ҚАЖЕТТІ, ҚАЖЕТСІЗ ЖӘНЕ ҰЯТ
Әдеби апталығымыз – «Қазақ әдебиеті» гәзетінің 3-нші шілде күнгі санынан қаламдас інім Алмас Нүсіптің «Шөлден өлу мен ұяттан өлу» мақаласын оқып шығып, екідай күй кештім:
біріншісі: шындық шіркіннің әдеби ортаға да ауадай қажеттігі;
екіншісі: шындық шіркіннің қашанда қажеттісі бары, қажетсізі бары.
Алмас айтпағының әліпби-мысалын Әмірхан Балқыбектің: «...Егер «Иірім» болмаса, менің Жұмекен мен Мұқағали секілді екі ұлы ақынның Талдықорған жақта кәдімгідей «шекісіп» қалғанын өмір бойы білмей кетуім мүмкін-ді», - дегенімен бастаған екен. Жә, делік. Ойланалық. Дәп сол «оқиғаны» білу өкініш-шүкіршілігін қосып айтқан автордың қай кәдесіне жарады? Адам-азаматтығына, шығармашылығына нендей ықпал етті? «Қатарыңмен қағыспа, шекіспе!» деп пе? Әлде: «Шекіскенмен шекіс, жасқанба!» деп пе? Немесе, сол «оқиғаны» білмегендікен автордың ойлау жүйесі мен қалам жүрісінде әлдебір тылсым кібіртіктік болып па? Меніңше, «бәрекелді!» де, «қап!» та жоқ. Оны естіген жерде қалдырып, басты бір шайқай салу жөн еді. Иә, ол «шындық» - қазақ әдебиетіне, бізге, екі ақынның бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарына да қажетсіз шындық.
Осы тұста бір шегініс жасап, «ҰЛЫ» деген сөзге назарларыңызды аударайын. Ол мынау үзіндідегі «екі ұлы ақынның» деген сөздің себепші болуымен байланысты. Иә, себепшілігімен, әйтпесе, бүгінде біздің әдеби ортада өлі-тірі ақын-жазушылардың мерейтой мен мүшелтойларында оларды шетінен «ұлы ақын», «ұлы жазушы» деудің арзан әдетке айналғаны туралы «Жас Алаш», «Түркістан» гәзеттеріндегі мақаламда, сұхбатымда айтқанмын, бірақ «ә, бұл ойланарлық екен» деген жан болмады. Яғни сондағы пікірімді қайталауым қажет сияқты. Менің ойымша, қазақ әдебиеті әлемінде бір ғана Ұлы ақын бар, бір ғана Бас ақын бар, ол – Абай Құнанбайұлы! Бұл бағаны Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ағаларымыз берген. Ол өсиет-бағаны әрқашан есте сақтауымыз керек, заман саудасына салмауымыз керек. Өйткені Абай – қазақ топырағында енді қай ғасырда жаратылары белгісіз Ұлы Ақын-философ! Абайға жас жағынан да, ақындық дарыны жағынан да ең жақын Шәкәрім Құдайбердіұлынан бастап бергі қай ақынымызды болсын: «белгілі, көрнекті, аса көрнекті, классик» десек, әсте олқы болмас. «Ұлы» десек, онымыз Абаймен теңестіру болады. Осыны ескермейміз де, «ұлы ақын» деп тізбелей береміз. Өз басым Құдайы бір құрдастарым болған марқұм Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевты да, қолпаштаушылары қалайда жыртылып-айырылып, әлден «ұлылап» жүрген Олжас Сүлейменовті де «ұлы ақын» дей алмаймын. Қадыриям мен Тұмашым – поэзиямыздағы аса көрнекті тұлғалар. Ал Олжастың орны орыс поэзиясында...
Алдындағыларды «ұлы» деп сілтей беруге әуестер, сірә, сол сөздің кейін өзіне де бұйруын көксеушілер шығар.
«Иірімге» қайтып оралайын. Иә, ондағы қажетсіз шындықтарды атап, Қадекеңмен «шекісіп» қалғанмын. Ол ауызекі тараған өсек-аяң болмады, «Жас Алаш» гәзеті бетнде басталып, «Айқын» гәзеті бетінде аяқталған жауаптасу болды. Мен Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Қайтыс болған кісі жайында тек жақсы сөз айтыңдар, ғайбаттамаңдар. Ол фәнидегі жақсы-жаман істері үшін жауап беретін жерге барды», - деген хадисіне сүйендім және бүгінгі ұстанымым да – сол.
