"АЗАТ" ҚОЗҒАЛЫСЫНА - 25 ЖЫЛ
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ «АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ
«АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫ – ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ» АТТЫ ШАРАҒА ҚАТЫСҚАН ҚОЗҒАЛЫС АРДАГЕРЛЕРІНІҢ
М Ә Л І М Д Е М Е С І
ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың ұжымдасу көрінісі болған екі құбылыс бар. Оның бірі: ғасырдың бас кезіндегі патшалық Ресей қоғамының білімін бойларына сіңіріп, өзегін ел егемендігі өртеген, ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы; екіншісі: ғасырдың соңында қарапайым бұқараның азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы. Бұл екеуінің де мақсаты – Қазақ Елін азаттыққа жеткізуге зор ұмтылыс болғанымен, тарихи мұраты екі басқа еді: «Алаш» - азаттық жолындағы қазақ халқының элиталық саяси тұлғасы болса, «Азат» - халықтық қозғалыстың саяси сипатына айналған Тәуелсіздік жолындағы нақтылы әрекеттің үлгісі болды.
«Алашты» ұлттың ат төбеліндей алдыңғы қатарлы тобы құрса, «Азат» қалың бұқараның қолдауымен дүниеге келді. Алғашқысы – ұлттық ақыл-ой мен күш-қайраттың жұмылу көрінісі болса, соңғысы – халықтың ұлт болып қалыптасқан жігерінің көрінісін әйгіледі. Сондықтан да «Алаш» халық арасында саяси-ағарту қызметі мен мемлекет құру идеясын ту етсе, «Азат» Тәуелсіздікті жүзеге асыру мұратына қол жеткізуге тікелей араласты.
2015 жылы 30 маусымда Қазақ азаттығының жаңа тарихынан ойып орын алатын Қазақстанның Азаматтық «АЗАТ» қозғалысының құрылғанына 25 жыл толды. Бұл қозғалыс – қазақ халқының алашордалық саяси қозғалысынан кейінгі бүкілхалықтық сипат алған ХХ ғасырдағы саяси белсенімнің айқын көрінісі еді. Ғасыр соңындағы Ұлттың саяси Азаттыққа деген сұранысын танытқан ұйым еді. «Азат» қозғалысы билік үшін емес, ең әуелі Азаттық үшін күресті. «Азат» қозғалысы – «қазақ халқына Тәуелсіздік аспаннан түсті» деген қағиданы жоққа шығаратын бірден-бір тарихи дәйек.
Алаш азаттығы жолында құрылған «Азат» қозғалысының қаншалықты тарихи құны бар десек, ол былайша сипатталады:
1. Қозғалыс ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұйымының ғасыр соңындағы сабақтас сипаты болды, қазақ халқының АЗАТТЫҒЫН ғана емес, Қазақстанда ұлттық мемлекет құру қажеттігін де тайсалмастан күн тәртібіне қойған және сол жолдағы бүкілқазақстандық бірден-бір саяси ұйым түрінде қалыптасты;
2. «Азат» қозғалысының халықтық сипатын осы ұйымның негізі болып қаланған өңірлік ұйымдар: маңғыстаулық «Парасат» ұйымы, шымкенттік «Бетбұрыс», «Алаш» партиясының Орал облыстық бөлімі, ақтөбелік «Жем» антиядролық тобы мен «Алдаспан» қоғамдық-саяси бірлестігі, ақмолалық «Тіл және Мәдениет» ұйымы, жезқазғандық – «Ұлытау» қозғалысы, Шалқар аудандық «Жұмысшылар қозғалысы», Арал аудандық «Тамшы» т.б. көрсетті;
3. «Азат» қозғалысы Қазақстанның тәуелсіздігіне алғышарт жасаған және ел тәуелсіздігіне қарсы келген күштерді (Жаңаөзен-1989, Орал-1991, ГКЧП-1991, т.б.) ауыздықтауға күш салған қоғамдық-саяси факторға айналды; ел егемендігі жарияланбас бұрын Семей ядролық полигонын жабуды күн тәртібіне қойып, бұқараны жұмылдыру арқылы кеңестік Қазақстан басшылығының нақты шешім қабылдауына түрткі болды; бұл шешімнің Совет одағы билігінің шешімін тәуелсіздік алып үлгермеген Қазақстан басшылығының қолымен қабылдануы – жаһандық ауқымдағы ұлы тарихи құбылыс әрі прецедент; Тәуелсіздік қарсаңында қазақтілді мектеп пен бала-бақша ашу, басшылықта ұлттық кадрларды көбейту, шетелдегі қазақ жұртшылығын елге қайтару, шынайы демократиялық сайлау жүйесін жасау, ономастика мәселелері т.б. секілді жас мемлекетті қалыптастыру факторларын жасақтауға тікелей қатысты;
4. Қозғалыс Қазақстанды Ресейге тәуелді аумақ мәртебесінен шығарып, шынайы тәуелсіздікке лайықты саяси нысан ретінде әйгіледі: 1991 жылғы Оралдағы Қыркүйек оқиғасы бұдан былай Қазақстанның өз аумағына ие болатындай, оны қорғайтындай және оның азаттығын талап ететін халықтың атынан «Азат» қозғалысы әрекет етті - дефакто Қазақ елі бар екенін әйгіледі.
