Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6144 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 16:30

КУЛАГИННІҢ ҰЛЫ ЖАҚСЫБЕКОВКЕ НЕСІМЕН ЖАҚТЫ?

Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков  мырза «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының активтеріне  жаңа әкімдерді таныстырды. Бұл туралы abai.kz сайты Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.


Астана қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының жаңа әкімдері қызметіне ұсынылған Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев пен Павел Сергеевич Кулагиннің кандидатураларын бірауыздан қолдады.

Ал қала әкімі Әділбек Жақсыбеков жаңа тағайындалған  екі әкім де еңбек жолында өздерін жақсы жағынан көрсете білген, түрлі лауазымдарды атқаруда тәжірибелері мол екендігін айтты.

Айта кетейік, Ермағанбет Бөлекпаев бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жүйесінде, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында Агенттіктің аумақтық басқармаларында басшы, Астана қаласы Тәртіптік кеңесінің төрағасы қызметтерінде болған.

Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагиннің ұлы Павел Кулагин бұған дейін Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, «Алматы» ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

Естеріңізде болса, 2013 жылы еліміздегі ең жас әкім болып күтпеген жерден Павел Кулагин (Астана қаласына қарасты «Алматы» ауданына) тағайындалған еді. Отызға толмай жатып осы лауазымға қайта ұсынылған Павел Кулагиннің өмірбаяны жұтаң. Мәскеуде жоғары білім алған. Еңбек жолын Қостанай облысындағы экономика және бюджетті жоспарлау департаментінен бастапты. Кейін бас шаһарға қоныс аударып жергілікті әкімдікте қызмет атқарған. Содан мансабы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп, Астанадағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары болды. Енді Жақсыбеков мырзаға жақсы қырынан танылып, Алматы ауданына жетекшілік етпек. Жас шенеунікті аса жауапты лауазымға тағайындаған Астананың әкімі Жақсыбеков Кулагиннің ұлына үлкен үміт артып отырғанға ұқсайды. 

Жә, дейсіздер ғой. Сергей Кулагиннің өзі ертеректе ұлы Павелдің мансабы туралы қойылған сұраққа ақтарыла жауап берген-ді (http://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kulagin-memlekettk-kyizmetteg-ulyina-katyistyi-oyyin-ayttyi-259059/).

"Сіздер "сіз қанша жаста әкім болдыңыз?" деп сұраңыздар. Мен 26-27 жаста кеңшар директоры болдым, мен шошқа бағатын сауыншы әйелдің баласымын, отбасында үшеуміз, әкеміз жоқ, мен ең кенже баламын. Үшеуміз де оқыдық, шаруашылықтарды басқардық, кейін мен жылдам көтеріліп, ол кезде ағам да аудан басшысы болатын, мен облысты басқарып, ағамды жұмысынан шығардым. Сіздіңше ерте ме? Қазір талдау жасап, қарап көріңіз, 26 жастағылар жоқ па екен? Әлде Кулагинді ғана көріп қалдыңыз ба?", - дейді Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин.

Түйін: Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ханым, өзінің ұлы мен келінін қызметке алғаны үшін басы даудан арылмай, ақырында отбасымен қызметтен кету туралы шешімге келгендігі туралы қазақстандық БАҚ аз жазбады. Десе де Кулагин мырзаның құрығы Нұрқатоваға қарағанда ұзын болса керек.  Әйтпесе жасы отызға да толмай жатып Тасмағамбетов таққа отырғызып, саяси мансап берген Павел Сергеевичті осыншама әспеттердей жас әкім Жақсыбеков мырзаға несімен жағуы мүмкін? Павелдің потенциалы қандай? Астананың бір ауданын өркендету үшін ол не істей алады? Осыған дейін Павелдің пәрмен салып істеген қандай шаруасын білеміз? Бұл сұрақтарға алдағы уақыттарда жауап табыла жатар... Ал әзірге білетініміз әкімнің ұлы әкім болып тағайындалды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5267