ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ. ӘЗІЛ -ҚАЛЖЫҢДАР
АҚШАНЫ КҮРЕКТЕП ТАБУДЫҢ ӘДІСІН ТАПҚАН АДАМ ИННОВАТОР!"
Қара қазақ ақшаны адал еңбегіммен тапсам дейді. Ал, бұл өмірде ақшаны күректеп тапсам дейтіндер де бар. Енді оны сорттасам бар ғой түрлері көп. Жақында ғана Ақтөбеден ақшаны күректеп тапқан адамның ұсталғаны жөнінде хабар шықты. Оның ақшасының көптігі сондай, қызыл жағалылар бума бума долларларды бес сағат санапты. Менің айтайын деп отырғаным басқа "тапқыштар". Ақша табудың неше түрлі әдісі бар екен ғой. Ең бастысы соны ойлап тауып, жүзеге асыру керек екен Ал, оған кез келген адамның басы жетпейді. Бұл бір өзі система екен. Мен мынандай жәйтті мысалға келтірейін Осыдан бірер жыл бұрын Астанаға бару үшін ЖД вокзалына бардым. Кассирден вагонның төменгі жағынан орын беруін сұрадым. Кассир "Астанаға
бүгінге обще орын жоқ" деді. Амал жоқ сыртқа бет алғанмын, бір екі жігіт жүгіріп келіп, "Аға билет керек пе еді, көмектесіміз"деді. Астанаға" бүгінге төменгі жағынан орын керек " дедім. Олар"қазір алып келеміз" деді. Бес минут болмай алып келді. Кассадағы билеттен екі мың теңге қымбат екен, амалсыз алдым. Вокзалда Касса тұр,бірақ одан өзіңе қажетті билетті ала алмайсың. Осы делдалдар жоқ жерден ақша жасап тұр ғой! Бұл сауда технологиясындағы жаңалық па, жаңалық! Олардың әдісімен аса бір күш жұмсамай ақ, вокзалда жүріп ақшаны күреп табасың! Рахат қой! Ал, осындай, диллерлердің Алатау ауданының ЦОНында қалыптасып отырғаны бүгін телеарнадан айтылды. Мұнда да делдалға ақшасын берсең "шаруаң" бітіп шыға келеді екен. Мен мемлекеттік қызмет саласына заңсыз түрде делдалдар енгізіп, миллондаған ақшаны бұрма жолмен заңсыз әкетудің жолын тапқан есімі белгісіздің иновациялық жаңалығына таңғалам. Вокзалдығы, ЦОНдағы делдалдардың кереметі, есепсіз табысқа органдардың қысымынсіз жетіп отырғандығы. Жоқ жерден жол тауып кететін мұндай" инновацияшыларға" патент беру керек шығар!
Ал, енді мына "бюджет ше!" Бұл салада да басы істейтін "инновационерлер" бар тәрізді. Мәселен, пәлен жылы 182-миллиард қаржы жыл соңында игерілмей қалды" деп баспасөзді шулатып жатамыз. Сол шулаған күйі жұрт біраз тулайды. Ал, соңында 182-миллардың қайда сіңіп кеткенін ешкім білмейде қалады. Міне, ақшаны білдірмей "қылғытудың" инновациясы " деп осыны айтады. Қысқасын айтқанда біздің жоғарыда жүрген қазақтар ақшаны табудың әдістерін ойлап табудағы үлкен инноваторлар. Оларға бұл жағынан басқа әлемде тең келер инноваторлар жоқ шығар!
МАЛЫ ЖОҚТАРДЫҢ АУЫЛЫ
Кәртайған шағымда "ел" аралап жүргенмін ғой. Бүгінгінің шалдaры қияс, сыншыл келеді. Сөйтіп жүріп бір ауылдың іргесіне таяғанмын. Күн шыжып тұр. Ең болмасa "бір үйден салқын су ішсем" деген ой ғoй баста. Ауыл арасында қозғалған тірі жан түгілі тірі жәндік көрінбейді. Сосын шетте шатыры қалқиып тұрған ескі "Мәдениет үйіне"келдім. Оның алдында таяққа сүйеніп, "қылжақбас", әлде мас біреу отыр. "Қалқам, бұл қай ауыл" деп сұрадым. Ол "Бұл малсыздардың ауылы" деді."Сізге қандайы керек, бұл жерде ауыл көп" деді. "Е,е, маған бәрібір ғой, адамдары болса болды да" деймін ғой. "Ой, ағай сізде қызық екенсіз, бұл жерден адамдардың қалаға қарай қоныс аударғандары қашан! Бұл жақта тек көшуге жағдайлары жоқтар ғана қалды. Анау мұржасынан түтіні шығып жатқандар "Сусыздардың ауылы", Анау қырдың етегінде отырғандар мектебі болмай, оқымай қалғандардың ауылы, анау мәшине жете алмайтын жерде отырғандар Батпақ сордың ауылы. Ал, анау көз ұшындағы еркектері кетіп, күйеусіз қалған еркетотайлардың ауылы, қайсысына барасың, жолын айтайын" депті. Сонда әлгі жолаушы "қылжақбастың" сөзінен шошып кетіп, "Ойбай, маған бір кесе су іше алатын ауыл болса жарайды!" деген екен.
