ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОСМОПОЛИТИЗМ МЕН НИГИЛИЗМ
Бүгін жаһандану төңірегінде екі ұдай пікір қалыптасып отыр. Ұлттық интеллигенцияның бір тобы, олар көп емес, әсіресе кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлттық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық мүддені жоғары бағалайтындар, оларды, шүкір, бүгін басымдық топ деуге болар. Бұл екіге жарылу Батыста да, Шығыста да, біздің Қазақстанда да бар. Космополиттер-жаһандану, ұлттан алыстау-бүгін прогреске жетудің жалғыз жолы деп есептейді. Өз қарсыластарын надан, тар шеңберде ойлайтындар деп сынайды.Осы күрделі де қайшылықты мәселе төңірегінде белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменовтың космополиттік, нигилистік позициясы назар аудартады.
О.Сүлейменов діни, ұлттық сана адамзатты жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды, өзара сыйластыққа, парасатқа бейімдемейді дейді. Адам-Ата мен Хау-Ана ұрпағы бір халыққа біріккен де ғана ізгілік жолына түседі деп түйеді.
«... на свете есть более пяти тысячи этносов, народов, племен-и каждый этнос обладает национальным, религиозным сознанием-и все эти обособленные мирощущения в той иной степени изолируют этносы друг от друга, и сегодняшнее человечество-это собрание племен с изолирующими сознаниями».
Ұлттық, діни қауымдастықтар алыс-беріске, байланысқа қарсы емес,тек мәдениет, экономика, саясат саласында үстемдікке қарсы. О.Сүлейменов Еуроодақ елдерінің американдық киноларға шек қоятынын жақсы біледі. Әсіресе, француздар американдық, басқа да шет ел музыкасына, әртістердің ағылып келуіне, оларға ұлттық өнер иелерінен артық еңбекақы төлеуге, шет елдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгілеуде. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу, еуропалықтар айтқандай, оны қаржылай қолдау деген сөз. Сондай-ақ кино, театр ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді. Бұл жаһандануға қарсылық емес, ұлттық құндылықты қорғау.
«Космополиттік мемлекет», «космополиттік ұлт» идеялары «Ғалам азаматы» идеясына ұласады. Олжас Омарович былай дейді: «Супер-народ-Гомо Сапиенс, человек разумный. Это нация будущего, которую я приемлю, гражданином которой смею себя считать».
Сөз жоқ, әр адам адамзаттың өкілі, өз елінің азаматы, өз ұлтының перзенті. Ұлттардың мәні жойылып, тәуелсіздіктің кескін-келбеті бұлдырай бастады деушілер бүгін «аяғым қайда болса, отаным сонда» дейтін болды.
Космполиттік ұстаным бірте-бірте ұлттық нигилизмге ұласатыны белгілі. Олжас Омаровичте тәуелсіздікке менсінбей қарайды:
«Надо забыть слова «зависимость» и «независимость», пора переходить к осознанной взаимозависимости»,-дейді ол. Глобализм заманында ұлттық мемлекет тағдырына алаңдау орынсыз деген ой айтылады.
Кейде Олжас Омарович өзара қарым-қатынасқа тек қазақтар мүдделі дегендей ой айтады: «Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7мың километрге созылып жатқан ресми ортақ шекарамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола аламыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз?». Дұрыс, адам күні адаммен, мемлекет күні басқа мемлекеттермен. Бірақ тек қазақ сол мемлекеттерге тәуелді емес, Ресей, Қытай, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжанның да күндері бізге түсіп тұр. Сондықтан да бүгінгі заманды өзара тәуелділік заманы дейміз.
О.Сүлейменов: «Әзірше бізді ұстап тұрған Төртінші жүз. Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақстан халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек» - дейді
Қазақтарға төрешілдігін айтатын, керіскендерін келістіретін төртінші жүз-қазақтар емес деген ой өзінен-өзі туады.
Бұл мәселеде әлеуметтану зерттеулеріне жүгінейік. Еліміздегі қазақтар мен басқа этникалық топтардың бағыт - бағдарлары әртүрлі. Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мынаны көрсетеді. «Сіз өз балаларыңыздың болашағын қазақ халқының ертеңімен байланыстырасыз ба?»- деген сауалға қазақтардың 96,9%, орыстардың 53,5%, басқа диаспоралардың 78,5% «ия»- деп жауап беріпті.
Қазақстандағы диаспоралардың бастарын қосатын қазақтар ғана екені бұл сауалдан да көрініп тұр. Сондықтанда тәуелсіздікпен бірге қазақ ұлтының мәселелері түгел шешілгендей, Олжас Омарович енді басқа ұлттарды қазақтардан қорғауды, әсіресе, орыс тілін қолдауды мақсат етеді: «Но теперь мне приходится отстаивать права, русского языка, доказывая просвещенным невеждам, что этим защищаю казахский народ, нашу государственность». Бұл жерде ол тағы да қазақты тұқыртып, қауіптің көзі деп қарайды. Қазақстан орыс тілі басым мемлекет. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Алексеенко жақында: «Русским в Казахстане комфортнее, чем в России»,-дейді. А.Алексеенко айтуынша, 20 жылдан кейін қазақтар 90% құрайды. Ол заманда да орыс тіліне сұранысты мемлекет қанағаттандыратыны анық.
Олжекең: «В Афганистане нет национального самосознания. У них есть племенное сознание. Они союз племен до сих пор. В этом смысле мы ближе к Афганистану и Ираку, чем к Франции. Сейчас мы обьединяемся, как казахи, только когда рядом есть другие национальности». Бізді қазақ етіп жүрген баяғы төртінші жүз туралы әңгіме қайталанады.
Бірақ осыдан 550жыл бұрын қазақ хандығын құрған халықты біріктірген рулық, жүздік психология емес, ел боламыз деген биік мерей, бытыраңқылық емес, бірлікті, тұтастықты мұрат еткен ұлттық сана.
Олжас Омарович қазақтарға өкпелі: «напрочь отказывают в патриотизме мне. Только потому, что я люблю русский язык, литературу».
Ұлты қазақ-орыс тілінде жазатын ақын, жазушылар бар, оларды қазақ елі сыйлайды. О.Сүлейменовты космополиттік, нигилистік позициясы үшін сынға алады.
О.Сүлейменов сияқты тұлғаның шығармаларын тек оның космополизм мен нигилизмге ғана саюға болмайды. Бірақ миллиондаған тиражбен шығатын ондаған орыс газеттерінде жариялап қазақты кемсіткен мақалаларына жауап бермеу, онымен келіскенмен бірдей болар еді.
А.Айталы –
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің профессоры.
Abai.kz