Жазушылар одағымыздың құзырында отыз жыл қызмет істедім. «Қазақ әдебиетінің» редакциясында әдеби қызметкер болудан бастап, одақ басқармасының 2-хатшысы болумен аяқтадым. Егер бұл мерзімде Одақ үйіне кіріп-шыққан үлкенді-кішілі, атақты-атақсыз ақын-жазушылардың не Одақ басшыларымен, не өзара, не менімен «шекісіп» қалғандарын «өмір шындығы ғой» деп жазып шықсам, оным «шындыққұмарлар» дүкен сөресінде бір күн де жатқызбайтын қырғын кітап болар еді, менің қалтам да торсиып жүрер еді, бірақ оның ешкімге рухани пайдасы, тағлымы болмас еді, керісінше: «кейіпкерлерімді» құрметтейтін оқырмандарға, дос-жолдастарына, бала-немерелеріне ыңғайсыз жәйт болар еді. Бір ғана мысал келтірейін, алайда «кейіпкерімнің» аты-жөнін атамаймын.
Әдеби қорда директор кезім. КСРО Әдеби қорының бір бұтағымыз, соның Жарғысы негізінде жұмыс істейміз, ал ол Жарғыда «Санаторийде емделіп келген жазушының жолдама құнын төлеу мөлшері» деген бап болды. Онда: «Совет Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» жазушылардың жолдама құны толық төленеді. Олардан басқалардың жолдамасының 50 пайызы ғана төленуге тиіс» делінген. Бір күні белгілі ақын ағаларымыздың бірі санаторий жолдамасының түбіртегін алып келіп: «Мынаған кеткен ақшамды толық өтеп бер» деді. 120 сомдық жолдама алған екен. Мен толық төлеуге құқымыз жоқтығын, жартысын төлеп беруге міндетті екенімізді айттым. Ол қыр көрсете қызына сөйлеп, талабын қайталады, ауызша түсінігімді тыңдағысы да келмеді. Содан кейін бухгалтерияда сақтаулы Жарғыны алдырдым да, керек баптың тұсына қарындашпен белгі қойып: «Ағасы, міне, мынаны оқып көріңізші» деп ұсына беріп едім, ол қолымды қағып жіберіп: «Сен өзің... мені силай білмейтін көргенсіз біреу екенсің!» деп барқ-бұрқ етті. Ондайды күтпеген едім және «көргенсіз біреу екенсің» деген ауыр сөз шыдатпады: «Не дедің?! Сен көргенсіздің көкесін көрмей жүр екенсің, көрсетейін ендеше!» деп орнымнан атып тұрып едім, ол безе жөнелді.
Ол атақты да ауқатты ақын еді. 60 сомға арын байлап, ешқандай жазығым жоқ маған тіл тигізді. «Менің басымнан кешті. Шындық » деп соны жазсам, ол кімге қажет? Ешбіреуге қажеті жоқ!
«Шындық» дегенде, кімнің болсын қоғамға, өзін қоршаған ортаға нұқсан іс-әрекеттерін айту жөн, ал жеке қарым-қатынастағы пендешіліктерін айғақтау жөн емес. Алмастың мақаласындағы: «Бір сапарда Ғабит Мүсірепов: «Мұхаң іші тар, қызғаншақ адам еді» деген көрінедісі» тәрізділерді. Мұхтар Әуезовке олайша мінездеме берудің Ғабең үшін зәрулігі жоқ та еді-ау!..
