Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 10710 0 пікір 25 Тамыз, 2015 сағат 12:22

АУЫЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ...

Ауыл – Қазақ Елінің жүрегі. Темірқазығы. Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі.

Жақында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде өткен ҚР Ауыл шаруашылық академиясының жалпы жиыны – соның бір айқын дәлелі.

Ауыл шаруашылығы саласының бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелер ортаға салынып, қызу пікірталас тудырған айтулы жиынға ҚР Ауыл шаруашылық министрі, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары қатысты.

 ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) құрып, ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымының) табалдырығынан аттар тұста бұл – әрине, заңды нәрсе!..

Енді сол ғалымдар ортасында қызу тартыс тудырып, талқыға салынған өзекті жайттар мен келелі мәселелер жайында сөз етелік...

Шыны керек, соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласында біршама жетістіктерге қол жетті. Ел өзін дәнді дақыл өнімдерімен толық қамтамасыз етіп, жыл сайын сыртқа 7-8 млн. тонна астық шығарады. Мал мен құс басының өсімі тұрақталып, нәтижесінде ет-сүт өнімдерінің де көлемі өсе бастады. Өңдеу өнеркәсібі қалыптасып, халықтың азық-түлік тұтыну сапасы артты. Мәселен, 2000-шы жылмен салыстырғанда, 2014-ші жылы халықтың жан басына шаққандағы ет өнімдерін тұтыну мөлшері 1,6 есеге көбейсе, жеміс-жидектер мен өсімдік майларын тұтыну 1,7 есе артты. Сырттан келетін азық-түлік өнімдеріне деген мұқтаждық та кеми бастады.

Дегенмен, бұл жетістіктер ауыл шаруашылық саласының қарқынды дамуын қамтамасыз ете алмайды. Әлеуеттік мүмкіндіктерінің молдығына қарамастан, агроөнеркәсіп саласының дамуы еліміздегі өзге өндіріс салаларымен салыстырғанда әлдеқайда кейін қалып отыр.

Қазақстан – әлемдегі жер көлемі ең бай мемлекеттердің бірі. Еліміздің әрбір тұрғынының үлесіне тиетін ауыл шаруашылық жер көлемі 12,3 гектардан асады. Ал бұл – сөз жоқ, отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жол ашатын ең басты мүмкіндік. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге бұл біз үшін арман ғана!.. Неге? Ендеше, тыңдаңыз!..

1990-шы жылдары ауыл шаруашылық саласын алдын ала зерттеп-анықтамай жүргізілген негізсіз ырықтандыру саясаты өндірістік технологиялар жүйесінің тас-талқанын шығарып, қайта жаңартуға келмейтін ең басты байлығымыз – жеріміздің болашағына қатер төндіре бастады.

Реформаға дейін ауыл шаруашылық құрылымдарының қарамағында барлығы 222,5 млн. гектар пайдалануға жарамды жер болды. Соның 35,2 млн. гектары егістік жер еді. Ал қазіргі күні сол жердің бар-жоғы 93 млн. гектары игеріліп, 24 млн. гектар жерге ғана ауыл шаруашылық дақылдары себіледі.

Жекешелендіру процесі бір жағынан жер көлемін ұсақтап, шағын шаруашылықтарды көбейтсе, екінші жағынан, алпауыт жер иеленуші холдингтік компаниялардың өз үлесіндегі жерлерді тиімсіз пайдалануы төменгі құрылымдардың дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі күні 40 пайыз шаруа қожалықтарына тиесілі жер мөлшері 10 гектардан аспайды. Бұл жағдай ұсақ жерлерді пайдалану мүмкіндігін көтеріп, агроөндіріс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану қажеттігін тудырды.

Табыс көлемінің төмендеуіне байланысты ауыл шаруашылығының өндірістік-техникалық потенциялы қысқарды. Егер 1990 жылы Қазақстан алқаптарында 220 мың трактор, 90 мың комбайн, 177 мың тұқым сепкіш жұмыс істесе, 2014 жылы олардың саны 155, 46, 77 мыңға түсті. Жаңа техника негізінен сырттан алынады және оның бағасы да жылдан-жылға өсу үстінде. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту мөлшері жыл сайын 2-3 пайыздан аспайды.

Аграрлық секторды жаңғыртуға бөгет болып отырған басты себеп – табыс түсімінің төмендігі.

