ТЖМ ОҚИҒАНЫҢ СОҢЫНАН САЛПАҢДАУДЫ ҚАШАН ҚОЯДЫ?
Ресми органдардың өзі оқиға түннің ортасында орын алғандығын мойындап отыр. Ал таңғы 6-7-ге дейін ресми ақпарат құралдарын соның ішінде баршаға қолжетімді ТВ арқылы ешбір хабар болмады!
Мәселен, өз басым алғашқы ақпаратты Фейсбуктегі достардан оқып, білдім. Ал егер күні ертең осындай төтенше жағдайда интернет істемей, электр қуаты ажыратылып қалғанда не болады? Ел ақпаратты қайдан алады?
Сол сағаттарда нақты ақпарат ала алмаған алматылықтар не істерін, қайда барарын білмей, абдырап қалды! Неге осындай тосын оқиғаларға қатысты ақпарат елге алдын-ала таратылмады? Неге күні бұрын тиісті жаттығулар өткізілмеді?
Билік таудағы "мореналық" көл ернеуінен асып, тасқын төмен қарай жөңкіді, ал су бөгеті бұзылған жоқ дейді. Бірақ тасқын су қаланың төмен жағына дейін жетті ғой. Бұл дегеніңіз сол бөгеттің өзінде бір кілтипан бар деген сөз!
Ал басқа "мореналық" көлдердің болашағы қандай? Олардың саны қанша, қашан еріп, төмен қарай ағуы мүмкін? Және де ол тасқынға тосқауыл болуға тиіс бөгеттердің жағдай қандай? Осының бәрі туралы кім айта алады?
Біздің ТЖ органдары оқиғаның соңынан салпаңдап жүруді қашан қояды? Қаншама күн Алматыда күн күйіп тұр, осының бәрі таудағы көлдерге өз әсерін тигізетіні о бастан-ақ белгілі болмады ма? Неге оқиғаның алдын-алмады? Ол үшін әртүрлі
гидротехникалық амалдар бар емес пе?!
Әзірше осы!
Бір пәледен аман қалған сияқтымыз.
Осыдан билік бір жақсылап сабақ алса дегенім ғой.
Ал күн болса, әлі де қайнап тұр.
Мореналық көлдер бар екенін енді білген ел сол жаққа мазасыздана қарап қояды.
Бәлесі аулақ! Ел аман, Алматым аман болсын!
PS. Осындай бүкіл елді біріктіруге тиіс сәттерде бастықтарды тікұшақтан бәрін бақылап жүрді. "Тыныштық сақтаңыздар! Бәрі дұрыс болады!" деп қағаз таратты. Меніңше, әкімдер жұртпен бірге лай кешіп, бар қиындықты елмен бөліскенде ғана ғана бәрі тыныш болады!
Әміржан Қосанов, Саясаткер