Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қоғам 6753 0 пікір 5 Қараша, 2014 сағат 23:35

ЖАЛАҚОРЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН!

Төмендегі хатты редакцияға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұжымы жолдапты. Хатта 20 қазан күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесін орын алған шетін жағдайды қатысты мән-жай айтылған. Хатты өзгеріссіз жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлына,

ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаевқа,

ҚР ҰҚК-нің төрағасы Н.Әбіқаевқа

 

Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы!

Құрметті Асхат Қайзоллаұлы!

Құрметті Нұртай Әбіқайұлы!

 

Үстіміздегі жылдың 20 қазаны күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мешіт бөлмесінің бір бұрышындағы қуысқа жасырынып алып, дәрет сындырып отырған жерінен бір әйел ұсталды. Қорық-мұражай қызметкерлері оны ішкі ережеге сәйкес мекемеаралық келісім-шарт бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін «Күзет» қызметіне өткізген. Ал олар өз кезегінде әлгі әйелді Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының сол маңдағы тірек пунктіне тапсырған. «Күзет» қызметкерлерінің айтуынша қасиетті орында айуандық жасаған әйелден психикалық ауытқушылық байқалған. Енді бұл айуандық әрекеттің нақты себебін қалалық ішкі істер басқармасы анықтап, заң талаптарына сай шешім қабылдайды деп сенеміз.

 Осы жағдайдан соң арада бір күн өткенде, яғни 21 қазан күні «Ұлт.kz», «Шын.kz» сайттарында жаһанға жар салып, «Әзірет Сұлтан кесенесі дәретханаға айналды» деп сүйінші сұрағандай болып жазылған жазба жарияланды. Шындығында бұл өз аты-жөндерін көрсетпей, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ ұжымының атынан арыз жазуды әдетке айналдырған арызқой арсыздардың, жалақорлардың Президент аппаратының жетекшісі Н. Нығматулинге, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлына, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ. Қожамжаровқа жолдаған арызы болатын. Осыған байланысты біздің айтарымыз мынау: 

1. Әзірет Сұлтан кесенесіне дәрет сындыру – айуандық. Егер бұл әрекетті жасаған адамның ақыл-есі бүтін болатын болса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Алайда біреудің саналы немесе бейсаналы түрде айуандық әрекетке барғанына бола қасиетті Кесене дәретхана болып қалмайды. Ал осы айуандық әрекетке бола Әзірет Сұлтан кесенесін дәретханаға теңеу бұл - әлгі айуандықтан миллион есе ауыр хайуандық деп білеміз. Осыны жазып отырған «адамның» үйіне біреу дәрет сындырып кетсе, ол «менің үйім дәретханаға айналды» деп жаһанға жар салмақ түгілі, ол мәселені тісінен де шығармас еді. Егер біліп қалған біреу «Пәленшенің үйі әжетханаға айналды» деп, мақала жазып, басылымдарға жариялатса, ол жазған адамды сотқа беріп, сазайын тарттырар еді. Олай болса, бүкіл мұсылман әлемі Әзірет Сұлтан, яғни әулиелердің Сұлтаны, Ахмет Сәни – Екінші Ахмет (Пайғамбарымыздан кейінгі) деп бағалаған ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін, Ұзын оқты Ондан сұлтан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз Тәуке хандардан бастап, Абылай ханға дейінгі жиырмадан астам хан-сұлтандар мен жалпы саны төрт жүзге жуық халқымыздың әулие билері, баһадүр батырлары, игі жақсылары жерленген, ұлттық пантеонға айналған қасиетті орынды дәретханаға теңеген «адамды» табуға ат салысып, оны қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартқызу әрбір қазақтың міндеті деп білеміз.     

