«ЕРМЕК ЕМЕС МЕН ҮШІН ӨЛЕҢ ДЕГЕН»
«Ешкіөлмес» тауы етегінде дүниеге келген Ғали Орманов он жасында жетім қалып, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады. Ғалиды әдебиетке алып келген де оның осы құйма құлақтығы еді. Алғашында Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады. Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқып жүргенде қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады. Алғашында «Тілші» газетінде көрінген ол Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі көрініп, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.
Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары «Майдан» деген альманахтың редакторы, кейін «Әдебиет және искусство» журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті.
Ғали ақын шығармашылық қызметін бастаған жиырмасыншы жылдар ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болатын. Ірі байларды конфискелеу, коллективтік шаруашылықта ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын өркендетуге ұмтылу, ірі өндіріс орындарының іске қосылуы, алғашқы бесжылдықтың орындалуы сынды іргелі мәселелерді қоғам дамуы алға қойды. Әдебиет те бұл тақырыптардан бетін аулақ сала алмады. Ғали да осыларға қосылып, әр алуан жайларға көңіл аударды, сол негізде елінің кешегісі мен бүгінгісін, өзгерген, жаңарған өмірді замандастарының тұрмыс-тіршілігін жырға қосты. Заман талабына сәйкес ол да кедейлерді алға ұстап, оның теңдік алуын құптады, қанаушыларды жиіркенішпен еске алды. Әке артында қалған лирикалық кейіпкер жоқшылықтың, жетімдіктің тақсіретін тартып өседі. Ақынның «Қыр сабағы», «Боран күні» сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбылап қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін «Көштер күйі», «Қиын жол» өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. «Ескілік суреті», «Екідай» өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса құлап кететіндей жабырқау, жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күнінің өткеніне «тәуба» жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады.
«Ұяда» өлеңінде шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шыққан лирикалық кейіпкер «Асылған ұяда» балапанды көргенде: «Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт», - деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер «Алғашқы адым» өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады:
Аттандым ауыл-анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жалтаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон, тымақ,
Жабысып кетті үстімде.
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде.
Ақын осы өлеңімен-ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түсті. «Қараймын да асығам…» өлеңінде сол лирикалық кейіпкер Алматыға жол тартады. Осы жол жөнінде академик С.Қирабаев: «Ғали геройының осы жолы – тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақын ұрпағының жолы еді», – дейді.
Сары таймен тепеңдеп жеті күндей жол жүрген Ғали ақынның лирикалық кейіпкері шаршауды білмейді. Ол қара жолдың ұшына қарап асыққанда: «Қарсы алдымнан келешек, Қара үзбеді қол бұлғап!» – деп, оқу-білім іздеп, болашаққа зор үмітпен ұмтыла қол созады. Оқу-білім іздеп қалаға келген осы лирикалық кейіпкермен «Кітап», «Тай жарыс», «Ұстаз», «Қуаныш», «Сенім» өлеңдерінде қайта кездесеміз. «Мойынға астым қапшықты, салдым теріп кітапты», - деп, оқуға кіріскен ол кітаптан тапқан талшығының таңдайына тым тәтті болып тигеніне қуанады. «Топқа түсер шын жүйрік, Тай күнінен танылар». – деп, тай күнінен жарысқа түсіп (ақындар бәйгесіне) бағын сынайды. «Қуаныш», «Сенім» өлеңдері қой бағып, «Надандық топас, дүлей күштің» уысынан шығып, білімнің арқасында дүниенің әсем көркін көрген албырт жастың ризашылық сезіміне толы. «Өнерімнің сәулесін, Өреніне шашайын», - деп, ол өз білімін болашақ ұрпаққа беруге әзір екенін аңғартса, Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп келген соң біраз жыл мұғалім болып, балаларға дәріс бергенін білеміз.
Осы мысалдардың өзі-ақ алғашқы өлеңдерінен Ғали ақынның қаламына тән ерекшеліктерді айқындай түсті. Ол сыршыл лириканың шебері екенін әрбір өлеңінде нақтылай, дәлелдей білді. Ғ.Орманов лирикасының ерекшелігі – аз сөзге көп мағына сыйғызу, жансызға жан бітіру (кейіптеу), жалт еткен көрініске ерекше назар аудару. Ақын өмір шындығын лирикалық кейіпкердің толғаныс, тебіреністері арқылы бейнелеп отырады. Оның жанды да нақты сурет жасаудың шебері екенін әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп, айтып келеді.
Ірі байларды конфискелеу кезіндегі дәурені кетіп, мүләйімсіген, өтірік жуасыған байлар, олардың бүкіл байлықтан айрылып маңдайын тасқа соғуы, жаңа заман азаматтарының өз ақысына қолы жетіп, оны иемденудегі оқиғалар «Қоңсы мен қожайын», «Конфиске», «Беттесу», «Абысындар аңызы» өлеңдерінде қызғылықты бейнеленген. Бұл тұстағы өлеңдерін ақын қысқа сюжетті диалогке құрады. Ақынның диалогке құрған бұл өлеңдері тартымды әрі қызғылықты оқылады.