Бұл жағдай, біріншіден, тауар өндірушілерге техникалық жаңарту жұмыстарын жүргізуге қол байлау болса, екінші жағынан – еңбек өнімділігін өсіруге мүмкіндік бермейді.

Аграрлық сектордың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қажетті материалдық-техникалық базасын жасау үшін орта және шағын шаруашылық кәсіпкерлеріне қызмет көрсететін ірі ауыл шаруашылық құрылымдары мен кооперативтерін құрып, ауыл шаруашылығын өндірістік құрал-жабдықтар мен техникалармен қамтамасыз ететін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек.

Бүгінгі күні Қазақстан экономикасы ЕАЭО құрамында дамуда. Бұл жағдай Одақ құрамына кіруші мемлекеттердің өнім өткізу нарығын кеңейтіп, сауда-саттық көлемін ұлғайтып, баға өсімін реттеп, бәсекелестік орта құру арқылы отандық өнімдердің сапасын арттыруға тиісті еді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мемлекетаралық интеграциялық байланыстардың даму барысы бірлестіктің пайдалы жақтарымен бірге, тиімсіз тұстары да көп екендігін байқатты.

Бұл – ең алдымен, өнім өткізу нарығы үшін күрес.

Мәселен, бидай нарығында Қазақстан мен Ресей Орта Азияда, Таяу Шығыста, Солтүстік Африка мен Қапқаз аймағындағы өзара бәсекелесе бастады. Әзірге Одақ құрамындағы елдер арасында бұл мәселеге қатысты ешқандай үйлестік жоқ. Мысалы, Беларусь мемлекеті жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын қолға алды. Ал Қазақстан болса, қой жүнін қайда өткізерін білмей, түкке тұрмайтын тиын-тебен үшін Қытайға сатуда. Неге? Одан да олар бізден алмай ма?!

Бірігу процесі Қазақстанның азық-түлік нарығындағы Ресей мен Беларусь тауарларының үлесін арттырып, сырттан келетін өнімдердің көлемін ұлғайтты. Жекелеген азық-түліктер (көкөніс пен жеміс-жидектер) Қытайдан, Өзбекстан мен басқа да ТМД елдерінен келеді. Шет елдерден алынатын өнім мөлшері де жылдан-жылға арту үстінде. Әсіресе, өңделген мал өнімдерінің – ірімшіктің, шұжықтың, құс етінің, сондай-ақ консервіленген көкөніс пен жеміс-жидек шырындарының импорттық көлемі 40, 50, 60 пайыздан асады.

Көңілге қонымсыз тағы бір жайт – ЕАЭО құрамындағы елдермен тауар алмасу бағасы. Мәселен, Қазақстан жыл сайын сол елдерден азық-түлік пен ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу үшін 1,8 млрд. доллар жұмсаса, өзі бар-жоғы 0,5 млрд. доллардың өнімін сыртқа шығарады. Сауда-саттық айырмасы тағы да солардың пайдасында. Бұл, әрине, кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін әлсіретеді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тағы бір белгісі – тұрғындардың азық түлік өнімдерін сатып алу мүмкіндігі.

Құдайға шүкір, нарық саясатының арқасында республикамызды азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жағдай жасалды. Базарлар мен дүкен сөрелерінде бәрі бар. Құстың сүті керек пе, жылқының өті керек пе – бәрін табасыз!.. Тек қана қалтаңыз көтерсін!..

«Көңілдегі парықты базардағы нарық бұзады» демекші, бұл орайда да ойға сыймас жайттар көп. Қазіргі мәліметтерге қарағанда, ел халқының 32 пайызы азық-түлік алуға барлық кірісінің жартысынан көбін жұмсаса, тағы 30 %-ы 40-50 пайызын жаратады. Ал қалғандары тіпті бар табысының 60%-нан астамын тек қана сол ішіп-жемге арнайды. 2014 жылы тұрғандар орта есеппен барлық шығындарының 42,2 пайызын азық-түлік алуға жұмсапты. Соның салдарынан кіріс көлемі төмен ел тұрғындарының негізгі бөлігі неғұрлым арзан азық-түлік алуға тырысады. Міне, бұл да – ойланарлық жәйт!..

Аграрлық секторға қатысты келесі бір маңызды мәселе – мемлекеттік қолдау деңгейі.

