Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 5642 0 пікір 21 Шілде, 2015 сағат 17:36

Қазақ қалай орыстандырылса, солай қазақыландырылуы керек!

Тарихта таңбаланған деректі түбірімен ешкімде теріске шығара алмайды. 1731 ж. кіші жүз ханы Әбілқайыр өктем Ресей империясының бодандығын (подданство) қабылдағаннан кейін (басында Ресей құрамына вассалдық мемлекет ретінде кіргеніміз туралы арнайы грамота бола тұра, кейіннен орыстар оны отаршылдық саясатқа (колониальная политика) айналдырып жіберді) қазақ елін қосып алу ісінің тым ұзаққа созылғаны және полициялық тәртіппен жүргізілген орыстандырудың жымысқы саясатының кесірі көшпенділер өркениетінің қабырғасын қақырата сөккені баршаға аян. Қысқа мерзім аралығында орыстар жанталаса қимылдап, даламыздың төрт құбыласын айнала қоршай қамалдар мен бекіністер салып, түпкілікті орнықты да қазақ жерін әскери қоршауда ұстады. Қазақ даласындағы қозғалыстарды бақылап отырудың маңызы зор болған соң, империяның ықпалымен бұлардың тіршілігі де ерекше қарқынмен жандана түсті. Олардың күзеті орыс казачествосына тапсырылды. Бұл қазақ жерін отарлаудың (колонизация) -бірінші тәсілі болатын. Яғни, Ақ патша күллі Ресей бойынша құрылған 11 казак атты әскер шебінің (линия) 4-уін қазақтың жеріне бағыттап аттандырды. Қазақ сахарасындағы халықты қырып-жоюға жіберілген дәл осы қаныпезерлерге «далада малын бағып, күнін көріп жүрген қазақтардың жерін күшпен иеленіп алыңдар!» деген қатаң бұйрық та берілді. Кешегі патшаның қанды қылышы болған, басқыншылық саясатын іске асыру үшін қазақ жерінде тек қана жаулап алушылықты жүргізген осы ақ казактар еді. Ал, екінші тәсіл -қазақ даласын Ресейдің «бейбіт» отарлауы 1750 жылдары қолға алынды. 1752 жылы Есіл өзенінің Ресейге таяу жерінде қазақтарды қас қақпай бақылап отыратын Петропавл қамалының бой көтерген кезеңі-крестьяндық отарлаудың басталу кезеңі (орыс крестьяндарының жаппай қоныс аударуы). Ол тұста қазақ жеріне қарай үдере көшіп, еліре ағылған келімсектерден қазақ даласының белі қайысты. Әр жақтан бір қаңғып келген кезбе тобыр даламызда жыртылып-айырылды. Ресейдің ішкі өлкелерінен қазақ даласына кедей шаруаларды көптеп қоныстандыру жұмысы жеделдете жүргізілді. Орыстың қара шекпенділері «бос жатқан жер» деп қазақ жерінің құйқалы, құнарлы өңірлеріне баса көктеп, ентелей еніп, жайлай бастады. Оның үстіне 1861 жылы Ресейде «Крепостное право» жойылғаннан кейін патша үкіметі жүз мыңдаған орыс шаруаларын тағы да осылай қарай жіберіп, оларға ақ казактардың қаруымен қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып әпергенгеннен соң, орыстар бірден қазақ жеріндегі бірінші сортты ұлтқа айналып шыға келді. Осылайша, дархан даламыздың кеудесіне қазық қағылды, халықтың көңіліне қауіп кірді. Ең өкініштісі, кеңдігінен бас айналатын, ұшқан құстың қанаты талатын,тұлпардың тұяғы тозатын ұлы даланың байырғы халқы ежелгі қоныстарынан күшпен көшіріліп, малға жайсыз қуаң далаға кетуге мәжбүр болды. Отарлау кезеңінің өн бойында әскери экспедициялар бірінен соң бірі жіберіліп, олардың барлаушылары қазақтың жерін, табиғатын, байлығын, тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен күн