Алмастың «ішкіштік», Мұқағали туралы естіген «аңыздары» туралы айтарым: бүгінде әсіребілгіштер «қылышынан қан тамған кеңес заманында», «кесірлі коммунистер қыспағы кезінде» деп бастайтын жырлардың, жаңа айтқанымдай, отыз белесін Жазушылар одағында күнделікті жұмыспен өткізген куә ретінде: Соңғы 60 жылда ақын-жазушыларымыздың бірде-бірі жазықсыз жапа шеккен жоқ, дей аламын. Төлеужанға, Мұқағалиға, Төлегенге, Кеңшілікке... қоғам, одақ ешқандай қысым жасаған емес. Бұлардың аруақтарынан ғафу өтіне отырып айтайын: бәрінің де мінез-құлықтарында «әттеген-ай» болды. Одақ, гәзет-журнал, баспа басшыларымен байыпты әңгімелесіп тіл табысудың орнына өздерін олардан жоғары қоя сөйлесіп, шарбаяқтасып жүретін. Мәселен, мен де бір кісідей жақсы білген Мұқағалида менмендік, ожарлық, тілдей салатын әдет болды. Одақтың басшылары Әнуар Әлімжановтың, Қалаубек Тұрсынқұловтың кабинеттеріне есігін теуіп кіріп, «қызталақтап» қыңыр сөйлеп: «Сендер мұнда немді бітіріп отырсыңдар?!» деп ажырайғанын көрдім. Әнекең: «Әй, тентек, тағы не боп қалды? - деп жымыңдап барып құшақтап: - Екеуіміздің құрдастығымыз қымбаттап бара ма, арзандап бара ма, соны ертең оңаша талқылайық, ертең осы уақытта келші, бірақ дұрыс кел, - деп күле сөйлеп, арқасынан қағып шығарып салса, Қалекең: «Осы қылығыңды қашан қоясың? Шаруаң болса, тез айт, уақыт алма» деп ызғарланған-ды.
Қайсыбір «білгіштер»: «кінәсіз қуғын көрді» деп жүрген Мұқағалидың апарған өлеңдері редакцияларда апталап жатқан емес, ал жинақтарының шығуы былайша:
1. «Ильич», поэмалар. 1964 жыл.
2. «Армысыңдар, достарым?!», 1966 ж.
3. «Қарлығашым, келдің бе?», 1967 ж.
4. «Мавр», 1969 ж.
5. «Дариға жүрек», 1972 ж.
6. «Аққулар ұйықтағанда», 1974 ж.
7. «Шуағым менің», 1975 ж.
8. «Өмір - дастан», Таңдамалы, 1976 ж.
9. «Өмір - өзен», 1976 ж.
Демек, 12 жылда 9 кітап және, мен білгенде, әрқайсысы - жаңа өлеңдер мен дастандар жинағы! Бұл – Мұқағалиға жасалған ерекше кеңшілік. Оның мінезіндегі, тірлігіндегі кедір-бұдырды есеп-шотқа салмаған, талантына тәнті болған редактор, директор құрдастарының, інілерінің қошеметі.
Мұқағали демекші, осыдан төрт күн бұрын Орал қаласынан телефон шалған ескікөзім Биғали есен-саушылық сұрасып болған соң:
-Қадрияңның 80 жылдығына келмедің ғой? –деді.
-Орыстарда: «Шақырылмай келген қонақ татардан да жаман» деген бар ғой, - деп әзілдедім.
-Екеуіміз кездеспегелі он жыл болыпты-ау! Келгеніңде, па, шіркін, әңгіменің күбісін күмпілдететін едік.
-Сендердің Қадыр аруағын құрметтеулерің ғажап жақсы болды, теледидардан көріп, гәзеттен оқып, қуанып, әбден риза болдым!
-Бәрі де басшылыққа байланысты, біз де ерекше ризамыз. Алайда, Ғаба, менің бір таңданғаным: Астанадан келген сенатор ақын ініміз Нұрлан Оразалин Қадыр Мырза Әліден гөрі Мұқағали Мақатаевты атай берді, Мұқағалидың тойындай-ақ. Онысы несі?
-Би-ақа, оны өзінен сұрамай, менен сұрағаныңа жол болсын! Екеуін салыстыра пікір айтқан шығар, жә, оны қой, оданда өзің тойды қашан жасайсың, соны айт, шақырмасаң да барамын, - деп әңгіме бетін өзіне бұра қойдым. Өйтпесем, сұрағына жауап қайтаруым керек. Ал өзім көріп-тыңдамаған жәйтте нем бар?!
ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІ. Қазақтың Қадыры! Өнегелі өмірінің 60 жылы өткен Алматыда бұл аса көрнекті ақынымыздың атын қояр мектеп, кітапхана, көше табылар ма екен? Ақиық Мұқағали Мақатаевқа көрген көзді қуантар ескерткіш орнатқан Заманбек Нұрқаділевтей Азамат табылар ма екен?!. Әй, қиын болар-ау... «Халық жауы» науқанында 110 мыңымызды қаматып, 25 мыңымызды аттырып кеткен зұлым Л. Мирзоянның атын көшелерінен (2 көше бар!) өшіре алмай отырған Алматы қаласының басшыларына үміт арта аламыз ба?.. Мирзоянның атын аластау Астана қаласында әкім Иманғали Тасмағамбетовтің тұсында оң шешім тауып, биыл іске асты, ал жалпы Қазақстанда: «баяғы жартас – бір жартас...». Үкімет құлағын басып, көзін жұмып отыр...