Еліміз ертең ДСҰ құрамындағы елдермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Яғни, әлемдік экономикалық кеңістікке белсене араласады. Демек, ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдау деңгейі де дамыған мемлекеттерден кем болмауға тиісті. Сонда ғана ел бәсекелестікке түсе алады.

Ал бүгін бір одақ құрамына кіріп, бірге жұмыс істейтіндігіне қарамастан, Қазақстан аграрлық секторды дамыту шаралары жағынан өз әріптестері – Ресей мен Беларусьтен әлдеқайда кейін қалып отыр. Сондықтан дәл бүгінгі жағдайда Қазақстан олармен ортақ нарықта бәсекелесе алмайды.

Қазіргі күні елімізде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы жүзеге асуда. Бағдарлама ауыл шаруашылық саласына бөлінетін көмек көлемін 2011 жылмен салыстырғанда 2 есе, 2012 жылмен салыстырғанда 1,7 есе, 2013 жылмен салыстырғанда 1,4 есе көбейтті. Соған қарамастан, біз әлі ауыл шаруашылық саласын қолдау көрсеткіштері жағынан Одақ құрамындағы әріптестерімізге ілесе алмай отырмыз.

Еліміз ДСҰ-ға кіргенде ауыл шаруашылық саласы жалпы өнім бағасының 8,5 %-ы мөлшерінде тікелей көмек алуға қол жеткізеді. Ережеге сәйкес қолдау мөлшерін анықтайтын базалық жалпы өнімнің негізі ретінде соңғы үш жылдағы орташа көрсеткіш алынады. Біз үшін бұл – 2012-2014 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіш. Ол – 2,3 трлн. теңгеге тең. Ал оның 8,5 пайызы – 195,5 млрд. теңге. Яғни, бұл – 2020 жылға дейінгі өтпелі кезеңде ауыл шаруашылығына бөлінетін тікелей көмек. Бес жылда барлығы 977,5 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл сома, жалпы, «Агробизнес – 2020» бағдарламасындағы «сарғыш себет» бойынша бөлінетін қаржы көлеміне де сәйкес келеді. Тіпті, 61,4 млрд. теңге артық бөлінеді.

Бірақ бір маңызды сұрақ бар. 2016 жылдан бастап мемлекет ауыл шаруашылығына осынша қаржыны бере ала ма? Өйткені, қазіргі бөлінетін нақты көмек –122,5 млрд, теңге. Ертең ол бірден 195,5 млрд-қа көтеріледі. Бүгінгі есеп бойынша, бұл – шамамен 1,1 млрд. доллар. Яғни, егістік жердің жалпы көлеміне шаққанда гектарына 50 доллардан тиеді. Ал бұл сома Ресей мемлекетінің 2013 жылғы ауыл шаруашылық жерінің әрбір гектарына бөлген қаржы көлеміне тең. Демек, бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекет «сарғыш және жасыл себет» бойынша берілетін көмек көлемін бұдан да көтеру керек.

Тиісті бағыттар бойынша көрсетілетін мемлекеттік қолдаумен қатар, аграрлық секторға ірі инвестициялар тарту да – өте маңызды.

2013 жылы ауыл шаруашылығына 934 млн. доллар инвестиция құйылды. Бұл сома егістік жердің әрбір гектарына шаққанда бар-жоғы 38 доллардан тиеді. Ал бұл көрсеткіш Беларусь мемлекетінде 531 доллар болса, Ресейде – 120 доллар.

Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағытын реттейтін мемлекеттік шаралардың бірі – қаржы-несие саясаты.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің көбі – банктерге борышкер. 2013-2014 жылдары ауа райының қолайсыз болуы көптеген шаруашылықтардың, әсіресе астық өсіретін шаруашылықтардың жоспарлы өнім алуына кедергі келтіріп, оларды қарызға батырды. Ауыл шаруашылық құрылымдарының жалпы қарызы 2014 жылы 1,4 трлн. теңгеден асты. Соның ішінде қысқа мерзімді қарыздар сомасы – 976,5 млрд. теңге. Ал бұл – нарыққа шығарылатын өнім құнынан 1,6 есе көп. Сондықтан қарыз өтеу шарттарын қайта қарап, төлем мерзімі өткен борыштарды қайта есептеп, жеңілдіктер беру қажет. Бірақ бұл – мәселенің бір беті ғана...

Екінші бір күрделі сұрақ – ауыл шаруашылық құрылымдарының дені несие алуға қол жеткізе алмайды. Шаруа қожалықтарының 70 пайызы – сол санатта. Сол себепті, несие беру тетіктерін де қайта қарауға тура келеді.