Қазақ әдебиетінің тарихында қалыптасқан дәстүрлі тақырыптың бірі – туған жер, туған ел тақырыбы. Ғали ақын да бұл тақырыпты бар ілтипатпен, бар ыждаһатпен жырлайды. «Қора» – ақынның туып-өскен жеріне арнап жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Бұл өлеңінде ақын туған жердің табиғатын тамсана жырлайды. Қора өзенінің сұлу табиғатын жалаң суреттемей, оны сол жердің, елдің тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра көрсету ақынның ішкі тебіренісінен туады.
Тізілген омыртқадай ақ заңғарлар:
Секілді көк тіреуі, бұлт астары.
Кигені қар кебенек, мұздан жарғақ,
Сауыты – саудыраған, құз – тастары.
Алыстан аңсап, шөлдеп бұлттар келіп,
Көрісіп көл болады көз жастары,
– деп, жансызға жан бітірген (кейіптеу) ақын Қора өзенінің жанды да нақты суретін жасайды. Ол Қораның өмір тіршілігін лирикалық кейіпкердің қуаныш-күйініші, ішкі толғанысы арқылы көрсете білген. Лирикалық кейіпкер Қораның өткенін, кешегі тұрмысын еске алады. «Арсылдап ақ көбігін аспанға атқан» Қораға ақын: «Осыған өз дәулетін бай теңесе, Теңейді өз ызасын қойшы бейбақ» - деп, байдың дәулетіне қойшының ызасын қарсы қойған. Қораның кешегісін еске алып күйзелген лирикалық кейіпкер оның бүгінімен қуанып, Қора халқының жаңа тұрмысын мақтан тұтады.
Оның бір топ өлеңдері жылдың төрт мезгілін суреттеуге арналды. Ғали ақынның қысы, көктемі, жазы, күзі Абайдың қысы мен жазынан бөлекше. Олардың әрқайсысы өз дәуірінің тыныс-тіршілігін, әр мезгілдің қарбаласымен, өзіне тән сұлу көркімен жарқын суреттеуде жаңа бейнелер жасады.
Әкеліп ақпан айы ақ көрпесін,
Айқара Алатаудың жапты өлкесін.
Оранған ақ торғында сұлу сынды,
Арулар жатыр ашып аппақ төсін
– деп келетін қыс пен жаз келбетін «Сыр шертіп тынбай аққан өзен, бұлақ, Секілді күмбірлі күй көңілдегі» деп ақын жеткізе жырлады. Ақын «Жаз, жаз деп жабылып тұр бәрі маған» деп жыл мезгілдерін өз қуанышымен жырға қосты. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерінде ақын: «Ешкім кенде қалар ма несібеден, Сол далада көктемде еңбек еткен!» деген түйін жасайды. Ақын жылдың төрт мезгілінің де бар қуанышы еңбекте деп түсініп, оқырманын еңбек етуге үндейді.
«Қора», «Көктем нұры», «Жаз шырайы», «Қырау қабақ кәрі қыс» өлеңдеріндегі жаз жайлаудағы ауыл, боздаған, жамырасқан, кісінескен төрт түлікті суреттеуі Абайдың («Жазғытұры», «Қыс») табиғат лирикасын еске түсіреді. Бұл – қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрінің жалғасы. Ғали да табиғатты сөзбен мүсіндеп жанды образға айналдырады. Ақынның табиғат лирикасында Ілияс (Жансүгіров) әсері барын да кезінде қаламдастары атап көрсеткен. Ол қазақ поэзиясының дәстүрлі арнасына түсіп, өзіне ұстаз тұтқан Абайдың көркемдік кестесін, Ілиястың сөз құдіретін алды.
Отызыншы жылдардағы халық өміріндегі өзгеріс, жаңалық Ғалидың «Жаңа қоныс», «Тұнық коллективі», «Шеңбер», «Жаңа жұмыс іргесі», «Шамалған шамы», «Темір ат», «Мысқала», «Тоқушы», «Алынған арыс», «Үлбе», «Өріктің өрнегі» өлеңдерінде ашық танылады. Бұл өлеңдерде еңбекке үндеу мен Отан мүддесін әрдайым жоғары қою басым көрсетіледі. Отызыншы жылдарды Ғали «Шеңберді» жазумен бастады. «Шамалған шамы», «Шеңбер» атты ұзақ сюжетті өлеңдері Түркістан-Сібір темір жолының салынып, қазақ жеріне алғаш поездың келуіне арналған. «Шамалған шамы» өлеңіне Шамалған станциясына келген алғашқы поезды көрген елдің қуанышы арқау болған. Мұндағы лирикалық кейіпкер ел ішіне келген жаңалықты қуана қостаудан арыға бара алмайды. Басқа ақындар сияқты Ғали да поезды отарбаға теңейді.
