КЕШІРІҢІЗДЕР БІЗДЕРДІ!
Бала кезімізде ауылымыздың сыйлы қарттарының алдынан шығып сәлем берсек, құманмен су құйып, қолдарына сүлгі ұстатсақ, жарықтықтар: «Мұғалім бол, айналайын», - деп ризашылықтарын білдіруші еді. «Мұғалім бол!» Бала кезімізде үлкендер тарапынан естіп өскен тілек, батамыздың бастысы осы еді.
Мұғалім деген қарттар үшін: сот та, прокурор да, агроном да, директор де, инженер де – қысқасы бәрі де еді. Бәрінің бастауы мұғалім еді. Расында солай ғой. Сан салалы кәсіп түрін меңгеріп, маман атанған жандардың қай-қайсысы болмасын мұғалімнің алдын көрді. Оқыды, тәлім алды. Мұғалімді қадірлеген елде білім қадірлі. Озық ел оқытушысын құрметтейді. Білімсіз, білімді құрметтемейтін, білгісі келмейтін, надан, пасық қоғамда ғана оқудың, ізденудің, ғылымның орны төмен. Біздің, біздің ағаларымыздың заманындағы мұғалімдер қандай еді, шіркін! Олардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, киім киісі, адамға қарым-қатынасы түгелімен мәдениеттің озық үлгісіндей көрінетін. Мектепке жас мұғалім келсе, жағалары жайлауға кетіп, ыржалақтап жүретін ауыл жігіттері кенеттен ес жиып, аяқтарын сәндеп баса қалатын. Жә, бұл әңгіменің жалғасын прозашылар айтсын. Біз тақырыбымызға оралайық.
Ел-іші, жалпы қоғам оқу-білімге құлаш ұрып, құштарлық танытқан жылдары қаланы қоя тұрыңыз, қарапайым ауылдардың өзінен қаншама талантты жас түлеп ұшты. Жоғары оқу орындарын бітіріп лайықты маман иесі атанды?.. Әрине, қазір де білімнің орны ала бөтен. Аса мәртебелі білімнің бетіне ешкім тура келе алмайды. Бірақ, білімнің беделін түсіруге ұмтылған тоғышарлық, сасық байлық, менмендік белең алып бара жатыр. Сондықтан да бүгінгі заманның мұғалімі аса ауыр сынақтарды бастан кешуде. Білім саласындағы ұшы-қиыры жоқ, таусылып бітпейтін эксперименттер мектеп ұжымдарын титықтатып бітті. Мұғалім дегеніміз осы күні есепшінің, статисттің, құқық қорғау қызметкерінің, сайлауларда шапқылайтын барып кел, шауып келдің, т.б. жұмысына жегілген майлық-сулықтың маңына жоламайтын малайға айналды. Бірақ, сөйте жүріп бала оқытуда, ұрпаққа тәлім тәрбие беруде. Сондықтан осы бір жанкешті қауымнан кешірім сұрауға тура келіп тұр. Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов әлеуметтік желідегі (FB) парақшасында былай деп жазыпты:
Шекспиршелеп айтсам, Өмір - Ұстаз, бәріміз өле-өлгенше оның шәкіртіміз.
Кәсіби мерекелеріңізбен, ұстаздар қауымы!
Жылына бір рет қана жылы сөз айтып, гүл сыйлағанымыз үшін кешіріңіздер жаман шәкірттеріңізді!
Мардымсыз жалақы беріп, ретсіз қоғамдық-саяси өмір деген пәлеге жегіп қоятын біліксіз де тәрбиесіз билік үшін де кешіріңіздер біздерді!
Abai.kz