Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6954 1 пікір 18 Тамыз, 2015 сағат 17:01

ӘРКІМ ӨЗ ЕЛІНДЕ ҚОРАЗ


Қазақ халқында «әркім өз елінде қораз» деген мәтел бар. Сол  сөздің  мағынасына зер салып қарасақ, керемет ғибрат алуға болар еді. Алайда, қораздық біздің қазіргі жағдайымызға еш жуымайды. Неге? Айтпағымызды осы сауалдан бастап төмендегідей мысалдар келтірейік.

 Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысында Петр Вагнер деген кәсіпкер өзінің туған ауылындағы қирап жатқан шіркеуді қайта қалпына келтіріпті. Оның айтуынша, бұл жұмысты ол сонау 2008 жылдан бері бастаған. «Жер бетінен жойылып кеткен ғибадат үйінің бұрынғы іргетасын табу үшін, құрылыс қазығын үш мәрте ауыстырып қағуға тура келді», -дейді кәсіпкер. Дұрыс-ақ делік. Олай дейтініміз, елімізде дәстүрлі діндерді насихаттауға ешқандай тосқауыл қойылмаған. Қай дінде болмасын, халықты имандылыққа, бірлікке, татулыққа шақыратын шаралар жасалып жатса, оған қашанда құба-құп дейміз. Бірақ елімізде дінге деп берілген кеңшілікті кейбіреулер асыра пайдаланып жататыны жасырын емес. Жаңағы кәсіпкер қайта тұрғызылған шіркеудің жанына Ресей империясының соңғы патшасы ІІ Николайдың ескерткіш-бюстін орнатып қойыпты. Оған 11 мың АҚШ долларын төлепті. Ғибадат үйін жөндеп, игілікті іс жасағаны дұрыс. Ал, төңкерісшіл-бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Николай патшаның бұл араға қандай қатысы бар? Сөйтсек, 1891 жылы әлі таққа отырмаған патшазада Николай осы жерге келіп кеткен және сол кезде осы шіркеуге икона сыйлапты-мыс. Адам өтірікті де қиыннан қиыстыру керек қой. ІІ Николай Қазақстан былай тұрсын, (алдынғы Свердловск) қазіргі Екатеринбургке келмегенін  тарихшылардың бәрі біледі. Вагнердің айтуынша, жоғалып кеткеніне бір ғасырға жуық уақыт өткен сол иконаны да ауылдың бір тұрғыны аяқ астынан  тауып ала қойған. Қазақстанда  ойына келгенін жасайтын  орыстілді ағайындардың қылығы бір бұл емес. Біздер  үшін  ең  өкініштісі, өз елімізде  тұрып, өз  халқымыздан  шыққан  бір  қайраткерге   ескерткіш  орнатып, бір көше берейін  десең, арты таусылмайтын  дау-дамайға ұласады. Тапа-тал түсте «түйе үстінен ит үредінің» кері. Оны күнде көзіміз  көріп жүр. Ал басқаларға не істеймін десе де өз еркі.

Ертеңгі күні халқымызды қанға бөктірген Черняев, Анненков, Колчак, Ермак секілділерге ескерткіштер қойылып жатса, таң қалмаңыз. Бізде бәрі мүмкін. «Бассыз үйдің итті осырақ» деп бабаларымыз тегін айтпаса  керек. Үнемі ішімді ит тырнағандай болады да тұрады, әкімдерге елдің зиялылары, ақсақал қарасақалдары жабылып хат жазып жатса да, аузын буған өгіздей үндемейді. Ал, қазақтан өзге ұлттың қалт-құлт етіп әрең жүрген бір кемпірі әкімдіктің алдына келіп таяғын безесе, шенеунік біткеннің зәре-құты қалмайды. Бұл не сонда? Ұлтаралық татулықты сақтаудың әдісі ме? Әлде, көп жылдар санаға сіңіп қалған құлдық психологияның әсері ме?

