Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 14154 0 пікір 28 Қыркүйек, 2015 сағат 18:57

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ХАЗІРЕТ

XIX ғасырда Батыс Қазақстанда да ислам дінін таратуда өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар көп болған. Солардың ішінде халық арасында танымал Досжан ишан (1815 –1890 жж.) да бар.

Жақында Қазақ  хандығының 550 жылдығына арналған шаралар аясында Темір ауданының әкімдігінің бастамасымен және қажының Алматы қаласы, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде, Өзбекстанда тұратын ұрпақтарының қолдауымен Ақтөбе облысының Шұбарқұдық кентінде Досжан қажының 200 жылдығына  арналып үлкен ас берілді. 

Міне, осы асқа түкпір-түкпірден жиналған қазақы қауым қатысып, Досжан хазірет рухына арналып құран оқылды. Аудан орталығындағы үлкен ағаш үйлер тігілген этноауылда аудандық және облыстық өнерпаздардың қатысуымен түн жарымы ауғанша үлкен мерекелік концерт өткізілді.

Ертеңіне бұл шаралар аудандық мәдениет үйінде 200-ге тарта кісінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.

Конференцияны ашқан Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев мерекеге қатысушыларға Досжан хазіреттің өмірі, оның қазақ даласында ислам өнегесін халық арасында насихаттаудағы жасаған еңбектері туралы айтып берді.

Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жиынға қатысушыларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.

Атшабар алаңында қылқұйрықтылар арасында бәйге ұйымдастырылып, бас бәйгеге тігілген шетелдік жеңіл автокөлікті маңғыстаулық Әбдіғали Таңатаровтың «Ақбөкен» атты жүйрігі бірнеше ондаған сәйгүліктің арасынан топ жарып келіп, жеңіп алды.

***

ҚАЗЫНА

Кезінде қажылыққа үш рет сапар шеккен қоғам қайраткері, ағартушы, ойшыл Досжан ишан Қашақұлы 1815 жылы Ойыл бойындағы Шилісайда дүниеге келген деп жазылып жүр. Бұл бүгінгі Досжан ишанның мешіті тұрған Шұбарқұдық кентінен 3 шақырым жер екені даусыз.

Досжан 1831 жылы, яғни он алты жасында бірінші рет Меккеге қажылыққа барған. 1832 жылы Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен Құран-кәрімді, мұқтасарды тауысып, жатқа оқитын болып елге оралады.

Ағартушылық саладағы ең алғаш салдырған мешіті  Ақтөбе өңіріне қарайтын  Сам құмының етегіндегі Тасастау қайнар маңындағы Қарашың деген жерде екен. Кердері Әбубәкірдің жырында осы өңірде Досжан ишанның мешітінде сандаған шәкірт білім алды деп көрсетіледі.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев 1850-60 жылдары қажылыққа барған қазақтарды атаған кезде Досжанды «Халфе» деп көрсетеді. Софылықта бұлай деп ірі шайхтың өзі отырған жерінен шеткері аймақтағы көмекшісін айтады. Ендеше Қарашың мешіті Бұхар мешіт-медреселері сияқты таза софылық үлгідегі қадыми орталық болған деу керек.

Кердері Әбубәкір Досжанның Тасастау-Қайнарда көп жыл, яғни 1868  жылға дейін отырғанын тілге тиек етеді. Хазірет өмірінің осы кезеңіне қатысты үлкен бір мәліметті Мәшһүр-Жүсіптің белгілі «Қазақ шежіресі» еңбегінен ұшыратамыз. Қазақтардың үлкен бір тобы 1858 жылы Меккеге қажылыққа барғанын айта келіп: «Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан  халпе бар дейді», деп жазады.

Бұл кезеңдерде кіші жүздің тарихында көзге түсерлік көрнекті төрт көтеріліс өткен. 1785-1800 жылдар  аралығындағы Сырым Датовтың көтерілісі, 1830-1845 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1850-1860 жылдардағы Жаңқожа   Нұрмағанбетұлы мен Есет Көтібарұлының қозғалысы және төртіншісі 1869-1870 жылдардағы Орал, Торғай қазақтарының жаңа шыққан Дала низамына көнбейміз деп жасаған көтерілісі. Бұл көтерілістің үшеуі Досжан хазіреттің тұсында болған және бұл аттаныс ереуілдердің кезі болашақ діни тұлға ел ағасының оң мен солын танып қалған шағында болған.