            2. Соңғы 4-5 жыл көлемінде «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы басшылығының, атап айтқанда директор М.Садықбековтың үстінен тоқтаусыз «домалақ» арыздар жазылуда. Арыздар ұжым атынан, жекелеген ұжым мүшелерінің атынан, тіпті қала тұрғындарының атынан жазылып жатқанымен, алайда арыз жазып отырған адамдардың кімдер екендігі әлі анықталған жоқ. Және сол «домалақ» арыздар бойынша қаншама тексерулер жүргенімен  әлі күнге дейін арызда көрсетілген бір де бір мәселе дәлелденген емес. Бәрі «Жаптым жала, жақтым күйе», «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген «ұстанымдағы», тасада тұрып тас ататын арсыз арызқой, жансыз жалақорлардың әрекеті болып шықты. Мына арыз да солардың ісі. Арызқойлар қорық-мұражайыдың жұмысына көп залалын тигізуде. Одан бөлек олардың «домалақ» арыздарын құқық қорғау органдары, қаржы бақылау мамандары, министрлік өкілдері қаншама рет тексерді. Ал мұның бәрі мемлекет үшін қып-қызыл шығын емес пе? Ал мемлекетке шығын келтіру де, Қазақстан Республикасының азаматына нақақ жала жабу да қылмыс болып табылады. Міне, арызқойлар тобы саналы түрде осындай қылмыстық әрекеттерге баруда. Олар М.Садықбековке жала жабу үшін қандай әрекетке болсын баруға дайын екендіктерін көрсетіп отыр. Өздері Әзірет Сұлтан кесенесін дәретханаға теңеп, қорлап, айуандықтың айуандығын жасап отырып және соған М.Садықбековты кінәлауы біздің сөзімізге нақты дәлел бола алады деп ойлаймыз. Және жалақор-арызқойлардың 4-5 жылдан бергі жасап келе жатқан заңсыз әрекеттері оларды ұйымдасқан қылмыстық топ деп есептеуге жеткілікті негіз болады деп есептейміз.

            «Көп жүрген жылан аяғын көрсетеді» дейді дана халқымыз. «Әзірет Сұлтан»   қорық-мұражайының басшылығына қарсы ұйымдасқан қылмыстық топтың да аяғы көріне бастады. Енді оларды нақты анықтап, ауыздықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарының араласуы қажет. Олай етпеген жағдайда қылмыстық топ бұдан да сорақы, зұлым әрекеттерге баруы мүмкін. Кесенеге дәрет сындыру айуандық әрекеті де қылмыстық топтың тапсырысы болуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Себебі «Күзет» қызметкерлерінің айтуынша олар Кесене ішінде айуандық жасаған әйелді бұрыннан таниды. Және оның ақыл-есі бүтін емес деп біледі. Ол әйел өте жиі келіп, Кесене алдындағы орындықта отыратын болған. Кесененің ішіне кірмейтін дейді.  Ал әлгі әйел 20 қазан күні таңертең Кесене ашыла салысымен ішке кіріп, кірген бойда дәретке отырған. Артынша қылмыстық топ «Әзірет Сұлтан кесенесі дәретханаға айналды» деп, сүйінші сұрағандай болып жаһанға жар салды. Және М.Садықбековты айыптап, оған шара көруді министрден, т.б. сұрады. Қылмыстық топ М.Садықбековты айыптау үшін Кесене алдына келіп отыратын психикалық ауытқушылығы бар әйелді пайдалануы әбден мүмкін...

