Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12404 0 пікір 7 Қазан, 2014 сағат 13:24

«АЛҒАШ САЛҒАН СУРЕТІМ - «ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕРСІҢ»

Суретші Аңса Мұстафаның салған суреттері интернет қолданушылар арасында кең тарап, әлеуметтік өзекті тақырыптарда жазылған суреттері көпшілік назарына түсіп, Аңса салған суреттердің танымалдығы артты. Сурет - өнер. Ал, Аңсаның салған суреттерінің мақсаты - жастарды келеңсіз, жағымсыз қылықтардан қорғау.

Астанада қазан айының 14 - де Еуразия ұлттық университетінде Аңса Мұстафаның "Сөйле, сурет" деп аталатын алғашқы көрмесі өтеді. Көрме қарсаңында Аңсаны аз-кем әңгіме тартқан едік.

Аңса Мұстафа, суретші:

- Әлеуметтік тақырыптардағы суреттер салуды қашан бастадыңыз? Оған не түрткі болды?

- Байқап қарасам, бала кезден салып келе жатқан суреттерімнің бәрінің тақырыбы - сол екен. Әрине, бұған себеп маманың газеті -  «Ақ босаға». Газетке дайындалған мақалаларға көркемдік қажет еді. Сол кезде анамның қасынан бір елі қалмай жүргендіктен газет ісіне менде қатысқым келіп, материалдарға сурет салып көре бастадым. Ең бірінші салған суретім «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» еді.

Аңса Мұстафа. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»

Бұны 14-15 жасымда, мектепте оқып жүргенде салыппын. Ол темекінің тұқылы мен арақ шөлмектерінен жасалған ұяда отырған нәресте болатын. Қазір есіме түсіп отыр. Екінші салған суретім адамдардың аяқ астында тапталып қалуға қорқып, жүні үрпиіп отырған балапан. Сөйтіп-сөйтіп салған суреттерімнің көбінде сюжет немесе бір проблема арқау болып бейнеленетін болды.

- Әдетте, белгілі бір тақырыпқа жазуға (сурет салу) қандай бір оқиға әлдебір күнделікті тіршіліктен көрген жәйттер әсер ете ме?

- Әрине, әсер етеді, белгілі бір көрініс көріп, қорқып немесе жиіркеніп, келіп салып тастаған суреттер бар. Мысалы, үйіміздің терезесі үлкен дүкеннің ту сыртына шығады. Сатушы қыздар күнделікті сол дүкеннің артына тығылып темекі тартады. Солардың бірі екіқабат бола тұра, кешке дейін түтіндететінін байқап, темекі тартып тұрған екіқабат шошқаны бейнеледім.

Аңса Мұстафа. Шошқа

Бітірген бойда суретті тереземнен соларға қаратып қойдым. Көрген болар, білмедім.

- Көрмеңізге қандай тақырыпта салынған суреттеріңізді қоясыз?

- Көрмеге суреттерімнің ішінен 50-ін таңдадым. Негізгі тақырып -  әлеуметтік проблемалар. Қыз-келіншектердің арақ ішуі, үйдегі ұрыс-керістен баланың үйден қашуы, ошақ басындағы ата-ана жанжалы және осындай әр зомбылықтан балалардың психологиялық қынжылысқа түсуі деген сияқты.

Аңса Мұстафа. «Анам мені өлтіретін шығар»

Суреттерімнің арасындағы ең ауыры, бірақ соған қарамастан кең таралғаны «Анам мені өлтіретін шығар» атты сурет. Ол интернет кеңістігінде кеңінен тарап, оншақты тілге аударылып кетті.

- Сіздің салған суретіңізді көріп, ойланған, өміріне өзгеріс енгізе бастаған адамдар бар ма?

- Өзгеріс бар-жоғын білмедім. Бірақ маған ана сурет қатты әсер етті, жыладым, күні бойы көңіл-күйім бұзылып жүрді дегендер көп. Ақын қыздарымыздың бірі өзіне қатты әсер еткен суретке қарап өлең шығарған кез де болды. Кейбір суреттерімді ғаламтордағы парақшамнан алып, коменттерімен бірге теледидардан да көрсетіп жаттады. Қозғаған тақырыптарымды алып, әрі қарай өрбітіп жатқандар баршылық. Елге жетіп, пайдасы тисе болды ғой. Алса ала берсін. Негізгі мақсат қолдан келгенше жаман қылықтардан жастарды қорғау.

- Қазіргі суретшілік өнердегі әлеуметтік желінің рөлі қандай?

- Салған суреттерімнің сәтті шықты деп есептегендерімді фейсбуктегі парақшама салып жүрмін. Парақшамда достарыммен талқылап ой бөлісіп тұрамыз. Суреттерімді ұнатқандары ретвит жасап таралып кетіп жатқандары да баршылық. Достарға көп рахмет.
Әлеуметтік желі тек суретшілік өнерді емес, барлық саланы дамытып жатыр ғой. Бишілер билерін ютубқа салып бөліссе, ақындар өлеңдерін жариялайды, журналисттер мақаласын көпшілікке ұсынып отырады. Әлеуметтік желілер қазіргі өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды ғой.

- Суреттеріңіздің ішінде өзіңізге ұнайтыны қайсысы?

- Суреттерімнің ішінде өзіме ең қатты ұнайтыны көктемде салған «Көктемге дайындық» деген суретім.

Аңса Мұстафа. Көктемге дайындық

Бір айдан соң, қарасам, жер шарының ар жағындағы бразилиялықтар талқылап жатқанын көріп қатты таң қалып, қуанғанмын. Сол суретке сонша назар аударған соң, мен де қарай-қарай жақсы көріп кеттім. Ол суретте жүрегі мен миын, кір жуғышқа салып тазартып отырған қыз бейнеленген.
- Бұдан кейін Қазақстанның өзге қалаларында болмаса алыс-жақын шетелде көрмеңізді өткізуге байланысты ұсыныстар бар ма?
- Бұйырса, тұңғыш көрмем – «Сөйле, сурет» - 14 қазанда сағат 12-00 де, Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Мирзоян көшесі, 2) ашылады. Жақсы өтсе, Семей, Алматыдағы университеттер де өткізем. Басқа қалалардан ұсыныс түссе, апаруға әзірмін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалқыұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379