Алматы қаласының Шәмші Қалдаяқов көшесінде орналасқан «Кинематографистер одағы» деген баяғы кино көрсететін жер бүгінде жын-ойнаққа айналғаны қай заман. Шығармашылық одақтың төрағасы Игорь Вовнянконың  ойына келгенін істеп отырғанын  талай  жаздым. Бірақ, оған құлақ асқан жұмырбасты пенде жоқ екенін келтірдім. Қазақ киносын насихаттайтын дүниелерден гөрі Кино үйінің ғимаратында бір—біріне асылған, жалаңаш бейнедегі еркектер мен әйелдердің жабайы суреттері ілініпті. Фильм көрсетілуге тиіс  бөлмедегі сұмдықты айтып жеткізу мүмкін емес.

Тұтас зал кино көретін емес, жататын бөлмеге арналып жабдықталған. Кино үйі мен Кинематографистер одағы төңірегіндегі түйткілді  мәселе біраз жұртқа белгілі болса керек. Кезінде «Кино үйінің ішінде қызтекелер жиналып, сауық құрады екен» деп шыққан сыбыс шындыққа жанасатын сияқты. Шәкен Айманов ағайдың ізі қалған қасиетті орда бүгінде жын-жыбырдың мекеніне айналғаны аянышты-ақ.

Бұған бұдан әрі төзуге болмайды. Алайда, Кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянконың  жасы жетпістен асса да, барлық жерде «Кино үйінде алатын  ештеңе қалған жоқ», деп зар қақсайды да, жеме-жемге келгенде, не төрді, не мөрді бермейтін,  отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын мықты болып тұр әзірге, -дейді   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер, дербес зейнеткер Күлпан Ахметова.

Қазақстанда қазақ ұлтының мүддесі мен тілінің қажеті жоқ  екенін  жақсы түсінген Ресейдің империялық пиғылындағы сан түрлі ұйымдар тез арада жаңадан, халықаралық тәжірибенің негізінде дайындалған жеке басты куәландыратын электронды куәліктің екі тілде болуын талап етті. ҚР Әділет министрлігі қазақ және ағылшын тілінде дайындалып жатқан куәліктерді  жедел түрде орыс тіліне көшіруді қолға алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы жиналысында қаралған бір мәселенің қорытындысы бойынша, «Қазақстанда барлығы тең құқықты, сондықтан ақшаға тек қана қазақ және орыс тілінде жазу, басқа диаспоралардың тілдерін кемсітпеу болып табылады» деген қаулы қабылданған. Алайда,  Ұлттық банктің басшысына Қазақстандағы адам құқығын бұзғандығы үшін Гаагадағы соттан шақыру келді. Тек қана орыс тіліндегі жазуды неліктен кіргізгенін дәлелдей алмаған ол,  Ұлттық банк Қазақ елінде тұратын 130  диаспораның тілі енген банкноттарды  шығаратындығын хабарлады.    

Мәжіліс депутаты Светлана Романовская: «Мен Түркияда дем алу үшін жарты жыл бұрын арзан болады деген соң бір туристік фирмамен алдын ала шарт жасастық. Бірақ, кейін қонақүйге ақысы төленбегенін естігенімде, «алдын ала брондау» дегеннің жоқ екенін түсіндім. Олар бізді –  тұтынушыларды алдап жүр екен. Мен Түркияға келерден бір күн бұрын ғана қонақүйге ақысы төленіпті. Олар сонда біздің ақшамызды не істеген? Бұл да баяғы пирамида шығар, кім білсін?»—депті. Сол туристік фирманың жетекшісі Әсел Нүркебаева болса: «Светлана ханым менің айтқан ұсынысыма құлақ аспай, барынша айқайға басты, қоқан-лоққы көрсетіп бақты, үнтаспаға жазып үлгермедім. Оның жолына өз қалтамнан 1537 доллар төледім. Екінші рет телефон арқылы хабарласқанда аузына келгенін айтып, «Керек болса сені Қазақстанда тұрғызбаймын» деп ар-намысыма тиіп, Мәжіліс депутатына сай мінез көрсетпеді», -   деп отыр.