көрісін әбден зерттеді. Сөйтіп, жоғарыға әскери тактикалық тұжырымдар түрінде тәптіштеп, баяндап отырған. Патша 1891 жылы 25 наурызда: «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» жаңа Ережені бекітті. Аталмыш құжаттың 119- бабында: «Көшпенділер (қазақтар) орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман-тоғайы да мемлекет меншігі болып саналады» делінсе, 120-бабының қосымшасында: «көшпенділердің артық жерлері Мүлік министрлігіне өтсін» деп анық жазылған. Яғни, мемлекеттің меншігіне өткен жерді кімге береді, үкіметтің өзі біледі. Бұл құжат қабылданғаннан кейін қазақ халқы бостандығынан біржолата айырылатын күндердің табалдырығына келді. 1894 жылы III-ші Александр патша генерал-губернаторға құпия хат жазып: «Қазақ жеріндегі елді-мекендерге орыс атауларын беріңдер немесе оларды орыс тіліне аударыңдар, ресми қағаздарға орыс грамматикасының ерекшелігіне қарай жазатын болсын!»-деген арнайы нұсқау да берген. Содан көптеген жер-сулар орыстандырыла бастады, атаулар табылмаған көптеген ауылдар нөмірленіп кетті. Сонымен қатар, патша отарланған жерлерге Романовтар династия¬сына қызмет еткен княздер мен отарлауды іске асырған әскери қолбасшылардың есімі берілсін деп те тапсырған. Мы¬салы: Алматы бекінісінің алғашқы аты Омбы генерал-губернаторы Гасфорттың қызы Вераның құрметіне «Верина» деп аталып, 1867 жылы «Верный» деп өзгертілген. Қазақтар Кереку атап кеткен қалашықты (Кереку –ерте түрік тілінің оғыз диалегіндегі «Керекулен» сөзінің мағынасы «шаңырақ тік» , «шатыр құр», «өзіңе кереге көтер» деген мағынаны білдіреді. М.Қашқари «Диуани лұғат-әт-түрік»), 1861 жылы генерал-губернатор Госфорд ІІ Александр патшаның баласы Павелдің бір жасқа толу құрметіне орай «Павладор» (Павлу дарю) деп өзгертті. Апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай Қызылжар өңіріне салынған бекініске «Петропавловск» деп ат берді. Артынша көп ұзамай-ақ ел мен жер атауларымен қоса қабат халықтың санасы да зорлықпен орыстандырыла бастады. 
1870 жылы Ресей империясының халық ағарту министрлігі шет аймақтағы отар халықтарға білім беру туралы заң қабылдайды. Бұл заң бойынша шет аймақтағыларды орыстандыруды көздеген «миссионерлік педагогика» жүйесі құрылады - бұл үшінші тәсіл еді. Патша үкіметінің басты мақсаттарының бірі - орыс емес халықтарды жаппай орыстандыру, шоқындыру саясатын іске асыру жолының негізі нөмірленген қазақ-орыс школдары болды. Олардың бұнысы біршама іске асты да. Осы нөмірленген аралас мектептердің әурешілігінен әлі күнге дейін құтыла алмай келе жатырмыз да емес пе? (XX ғ. ең қанқұйлы диктаторларының бірі-Адольф Гитлер: «Бір ұлтты біртіндеп жою үшін алдымен оның мәдениетін тоздырып, күйзеліске түсіру қажет. Мәдениетін тоздыру үшін оны ұстап тұрған тілінен айыру керек. Ал тілін жоғалтып, құрту үшін мектептен бастау ләзім»,-деген екен). Бұл әрине адам баласына жаны ашымайтын зұлымның сөзі.