5. Қозғалыс өзінің 25 жылдық мерзімінде қарапайым бұқара арасынан ұлтшыл саяси элитаның (С.Ақатай, М. Есенәлиев, С.Шапағатов, Б. Дәрімбет т.б.) негізін қалады, ұлттың саяси және зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, ұлттық-демократиялық толыққанды, мүшелері мен жақтастары бір миллион электоратты қамтып ықпалды ұйымға айналып үлгерді.
6. «Азат» - Қазақстанда демократиялық үрдістердің туын алғаш көтерді, тұңғыш демократия бастауында тұрды және өз әлеуетіне сай ұлттық демократияны іс жүзіне асыра білді: бірнеше Жоғарғы Кеңес депутаты мен жергілікті өкілдік билікке ондаған депутаттар мен әкімдерін шынайы сайлау арқылы тағайындады.
7. «Азат» қозғалысы Тәуелсіз Қазақстан рәміздерінің негізін қалады: бүгінгі мемлекеттік Тудың көгілдір бояуы - «Азат» қозғалысының жалауына тән түс болатын; бүгінгі мемлекеттік Әнұран («Менің Қазақстаным») Семей полигонын жабу кезінде де, Орал оқиғасында да, Қозғалыстың барлық шараларында салтанатпен шырқалған болатын; Астананы Ақмолаға көшіру мәселесі де – Орал оқиғасына қатысты сепаратизм қатерінен азаттықтар күн тәртібіне қойған мәселенің өзектісі болатын.
8. «Азат» қозғалысы – Қазақстанның егемен болуға қажетті алғышарт қалыптастырудағы ұйытқы болған саяси маңызды фактордың бірі.
Қорыта келгенде, «Азат» қозғалысының 25 жылдығы – Азаттық жолындағы саяси күрестің 25 жылдығы. «Азат» қозғалысы – Алаш азаттығының қарлығашы!
***
«Азат» қозғалысының 25 жылдығына арналған қоғамдық шараға қатысушылар, егемен елдің азаматы тұрғысынан мына жайтты ерекше атап өтеді. Өкініштісі сол: «Азат» қозғалысы қалыптастырған, түзген ұлттық әлеует пен іс-тәжірибе Тәуелсіз Қазақстан пайдасына жаратылмай, тіпті, қасқана ескерілмей келеді. Жас ұрпақ пен қоғамға пайдалы және Атазаңда көрсетілген демократиялық мемлекет құру мұраты жолында пайдаға асатын «Азат» ұйымының тарихи һәм саяси құндылығы мүлдем зерттеліп-зерделенбей отыр. Киелі Тәуелсіздіктің осынау мерейлі кезеңдерінде Қозғалыс ардагерлері барлық деңгейде қағажу көріп, ақиқат шындықты зерде мен тарихтан өшіру пиғылы байқалуда.
Көптеген жылдар бойы елдің егемендігі үшін қымбат уақытын сарп етіп, тіпті, Ұлттық Ұлы мұрат жолына бар ғұмырын арнаған жүздеген тұлғалардың есімдері ел тарихынан сызып тасталды. Бүгінде Алашорда қайраткерлері мен «Азаттық» тұлғаларды қоғамда насихаттау, игі істерін жас ұрпаққа өнеге ету жоққа тән. «Азаттың» жоғарыда аталған тарихи маңызы ұмыттырылып, Қозғалыстың аты жалған ұйымдарға телінумен мансұқ етілуде. «Азат» қозғалысының ұлтжанды мүшелері - бір сәттік науқанға немесе оқиғаға қатысушы емес, әлбетте, елдің азаттығы мен тұтастығына, бейбітшілігіне жанқиярлық еткен, бүгінгі жарқын өмірдің бастауын қалаған, осы жолға өмірлерін арнаған Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары болып табылады.
«Азат» қозғалысының ардагерлері Қозғалыс құжаттарында көрсетілген қазақ ұлтын дамытуға бағытталған ізгі мұраттарға қол жетпегеніне өкінішпен назар аударады. Соңғы 25 жылда қазақ тілінің, ұлттық руханият пен әлеуметтік ахуалдың Тәуелсіз елге тән сипатта жүзеге аспай отырғанын ашыныспен атап өтеді. Елдегі қалыптасқан жабайы да безбүйрек капитализм мен әсіре әлеуметтік теңсіздік Азаттық идеясын тәрк ететін сыңайы бар.
«Азат» қозғалысы мақсат еткен елдегі орта таптың дамуы, Ұлттық ресурстың әділ бөлінуіне негізделген нарықтық экономика мен ұлттық құндылықтарға негізделген демократияның қалыптасуы қолға алынбай келеді. Біз, бұлардың орнын елді апаттық жағдайға душар етер сыбайлас жемқорлық жүйенің, парақорлық пен масылдық сананың басқанын наразылықпен мәлімдейміз.
Бүгінгі Қазақстан билігін елдегі қалыптасқан құқықтық әділетсіздікті, әсіре теңсіздікті, қисынсыз сипаттағы бейұлттық және солқылдақ әлеуметтік саясатты тез арада жойып, мемлекеттік Ұлы мұраттар мен Ұлттық құндылықтарға басымдық беруге шақырамыз. Қажет болса, өзекті мәселеге тікелей араласуды азаматтық парызымыз санаймыз.
«Азат» қозғалысының ардагерлері.
Астана.
12.06.2015.
Abai.kz