БАШАР ӘЛ-АСАД: ҚҰБЫЖЫҚ ПА, ҚҰРБАНДЫҚ ПА?
Ақиқат пен Аңыз
Әлем саясатының аренасында атағы жер жарып тұрған бірден-бір тұлға Сирия мемлекетінің басшысы Башар Әл-Асад екені сөзсіз қазір. Себебі біреу. Араб елдерінің жүрегі саналатын Сирияның тұтас территориясы егескен екеудің шахмат тақтасына айналып отыр. Ақ пен қарасын дөп басу қиын. Бірақ қарсыластар анық, белгілі. Ол АҚШ+ЕУРОПА мен Ресей+Қытай арасындағы тартыс. Біріншілердің мақсаты – атақты Асад мырзаны тақтан тайдыру. Екіншілерінікі – оны қалайда тақта ұстап қалу.
Сөздің шыны мынада. Бұл арадан жаңалық табу қиын. Барлығын бәрі біліп отыр. Бірақ бізді қызықтырғаны Башар мырзаның өмірі. АҚШ құбыжық деп алас-алас айтып тақтан құлатпаққа әуестенген, Ресей рақымы шексіз басшыға көмек деп талпынған саясаткердің ашық һәм анық бейнесі қандай? Башар әл-Асад деген кім? Астынадағы тақ үшін қан төгуге дайын диктатор ма? Жоқ, әлде елінің бағы үшін күрескен қамқор басшы ма?
Соқпағында бір сыр бар сіз білмейтін...
Аталмыш пайымдардың нақтылы жүз пайыз дұрыс жауабын анықтау мүмкін емес. Ақпарат әлемінен шындық іздесеңіз тұп-тура екіге бөлінесіз. Әлбетте, бірі жақсы дейді, бірі жаман дейді. Классика. Ақпараттық айқастың анық көрінісі. Ал осының ішінен ақиқатын өріп шығамын дейтін адам шықса, мен оның алдында қалпағымды шешемін. Бірақ ол адамға әлі кезіккен жоқпыз. Біраздан бері берекесі кірмеген Сирия елінің басшысы Башар Асад деген кім? Таққа қашан келді? Және неге кетпей жүр? Көрелік...
Ең алғашқы түйін ойымыз генетикаға тіреліп отыр. Сүйегі қурап, қарттығы мүжіп ажал жалмағанша билікте отыру Башар мырзаның қанында бар болып шықты. Алма алмаағаштан алысқа құламайды ғой. Башар әл Асад мырзаның әкесі Хафез Асад 1971 – 2000 жылдар аралығында Сирия мемлекетінің президенті болған. Ең өкініштісі Хафез мырза зейнетке шығып үлгермепті. Тақта отырғанда жүрек талмасынан мәңгілік сапарға аттанып кеткен. Осы кезде таққа оның ұлы Башар әл-Асад келеді. Бұл 2000 жыл. Башар мырзаның шытырманы осы тұстан басталса керек. Бақилық болған патшаның ұлын таққа отырғызу үшін Сирия өзінің заңын өзгерткен. Бұған дейін Сирия мемлекетінің президенті постына тек 40 жастан асқан азаматтар отыра алатын болған еді. Ол кезде Башар бар жоғы 34 жаста ғана-тұғын. Осы тұста Грек еліне қатысты бір аңыз еске түседі. Аңызда Гректер заңын өгертпесе құрдымға кетейін деп тұратын. Одан шығу үшін заңын өзгертулері керек болатын. Сонда данышпандары заңға тиіскізбеген екен. Заңды бұзсақ мемлекеттігіміз құриды деп кескен. Сол арқылы заң қадірі мен мемлекеттігін сақтап қала алған. Бірақ әңгіме Грек емес Сирия хақында. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Башар Асад мамандығы бойынша ешқандай да экономист немесе саясаткер емес. Ел басқарғанға дейін бірде-бір мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Ол болашағынан зор үміт күттірген дәрігер. Музыкант-баянисттер ең ірі қаланы басқаратын елге таң қалатын жағдай емес әрине. Бірақ бұл бассыздықтар «демократияның ақ туын желбіретуші» АҚШ пен түгелдей Батысқа «ұнамай» қалғанға ұқсайды. Содан бері он бес жылдан астам уақыт өтсе де наразылық тарқар емес. Ол әр-түрлі түрде жүзеге асып жатыр. Оппозиция, Израил, «ИГИЛ» - тағысын-тағылар Башар Асадты тақтан құлатуға бағытталып жатқаны анық.
Сонымен жалғастырайық. 2014 жылы Сирияда тәуелсіз түрде ел президентінің сайлауы өтті. Елде қырғын, қан төгіс орнап жатса да сайлаудағы жеңіс Башар Әл-Асад мырзаға бұйырды. Азды-көпті 88 пайыздан астам халық Башар басшысын қолдаған. Содан бір жыл өткен соң жер мен билік өзіңе аманат деп елінен миллиондап қашып кетті сол халық.
