100 НАҚТЫ ҚАДАМ: ҚАРАЛАТЫН IСТЕРДIҢ МЕРЗIМI ҚЫСҚАРАДЫ
Тәуелсiздiк алған жылдар iшiнде ел Президентi сот жүйесiнiң мәселелерiн назардан тыс қалдырған емес. Осы уақытқа дейiн жүзеге асырылған реформалар заңнамаға, судьялардың құзыретiне, сот жүйесiнiң құрылысына, судьялыққа үмiткерлердi iрiктеу жүйесiне қатысты жүргiзiлдi.
Елбасы жариялаған «Баршаға арналған қазiргi заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заң үстемдiгiн қамтамасыз ету» деп аталатын екiншi бағыты бойынша елiмiздiң сот жүйесiнде мазмұнды әрi сапалы өзгерiстер болады деп күтiлуде.
Үш сатылы сот жүйесi – халықаралық тәжiрибеде бар үрдiс. Әлемдегi тәжiрибе көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы процестi қасақана ұзартуға және шешiмдi сөзбұйдаға салуға ықпал етедi. Мұның жүзеге асуы жүйе жұмысын оңтайландырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттiң заңды мүддесiн неғұрлым жедел әрi сапалы қорғауға оң әсерiн тигiзетiнi сөзсiз. Бұл игi бастама судьялар арасында да кеңiнен қолдау тауып отыр. Осы жүйеге көшетiн болсақ, бiрiншi сатыны – аудандық соттар, апелляциялық сатыны – облыстық соттар, кассациялық сатыны – Жоғарғы сот құрайтын болады.
Әрине, сот сатыларының азаюынан не күтемiз деген орынды сұрақ туындайды? Бiздiң пiкiрiмiз бойынша апелляциялық сатылы соттың рөлi күшейедi. Алдағы уақытта апелляциялық саты iстердi үш судьядан тұратын алқа құрамында қарайды деп болжануда.
Кейбiр санаттағы iстер бойынша түпкiлiктi шешiм апелляциялық сатылы сотта шешiмiн табатын болады, бұл қай санаттағы iстер болатындығы алдағы уақытта тиiстi заңдарға өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн белгiлi болады.
Қазiргi сот төрелiгiн жүзеге асырып жүрген судьялар және кейбiр заңгер-ғалымдар, қысқартылған тәртiптегi, қылмыстық терiс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкiмiн орындау мәселелерiне қатысты iстердi судьялардың бұрынғысынша жеке, ал, қалған қылмыстық iстер мiндеттi түрде судьялардың алқалық құрамымен қаралғаны дұрыс деген пiкiрде. Азаматтық iстерге келетiн болсақ, жеңiлдетiлген және бұйрық арқылы iс жүргiзу нысанындағы iстер апелляциялық сатыда өзiнiң нақты, түпкiлiктi шешiмiн табатын болады.
Жалпы, жаңа жүйе бойынша сот сатыларының маңыздылығы мен мәртебесi артып, сот жүйесiнiң жұмысы оңтайланып, оның тиiмдiлiгi бұрынғыдан да арта түседi деген сенiмiмiз мол.
Б.Тәңiрбердиев, Оңтүстiк Қазақстан облыстық сотының судьясы.
Abai.kz