            3. Қылмыстық топ М.Садықбековке не үшін өшігіп отыр? Мұның басты себебі: бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген зияратшылардан түсетін садақа қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін. Сөйтіп қалған болмашы қаржы ғана (5-6 млн теңге көлемінде) «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының арнайы есеп шотына түсетін. М.Садықбеков мұражай басшылығына келгелі бері қатаң тәртіп, мықты бақылау орнатты. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде зияратшылардан түсетін қаржы көлемі 7-8 есе көбейіп, 40 млн теңгеден асып жығылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 52 980 864 (елу екі миллион, тоғыз жүз сексен мың, сегіз жүз алпыс төрт)  теңгені құраса, биылғы жылдың 9 айында 43 925 951 (қырық үш миллион, тоғыз жүз жиырма бес мың, тоғыз жүз елу бір) теңге болып отыр (жинақталған қаржы қорық-мұражайдың қажетіне жаратылып, қыруар жұмыстар, игі істер атқарылуда. Алайда ол өз алдына бөлек әңгіме). Осынша қаржының 70-80 пайызын түрлі қулық-сұмдық, айла-шарғы арқылы қалталарына басып келген нағыз арамза жемқорлардың жалпы қанша қаржыны қымқырғандарын Бір Құдай біледі. Алайда олардың ұзақ жылдардан бері алаяқтық әрекеттер жасап келген ұйымдасқан қылмыстық топ екендігін осы қаржылық көрсеткіштердің өзі-ақ көрсетіп тұрған жоқ па? «Жайынның құйрығын жеген тыныш жатпайды» дегендей, осынша қаржыны жеп келген алаяқ жемқорлардың да тыныш жатпасы белгілі. «Домалақ» арызды домалатып, шу шығара берсек М.Садықбековты қызметінен алып тастайды, сосын біріміз басшы, қалғанымыз қосшы болып, бұрынғыдай садақаға қол салып, қол салғанда да мол салып, қаржыға қарық болып, шалқып өмір сүреміз деген оймен жалалы арыздарын қарша боратуда. Тіпті өткен жылы М.Садықбековтың үстінен Қаржы полициясына бір күнде төрт арыз түскен болатын. Астанадағылар мұны төтенше жағдай деп тауып, шұғыл тексеруді Түркістан қалалық бөліміне тапсырған. Сол арыздар бойынша қалалық қаржы полициясының лейтенанты Б.Қалмұратов 2013 жылдың 10 желтоқсаны күні ұжыммен арнайы кездесіп, арыздардың мазмұнымен таныстырды. Және «арыз жазған А.Жүнісов, А.Жүсіпов, Е. Жаппасов деген адамдарды танитындарыңыз немесе осындай атпен арыз жазған азаматтар сіздердің араларыңызда бар ма?» деп сұрады. Сондай-ақ ол «ҚР заң талаптары бойынша авторы белгісіз арыздар иесі бүркемеленген арыз болып табылады да қараусыз қалдырылады. Егер арыздарыңыз заң талаптарына сәйкес қаралып, белгілі бір шара көрілсін десеңіздер, онда арыздың астына аты-жөндеріңізді, мекен-жайларыңызды толық көрсетулеріңіз керек. Ал олай етуге батылдықтарыңыз жетпейтін болса, онда бізге келіңіздер, заң талаптарына сай біз сіздердің қауіпсіздіктеріңізге кепілдік береміз» деп Қаржы полициясының мекен-жайын, өзінің ұялы телефонын айтты. Сонымен қатар прокурордың рұқсатымен «Қазақтелеком» мекемесімен бірлесе отырып осы арыз иелерін анықтау бағытында да жұмыс істеп жатқандығынан ұжымды хабардар етті. Сол кезде де біз тасада тұрып алып, арыз жазып, ұжымның атын былғап жүрген алаяқтарды анықтап, шара көруді қаржы полициясынан өтініп, ұжым атынан арнайы қаулы қабылдаған болатынбыз. Одан бөлек жазылып жатқан арыздардың нақақ жала екендігін айтып, қорық-мұражайда атқарылып жатқан ауқымды істерді атап көрсетіп, ұжымның әр мүшесі жеке-жеке қол қоя отырып, сол кездегі министр М. Құл-Мұхамметтің атына екі рет хат жолдадық. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Бүгін де қылмыстық топтың жариялы түрде жазған жалалы арызына байланысты үнсіз қалуды жөн көрмей, біз де өз сөзімізді жариялы түрде айтуды азаматтық міндет санадық.

 

Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы!

            Сізден шындыққа мүлде сай келмейтін, негізсіз арыздар жазып, сіздерді де, біздерді де, құқық қорғау органдарын да әбігерге салып келе жатқан, сол әрекеттері арқылы мемлекетімізге қаржылай шығын келтіріп отырған және ұлттық мақтанышымызға айналған қасиетті Кесенені дәретханаға теңеп, қорлап, айуандықтың айуандығын жасап отырған қылмыстық топты құқық қорғау органдары арқылы анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартқызуға ықпал етуіңізді сұраймыз. Және бұдан былай арыздың артында нақты адам тұрмаса, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы РММ-не қатысты жазылған «домалақ» арыздарды Қазақстан Республикасының заң талаптарына сай қараусыз қалдыруыңызды өтінеміз.  

 

Құрметті Асхат Қайзоллаұлы!  

Құрметті Нұртай Әбіқайұлы!

Сіздерден жоғарыда айтылған мән-жайлардың негізінде Әзірет Сұлтан кесенесін дәретханаға теңеп, сол хайуандық әрекеттері арқылы қасиетті Кесенені, әулие-би, хан-сұлтан, баһадүр-батыр бабаларымыздың  әруағын қорлап, халқымыздың ар-ожданын аяққа таптап отырған қылмыстық топты анықтап, қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Егер құзырлы органдар шындап кіріссе электронды мекен-жайлары, т.б. дерек көздері арқылы қылмыстық топты анықтауға болады деп сенеміз және  алаяқ азғындар жазаларын алады деп үміттенеміз. Егер олар тағы да құзырлы органдардың құрығынан құтылып кететін болса, онда олар халықтың қарғысына, әулиелердің, әруақтардың наласына, Құдайдың қаһарына ұшырасын! Біздің айтарымыз осы!

Хат «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы РММ ұжымының жалпы жиналысында қабылданды. 

Жиналыс төрағасы: Қ.Арыстанбеков

Хатшысы:  Д.Арынова

0 пікір