ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙТІН ӘКІМ
«Әліп» деген араб тілінде «А» деген әріп қой. Ұзын таяқ сияқты. Соны жаттай алмаған балаларға молда: «Әліпті таяқ деп білмейсің», деп ашуланатын болса керек. Әрине, әкімдерге әліпті білу міндет емес. Бірақ, әкім де күнделікті атқарып жүрген тірліктерін әліпті жаттағаннан кем көрмеуі керек. Яғни, жұмыс істеп, тірліктің бел ортасында жүрген әкімдер әр саланың көрсеткішін көбейту кестесіндей жатқа біледі. Ал, тиіп-қашып жұмыс істеген әкімдер әр цифрдан бір жаңылысып, өзін де, өзгені де шатастырып бітеді.
Соңғы кездері Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аудандарды аралап, шаруамен танысу кезінде бірқатар басшыларға сұрақ қойса, жауап таппай, күмілжіп қалатындар қатары жиі кездесіп жүр. Әлде үлкен әкімнің мысы баса ма, сұсынан сескене ме, әйтеуір, лезде цифрлардан шатасып, айдалаға лағып кетеді. Қайта облыс әкімі ол ауданның көрсеткіштерін жатқа біледі. Облыс әкімі аудан әкімдерінің ауыздарына сөз салып, қолмен қойғандай етіп көрсетіп береді.
Жақында облыстық әкімдікте 9 айдың қорытындысы бойынша өткен жиында Талас ауданының әкімі Болат Рысмендидің тірлігі тіптен, қарын ашырды. Аудан әкімі бұл жиында есеп беретінін алдын-ала білді. Ендеше, тас-түйін дайындықпен келуі керек қой. Жоқ, Болат Қанатбайұлы аудан орталығы Қаратаудан Таразға жеткенше қызметтік көлігінің ішінде қағаздарына асығыс қарай салған сияқты. «Амангелді Газ» ЖШС өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Талас ауданының аумағында орналасқан. Енді, міне, Талас ауданының әкімі Болат Рысменди осы өндіріс орнының қалай жұмыс істеп жатқанын, биыл қанша өнім өндіргенін білмейді. Облыс әкімі сұрады, айта алмады. Аудандағы жұмыссыздық мәселесін сұрады. Қолындағы қағазын әрі-бері ақтарған аудан әкімі қажетті цифрларды таба алмай, ақырында мардымды жауап бере алмады. Басқа да салалар бойынша сұрақтар қойды. Қағаздарын парақтаған әкім бірде-бір дұрыс жауап қатпады. Қайта облыс әкімі Таластың тірліктерін тізіп айтып шықты. «Амангелді Газ» ЖШС жылына жалпы көлемі 354 миллион текше метр газ өндіреді. Негізгі жоспар бойынша 400 миллион текше метр газ өндіру керек еді. Талас ауданында 2048 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, соның 1852-сі жұмыспен қамтылған. Яғни, бұл бағдарлама 91,7 пайызға орындалды.
Осыдан кейін әліпті таяқ деп білмейтін әкімдер де бар екен ғой деген ойға қалатының анық. Қаржылық дағдарыс кезінде қамшы салдырмай, білек түріп жұмыс істеуі тиіс әкімдер өзі басшылық етіп отырған аудандағы ірі өндіріс орнының тыныс-тіршілігінен бейхабар қалғаны, жұмыссыздардың санын білмеуі, әрине, ұят тірлік. Болат Рысменди бұған дейін бір емес, бірнеше ауданды басқарған тәжірибелі-ақ басшы еді. Амангелдіде қанша газ өндірілетінін білмейтін әкім айтпақшы, осы қызметіне «ҚазТрансГаз»-дан келген болатын. Ендеше, осындай қиын кезеңде көрсеткішін жаттай алмай, кімге еркелеп жүр? Түн жарымда шырт ұйқысынан оятып жіберсең, көзін уқалап жіберіп, сайрап тұруы тиіс емес пе?
Оралхан Дәуіт
"Егемен Қазақстан" газеті