БЕНЕФИС ШОУ: ТЕК ӘНШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН БА?
Бенефис (bénéfice) - француз сөзі. Негізгі мағынасы- «елге танымал болған, өзінің айтар ойы бар тұлғаға арналған қойылым». «Бенефис» өткізу Батыста басталғанымен, қазір оны басқа елдер де кеңінен пайдаланады. Мысалы, көрші Ресей елінде Илья Иванховтың «Бенефис» бағдарламасына танымал рок-музыкант Майк Найменко, композитор Евгений Броневицкий сынды еңбегі сіңген тұлғалар келеді. Қалай ән жазып, алғашқы кейіпкерлерін сомдағандағы қызықтары мен қиыншылықтарын әңгіме етеді. Қонақтың бар болмысын ашу үшін бағдарламаға жанкүйерлері қоңырау шалып, сұрақ қояды. Одан қала берді, әріптестері кейіпкер жайлы естеліктері мен ерекшеліктерін айтады. Өнерінен қысқаша үзінділер көрсетіліп, талқыланады. Ең бастысы «бенефис» сахнада жүрген өнер иелерінің айтулы мерейтойларына арналып ұйымдастырылады. Көрерменнің де мұндай бенефистен алар тағылымы көп болады.
Ал, бізде ше? Қазақ телекеңістігіндегі бағдарламалардың басты идеясы көбіне шет елден алынатыны белгілі. Өкінішке қарай, барлығы дерлік сәтсіз көшірме. Сондай бағдарламалардың бірі, біз көріп жүрген «Хабар» арнасындағы « Бенефис-шоу». Алғашқы көрсетілімінен бастап көретініміз әншілердің әншілерді шақырып, шүйіркелесіп отырғаны. Тапқан таянғанын айтып, кімге не сыйлық беріп, кімнен не алғанын сөз қылады. Төрге келіп жайғасып, фонограммамен әндерін бірінен соң бірін айтып кетеді. Сонда аталған бағдарламаның продюсерлері «бенефис» сөзінің мағынасын білмей ме? Олай болса, есте сақтаған дұрыс-ау, «бенефис» тек әншілерге арналмайды! Халыққа еңбегі сіңген, көрермен олардан тағылымды әңгімелер күтетін тұлғаларға арналып, ұйымдастырылады. Біздің «Бенефисте» жастары отызға жетер жетпес, той әндерін ғана айтумен шектеліп жүрген, Ғаділбек Жанай, Төреғали Төреәлі, «КешYou» тобының қыздары сынды әншілер де кездеседі. Қазақ өнеріне үлес қосқан да қонақта, «қосайын деп жүрген де» қонақта. Құдды бір қазақты өзге елге мойындатқандай келіп бір марқаяды десеңізші. Әншілерді былай да ішкен тағамы мен қыдырған жерлеріне дейін халық қастарында жүргендей, инстаграм арқылы біліп отыр ғой.
«Бенефис шоудың» соңғы көрсетілімінде Серік Ибрагимов деген әнші кейіпкер болды. «Жүрдек поезд кетті, саған қолым жетті» деп жүріп, сынға да алынды, әндері де мазаққа айналды. Таланты бар шығар, бірақ «бенефиске» оған әлі ерте сияқты. «Пойыздың соңынан жүгіріп, «жаяу» ентігіп жүрген» баладан қандай тағылымды әңгіме күтеміз? Сонда бізде «бенефис» жасайтын басқа лайықты адам жоқ па? Жақында ғана 80 жасқа толған, халыққа «тақиялы періште» атымен танылған Әбілғазы Райымбеков осындай «бенефис- шоудың» кейіпкері болуға сұранып тұр емес пе? Одан басқа да тұлғалар жетерлік. Әлде, «Хабардың» «Бенефисі» тек әншілерге ғана арналған ба?
Назерке Шарападдин
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінің
3курс студенті
Abai.kz