...Иә, бүгінде әдебиет ауылымызда іс-шаралар әлде математикалық, әлде арифметикалық амалдармен жүргізіліп жатқандай ма, қалайда түсіне алмай-ақ жүрмін. Биыл үкіметіміз бастап, одағымыз қостап, республикалық деңгейде өткізілер үлкен іс Абайдың 170, Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы еді. Олар, өкінішке қарай, жазушы Сәбит Досановтың жасы 75-ке толған тойының көлеңкесінде қала берді. Ол не? Биліктің шалалығы ма? Менің, мысалы, үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырзаның қазақ кітаптарын оқымайтынына шүбәм жоқ. Ал қоластындағылары ше? «Молдасына қарай шәкірті» дегендей, оларда да, мәселен, Есенберлин мен Досановтың әдебиеттегі салмақтарын таразылай алар дәрмен жоқ-ау!
Жазушылар одағымыз, бірінші басшысы Нұрлан інім Оразалин ше? Ол мәсімовтерге түсінік бере алмаған болды.
Сәбит Досанов ше? Оның: «80 жасым, 90 жасым емес, 75-імді ататып, Абекеңнің, Ілекеңнің алдына түскенім жарамас» демегені қалай? Сөйтіп азаматтық танытса еді. Сәбиттің қызығын көпсінуден аулақпын, тек көкейімдегі сауалды ашыққа шығарып отырмын.
Президент Н.Назарбаев мырза: Мерейтойлар мен мүшелтойларды азайту керек. Бос шығын. Ғылыми-практикалық конференциямен атап өтсек, сол жетеді, дегенді бұдан екі ай шамасы бұрын ғана айтып еді, онысы «мен айта берейін, арғысын өздерің біле беріңдер» екен ғой!
Жалпы биліктің осындай самарқаулығы жер-жерде бетіменкетушілікке жол ашып берді. Қаржы шөккен өңірлерде ауыл басы Абай, аудан басы Абылай пайда болып, ас та төк той жасалып, біреу біліп, біреу білмейтін «тұлғаларға» ескерткіш орнату, ауылға атын қою дағдыға айналып барады. Соның өзінде алалау да бар. Мәселен, күні кеше дүлей Н.Хрущевқа қарсы атылып, қазақ жерін жырымдаудан сақтап қалған қаһарманымыз Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығы неге Астананың 17 жылдығы ғұрлы тойланбады? Бұл да – биліктің ұшар басында отырған мырзалардың ұғым-пайымы кемшін екендігінің айғағы.
Немесе, «ерліктің қос қанатындай» деп жырланған, халқымыз егіздей көріп, аттарын бірге атап, ажырамас ұғымға айналдырған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың - Алматыдағы тамаша ескерткіште қатар тұрған қос Батырымыздың аруақтарын алалағанымыз қалай? Екеуі бір өлкенің – Батыс Қазақстанның түлектері болса да, Әлияның «аты озып» кеткелі қашан! Бір ғана мысал: Астанада Әлия Молдағұловаға ескерткіші бар да, Мәншүк Мәметоваға жоқ. Неге? Әлде Мәншүк «атасы басқа, аттан түс!» пе? Олай болмаса, басқа не себеп?
«Себепсіз салдар жоқ» дегенді білеміз, оқығанбыз. Иә. Ненің де болсын себебі бар. Дегенмен, кейбір айтқыштар себепсіз де сілтей береді. Бүгінде «Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы» болғаны – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы!» деп жарыса жарамазандап жүргеніміздей, сонау жылдары «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» болғаны –Дінмұхаммед Қонаевтың арқасы деушілер бар. Жалпы Димекең туралы айтылып жатқан сөздерге құлақ түрсең, жазылып жатқан мақалаларды, шығып жатқан кітаптарды шолсаң, ол кісі – қазақтан біресе «жүз жылда бір туатын пайғамбар», біресе «мың жылда бір келетін әулие!». «Дана, данышпан, ғұлама, көреген, сәуегей, болжампаз, табанды, қайратты, қажырлы... Бақандай 42 қала салдырды...».