Түрікпенмен шекаралас жатқан аймақтан Хазіреттің Ойыл өзенінің бір саласы Шиліге көшуіне осы тарихи оқиғалардың да әсері болды деген әңгіме  бар. Оған қоса көзі ашық, оқыған хазірет сол кезде ірі сауда орталығы  болғалы тұрған Қарақамысқа жақындауды да жөн көрген тәрізді. Сонымен, Әбубәкір шайырша   айтқанда,

Ойылдың көшіп  келді Шилісіне,

Асыл зат тәбәріктің милысына.

Келген соң мешіт салып, ғылым ашты,

Құдайым жолықтырды игісіне.

1868 жылы осы өңірге келген Досжан хазірет Шилі бойын таңдап, мешіт салуға бағыттала бастайды. Бірман деген ұстаны тауып онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін, құрылыстың негізгі жұмысына халық болып  көмектеседі. Асарлатып тез арада бітіреді.

Мешіттің бөлмелері алтау, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде бірде-бір тіреу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұрандаланып жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған екен. Мешіт ішіндегі аят-хадистері қызыл бояумен боялған. Бүгінге дейін  жеткен Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, жанында 150 орындық бала оқытатын медресесі, қонақ күтетін қосалқы жайы болған. Жалпы мешіттің архитектуралық үлгісі Қазандағы 1844 жылы сәулетші А. Пескенің басшылығымен Юнусов мешітінің үлгісімен жасалған деген деректер бар.

Бұл мешіт халық ауызында «Ақши мешіті» деп аталған. Досжан ишан өзінің көзі тірісінде бұл мешіттің өз атымен аталуын қол көрмеген.

Сартоғай өңірінде тұрған Нұрлепес атамыз Досжан хазіреттен дәріс алған. Нұрлепес емші өле-өлгенше  «Әуелі ұстазым Досжан хазіретке зиярат етіңдер, сосын маған келіңдер» деп айтатын еді дейді жерлестері.

Досжан ишанның екінші қажылық сапары 1870-74 жылдар аралығы делінеді. Бұл сапарында патша ағзамның сенімді нөкері, кавалерия генералы Ғұбайдолла (Жәңгірханның ұлы) императордың жеке рұқсат етуімен және Құнанбай Өскенбайұлының сапарымен бірге, яғни 1872 жылы 28 желтоқсаны мен 1873 жылдың 27 ақпаны аралығында Меккеге қажылық сапарда болып қайтады. Бұған Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» дейтін еңбегіндегі мына жолдар дәлел: «1872 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетұғын Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен», - дейді.

Бір деректерде, хазіреттің екінші қажылық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнанбаймен бөлісіп жер, құрылыс материалын сатып алады, ресми қағаздарын реттейді. Қағаз реттеуге шыққандарында үлкен кедергіге душар болады. Сол кездегі араб билеушілері: «Ау, көз көріп, құлақ естімеген алыстан келген қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар» деп талап қояды. Талапты орындауға бір жыл мерзім береді.

Досжан бұл құжатты ел кезіп, сарсылып іздеп жүріп, тек Қазаннан тапқан деседі. Бұқараға апарып растайтын мөр соқтырған. Сөйтіп, арабтарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды, сондықтан тәкияны соның атымен атаған дұрыс», - деп ризашылығын беріпті деген сөзі де бар.

Жасы ұлғайып үшінші қажылық сапарынан оның елге оралып, Шилі бойына келген сәтін Кердері Әбубәкір өлеңіне қосады. Бұл жерде хазіреттің алпыс екі түрлі тұқым еккен бағбандығы егжей-тегжейлі жырланады. Хорезм (Хиуа) хандығынан тұқым әкеліп, жеті түрлі алма ағашын, жүзім шыбықтарын еккендігі туралы сөз болады.  Кезінде жеміс-жидек отырғызуға жер сұрап Орынбор  губернаторының қабылдауын күтіп Досжан бабамыздың үш күн жатып, оның қабылдауында болып, жер мәселесін шешіпті деген дерегін жоғарыдағы істер нақтылай түседі.

«Досжан Ойыл жағында үлкен бақ егіп, онда неше түрлі мәуелер өсіріпті, - деп жазады жазушы Ғалым Ахмедов. — Бір орыс саяхатшысының айтуынша (Рыбаков болар), оның мәуелерін Орынбордың көпестері келіп көтере сатып алады екен».

Бұл 1890 жылдардың уақиғасы. Өмірінің соңғы кездері қажылыққа үшінші рет барып келген кездері болса керек, осы екі аралықта, Досжан хазірет дін жолында үлкен бір кесек іс бастайды, яғни қазаққа арнап өз алдына мүфтилік ашу шарасына белсене араласады. Тағы да Әбубәкір Кердерінің сөзімен    айтқанда:

Баршасы үшбулардың пірім деді,

Хазірет ақылы дана, білімді еді.

Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,

Өзінен халық қамын бұрын жеді.

Мүфти сұрап деп отырғаны    нақтырақ айтқанда, қазақ даласына өз алдына діни басқарма болуын, әр ауылда мешіт, оны басқаратын өз молдасы болуын, оған көшпелі жұрттың неке қиғызу, отбасына қатысты істерін шешуді қарауына беру сияқты мәселелері қаралуын қалады. Бірақ, бұл талап тіпті өз алдымызға тәуелсіздік алған кешегі күнге дейін шешілмегені тарихтан белгілі.

Хазіреттің жиен шөбересі Зайнутдиннің әкесі Жиенғали ахуннан естіген әңгімесі бойынша суреттеуіне қарағанда, Дошекең орта бойлы, қызыл шырайлы, кең жауырынды, көзі сұсты, көп сөйлемейтін кісі екен. Кезінде қазақ «жіңішке ауру» дейтін, бүгінгі медицина бейдауа санайтын кеселге ұшырағандарды, балалардың да түрлі дерттерін емдеп жазған дейді.

Хазіреттің ұрпағы туралы бізге жеткен бірер дерек:

 Досжан балалары:

1. Хабибулладан - Зайт, Зейнулла, Ұрқия

2. Саттарқұлдан - Қалқабай

3. Абдулла - Мәруа, Марзия, Ләйлә

4. Әби - Милқат

5. Сағи - Серік, Берік, Қайрат

6. Аққұбаш - Әдем, Жанатқаным, Шабһазгерей, Шәрбәну, Бағдат, Зайлат, Ғалия.

7. Үммагүлсім - Ғазима, Сағидан, Зейнаддин, Айнадин, Жиенқали.            

Өтеген ақсақалдың айтуынша, хазірет ұрпағының құрамы бүгіндері екі жүз түтіннен асатын көрінеді.

Тағы да осы С.Салқынұлының деректеріне сүйенсек, әке жолын қуғандардың бірі Аққұбаш дейді. Ол 1905 жылғы Нижний Новгородтағы бүкіл  Рессей мұсылмандарының ІІІ съезіне қатысты деген дерек бар.

Абдолла да мешіт ұстаған, талай қудаланған. Кешегі кеңес үкіметінің шаруасына да араласқан. Мұстафа Шоқай Темірге келгенде Абдолланың үйінде екі-үш күн еру болған деген де әңгіме бар.

Ал хазіреттің қызы Үммагүлсімнен  тараған Жиенғали да мешіт ұстаған. Стамбулдағы медреседе оқып, Орынбор қаласындағы атақты «Хусайния» медресесін  тәмәмдаған. Кеңес үкіметі кезінде көп қудаланған. Төрт рет қамалып, итжеккенге айдалған. 1880  жылы туып, 1943 жылы Қарақалпақстандағы «Ишан-терек» деген жерде қайтыс болған.

Хазірет туралы тиянақты   зерттеу әлі де аз. Әбубәкір Кердерінің «Қазағым», Қ.Қайыпбергенұлы мен М.Әбілұлының «Асылдың сынығы», Сәбит Салқынұлының «Досжан хазірет» кітапшаларындағы деректердің өзі әлі  жетілдіре түсуді қажет ететін тәрізді.

Хазіреттің қолданған мүлкінен табылғаны тек оның мөрі. Ол Шұбарқұдық тұрғындарының бірінің қолында. Мөрдегі арабша жазуды оқығанда «Аллаға құлшылық етуші Досмұханмед ұлы молла Қашақ 1248 жыл» (Хижра жыл санауы бойынша) деп жазылған. Бұл бағалы мұра әдемі тұтқасы бар түсті металдан, жазуы ішіне ойылып    құйылған. Көлемі жүз теңгеліктің шамасындай. Алдағы уақытта бұл жәдігердің орны аудан орталығындағы мұражай болуы керек.

Досжан есімі ел ішінде өте қастерленіп сақталған. Шұбарқұдық мекенінің тұрғындарының күшімен хазіретке қаза жеткеніне 110 жыл толуына орай ас берілген екен. Ақшимен Шилідегі мешітін қалпына келтіріп, басына кесене тұрғызу шаралары алдағы күннің еншісіндегі ойластыруға тұрарлық шаруалар.

Бүгіндері мемлекеттің қорғауындағы тарихи орынға айналып отырған Досжан хазіреттің «Ақши мешіті» мен оның есімі уақыт ұзаған сайын жадымызда жаңғырып, алыстаған сайын айшықтала түсетіні сөзсіз. 

Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ, 

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299