Төртінші тәсіл-қазақты орыстандыру саясатында патша үкіметінен де жүз есе асып түскен «кеңес өкіметі» атты ұлты жоқ тексіз, «әлемдік пролетариат» деген адамның миына сыймас қиялды күйттеген, қайдағы бір сандыраққа сенген тобырлық идеологияның аясы өте таяз әрі тар болса да, олар тың игеруден бастап барлық жеңілдіктерді үйіп-төгіп жасау арқылы қазақтың даласын да, қаласын да екінші орыс еліне айналдыруды көздеді. 1925 жылы Ф.Голощекиннің И.Сталинге жолдаған хаты бар. Ол онда бес мәселені көтереді, соның басқы екеуіне тоқтала кетейік. Біріншісі: «Колхоздастыруға қазақтар білікті, әсері күшті, соған пайдаланамыз, сосын бәрін атып тастаймыз. Қазақтың зиялысын бір-біріне айдап салып, жік-жікке бөліп, өзімен-өзін алыстырып, артынан түгелдей көзін жоямыз!». Екіншісі: «Ұрпақты адастыру үшін, жазуын екі рет өзгертіп жіберу керек»,-деп ашық хат жазды. Яғни ұрпақ өткенін оқи алмайды, мәңгүрттенеді. Сол саясаттың кесірінен расында да орыстанып шыға келдік емес пе? Оңтүстік Америкада XIX ғ. соңына аман жеткен атақты «Майялардың жалғыз ұрпағы-Кечуа» деген ұлт болған. Өздері біз секілді әрі алғыр, әрі аңқау екен. Испандардан азаттық алғаннан кейін де испан тілінде тәлім-тәрбие алған Кечуа элитасы «Кечуа тіліне әне көшеміз, міне көшеміз» деп, дәл біздегідей тура 30 жыл сөзбұйдаға салып жүріп, халықтың діңкесін құртып, ақырында шаршаған халық қалай испан тілді көп мемлекеттің біріне айналып кеткенін білмей қалған. Ол мемлекет-бүгінгі Перу. Осы арада Қожанасырдың қылығы еріксіз еске түседі. Бірде Қожанасыр: «Шахқа 30 жылдың ішінде есекті адамша сөйлетіп беремін дегенім, оған дейін ия есек өледі, ия шах өледі, ия мен өлемін деп айтсам,одан ештеме өзгермейді» деген екен.
Ресейді әлем алдында биіктетуге барын салып талпынып келген осы қос шовинистік өкіметтің де қазақ халқының жерін тартып алған қылмыстары әлі әшкереленбей жатыр. Ал бүгінде патшалық Ресей де, Кеңес Одағы да жоқ. Бірақ, ол империялар ыдырағаныменен кейбіреулердің басынан шықпай жүрген посттотолитарлық синдром бар. Соның кесірінен құлдық саналы шенеуніктер 22 жыл бойына ұлттық идеологиямызға тосқауыл қойып келеді. Біздің қазақ, «қанына тартпағанның қары сынсын» деп бәлкім осындайларды меңзеген болар. Айдай ақиқатын айтқанда, өзге емес, өзіңнен, өз еліңнің ортасындағы бейшара халіңнен ұялсаң етті немесе Мұхаммед пайғамбардың хадисінде: «Алланың пенделері емделіңдер, өйткені Алла тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне шипа берген» -емделіңдер дегім келеді! Әр қазақтың бойында ұлттық сезім ғажап болуы керек, салдыр салақ ми емес, безей беретін тіл емес, ар жағында жүрегі сөйлеп тұруы керек! Өйткені, халқымыздың қаншама ғасыр аңсаған ең қасиетті, ең қастерлі арманы болған Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қақ төрінде отырмыз. Яғни, қазақ қалай орыстандырылса, солай қазақыландырылуы да керек дегенді мәңгүрт туыстарыма айтқым келеді де тұрады. 
Қазақ кең ғой, 360 жыл бойы улы жыландай ысылдағандарға қасиетті топырағын таптатып, қарнын тойдырып келеді. Ал, олар болса Қазақстан көп ұлтты мемлекет деп, қазаққа көптің бірі ретінде қарап отыруды әдетке айналдырып алған. Кім қалай десе де, Қазақ Елінде екі-ақ ұлттың бары ақиқат,олар: Жердің иесі-қазақтар және басқалар!

 

Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ,

«Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының сарапшысы, Алаштанушы 

Baq.kz

0 пікір