Кеңестік дәуірде одақтас республикалардың бәрі де Орталыққа – Кремльге жыл сайын өзінің табыс пайызын («салық» делінбейтін) жіберіп тұратын. Ол - Компартияның Орталық комитетінің, Министрлер Советінің аппаратын ұстауға қажет қаржы. Сонымен қатар, айталық, Қазақстаннан: алдағы жылы қандай құрылыс салу, нендей ғылым, білім орталықтарын, т. б. ашу керектігі жайында алдын ала ұсыныс қабылданатын да, жыл аяғында әлгі табыс пайызының артылып қалған бөлігі КСРО Жоспарлау комитеті арқылы республикаға қайтарылып (қазіргідей «бөліп ал да қылғыта бер» жоқ заман), ұсыныста көрсетілген шараларға жеткенінше жұмсалатын, жетпеуге айналса, Жоспарлау комитеті алдағы жылдың есебінен қосымша қаржы беретін. Міне, 42 қаланың салынғаны - Қонаевтың табандылығының емес, кеңестік жүйедегі дәстүрлі тәртіптің нәтижесі. Басқа республикаларда да солайша болды, бірі мектеп-институт, бірі тұрғын үй... салдырды дегендей.
«Тың өлкесіне» кенеше қадалған Хрущевқа Д.Қонаевтың тура қарап көрмегенін, Л. Брежневпен төс түйістірген дәуіріндегі «ерекше еңбегі - үш Алтын жұлдызы» болып... қазақ мектептерінің екі жүзден астамының жабылып қалғанын оны қолпаштаушылар ешқашан айтқан емес.
Мына бір «қызық» жәйт әлі есімде: 70-нші жылдары орыс әдебиеті мен өнерінің Қазақстандағы онкүндігі басталып, оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Д. Қонаев шамасы жиырма минөттік сөзінде әліпбиі «Великая русская литература великого русского народа» болған құттықтауында «великий» мен «великая» теңеулерін де жиырма шақты рет айтқаны ғой!
Әлбетте, Димекең, өзге республикалардағыларша, партия ұйымының басшысы міндетіне орай, елге елеулі еңбек сіңірді, оны ұмытуға болмайды, бірақ шектен тыс мақтау жөн емес. Қонаевпен ұзақ уақыт қызметтес болғандардың естеліктерінде оның кесектігімен қатар ұсақтығы да болғаны, кадр саясатында, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жазған «бір бюро мұшесінің» айтқанына ұйып жүргені, басшұлғығыштарға алды кең болғаны, кейде басқаның қолымен от көсеп жіберетіндігі, кейде жеке өзіне жақпай қалғанды маңынан қуып тастайтындығы дерекпен айтылған. Әдебиет әлемінен маған анық белгілісі – жазушы Әнуар Әлімжановқа қатысты мына бір ахуал:
Республикалық партия және үкімет басшылықтарының алдын ала шығарған шешіміне орай, 1984-жылғы шілде айының, егер қателеспесем, 5-і күні М. Әуезов атындағы академиялық драма театрымызда ақын Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығы өткізілетін болды. Маусым - шілде аралығында одақтас республикалардан делегациялар келді. Әрқайсысы көрнекті 3-4 ақын-жазушыдан құралған. Социалистік елдерден 5-6 ақын-аудармашы болды (Мәскеудегі дос-жолдастырында мейман болып жүріп, солармен бірге келгендер). Сөйтіп, той басталуға үш күн қалғанда үкімет пен партия... тосыннан жаңа қаулы қабылдап, І. Жансүгіровтің мерейтойын қазан айына шегерді де (Ілекеңнің аруағы сол екіарада кімнің «алдын кесіп өткенін» «бір құдай» білсін), Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуы белгіленген мерзімінен дереу ілгерілетіп, әлгі жиналған меймандар Қордайға аттандырылды. Оқыс өзгеріске, басқаларды былай қойғанда, Жамбыл облысының басшылары қатты таңырқап, сасқалақтап қалғанын обкомның идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатыровадан естідім.
Ілекеңнің мерейтойы қазан айында өткізілді. Драма театрымызда емес, М. Лермонтов атындағы орыс драма театрының кіші залында. Оған не одақтас республикалардан, не Мәскеуден, не Ленинградтан ешкім шақырылмады. Сиғаны залдағы, симағаны ауладағы көпшілік, әрине, наразы.
