек қана алға» дейміз ғой жанымыз жадырап. Жоқ! Әп-әдемі ойластырылып, жоспарға енгізілген жобалардың көпшілігі... сол жоба күйінде қалды. Ал сонда жоба шіркініңді жүзеге асыру үшін арнайы бөлінген ақша қайда? Миллиардтар... миллиондар? Есеп-сұрауы жоқ оның, өйткені Есеп комитетінің шенеуніктері айналшықтап Астанадан шыға алмайды. Рас, ұзынды-қысқалы, үлкенді-кішілі қаржы махинацияларын «қыспаққа» алатын құзырлы орындар облыстарда жоқ емес, алайда олардың тексерулерінен шығып жатқан тыңғылықты нәтиже ешқашан болған емес.  Болмайтын да шығар, біздің байқауымызша. Мәселен, өзіміз мысалға алып отырған Қарағанды облысында осыдан екі жыл бұрын Тексеру комиссиясы деген құзырлы бір орган құрылған болатын. Алғашқы жылы тірлігіне тыңғылықты кіріскен Тексеру комиссиясы, әділін айту керек, миллиондарға байланысты көптеген былық-шылықтардың бетін ашты. «Мемлекеттік органдардағы мафияның местный масштабтағы» көптеген көлеңкелі тұлғаларының бетпердесін ашықтан-ашық сыпырып тастады. Ал не болды сосын? Ештеңе де болған жоқ. Тексеру комиссиясы бетпердесін сыпырған басқарма, бөлім... департамент қызметкерлері дін аман күйінде дүниені шыр айналдырып, Үкіметтен келетін кезекті бағдарламаларға жоспарлар құрып жүріп жатыр. Бұл жөнінде өткен жылы республикалық бір басылымда «ҚАРАҒАНДЫДА АҚША ШАШЫЛЫП ЖАТЫР» деген тақырыпта сын мақала да жарияланған болатын. Бірақ сынады екен деп... қыңқ еткен құзырлы органды көрмедік. Моноқалаларды дамытуға байланысты басталған әп-әдемі жобаларын жоспарға енгізгенімен, оларын әп-әдемі аяқтай алмай, ӘБІЛҒАЗЫ әкіміміз зейнетке шығып кетті. Ал оның орнына келген Бауыржан ӘБДІШЕВ бір жылдан аса істеп барып, артынша өз жанымен қайғы болып кетті. Яғни, тиісті органдардың тергеуінде жатыр. Әбдішевтің орнына апақ-сапақта Ақтөбеден ауып келген АБДІБЕКОВ деген істеп жатыр қазір. Бұ кісі кезінде басталған Құсайыновтың тірліктерін жеріне жеткізе тәмамдап тастауды қолына ала ма? Күмәніміз бар, өйткені біздегі «система» қалай жұмыс істейді, оны бәріміз жақсы білеміз. Әгәрәки, облыстың бірінші адамы басқа қызметке ауысып кетсе... немесе «атынан ауып» қалса... кез келген жоба, бағдарламаның «жаназасы» шығарылып, «о дүниеге» сапар шегеді. Сосын жаңадан келген «бірінші адам» бәрін қайтадан басынан бастайды: жаңа жобалар, жаңа бағдарламалар құрылып, Үкіметтен жаңа миллиардтардың бөлінуіне даңғыл жол ашылады. Сөйтіп, бәрі қайтадан басынан басталады. Бір әкімнің бастап кеткен жақсылы-жаманды дүниесін екінші бір әкім ешқашан жалғастырмайды. «Западло», былайша айтқанда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: дәл бүгінгі күні жаңа жоба-бағдарлама дегендерді қоя тұрып, олардың ілгеріректе «дүниеге келгендерін» толықтай жүзеге асырып алу керек. Ал енді кез келген аймақтың жергілікті тұрғындары қағаз бетіндегі миллиардтар мен миллиондарға онша сене бермейді. Бір ғана мысал: «Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр» десек те, бизнес-жобаларын қолтығына қысып алып, бір тиын да несие ала алмай зар жылаған «местный генийлер» кез келген ауыл, қалада толып жүр. Сонда бөлініп жатқан миллиардтар қайда кетіп жатыр?

Бәсе, қайда кетіп жатыр?

...арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-ай... дей ме бір қазақ...

Марат МАДАЛИМОВ

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036