Экономист ғалымдардың «Агробанк» үлгісіндегі 100 пайыз мемлекет қаржыландыратын арнайы қаржы институтын құру жөнінде ұсыныс жасағанына қанша уақыт болды? Банк даму институты міндетін атқарып, несие пайызын төмендетіп, инвестиция тартуға мүмкіндік берер еді. Әзірге бұл сауал да жауапсыз қалып отыр!..

Тағы бір осындай аса маңызды шаруалардың бірі – сақтандыру шарасы. Қазіргі қауіп-қатер тәуекелін сақтандыру шаралары – өте әлсіз. Басқару тетігі де – тым күрделі. Жоғарыда 2013-2014 жылдары ауа райының қолайсыз болу салдарынан көптеген шаруашылықтардың зиян шеккендігі айтылды. 2013 жылы сақтандыру компаниялары ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен 14 344 келісім-шарт жасап, 1,1 млрд. теңгеге 2,8 млн. гектар жердің егістігін сақтандырған. Тіркелген тексеру актілерінің жалпы саны – 363. Яғни, бар-жоғы – жасалған барлық келісім-шарттың 2,5 пайызы және тек қана 107 сақтандырушыға ақы төленген. Сондықтан бұл мәселені де мемлекеттік деңгейде шешу қажет.

Ендігі міндет – осы айтылған мәселелерді ескере отырып, еліміз ДСҰ-ға мүше болар алдында терең ғылыми зерттеулер мен сараптамаларға негізделген өтпелі кезең бағдарламасын жасау. Ал бұл, сөз жоқ, «Агробизнес – 2020» бағдарламасын қайта қарап, жетілдіруді талап етеді.

Арнайы тоқталуды қажет ететін тағы бір күрделі шаруа – білім беру мен кадрлар дайындау мәселесі. Ғалымдардың айтуынша, бұл саладағы қордаланған мәселелер – өз алдына бір төбе.

Мамандардың сөзіне сенсек, мұндағы ахуал – дәл қазіргі ауыл жағдайындай. Ғылым саласында тек шал-шауқандар мен қарттар ғана қалған. Тіпті осы Ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының өзі де – қоғамдық ұйым. Құқықтық мәртебесі де сол деңгейде!.. Қоғамдық ұйымда қаншалық қауқар бар? Қалғанын өзіңіз шамалаңыз!..

Қаржы тапшы, жағдай жоқ. Айлығы шайлығына жетпейді. Мемлекеттік қызметкер санатынан баяғыда шеттелген... Қызығарлық ештеңе жоқ. Сосын жастар қайдан қалсын?! Келгенінен кеткені көп!..

Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтірейік. 1991 жылы бұл салада барлығы 2579 ғылыми қызметкер жұмыс атқарса, 2014 жылы 1323 адам қалған. Яғни, жартысы...

Аграрлық ғылым мен білім беру саласы бүгінгі күні белсенді өзгерістерді талап етеді. Басты шарт – ғылым мен білімнің тұтастығын сақтап, бірге дамыту. Өмірге, өндіріске жақындату. Ауыл экономикасы осы үш маңызды буынның бір-бірінен алшақтауынан зардап шегуде. Сондықтан ең басты міндет – ғылым-білім мен өндіріс саласының байланысын қалпына келтіру.

Ғылым мен білім беру саласын қатар дамытып, ғылыми-ағарту процесінің тиімділігі мен сапасын жақсарту үшін Мемлекет басшысы ұсынған Ауыл шаруашылық ғылыми-ағарту орталығын құру жобасын біз де қолдаймыз!.. «Ғылым инновациялық экономиканың негізі болуға тиісті». (ҚР Президенті – Н.Ə. Назарбаев). Орталық ғылым жүйесі мен білім беру мекемелерін тиімді басқаруға жол ашар еді.

