Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9480 0 пікір 3 Қараша, 2015 сағат 16:16

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: "РЕСЕЙ БІЗГЕ ӨКПЕЛЕМЕСІН"


Қазақстан Президенті Ұлыбританияға ресми іс-сапармен барғаны туралы қазақстандық және британдық БАҚ жарыса жазуда. Астанаға Керри келгеннен кейін Президент Назарбаев өзінің командасын ертіп, Британия премьері Кэмеронмен кездесуге аттанып кеткендегі негізгі мақсаты қандай болды? Қазақстан мен Британия арасындағы байланыстың қаншалықты байланып қалғанын экономикалық тренд тілінде жеткізе алмаспын. Бірақ, бір білетінім – Ақордада отырған лауазымды шенеуніктердің барлығына жуығы өз балаларын Тұманды Альбион елінде оқытатыны аян. Ендеше, біздің бүгінгі билік басқарған еліміз ҰБ-дан соншалықты қашық кетті деп айта алмайтынымыз рас.

Соңғы екі айдың ішінде, Қытай төрағасы Си Цзинпин бастап, Ресей Президенті Владимир Путин, Жапония премьері Синдзо Абэ, АҚШ бас хатшысы Джон Керридің өзі келуіне қарағанда Қазақстан Орталық Азиядағы геосаяси айқастың негізгі ойыншысы екені түсінікті.

Сонымен Президенттің Кэмеронмен кездесуі  геосаяси картада нені өзгерттіі? Бұл жолы қандай келісімдерге қол қойылды? Тағы қанша инвестицияға тарттық?

Кэмерон мен Назарбаев кездесуі Лондондағы әйгілі Даунинг стрит, №10 үйде өтті. Бұл премьер-министр Давид Кэмерон тұратын резиденция. 200 жылдан бері түрлі саяси тұлғаларды, президенттер мен құрметті қонақтарды қабылдайдың әйгілі қара есікке Президент Нұрсұлтан Назарбаев та кіріп шықты. Жабық есік түрінде өткен кездесу Қазақстан үшін оның жаһандық саясаттағы рөлінің маңыздылығын айқындап берген болса керек-ті. Әлем қазір Қазақстанды бақылауда. Сириядағы жанжалдар мен Украинадағы және Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысты Қазақстанның позициясы әлем мемлекеттерін алаңдатып отығаны рас. Олар Қазақстанның Ресей ығына жығылып кетпеуіне алаңдайтыны сөзсіз. Тіпті, соңғы екі айда Қазақстан альтернативті позиция ұстануы үшін  кез келген кепіл түрін де ұсынуға даяр екенін аңғардық.

Сонымен, Кэмеронның арнайы шақыртуымен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты кездесулердің сәтті өткенін бифинг барысында мәлімдеді.

  1. Осы жолы 12 миллиард доллардың инвестициясына қол қойылған.
  2. Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 500-ден астам компания британ капиталы арқылы жұмыс жүргізуде. Қосымша 5 миллиард доллардың келісімі британ бизнесмендерімен кездесу кезінде қарастырылған. Олар аграрлық сала, көлік құрылысы, медицина, фармацевтика және т.б. салаларға қызығушылық білдіріп отыр.
  3. Бариятаниялық әуе компаниясымен келісімге қол қойылған. Енді Қазақстан мен Ұлыбритания арасында күн сайын қатынайтын әуе рейсі ашылады.
  4. Сонымен қатар, Біріккен Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысатынын мәлімдеді.
  5. Сондай-ақ, Президент Назарбаев Давид Кэмеронға I-ші дәрежелі «Достық» орденін тақты.

Елбасының Бриятанияға сапары барысында есте қалған маңызды сөзін ұсынуды жөн көрдік.

Н.Назарбаев, Қазақстан Президенті:

Қазақстан Еуропаға Ресейден де жақындай түсті. Біздің досымыз Ресей бұған өкпелемесін. Біз Лондонда олардың мәселесін шешуге келген жоқпыз. Мен айтып-айтып болдым. Санкция ешкімге опа әкелмейді. Экономиканың, саясаттың басқа жолдарын қарау керек, бүгін. Санкция Ресейге де, Еуропаға да, бізге де жақсылық бермейді

Елбасының ҰБ-ға сапарын біз осылай топшыладық. Ал бұл туралы қазақстандық саясаткерлер  мен қоғам белсенділері не дейді?

Расул Жұмалы, саясаткер:

– Елбасының Ұлыбританияға ресми іс-сапары туралы кеңірек айтуға болады. Ұлыбритания өз кезегінде үлкен жетілікке, үлкен жиырмалыққа кіретін алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Сонымен қатар, Ұлыбритания БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне мүше 5 мемлекеттің бірі.  Ол да өз кезегінде Орталық Азия мен Қазақстанға державалық саясат жүргізуге мүдделі екені рас. Сондықтан да Британия Қазақстанның батыс аймақтарында ірі инвестициялар аударып отыр. Бұл да сонау 90-жылдардың басынан келе жатқан көрініс. Ең біріншіден Ұлыбритания үшін осы аймақтағы геосаяси жағдайды өзгеріссіз сақтап қалу маңызды. Яғни мемлекеттердің жойылып кетпеуі, Қытай мен Ресей сынды алпауыттардың ығына жығылып кетпеу т.б.  Айта кететіні, Қазақстан мен Ұлыбритания арасында қарым-қатынас бұрыннан бері жалғасып келеді. Осының алдында екі жыл бұрын премьер-министрі Кэмерон мырза Қазақстанға келіп бірнеше келісімдерге қол қойылған. Сол кездегі кездесулердегі негізгі мәселе екі жақты экономикалық, қауіпсіздік мәселелеріне арналғанын білеміз. Яғни, британ компанияларының көлемін – Қазақстанда арттыру. Тек екі жақты кездесулерде ғана емес, ірі-ірі халықаралық жиындарда екі елдің басшылары кездесіп, кеңесіп тұрады. Президенттің бұл сапары алдын-ала жоспарланған. Ал Лондондағы келіссөздерге әлемде орын алып жатқан соңғы саяси оқиғалар арқау болатыны сөзсіз. Ал осы жолғы кездесуде аймағымыздағы, көрші мемлекеттерде орын алып жатқан геосаяси жағдайларды талқылануы тиіс. Мысалы, Ресейдің әскери қысымы, Ресей мен Батыс арасындағы теке-тірес, Сириядағы жанжалдар,  Украинадағы ахуалдар мен Ауғаныстандағы жағдайлардың шиеленісуі. Осыған қатысты әлем мемлекеттерінің көз тігіп отырғаны –   Қазақстанның осы жердегі рөлі қандай болмақ? Қазақстан қай жақты қолдап шығуы ықтимал? Әрине, Қазақстанды және аймақтағы басқа мемлекеттерді өзіне тартуға ниеттеніп отырғаны рас. Сондықтан, соңғы бір-екі айдың ішінде Қазақстанға ірі-ірі мемлекет басшыларының көптеп келуі, Путиннің, Абэнің, Керридің сапарларының астарында Қазақстанның рөлін айқындау, мейлінше өзіне тарту болып отырғаны сөзсіз. Оның үстіне, соңғы аптада Ресейдің Орталық Азияға, ТМД мемлекеттеріне қысымы күшейіп бара жатқаны алаңдатады.  Қазақстанның Украина мен Сириядағы жанжалдарға қатысты Ресейді қолдап шығады деген алаң басым болғандықтан, Мемлекет басшыларының Қазақстанға келуі – соның алдын алу шарасы болуы әбден мүмкін.

Ермұрат Бапи, журналист:

1. Президент Назарбаевтың ҰБ-ға бұл сапары Керриге дейін жоспарланған. Мемлекеттік ресми сапарлардың дипломатиялық тәртібі солай болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан бұл сапарға "Керриден кейін" деген мазмұн беруге болмайды. Ал жалпы сапардың астарында не жатыр десек, елдегі адам айтқысыз экономикалық дағдарыстан кейін, президент Назарбаев түгілі, Ақмоланың атжалманы да сыртқа шыққысы келеді, жаңа мүмкіндіктер мен соны байланыстар іздейді. Оның үстіне, соңғы бір жылдың көлемінде Қазақстанға келетін инвестицияның көлемі күрт қысқарып кетті. Ал биылғы жылдың ортасынан бастап, Қазақстан экономикасы инвесторларға тіптен қызықсыз болып қалды. Осы жағдайда биліктің "тал қармайтын" жөні бар. Және бұл сапардың мүмкін нәтижесін құптарлыққа балау керек. Бірақ, батпаққа кеңірдегіне дейін батқан Қазақстанға шетелдік инвестиция келе ме, жоқ па – оны болжау мүмкін емес.

2. Әлбетте! Ресей мен Қытайдың ОА елдеріне әсері өскен сайын, АҚШ пен Еуропа елдері ОА-ның кіндік қазығы саналатын Қазақстанға аңсары еріксізден ауады. Бұл – олардың Қазақстанға деген "сүйіспеншілігінен" туған аңсар емес, оның астарында Қазақстанды әсіресе Ресей ықпалынан сақтап қалу мақсаты жатыр. Себебі, егер Қазақстан біржолата Ресейдің ықпалында кетер болса, біздің елдегі батыстық бизнестің күні қараң бола бастайды. Қазірдің өзінде еліміздегі уран өндірісі толықтай Кремльдің саясатына байланып қалуы – Батыс үшін қолайлы жағдай болып отырған жоқ. Сондықтан батыстық елдер Қазақстанға экономикалық тұрғыда ықпал ету арқылы оны Ресейдің тұзағынан құтқаруға жандәрмен ынталы. Себебі геосаяси ойынның тәртібі осындай тұжырым жасауға толықтай мәжбүр етеді.

3. Кэмерон мен Назарбаевтың арасындағы байланыстың "жібі" соншалықты берік байланған деп айта алмаймын. Британ премьері біздің президентпен тек қана мемлекетаралық іскерлік байланыс ұстану позициясынан арыға бара алмайды.

Жылбек Сембекұлы, журналист:

– Осы жолғы дағдарыстың оңай болмайтынын Елбасы Н.Ә.Назарбаев бірнеше мәрте айтты. Президенттің Британияға сапарының ең басты мақсаты – сол елден инвестиция тарту. Интернет арқылы біліп отырғанымыздай Елбасының осы сапары аясында екі ел арасындағы бірнеше келісім-шартқа қол қойылды. Ол келісім-шарттың құны 5 миллиард доллардай болатыны да айтылды. Мұхиттың арғы бетінен басталатын дағдарыс деген "дауылдың" алдымен сол "кәрі құрлықты" шарпып, содан кейін бізге келетіні белгілі. Меніңше, дағдарысты еңсерудегі Ұлыбритания тәжірибесін де меңгерген жөн. Британия – іскерлік және қаржылай орталықтардың жұмысын барынша дамытқан елдердің бірі. Ол елден үйренеріміз көп.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Аbai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338