Біз, бір топ дос-жолдас ақын-жазушылар, екінші қатарда отырғанбыз. Салтанатты жиналыс ашық деп жарияланып, баяндамашы мінберге шығып: «онбес минөттен асырмаймын» деп алып, жазып әкелгенін оқуға кіріскен. Сол мезетте бүйір есіктен Әнуар Әлімжанов кірді. Біз ортамызға шақырып, сығылысып орын бердік. Әнекеңе көз тастап едім: өңі қуқылданып, қабағы түйіліңкіреп, мұрны қусырылып отыр. Президиум жақты көзімен тінтіп шықты. Көңілі бұзылып келгенін сездім.
Баяндама бітіп, сөйлеушілерге кезек тиді.
Екінші сөйлеуші сөзін аяқтай бере Әнуар мінберге шақырусыз-ақ барып, президиумдағыларға (онда Д. Қонаевтан басқа дөкейлердің бәрі де отырған) түйіле қараған күйі мінберге көтеріліп, оларға сұқсаусағын оқтап тұрып: «Сендер қазақ әдебиетінің шын мәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтің юбилейін жетім қыздың тойындай етіп өткізіп отырсыңдар! Мұны бұл қиянаттарыңа қарсылық жасаудан жасқанған бүгінгі біз амалсыз кешірсек те, ертеңгі ұрпақ кешірмейді, осы естеріңде болсын!» - деді де, мінберден түсіп, ешқайда, ешкімге бұрылмастан залдан шығып кетті (әділетсіздікке күйінген сәтте Әнекеңнің жайшылықтағы қарапайым қалпы күрт өзгеріп, құдіреттеніп кететініне сол жолы да куә болдым). «Жүрек жұтқан» дейді қазекем ондайды (бізде бүгін «жүрек жұтқандар» азайып, доллар жұтқыштар көбейіп кетті ғой).
Ертеңінде Орталық комитеттің мәдениет бөлімінде бір шаруам болып бара қалсам («Ара-Шмель» журналының Бас редакторы кезім), бөлім меңгерушісі Мәркен Шайжүнісов, «мұрнына су жетпей», алас-күлес болып отыр екен. Амандаса бере:
-Бір-екі күннен кейін келші! - деді.
-Е, не боп қалды? Моншадан жаңа шыққандайсың ғой? - дедім.
-Ойбай, Әнуар Әлімжановтің кешегі, театрдағы сөзі пәле болды, Димаш Ахметович «сөзінің стенограммасын срочно әкел» депті секретарьға, сонсоң бәріміз сасқалақтап… сен ренжіме, жарай ма, ертеңдер хабарласшы! - деді.
-Әнуар шындықты айтты, оның несіне шала бүлінесіңдер?- дедім.
-Біреуге шындық екінші біреуге шындық болмайтынын білесің ғой, қосыла қажамашы мені! - деп налыған соң кідірмедім, сол сәтте келіп кірген Сұлтан Оразалинов (Мәркеннің орынбасары) екеуіне амандық тіледім де, шығып кеттім.
Сол күннен бастап Әнуар кәдімгі қақпақылға душар болды. Біресе анау қызметке, біресе мынау қызметке ауыстырылып, екі жыл өте бере, 54 жасында, жұмыссыз, зейнетақысыз қалдырылды. Ол озбырлықты естіген КСРО Жазушылар одағы Әнуарді өздеріне қызметке шақырып еді, ол «битке өкпелеп тонын отқа тастамады».
Д. Қонаев Әнуардің Ілекең тойы хақында өздеріне қарата айтқан қатты да қисынды сөзін түсіне де, кешіре де алмаған. Сонау жылдары «Литературная газетаның», «Правда» гәзетінің Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі Әнуар Әлімжановтың бірде өзімен сұхбаттасып, одақтық деңгейде шешім табуы керек небір ауқымды, күрделі мәселелерді көтеріп, республикаға көп көмегі тигеніне риза болған, бауырына тартып, «Қазақ әдебиеті» гәзетіне Бас редактор, одан кейін Жазушылар одағы басқармасына 1-хатшы етіп тағайындаған, содан соң, Жазушылар одағы басшысының Жарғы бойынша екі мерзімі өткенде, Табиғи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық қоғамның президиумына төраға еткен (ондағы Сабыр Ниязбековті дереу босатып) Қонаев енді театрда айтқан өте орынды бір ауыз сынына бола Әнекеңнің бұрынғы еңбектерін есінен шығарып, сырт айналғаны ғой. Иә, бүгінде кейбір ақын-жазушылар аспандатып жүрген Д. Қонаевта сондай да «қасиет» болды.