Аграрлық сектордың арнайы тоқталуды талап ететін басты салаларының бірі – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы мен өндірісті жоспарлы түрде дамыту 90-шы жылдарға дейін мал шаруашылығының барлық салаларын қарқынды өркендетуге мүмкіндік берді. Сол кезде Қазақстанда малдың 51 жаңа тұқымы, соның ішінде 18 қой, 11 мүйізді ірі қара, 13 жылқы, 3 түйе тұқымы мен тұқымдық топтары өсірілді. Олардың жартысына жуығы – 12 қой, 4 сиыр және 3 жылқы тұқымы – Қазақстан ғалымдары мен мал шаруашылығы саласы мамандарының бірлескен жемісті еңбегінің нәтижесі. Осы мал тұқымдарының гендік қорын тиімді пайдалану, зоотехникалық талаптарға сай азықтандыру мен бағуға негізделген технологиялардың кеңінен қолданылуы жыл сайын 1,5 млн. тонна ет (сойыс салмағымен), 5,5 млн. тонна сүт, 100 мың тонна табиғи жүн және 1 млн. 700 мың данаға жуық қаракөл елтірісін өндіруді қамтамасыз етті. 1990 – 2000 жылдар арасындағы ауыл шаруашылығын реформалауда жіберілген кемшіліктер салдарынан мал саны күрт кеміді. Ірі қара – 2,4, қой мен ешкі – 3,7, жылқы – 1,7, түйе – 1,5 есе азайды. Нәтижесінде, негізгі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,5-3 есеге дейін қысқарды.

Бұл ауыл халқының әлеуметтік жағдайының нашарлауына әкелді. Республика бойынша жан басына шаққанда ет және ет өнімдерін тұтыну мөлшері 73 кг-нан 40 кг-ға, сүт және сүт өнімдері – 311 кг-нан 208 кг-ға дейін төмендеді. Бұл – ғылыми негізделген мөлшерден 2 есе аз.

Егер 1991 жылы 9,8 млн. бас ірі қара болса, 2002 жылы 4,4 млн-ы қалды, қой мен ешкі 35,7 млн. бастан – 10,4 млн. басқа дейін, жылқы – 1,6 млн-нан 1 млн-ға дейін азайды. Мәселен, 2000 жылы жан басына шаққанда жылына 21 кг ет өндірілді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ал қазір сиыр етін қоса есептегенде бір адамға 51 кг ет өндіріледі. Медициналық зерттеулердің бекітуі бойынша, еліміздегі әрбір азамат жылына 74 кг ет жеуі керек және бұл – табиғи қажеттілік.

Рас, соңғы жылдары ел экономикасының тұрақталуына байланысты бұл салаға да көңіл бөліне бастады. Мал басының азаюы тұрақталды. Елбасы ұсынысымен ет өнімдерін өндіруді көбейту ісі қолға алынды. Тек, бір өкініштісі, ескі әдетімізге басып тағы да асыра сілтей бастадық...

Ірі қара тұқымын асылдандырамыз деген желеумен қазіргі күнге дейін шетелден 74 мың бас ірі қара әкелінді. Осы шараға қатысты айтылып жүрген әртүрлі әңгімелерді былай қойғанда, алтынға балап, аяқ-қолын жерге тигізбей ұшақпен алдырған асыл тұқымды сиырларымыз жаңа мекенін жерсіне ме, жоқ па? Нәтиже қандай болады?! Жауабы күмәнді, күрделі сұрақ!..

Əзірге осы да жетер... Ауыл шаруашылығы кешенінің басқа салалары туралы әңгімеге (аң, балық, бау-бақша т.б.) тағы бірде арнайы тоқталармыз!..

Азық-түлік қауіпсіздігін әрдайым назарда ұстап, ерекше көңіл бөлу – кез келген мемлекеттің ең басты міндеті. «Ораза, намаз – тоқтықта», «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» дегенді аталарымыз неге айтқан?!

Ауыл – қазақтың жүрегі, алтын бесігі. Құт мекен – қайнар көзі. Ауыл тағдыры – ел тағдыры. Ауыл болашағы – ел болашағы!.. Кеше әуелі ес жиып, етек жинайық дедік. Енді қимылдамасақ кеш болады және бұны бізге ешкім кешірмейді!..

Жалпы жиында сөз сөйлеп, пікір бөліскен ғалымдар өз ойларын осылай түйіндеп, конференцияға арнайы шақырылған Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков пен Парламент депутаттарына он тоғыз тармақтан тұратын ұсыныстарын берді...

 

Р/S: Бұл менің Академия жиынына бірінші рет қатысуым. Жасыратыны жоқ, бұған дейін мен де ғалымдарымыз туралы басқаша ойлаушы ем!.. «Білмеген у ішеді», бәрі білместік екен!.. Бүгін соған көзім жетті.

 

Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555