"ӘЛГІ СЕН АЙТҚАН ИТ ҚОЙ!" (
Бір 76-ке келген шал әйелі қайтыс болғаннан кейін 34-ке келген жас келіншекпен саяжайда азаматтық некемен тұрып жатады. Көршілерінің бірі жас жігіт екен, күнде сәлем беріп, келіп кетіп тұрады. Даладағы колонкадан су әкеп береді, ағаштарға су құйысады, әйтеуір беріп жатқан "көмегі" көп. Шал негізінен үйден көп шықпайды, кешке қарай ұйықтамаса да ұйықтаған болып жатады төсекте. Жас келіншек өзінің "шаруасымен" дегендей, далада, көрші бөлмеде...Бір күні ыдыс аяқ жоғарыдан құлап, сылдыр ете қапты. Жоғары жақта жатқан шал: "Не болды?"десе, келіншек: "Мысық қой, тышқанды қуып жүріп, ыдыс аяқтарды құлатты" депті. Тағы бір түні шошала жақтан салдыр күлдір етіп, жинап қойған отындар құлапты. Шал: "не болған бұл үйге күнде салдыр -күлдір?" десе, келіншек: "Мына көрші үйдің иті ғой, осында тамақ іздеп келіп, барлық жерді тінткілейді" депті. Сонда шал: "мен ол итке көрсетейін" деп орнынан тұрып, қолына бірнеше тас алып, келіншегі көрсеткен жақты атқылапты. Сонда біреу: "ойбай, басым жарылды" деп ойбайлап, қаша жөнеліпті. Жігіттің дауысынан шошыған келіншек: "Не болып қалды?" деп сұраса, шал: "Әлгі сен айтқан ит қой, дәп маңдайынан тигіздім, енді қайтіп, бұл маңға жоламайтын болды!" деген екен.
"СОҒАН ҚАЛАЙ БАСЫМ ЖЕТПЕГЕН!" (әзіл)
Айдабол әр жердегі құрылыс жұмыстарынан түскен ақшаға және оған қосып малдарын сатып, дүкен ашыпты. Дүкеннің атын бәйбішесінің есіміне орай, әрі "байып қаламыз ба" деген дәмемен, "Алтын" деп атапты. Содан құрдасы Қайдабол және басқа ауылдастары бар жаңа дүкенді бір апта "жуыпты". Бір жетіден кейін оптовойдан әкелген арақтан арақ қалмай қалған екен. Айдаболға Қайдабол құрдасы "бас жазайық" деп келсе, дүкенде "бас құрғатар" дым қалмаған. Сонда Айдоболға бәйбішесі: "Байимыз, байимыз" деп жүріп банкротқа ұшыраттың" деп ұрсатын көрінеді. Оны естіп тұрған Қайдабол: "Сендер дүкеннің атын "Алтын" деп атап, жаман ырым жасадыңдар. Мен сендерге сиқыры бар үш әріп айтам, соны қойсаңдар, шын байисыңдар" депті.
Айдабол оған "Білсең соны айтпайсың ба" десе, Қайдабол: "Басым құрғыр сынып тұр, жазып алып айтпасам, жағдайым келетін емес" депті. Айдаболда басқа не амал бар, босаған бөтелкелердің түбінде қалғандарды қарап жүріп, жарты бөтелкедей арақ жинап алыпты.
Сонымен ес жинаған Қайдабол Айдаболға” "Мына дүкеннің атын қайтадан "НҰР дүкен" деп атаңдар, сонда пайданың астында қаласыңдар" депті. Сонда Айдабол: "Соған осы күнге дейін қалай басым жетпеген!" деген екен.
"КАНДИДАТТЫҚҚА БОЛАДЫ"
Үлкен ғимаратта гуманитарлық ғылымның ғылыми кеңесі өтіп жатыр. Кеңестің мүшелері ертеден белгілі адамдар. Трибунаға әп әдемі қыз шығады. Оны көзі шалып қалған кеңес мүшелерінің бірі: "Түрі келіскен әдемі бала екен" депті. Екіншісі: "Сөзі де жағымды" депті. Үшіншісі: "Бұрын ешкім айтпаған сөзді айтып жатыр" депті. Кеңес төрағасының жанында отырған ғалым: "Ғылымға жаңалық енгізіп жатыр" депті.
Ғылыми кеңестің төрағасының құлағы бітіңкіреп қалған екен, жанындағысына: "Не дейсіз" деп сұрапты. Сонда ана кісі: "Мына бала біздің ғылымға жаңалық енгізіп жатыр!" деп қаттырақ дауыстапты. Сонда төраға: "Онда кандидаттыққа өтуіне болады" деген екен.
Abai.kz