Дүйсенбі, 23 Қыркүйек 2019
Алашорда 3299 0 пікір 10 Шілде, 2015 сағат 18:00

АБАЙДЫ НАСИХАТТАУДА НАУҚАНШЫЛДЫҚТАН АРЫЛА АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ

 

 

Қазақта Абайдан өткен ұлы да, Абайдан өткен ғұлама да, Абайдан өткен дана да, одан өткен ғалым да, ақын да жоқ. Бұрын да, қазiр де. Абай менiң пiрiм, Абай менiң бiрiм!
Бұл менiң жеке пiкiрiм емес. Дүниеден өтiп кеткен небiр ұлыларымыз, қазақ зиялылары Абай десе iшкен асын жерге қойған. Ауыздарының суы құрып айтып, таңданысын жасырмай кеткен.
Зейнет демалысына шыққаннан соң Дiнмұхамет Ахметұлы Қонаев бiр сұхбатында: “Қазiр Абайды қайта оқып жатырмын. Артында өлмейтiн мұра қалдырған неткен дана едi?! Қанша оқысаң да ойдың шым тереңiне тартып отырады”, – дейдi. Дананы Қонаев осылай бағалаған. Ал от ауызды, орақ тiлдi ақын Мұқағали Мақатаев Абайдан қалай нәр алғанын былайша толғайды:
Қуат алып Абайдың тiл-күшiнен,
Жыр жазамын Абайдың үлгiсiмен.
Абай болып табынсам бiр кiсiге,
Абай болып түңiлем бiр кiсiден.
Қазiргi көзi тiрi жүрген классик жазушымыз Мұхтар Мағауин Абай жөнiнде бүй дейдi: “Қазақтың қасиетiн тану – Абайды танудан бас­талмақ. Халқымыздың сөз өнерiн зерделеу – Абай тағылымын бағындырудан басталмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биiгi – халқымыздың көркемдiк ой-танымында ешкiм жетпейтiн заңғар”.
Биылғы жылы Абайдың туғанына 170 жыл толуын тойлағалы отырмыз. Той демекшi, бұған дейiн де Абайдың әлденеше тойы өттi. Той жақсы ғой, бiрақ бiз Абай үшiн не iстедiк, Абайдың қадiрiне жете алып жүрмiз бе? Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас, көптеген шаруалар атқарылды. Бiрақ менiң айтпағым ол емес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары айт­қан Абайдың немере iнiсi Шәкәрiм қажының сөзiн еске түсiрейiкшi: “Ибраһим (Абай Құнанбаев) мырзаның тұрағы қазақ iшi болғандықтан, қадiрi азырақ бiлiндi. Олай болмағанда бұл данышпан, ғұлама, философ едi. Қор елде туды да, қор болып өттi” – дейдi. Бұл не деген сөз? Абайды маңайында жүрген өз қазағы ұқпады. Асыл сөздерiн қаперiне алмады. Айтқан ақылын аяқасты еттi. Шынтуайтына келгенде, Абай өз ортасынан (қоғамнан) ақыл-ойы жағынан қол жетпестей шығандап алысқа шырқап кеттi. Мыңдаған жылдарға алға озып кеттi десем, артық айтқаным емес. Ал сол кездегi қазағы мешеу, надан кейпiнде қалып қойды. Абайды ұғынуға, түсiнуге олардың өрелерi, бiлiмдерi жетпедi. Абайдың “Сөзiн ұғар адам жоқ болып, бақсының моласындай жалғыз қа­луының” сыры содан. Өмiрден зарлап өттi. Ал бiз болсақ әлi де сол Абай өмiр сүрген орта деңгейiнен онша ұзай қойған жоқпыз. Бiрен-саран адам болмаса Абайды оқып, түсiнiп, бойына дарытып жүрген адам шамалы. Кейiнгi кездерi Абай туралы насихат азайып кеттi. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы тойланып өттi де, осыдан соң Абайды жым-жылас жауып қойдық. Ендi, мiне, 170 жылдығына орай ептеп қозғала бастаған сияқтымыз. Абайды насихаттауда әлi де болса науқаншылдықтан арыла алмай келемiз.
Менiңше, Абайды насихаттауды мектеп қабырғасынан бастаған жөн.
Абайды бiрiншi сыныптан бастап он бiрiншi сыныпқа дейiн үздiксiз, үзiлiссiз оқыту керек. Сонда бiз Абайды баланың бойына сiңiре аламыз. Кезiнде Мұхтар Әуезов КазГУ-де жұмыс iстегенде студенттерге арнайы “Абайтану” пәнiнен дәрiс оқыған. Бұл Абайды насихаттаудың тамаша үлгiсi едi.