Осы кезде Батыстың бағытына жүгініп Башарды таяқтап қуып жібергің келетіні ақиқат. Алайда Тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына араласатын мен кім? Батыс кім? АҚШ кім? Егер шынымен демократия мен адам құқығының қамын жегіш болса Меркельіңіз, Обамаңыз неге Сирияға ғана тіреліп қалды. Басшының ұзақ мерзімді тақта отыруы әрі-беріден соң Орталық Азия елдерінің генінде бар дүние. Адам құқығының шектелуі деп Оңтүстік Кореяны айтыңыз. Кым Чин Ынның ашық диктатурасы ешкімді алаңдатпай қалғаны ма? БҰҰ-ның онда неге шаруасы жоқ бола қалады? Әлде мұнай жоқ елде Құдай жоқ па? Тозағына еніп күлге айналса да бәрібір ме? Ол елдің бейшара халқы әлі күнге дейін 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатын ұтып алдық деп жүр. Қорғағыш болса сол жұртты неге қорғамайды, тайдырғыш болса Кым Чин Ынды неге тайдырмайды. Себебі құқықтары жоқ. Ол құқық Сирияға келгенде неге таптала қалады? Дәл осы сұрақты Ресей мен Қытайда көтеріп отыр. Қысқасы шиеленістің бүгін-ертең тарқамасы анық.
Мүдде
Соғыс дегеніңіз қып-қызыл шығын. Әлбетте соғысып жатқан ел үшін. Ал қалғанына теңдесі жоқ бизнес көзі. Қару өткізу, жалдамалы әскер беру. Қып-қызыл табыс. Осы орайда Башар Асадтың тақтан кетуі кімге қолайлы, кімге қолайсыз?
АҚШ делік. Башар Асад тақтан кетіп, елде жаңа үкімет құрылатын болса АҚШ үлкен олжаға кенелмек. Себебі Ирактың мұнайы мен газын Жерорта теңізі арқылы тікелей өткізуге мүмкіндік алады. Еуропаның жағдайы да біршама оңалатын еді. Сонымен қатар Израильдің де қауіпсіздігі һақында бірқатар мәселелердің беті бері қарамақ. Сондықтан АҚШ «әділетті жақтаушы» болып бұл шиеленіске белсене араласып отыр. Олар Башар Асадты диктатор деп, халықты құтқаруға көмек береміз деп отыр. Ал бұл мемлекеттің ішкі саясатына бас сұғу емес пе? АҚШ тарапынан бұл қадам күтілді де. Оған дәлел Ирак. Дәл осы тактика арқылы АҚШ Иракты күл-талқан етті емес пе? Хусейнді дарға асты. Мұндағы сценариде ұқсас. Хусейін озбыр, бейбіт халықты қырып жатыр, химиялық қаруы бар деді де быт-шыт қылды. Кейін ол қару да, қырылған халық та табылмады. Ал әділетті АҚШ орнатқан биліктен Ирак эканомиасы шарықтап кетті десек, күлетін едіңіз.
Дәл осы сарынмен АҚШ Сирияны да жермен жексен ететін еді. Бірақ Сирияның сырын ұғып, мұңына мұқтаж болған Қытай мен Ресей шықты. Әрі-беріден соң Сирияның билігі өзгермеуі Ресей үшін қолайлы болып отыр. Себебі Ирактың мұнайы Жерорта теңізі арқылы өтетін болса, ГазПромның өніміне сұраныс азаяды. Демек Ресей Еуропаны мұнайымен «таяқтай» алмай қалады. Оның үстіне Сириядан соң АҚШ Иранға ауыз салатыны айдан анық. Себеп табылады. Ал Иранда дүмпу басталса, Кавказ елдері де дүмпитіні белгілі. Сондықтан Путин бұл мәселеге білегін сыбанып тұрып араласатыны сөзсіз.
P.S. Аталған мәселе мен фактілерді сараптап отырып Башар Асад соғыстың құрбаны деген ойға тоқтадық. Иә, билікте ұзақ отыру диктаторлық сарынды көрсетеді. Бірақ Башар Асад еліне адал басшы емес деп кім айта алады? Екеуара қақтығыс салдары, ақпараттық соғыстың нәтижесінде Әлемде жаңа бір Хусейн пайда болды. Оны не асу керек, не АҚШ-қа біреудің ісіне бас сұғуды доғарту керек. Сонымен, Сирияның басшысы кім? Батысша ойласаңыз құбыжық, басқаша ойласаңыз құрбандық. Сіз ше? Сіз қалай ойлайсыз?
Аян АЗАМАТ
Abai.kz