Жұма, 22 Қараша 2024
Жанайқай 7570 0 пікір 3 Қараша, 2015 сағат 14:53

ШАЛБАЙДЫҢ ІНІСІ НЕГЕ ЖЕСІРДІҢ ЖЕРІН ТАРТЫП АЛДЫ?

Бүгін Алматы қаласындағы ұлттық баспасөз клубында  Алматы облысының экс-әкімі Шалбай Құлмахановтың інісі Шайбай Құлмаханов әлімжеттік көрсетіп, жер телімін тартып алған жесір ана Гүзел Сағынтаева пресс-конференция өткізді.  Бұл туралы abai.kz порталы хабарлайды.

Алматы облысының экс-әкімі Шалбай Құлмаханов пен оның інісі Шайбай Құлмахановтың әлімжеттік әрекеттері туралы қазақстандық БАҚ жазған болатын (http://m.abai.kz/post/view?id=4749).

Құлмахановтардан көрген қорлығын жіпке тізіп, арыз айта келген Гүзел Сағынтаева бүгін мәселенің мән жайын, жай-жапсарын түсіндіріп берді.

Әділдік үшін күресетінін айтқан Сағынтаеваның базынасына былқ етпеген экс-әкімнің дөкей інісі тіпті қоқан-лоққы көрсетіп, материалды, психологиялық және физикалық тұрғыдан да күш қолданған. Бұл туралы бүгін ұлттық баспасөз клубына жиналған БАҚ өкілдеріне Гүзел Сағынтаеваның өзі баяндап берді.

Сонымен жерге таласқан жесір әйел Сағынтаева мен Құлмахановтардың арасындағы дау неден басталған?

Сағынтаеваның айтуынша,  ол 2007 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Нұрлытау ауылынан 10 сотық жер сатып алған. Ол кездегі доллар бағамымен есептегенде, 146 мың АҚШ долларына бағаланған жер телімі мен учаскенің заңды құжаттары Гүзел Сағынтаеваның атына аударылады. Осы уақыттан бері Сағынтаева өзіне тиесілі жер телімінің аумағын қоршап, жылдық салықтарын төлеп келген. 2014 жылы аталмыш  округ жері Алматы қаласы, Бостандық ауданына кірген соң, Сағынтаева құжаттарын тураламақ болып, аудандық жер бөліміне барғанда ондағылар бұл жер Шайбай Құлмахановтың әйелі Евгений Құлмахановаға тиесілі екенін айтқан.

Сағынтаеваның айтуынша, Шайбай мырза  Сағынтаеваның телімін қоса алғанда 54 сотық жерді аудан әкімі А.Дәуренбаевтің шешіміне сүйене отырып, әйелі Евгений Құлмаханованың атына жаздырып қойған. Ал Құлмахановтарға бұл жер телімі мемлекеттік резерв арқылы экс-әкім Шалбай ағасының пәрменімен берілген. Ал жердің бастапқы иесі Гайдак (2002 жылдан бергі) есімді жергілікті тұрғын қолма-қол ақшаны алған соң, Ресейге көшіп кеткен.

Осыдан бастап, Шайбай мен оның нөкерлері Гүзел Сағынтаева мен оның отбасына түрлі қоқан-лоққылар жасап, қорқытқан да.

Ал Қарасай аудандық әкімдігіндегілер аталмыш жер телімі Құлмахановтардың атына тіркелмегенін айтып отыр. Осылайша Алматы қалалық жер басқармасы мамандары бір жер телімін екі бірдей тұлғаның атына тіркеп, кадастрлық нөмір берген.

Сағынтаеваның айтуынша, Құлмаханов өзінің әлімжеттігін бірнеше мәрте қайталаған.

Бірінші жолы қоршау салып жатқан жұмысшыларды көлігіне салып алып, қаланың шетіне шығарып тастаған. Екінші жолы, тағы бір жұмысшыларды (қазақстандық азаматтар бола тұра) ауылдық ішкі істер бөліміне апарып, тергетеді. Үшінші жолы, жұмысшыларды қорқытып, аңшының қаруымен оқ атқан. Төртінші жолы, «үш-төрт теректі кесіп тастадың» деп АІІБ шағым түсірген.

Сонымен қатар, телефон арқылы және көзбе-көз кездескенде Шайбай Құлмаханов Гүзел Сағынтаеваға қоқын-лоққы көрсетіп, бұрынғы күйеуін жалдап, аналық құқығынан айыртуға шамасы келетінін айтқан. Сағынтаеваның диктофонға жазып алған жазбаларында оның бұрынғы күйеуі: «Олардың кімдер екенін білесің бе? Олармен жанжалдасудың керегі жоқ! Мен тиісті шараларды қолданамын. Судьяны сатып алу үшін 100 доллар жеткілікті» деген сөздерді айтқан.

Гүзел Сағынтаева, жәбірленуші ана: 

– Мен бастапқыда жерді сатып алатын адам болып, Шайбаймен кездесіп, оның қолындағы құжаттардың көшірмесін алдым. Олар осы бірер жылдың ішінде аталған жерді туыстар арасында бірнеше рет саудалап, бір-біріне сатыпты. Мен Құлмахановтарды сотқа бердім. Бірінші сотта (30 маусым, Бостандық ауданының ауданаралық сотының шешімімен) біз жеңіліп қалдық. Өткен аптада болған екінші сотқа журналистерді шақырдық. Содан болар, сот «бір жердің екі иесі болуы мүмкін» деп шешім шығарып берді. Бұл не сонда? Қалайша бір жердің екі иесі болады? Түсіне алмай отырмын.

Түйін

Шиіттей екі баласы бар, жас келіншектің жанайқайы кімді болсын толғандырары хақ. Шалбайлар мен Шайбайлардың айы оңынан туып тұрған заманда, ананың көз жасы түкке тұрмайтынын білеміз. Сонда да Шалбайлардың шапқыншылығына қарсы үн қостық. Сіз не дейсіз? Гүзел Сағынтаеваның айтуынша, Шалбай Құлмаханов бұл жерді 2003 жылы інісі Шайбайға мемлекеттік резервтен тегін алып берген. Не себепті? Мемлекеттік резервтен 56 сотық жерді алатындай Шайбайдың қандай еңбегі бар?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329