Абайды айтқанда тiл мәселесiне соқпай кетуге әсте болмайды. Өйткенi қазақ тiлi – Абай тiлi, Абай тiлi – қазақтың тiлi, бiр-бiрiнен ажырағасыз. Абайды ең алдымен түпнұсқа тiлде, яки қазақ тiлiнде насихаттау лазым. Абайды бiлмей қазақ болу мүмкiн емес.
Тiлдi айтқанда, мына жайтты да қозғай кеткен жөн сияқты. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi қарата орыстiлдiлердiң қазақ тiлiне қарсы күресi бiр сәт те толастаған емес. Өз басым қазақ тiлiне жасалған қысастықты қылмыс деп есептеймiн. Өйткенi Конституцияда: “Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл” – деп жазылған. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл болғанына жиырма жылдан асса да мелшиiп, былқ етпей отырған үкiмет әлi күнге дейiн арнайы заң қабылдай алмай келедi. Осыны пайдаланған орыстiлдiлер қазақ тiлiне шабуылын үдетiп келедi. Қазiр жаппай орысша сөйлеу желдi күнгi өрттей қаулап барады. Осындайда бабаларымыздың: “Заңың жақсы болса жердiң үстi жақсы, заңың жаман болса жердiң асты жақсы” деген сөзi ойға оралады.
Осыған қарамастан Абай әлi де биiк. Абайдың тереңдiгi сол, оны зерттеуге бүкiл ғұмырын сарп еткен Мұхтар Әуезов те тұңғиығына жете алмай кеттi. Одан кейiнгi Абайды зерттеген ғалымдар Қайым Мұхаметханов, Төкен Ибрагимовтер де шыңына шыға алмады. Өз басым Абайды осыдан екi мың жыл бұрын өмiр сүрген Қытай ғұламасы Конфуциймен ғана шендес­тiрер едiм. Абай да соның қатарында тұруы тиiс. Абайдың iлiм-бiлiмi, оның ғақлиялары, қара сөздерi соған әбден лайық. Қазақ бар жерде Абай мәңгiлiк!
Сөз орайы келгенде, айта кету орынды, Абайдың “Жаз” деген өлеңiн орыс тiлiне П.Шубин деген бiреу аударыпты. Өлеңге талдау жасамай-ақ, соңғы төрт жолын ғана келтiрейiн:
Жизнь прошла, не вернешь назад;
Байским шуткам издалека
Вторит старческим смехом он.
Только бай к его смехам глух...
Абайда бұл жолдар мүлде басқаша:
Қолдан келер қайран жоқ
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледi,
Қошемет қылып қарқылдап.
Осындағы төрт жол аудармада Шубин “бай” деген сөздi екi рет қолданған, ал Абайда мұның бiрде-бiрi жоқ. “Байғұсты” “бай” деп ұғып, лағып кеткен. Әйтеуiр, қазақ байды тәуiр көрмеушi едi деген болу керек, бейшара “байға” қамшыны баса берген.
Абай оңай шағылатын жаңғақ емес, анау-мынауды бойына дарыта бермейдi, Абайды аудару үшiн аудармашының бiлiм деңгейi, ой-өрiсi Абаймен шамалас болсын. Бұл жерде қазақ, орыс тiлдерiн беске бiлу жеткiлiксiз, ол үшiн ғалым болу керек. Осы бiр кереғарлықты тұңғыш рет тап басып, алғаш аңғарған адам ақын Шәкiр Әбенов едi. Бiреу Шәкеңнен “Абай туралы неге дастан жазбайсыз?” – деп сұраған екен. Сонда Шәкең: “Жаздым. Жазғанда қандай! Артынан оқып едiм, өзiме ұнамады, жыртып-жыртып тастадым. Көп уақыт өткен соң тағы бiр дастан жаздым. Оны да ұнатпай отқа тастай салдым. Әй, шырағым, Абай туралы жазу үшiн бiлiмiң Абайдан артық болсын, ең кұрығанда онымен деңгейлес болсын. Сонда ғана Абай туралы жаза аласың, басқасы құр әуре”.
Абайды орыс тiлiне аудару үшiн Жазушылар одағы жанынан арнайы комиссия құрған жөн. Ол комиссия Абайды аударатын үмiткерлерге конкурс жарияласын. Оның талабы мейлiнше қатал, аударушылардың бiлiм дәрежесi – қазақ орыс тiлдерiне бiрдей жүйрiк филологтар таңдап алынсын, ғылыми атағы да ескерiлсiн. Абай орыс тiлiне шала-шарпы аударылғандықтан бiзде тұратын басқа ұлттардың өкiлдерi де Абайды жете бiлiп, танымай жатыр.
Ратбек Арынұлы,
зейнеткер
Көкпектi ауданы
Шығыс Қазақстан облысы
Жасалаш газеті
0 пікір