Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 6900 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 10:26

БАУЫРЖАН БАЙБЕКТІҢ "КӨРШІСІ" "ЖҰЛДЫЗҒА" АЙНАЛДЫ. НЕ ҮШІН?

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бәле екен. Бәле болғанда да, тұла бойына қыл жұқтырмас, нағыз саясаткердің өзі көрінеді. «Жасасын, Байбек, жасасын»! Бір-ақ күнде ешкім білмейтін Бейбіт Әлібеков атты алматылық тұрғынды (тырнақшаның ішіндегі «көршісін») «жұлдыз» жасаған саясаткерге басқа не деуге болады?

Қош. Әңгімені кішкене арыдан бастайық. Әкім деген періште емес, пенде ғой. Пенденің бәрі қателеседі. Алматыдай алып қалаға «мүдір» болып келе сала Бауыржан Байбек те шалыс басты. «Владимир князьдің 1000 жылдығын тойлаймыз» деп айды аспаннан шығарып, өзінің баспасөз қызметі арқылы жан-жаққа ақпарат боратты (журналистер ештеңені ойдан жаза салмайды). Оны сол сәтінде Abai.kz іліп әкетіп, «Ендігі жетпегені Князьдің 1000 жылдығын тойлау еді» (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=4584) деген мақала жариялады. Артынша алақандай ғана сол материалдың дүмпуі ана-а-а-у жоғары жаққа жетіп, Байбек сасқан үйректей артқа жүзді. Артқа жүзе білу де – өнер. Б.Байбек «молодец» екен... Ол һәм оның аппараты өзіне бағынатын ақпарат құралдарындағы Кньяздың мың жылдығы жайлы айтқан сөзін алғызып тастап, еліміздегі бірқатар мүйізі қарағайдай ақпарат құралдарына «КНЯЗЬДІҢ 1000 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАУ – ӘКІМ АЙТПАҒАН СӨЗ» деген ақпарат жариялатқызды. Әкімнің «абырой-мейкерлері» онымен тоқтай қалған жоқ, аталған материалды Abai.kz-ке де жариялауды сұрап, қолқа салды. Олар мың жылдықтың жыры қайдан шыққанын (алдымен әкімнің баспасөз қызметі, сосын біз...) біліп отыр. Біліп отырған соң, біздің сайтқа жарияласа, әкімдерін толық ақтап алады. Біз бұл кезде айтарымызды айттып үлгергенбіз. Соны ескеріп, «пікір алуандығына жол ашайық» деген ниетпен, оның үстіне Бәкең Кньяздің мың жылдығын тойлау идеясынан бас тартты ғой деп, аталған материалды да (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=4597) оқырман назарына ұсындық. Осылайша Бауыржан Байбек сүттен ақ, судан таза болып шықты. Кньяздың мың жылдығының бетін қайтарып, біз де сабамызға түстік. Мұны бір деп қойыңыз...

Осы жерде бір әттеген-ай бар. Бәкең - Бауыржан Байбек осы оқиғадан кейін әп-әдемі азаматты, яғни баспасөз қызметінің жетекшісін (білімді, әрі білікті маман Артур Нығметовті) қызметінен босатты. Жоқ, әлде Артур әріптес лауазымнан өзі бас тартты ма екен, әйтеуір түсініксіз жағдай орын алды. Сол тұста «Артур Нығметовке Князьдің салқыны тиіп кетті-ау» дегендер де болды. Қой, ауа жайылмай, әңгіменің желісіне қайта оралайық.

Б.Байбек мықты жігіт екен. Оны ақтау һәм даттау біздің жұмысымыз емес. Оған мүдделі де емеспіз. Кез-келген шенеуніктің жақсылығы болса - қуанып, жамандығы болса - күйінеміз...

Екінші жайға келейік. Осыдан бірер күн бұрын "Қамшы" порталы «Бай қаланың бай әкімі» деген мақала жариялады.  Бұл материалда су жаңа әкімнің мүкәмал-мүлкі әңгіме болады. Алматы басшысы экс-әкім Ахметжан Есімов секілді «әйелінің үйінде тұрмайды екен». Тасы өрге домалап тұрған бір басында бірнеше компания бар көрінеді (О байлықты санамалап жатпаймыз. Сілтемеге кіріп, http://abai.kz/post/view?id=4890 оқып алғайсыз). Өзінде ғана емес, бүкіл туған туысының бас-басына – компания. Құдая тәубе, мемлекетке де аз салық төлемейді-міс. Әкімің бай болсын, төрт түлігі сай болсын деген - осы. Бірақ, Бауыржан Байбек Храпунов күйеудің жанында шылқыған бай емес.  Оны да ескеріңіз... Бәкең, "Қамшы" мен "Абай" порталындағы осы бір мақалаға жауап бермей қалуы мүмкін емес-ті. Біз солай ойладық. Дер кезінде жауап та болды. Бірақ, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін мүбәрак жауап. 