Алғашқы өлеңдерінен сыршылдыққа, суреткерлікке ден қойған Ғали жырына отызыншы жылдар өз өзгерісін енгізді. Бұл жылдары ақын сезім мен сырдың көтеріңкі көңіл күйіне, лептілікке қарай бет бұрды. Өмірдің өктем дамуынан туған романтикалық сарын «Шеңберде» анық сезіледі. Осы сарын ақынның «Мысқала», «Үлбе», «Алынған арыс», «Ырыс каналы» өлеңдерінде өз жалғасын тапқан. Табиғаттың дүлей күшін өз еркіне бағындырып, өз өктемдігін жасап жатқан жаңа заман бейнесі ақын өлеңдерінде суреткерлікпен жаңа өрнек табады.
Ғали ақындығының жаңа кезеңі қырқыншы жылдардан басталады. Отан тағдыры үшін адалдық таныту жеке адам мен қоғам мүддесінің бірлігін жырлау – оның осы тұста жазған өлеңдерінің («Қаһар», «Отан», «Отанға ант», «Отан алдында», т.б.) идеялық нысанасы. Ақын майдан мен тылдың бірлігін, тылдағы еңбектің де жауға соққы боп тиетінін тілге тиек етеді. «Жан сыры» өлеңінде майдандағы жауынгер қар жастанып, мұз төсеніп жүріп жауға танкімен шабуыл жасаса, оның тылдағы жары дамыл таппай трактор үстінде жұмыс істейді. Ал, «Қалыңдық хаты» өлеңіндегі көмір өндіріп жүрген жас қыз майдандағы жігітіне «Көмірімді біле гөр – Құралым деп ұсынған», – деп хат жолдайды. Бұл жылдары ақын «Сұлтан дастан», «Халық қаһарман» сияқты поэмалар да жазды.
Ғали жырларының үлкен бір саласы – табиғат туралы өлеңдер. Жоңғар Алатауының әсем өңірінде дүниеге келген ақын «Қорада», «Менің ұям» өлеңдерінде сол өлкенің әсем суретін жасады. Талай ақынның қаламына арқау болған сұлу Көкшетаудың әсем табиғатына да ақын «Жер шебері», «Жыр», «Қыр гүлдері», «Жаңа жұрт», «Шағалалы бойында», «Бурабай , «Айна көл», «Оқжетпес» өлеңдерін арнады. Ақын бұл өлеңдерінде Көкшенің сұлу табиғатын ондағы елдің тұрмыс-тіршілігімен қоса суреттеді. Жер бедерін қилы суретке толтырған елдің ұл, қыздарының еңбегін мақтан етеді.
60-70 жылдардағы ақын лирикасынан оның толысып кемеліне келген шағын көреміз. Ғали ақын үлкен одақтың құрамындағы халықтар ынтымағының жарасымды кезінде өмір сүрді. Көптеген республикаларды аралады. Достықты мақтан тұтты.
Қазақ әдебиеті тарихында жеке адамдарға, ұлы адамдарға өлең арнау – бұрыннан бар дәстүрлі тақырып. Ғали ақынның бір топ өлеңдері - ұстаздары мен аға буын, сондай-ақ өз замандастарына арналған, олармен сыр алысқан сыршыл өлеңдер. Мұндай өлеңдер сол адамдардың атымен ғана аталған. Ақын бір мезгіл орыс ұстаздарын (А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.М.Горький) еске алып олармен сырласады. Қазақ ақындары С.Торайғыров, А.Құнанбаев, Ж.Жабаев сынды ұлылардың аруағына бас иіп, олардың туған жерін аралап, ескерткіштерінде болады. Олардың өмірі, шығармалары жайында терең сыр шертеді.
Жаңа дәуірмен келген Ғали ақын лирикасында оптимистік рух басым. Ол – өз заманының жыршысы. Заманының іргелі, көкейкесті мәселелеріне дер кезінде үн қосып отырды. Өмірінің соңғы жылдарында Ғали ақын сырқаттанып, ауру меңдеп жүргенде де «Дәрімнің ең күштісі – өлең менің, Денемнің сездірмейді ол көнергенін» деп қолынан қаламын тастаған жоқ. Ақын мұраты халқына қызмет ету болса, Ғали – осы міндетін абыроймен атқарып, халқына адал қызмет еткен ірі ақын. Ғали ақынның шеберлігі өлеңді кәсіп емес, өнер деп бағалауында. «Отсыз өлең ойы жоқ өле бермек» деп түйін жасаған ақын ойлы, отты өлеңдер жазуды ұстанды. «Ермек емес мен үшін өлең деген, Жаны бірге жаралған денемменен» деп жырлаған ақын жыр кестесімен жүректі жылытуды қалады. Ол бұл мақсатына жетті де.
Гүлжаһан Орда Жұмабердіқызы,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы
Abai.kz