Белгілі заңгер Мақсат Ілиясұлы: «Егер Мәжіліс депутаты Светлана Романовскаяның осылай айтқаны сотта  дәлелденсе, тек «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығарылып, депутат мандатынан айырылады», —дейді. Бірақ, мен білетін Қазақстанда өзге ұлт өкілдері «Сүттен – ақ, судан – таза» болып шыға келетініне күмәнім кәміл. Табиғатынан бауырмал қазақ ұлты қанша этникалық топтарды бауырына басып, оларды мәдениеті мен тілінен, дәстүрінен шет қақпай келеді. Өзгелерді түсінуге тырысу, тіпті, құрметпен қарау, басына көтеру—басқа елді қайдам, біздің қазақта жетіп артылатын қасиет. Сонда, онсыз да ,табиғатынан бауырмал қазақ үшін толерантты болу не үшін қажет?

«Ең үлкен қылмыстар оларды жасайтындықтан емес, сол қылмыстарға төзгендіктен шығады»,--дейді Роберт Музиль. Шыдам шіркінді де жаратушымыз бізге асқан жомарттықпен үйіп-төгіп бере салған. Бүгінде өзге ұлт өкілдері  қазақ халқын  басынғандығы соншалықты, қай елде жүргендерін  елеп-ескермейді, бізбен  санасуға ,тіпті , тырыспайды. Өйткені,  оларға баяғыда  тізгінді беріп қойғанбыз. Биліктің өзі жиі айтатын этникалық толеранттылығымыз да оңып тұрған жоқ. Бұл туралы сөз еткенде, билік тарапынан жергілікті халықтың, яғни  тұрғылықты  ұлттың өзгелерге  деген төзімділігі  баса айтылады. Бірақ, Қазақстандағы этникалық топтарға мұндай төзімділік  туралы ескертілгенін  естіген емеспіз. Өзге этникалық топтарға біз өзімден артық жағдай жасаған күнде, ол тек би билеп, ән салып  қана өмір сүрсе, сөйте тұра, басқасын айтпағанда, сенің тіліңді  де менсінбесе, бұл қандай толеранттылық болғаны?

Қазіргі таңда, біздің билік «толерантты болайық, төзімді болайық» деп кім көрінген көк аттыға құшақ  жая  береді. Дүниенің түкпір-түкпірінен қашқан да, қуылған да біздің елде тайраңдап жүр. Біздегі толеранттылық  атаулы біржақты—халықтың билікке деген толеранттылығы ғана болып табылады, әншейін өзге тіл  мен дінге, мәдениет пен дәстүрге деген төзімділік қана емес. Оның қатпарлы қауіпті тұстары да жетерлік. Біз болсақ, билік оны қалай айтса, солай қабылдап жүрміз. Ал оның «қиратушылық» мән-мағынасына үңіліп жатқан бір қазақ жоқ.,«Жау жоқ деме, жар астында», - деп өсиет айтқан-ды бабаларымыз. Сол ата-бабаларымыз өзін де, өзінің алтын мұрасы мен асыл үрдісін де қызғыштай қорғаштап, күресіп жүріп, ішкі жау, сыртқы жауға төтеп беріп,  бүгінге жеткізді. Оның теңдессіз асылы мен жасығын ажыратып, сараптау ең алдымен бүгінгі ұрпақтың  міндеті...

P.S. «Әркім өз елінде қораз» депті бұрынғылар... жоғарыдағы мысалдарға қарап отырып: «Біз – қоразбыз» деп айта аламыз ба?

 Жұмамұрат   Шәмші,

Тарих  ғылымдарының  кандидаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446