Кеше аяқ асытынан Алматы қаласының әлдебір тұрғыны Бейбіт Әлібеков қала әкімі Бауыржан Байбекпен көрші тұратынын мәлімдеді. Байбекпен қоңсы қонған, есіктес «хошнаның» сөзін тыңдаңызшы: “Ешкімге тиіспей, өз бетіңізбен өмір сүріп жүргенде бір лифтіде Байбекпен бірге тұру қалай екенін елестетіп көріңіз. Бұл түс те емес, күн сайын балаларым үшін таңғы 7:30-да болатын флеш-моб. Иә, достар, Алматы әкімі бізбен бірге тұрады. Хрущевкада емес, әрине, бірақ Версаль немесе Девиль деп те айтпайсың. Қарапайым жаңа құрылыс”, – дейді Әлібеков Facebook-тегі парақшасында.

Facebook-қа кім не жазбай жатыр деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ, қашан сол Facebook-тегі әлдекімнің сүйкей салған жазбасы бір күннің бас тақырыбына айналып еді? Қашан атынан ат үркетін басылымдар әлеуметтік желіге сілтеме жасап, халқын ақпаратпен сусындатушы еді? Қайран қалмасқа амал кем. Түсінген адамға бұл – пиар. Түсінген адамға бұл – «Бай бала» – Б.Байбек» атты мақалаға берілген жауап. «Ол бай емес, қарапайым үйде тұрады ғой» деген пікір қалыптастыру үшін жасалған қадам (Егер де әкім тарапынан басқалай жауап болса, әңгіме көбейіп кетер еді.).

Байбекті қойыңызшы, Қазақстанның адам аяғы баспас түкпіріндегі бір ауданның әкімінің, яки оның орынбасарының үйін, көлігін көрсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Қазір заман сондай. Ол әкімдер де пенде ғой, оның қасында Алматының алып басшысын қаншалықты періште десеңіз де қоңторғай тұрмыс иесі деп білу – ағаттық. Неге десеңіз қарапайым адам, қарапайым жұрттың жайын ойлайды. Есімов мырза шайтанарбаға мініп алып, «әләуләйді» салушы еді ғой. Өткен жексенбіде, Есімовтің «әлеуләйін» Бәкең «хәләуләй» ғып жалғастырды. Алматының бүкіл көшесін жауып тастап, елдің есін алатын мұндай шараларды доғаратын кез жеткен жоқ па? Қарапайым адам мұны білмей ме? Халық жүретін жолды жабу деген бұқараның құқын таптау деген сөз. Бәлкім, «салауатты өмір салтын» насихаттаудың басқа жолын табу керек шығар.  Бәрін қойшы, мұндайда қарапайым мұғалімдерге обал. Сол күні «әкім шайтанарба мінеді» деп таң атпай атқа қонды олар. Өзі аптасына бір рет келетін демалыстарын рәсуа етіп, далақтап шапқылады-ай, келіп...

Қош, айта берсе әңгіме көп. Бірақ, мойындау керек, Бауыржан Байбек мықты азамат екен. Бұл сөйлемді ешқандай мысқылсыз, тура мағынасында айтып отырмыз. Сынауды білген адам, мақтауды да жеріне жеткізе білуі керек.

Теңге құнсызданып, тауар аспанға қарғыған кезде Б.Байбек «Көк базарға» барды. «Көк базар» әкімшілігі әкім келеді деген соң, рас дайындалған ғой. Бағаны өсірмей, сатушыларды таза киіндіріп, алаулатып-жалаулатып «мүдірді» қарсы алды. Бәрі керемет. Бәрі орнында. Доллар қымбаттаса да, «Көк базар» кірпік қақпақ емес. Әкім кетті, ән кетті. Әнмен бірге баға да шарықтап, «Көк базар» таз кепешін қайта киді. Дәл сондай сәтте (ертесінде) Б.Байбек ешқандай нөкерлерсіз базарға бейресми түрде кіріп келмесі бар ма? Бұл кезде базар араның ұясы болып жатыпты-мыс. Әкім бірнеше сауда нүктесіне кіріп, кешегі бағамен, бүгінгі бағаны салыстырып, бірнеше саудагерге айыппұл салып тастаған. Базар әкімшілігін де оңдырмаған болса керек. Міне, бұл мақтауға тұратын іс. Әр әкім, өз ісіне осылай берік болса, Қазақ елі сөзсіз гүлденер еді. Ал, біз осындай әкімді қарапайым етіп көрсетеміз деп, «көршілерінің» сөзін сөз деп жүрміз.

Қой, біразға бардық, енді сөзді қысқа қайырайық.

Князьдің мың жылдығы жайлы жаздық. Әкім дер кезінде жауап қатты. Әкімнің мүкәмал-мүлкі жайлы сөз болды. Әкім тағы да дер кезінде «соққы» берді. Құдая тәубә, оның елдің оймен санасатыны осыдан-ақ байқалып тұр емес пе? Бұл жақсы қасиет! «Жаса, Бауыржан, жаса Байбек»! Сіз шынында бәле екенсіз... Пәле болмасаңыз, болғаны..

 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338