ЕХРО - КЕСЕДЕГІ СҮТ
Ерқанат (Ерқанат Тәукебай) сөзіңнің жаны бар. Мен анаукүні Жалаңашқа тойға барып қайттым. Сол кезде бір кісімен таныстым. Өзі жаттықтырушы екен. Дайындаған жігіттері халықаралық додаларда сан мәрте топ жарыпты. Алды Америкаға дейін барып, арты мына тұрған Қырғызстаннан қайтса керек. Сол кісі айтып отыр, чемпион жігіттердің көтерілуіне Ермегиявтардың ықпалы зор дейді. Жігіттердің барып келу жолы, жатын орны, анау-мынауы бәрі сол отбасының мойнында болыпты. Лондон олимпиадасындағы жетістіктері Талғаттың маман ретінде жасағандары. Міндеті болды. Ал, мен естігендердің барлығы оның адамдық қасиеті еді. Өз еркімен, жігіттер үшін жасаған.
Енді сондай жігіттің мынадай жағдайда қалғаны көпшілікті таңқалдырғаны рас. ЭКСПО дегенді сен майшелпек депсің. Меніңше ол баяғы кеседегі сүт сияқты. «Көбелек келіп, көмп етіп, көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, жартысын ішіп ол кетті. Қарға келіп қаңқ етіп, қалғанын ішіп ол кеті. Сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті…» деген есіңде шығар. «Сор құдықтың басына сорға бола қонды атам» дегендей, Талғаттай жігіттердің сондай жерге барғанын қолдай қоймаймыз негізі. Өйткені, «мен қалай таза болайын, ғаламның өзі былғаныш...» дегендей ондай жерлерден өзіңді қанша ұстасаң да кір жұқтырмай шығуың қиын. Балағыңа кәріқызы орала кететін ерменді дала сияқты ғой. Немесе жауынды күні, балшық-балшық аулаға ақ туфлимен шыққаныңдай жағдай. Ондай жерлер негізінде «қорғаныс қабаты» бар, Ахай ағайлардың орны ғой.
Жә, ол кісіні қылмыскер деуге ешкімнің қақысы жоқ. Және ақтап алуға да әлі ерте. Кімнің кім екенін заң анықтайды. Егер сол заңымыз әділ болса... Әділ болсын деп тілейік. Әйтпесе анау алып мекеменің қызметкерлерінің ашық хатын оқыдың ғой. Сұмдық. Демек, бұндай үлкен істер біз араласатын нәрсе емес. Біздікі сол елдің бір баласы ретінде пікір білдіру ғана. Рас, елдің пікірі Талғатты жаманатқа қимайды. Баяғыда аты-шулы бір кісі істі болғанда күллі ел сауап деді. Неге? Өйткені ел оның қандықол екенін, талайды қан қақсатқанын білген. Ал, Талғатқа келгенде, керісінше «қой олай емес шығар, обал болған екен» деп отыр. Халық айтса қалт айтпайды деген рас болса, соңы жаман болмас.
Мен де ойлаймын: Талғат сияқты байлығы бір басына жететін жігіт, бес тиын ұрласа өзінің бес мың сомынан айырылып қалатынын, тіпті бостандығына қауіп төнетінін, қазіргі жағдайдан хабары бар жігіт, әй ондайға бара қоймайды-ау. Менікі де елдікі сияқты жанашыр ой мен жоба ғана. Бұны да заң анықтайды. Әрине әділ болса. Демек, Ерема ер мойнында қыл арқан шірімейді, ел аман болсын деп тілейік, қолың тисе үй жаққа соғып қайт, шар соғайық.
Түк пайдасы жоқ осы пәле тезірек өтіп-ақ кетсе болар еді.
Бейбіт Сарыбай
facebook-тегі парақшасынан