«Билік адамды бұзады» деген сөз бар. Көп жағдайда рас та. Бұзылуға бейімдер үшін ол «мәселе» емес те. Егер басшы өзі шыққан биікке өзгелердің шығуын қаламаса, айналасына жиып алған нөкерлері ертеңді-кеш: «Бұл орынға сізден лайық тірі жан жоқ!» деп тақпақ айтып отырса, оны рас деп ұқпау қиын да шығар. Мысалды «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап», шындыққа жүгінсек, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаны мадақтау қай кездегі болсын жеке басқа табынудың ауқымынан асып кетті. «Бисмилласы» «Егеменді Қазақстан» гәзетінің бетіндегі тамсаныстан басталып еді, сол гәзет арқылы бүгінде ғарышқа шығып-ақ тұр. Тамсанғандар, меніңше, пікірлерінде шындық аз екенін білсе де, әлгі сөзсоқты болған Н. Хрущевтың: «Мал өнімдерін өндіруді жан басына шаққанда Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озамыз!» дегеніндей, Пәленбай мен Түгленбайдан арттырып айтуды көздейді. Олардың «тарихи тұжырымдарынан» үзінді жазылған дәптеріме үңілсем, «әлхисса»:
«...В современном мире президенту Казахстана нет альтернативы, в плане опыта, мудрости, воли видения и результативности, поэтому его зарубежом называют политиком глобального масштаба. Касымжомарт ТОКАЕВ, дипломат» («Радио «Азаттық»).
Премьер-министр кезінде «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысына: «Или – Я; или – они!» деп шүйлігіп, сәби демократиямызды жөргегінде тұншықтырған Қ.Тоқаев мырзаға сенбеуге «болмас».
ххх
«...Мен әрдайым Елбасының атасынан арыстан боп туған батырлығына, анасынан данышпан болып туған ақылдылығына қайран қаламын... Әлемдік тарихта Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев орны Ресейді өркениетке жетелеген І-Петр, Ұлыбританияны аяғынан тұрғызған Уинстон Черчилль, Американың негізін қалаған Джордж Вашингтон, Түркияны іргелі ел еткен Ататүрік секілді тұлғалармен қатар тұрады деп жұрт жаза бастады. Бүгінде Назарбаев заманына сай олардың да істей алмағанын істеп отыр десе де болады... Бүгінде жер бетіндегі адамзатты толғандырған мәселелерді Назарбаевсыз талқылау, Назарбаевсыз шешу мүмкін емес жағдайға жетті. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, әдебиет зерттеуші» («Егемен Қазақстан» гәзеті).
Мырзатай – әрқашан Мырзатай! Әрқашан 1-орында. Тек, мысалы, Лев Толстойдың 1-Петр туралы: «...люди не только не понимают его злодейств, но и до сих пор не перестают восхваления доблестей этого чудовища, и нет конца всякого рода памятников», дегенінен хабарсыздығы болмаса.
ххх
«...Мен айтар едім, қазақтың саяси көсемі - Әлихан Бөкейханов, рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынов, рухтық көсеміміз – Абай. Ал қазіргі таңда сол үш көсемнің рөлін атқарып отырған бүгінгі көсем – Нұрсұлтан Назарбаев. Асылы ОСМАН, саясаткер» («Айқын» гәзеті).
«...Шынтуайтына келгенде, Н.Назарбаев – білгір, дана, көреген, алдын болжай алатын, ешкімді бөліп-жармайтын, баршаның баласын бауырына басқан қазақ болса, сол қазақтық рухтағы бүгінгі таңдағы Көшбасшымыз. Асылы ОСМАНОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» («Егемен Қазақстан гәзеті»).
Айтады екенсің, міне, осылай айту керек қой. М.Жолдасбеков мырза 2-орынға түсіп қалғандай ма, қалай?!
ххх
«...Президент «Түбегейлі жаңару жоспарын» ұсынып отыр... Мақалада жаңа саяси лексика ұсынылып отыр, олар дефектал (ақаулы капитал) акме-тал-изм, транзитализм, жаңа Нұқ кемесі. Мақалада Нұқ кемесі деген сөз тіркесі алты рет қолданысқа түскен, бұл тегін емес. Мақаланың бір бөлімі «Капиталдың Нұқ кемесі» деп аталған... Нұқ кемесі – идея. Бұл жай айтылған сөз емес, мықты идея. Адамзатқа ортақ идея. Идея ұсыну – өте жауапты іс, соған Елбасы барған... Президент ұсынған ТЖЖ бұл жаңа Нұқ кемесін жасау жоспарының алғашқы нұсқасы болмақ... Ғарифолла ЕСІМ, профессор» («Егемен Қазақстан»).
Профессордың өзі ұқпаса, мен дәнеңе ұға алмадым.
ххх
«Жақында мен Елбасының аузынан бір жақсы сөздерді естідім, - оның дуалы аузынан кіл өңкей жақсы сөздер шығатынын өздеріңіз білесіздер, дегенмен, дәл сол сөздер маған әсіресе қатты ұнады. «Қазақстан – дүниенің бір бөлігі, сондықтан дүниеде болып жатқанның бәрі бізден көрінеді», деді ол. Біздің жергілікті ұлтшыл-патриоттар, отаншылдықтың сойылын соғушылар осы сөздерді жақсылап ұқса ғой, таза-тақыр тәуелсіз Қазақстанның немесе 17 миллион адамның ішінде 10 миллион мүлдем тәуелсіз қазақ этносы дейтін даралықтың болмайтынын түсінсе ғой. Ол мүмкін емес және қажеті де жоқ, біз үшін ол әрі зиянды, әрі қауіпті. Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, ақын («Қазақ әдебиеті» гәзеті).
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бұдан жиырма бірдеңе жыл бұрын өзі құрған (бүгінде ізі де жоқ!) «Қазақстанның халық конгресі» партиясының бағдарлама жобасынан «Қазақ ұлтының жаңғыруы» («Возрождение казахской нации») деген бапты алып тастаған «ұлы» ақын Олжас қазаққа ақыл айта-айта ашуға булығып, енді жазғыруға, қорқытуға көшіп, қазақты халық деңгейінен «этнос дейтін» деңгейге түсірді, ә?! Мейлі, оның ауызы «Елбасының... дуалы аузы» емес, бірақ біздің зиялылар қауымы, шенеуніктер «гвардиясы» Олжас Сүлейменов дегенде: «сен тимесең, мен тимен, бадырақкөз!», деп бүгежектей бастайды. Ал биліктің құзырындағы баспасөзбен бірге «Қазақ әдебиеті» гәзетіміздің, «Жұлдыз» журналымыздың басшылары Олжас жайында сынның елесі ғана бар мақаланы да маңдарына жолатпайды. Ақынның 70 жылдығында президент Н.Назарбаев «Мой друг Олжас» деп мақала жазды ғой, сол сиқырлы сөз саналарына өшпестей сіңіп қалса керек.
ххх
«...Мен тәуелсіз қазақ мемлекетін құрған, ТМД бойынша ең табысты реформалар жүргізген, әлемге әйгілі саясаткер, барша халықтың қолдауына ие өзімнің Бірінші Президентім туралы жазамын. Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, саясаткер» («Айқын»).
«Биліктің бұлбұлы» атанған бұл қасқа біздің Грузиядағы елшіміз ғой, «өзінің Бірінші Президенті» туралы кітабын 1-болып грузин тілінде жазса екен, кейін аудартып шаршағанша. Бүгінде Нұрекең жайында мақтау грамота... тфу! – мақала, кітап жазатын шетелдіктер «күпінің битінен де көп». Ереке, не жазсаң да, тездет, Саакашвили жазып қойып жүрмесін!
Дәптерімдегі көп үзіндінің өлең кейпіндегі екеуінің қай гәзеттен алынғанын, авторы кім екенін қалайда құрттамапын, әйткенмен, біреуін келтірейін:
Ұлы істерден тапқан дәйім мұратын,
Бар өмірі ірілік пен ерліктерден тұратын,
Сіз, Нұреке – халқымыздың бақыты,
Тәуелсіздік сәулеткері – Ұлы Ақын!.».
Қалллай екен!..
...Бұлайша тере берсем... моншақ көп. Тергенімде ондап қалып қойса, оқасы жоқ, ал біреуі ғана ілінбей қалса, әне, сол ұят! Ұяттан ұйқы безім шошып жүрсе, ол енді... сәпсем ұят.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
Abai.kz