МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ СЕРТИФИКАТТАУ ҚАЖЕТ
«Денсаулық сақтау» ұлттық палатасы еліміздегі дәрігерлердің білімін бағалау жұмыстарын негіздер бойынша жүргізу заңды деп санайды. Бұл туралы журналистерге Палатаның басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда медицина қызметкерлерінің міндетті түрде сертификат алу қажеттігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгіленген. Сонымен қатар сала мамандарының білімін және білігін бағалаудың тәуелсіз жүйесін қалыптастыру мәселесі 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында да қарастырылған.
- Дәрігер қауымының өз біліктілігін тәуелсіз ұйымдарда растауы бүкіл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Бірақ оның тәртібі, төленетін ақысы да, әлбетте әр елде өзгеше. Шетелдердің көбісінде бұл қызмет түріне лицензия беріледі. Бұл үшін ақыны сол дәрігерлердің кәсіби қауымдастықтары төлейді. Есесіне, дәрігер осындай қауымдастыққа мүше болуы міндетті және ол үшін жүйелі түрде жарна төлеп тұрады. Егер маман заңға томпақ әрекетке барса, болмаса өрескел қате жіберсе, онда оның әрекеті үшін сол қауымдастық та жауап береді әрі мұндай дәрігер клиникалық тәжірибемен айналысу құқынан мүлде айырылуы мүмкін. Жалпы, клиникалық тәжірибемен айналысу үшін шетелдерде де маман көптеген дайындық сатысынан өтіп, тәжірибе жинап, біліктілігін дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана адам емдеу құқына қол жеткізе алады.
Шетелдік тәжірибе туралы айта келе, Қадыр Омаров АҚШ-та бұл шамамен 3-4 мың доллар, Канадада бірінші кезең – 980 – 1470 доллар шамасында; екінші кезең – 2350 – 3525 доллар шамасында екенін жеткізді.
- Қазақстанда дәрігер сертификатын бес жылда бір жаңартуы тиіс. Ақысы 3 мың теңгеге жуық. Шетелде сертификаттау, категория беру деген ұғым жоқ. Онда дәрігерлер лицензия бойынша жұмыс істейді. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, лицензия алу тәртібі де әлдеқайда қатаң, оған ие болу үшін тапсырылатын емтихан ақысы бізден жүздеген, мыңдаған есе қымбат. Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медицина мамандарының жұмысын дифференциалды бағалау жүйесі енгізіліп, бірте-бірте бізде де лицензиялау болатынына сенімдімін. Бұл мәселе тиісті мемлекеттік бағдарламаларда да көрініс тапқан. Ал әзірге медициналық сала қызметкерлерін білімін жүйелі жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру үшін кеңестік кезеңнен қалған категория ұғымы әлі сақталып келеді. Оны алу-алмау мәселесін әр дәрігер өз еркімен шешеді,- дейді Денсаулық сақтау ұлттық палатасының жетекшісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық қызметкерлерге үш категория тағайындалады. Екінші, бірінші және жоғары. Категорияға өтуге мүдделі маман білігін растау үшін емтихан тапсырады. Оның теориялық білімі және тәжірибелік дағдылары тексеріліп, тиісті бағасы жазылған куәлік беріледі. Осы куәлік бойынша ол қосымша құжаттарын тапсырып, құзырлы мемлекеттік органнан категориясын алады. Категория үшін шамамен 11 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін ай сайынғы жалақысына үстеме төленеді. Категория алу-алмау мәселесін маман өз ықтиярымен шешеді.
Денсаулық сақтау ұлттық палатасының есебіне сүйенсек, бес жыл ішінде категория алған мамандардың жалақысына шамакмен 690 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін үстемақы қосылады екен. Ал бағалаушы ұйымның қызметіне төленетін пұл 5 жыл ішінде маманның үстемақы ретінде алатын табысының 1,7 пайызын құрайды.
Қазақстанда медициналық мамандар білімін бағалау былтырғы жылдан бастап бәсекелік ортаға шығарылған болатын. Әзірге мұндай бағалау жүргізуге ниет білдірген ұйымдардың арасында тек біреуі ғана тиісті аккредитациядан сәтті өткен. Ол Денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанындағы Білім және дағдыларды бағалау орталығы. Былтыр бағалау шарасы Әлемдік Банк пен Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасы аясында қаржыландырып, тегін жүргізілген екен. Ал биылдан бастап емтихандарды ұйымдастыру шығындары орталықтың есебінен жабылатындықтан, шара ақылы негізге көшірілген.
Денсаулық сақтау палатасының өкілдері бұл өтемақының ұйымдастыру шығындарының құнынан аспайтынын анықтапты. Қадыр Омаровтың айтуынша, тиісті құжаттарда емтихан ақысын тек қызметкер емес, жұмыс беруші немесе басқа да заңды қаражат көзінен төлеуге болатыны айтылған. Оның пікірінше, бұл мәселеге жұмыс берушілерді тарту жағын қарастыру керек.
Хадиша Сержанова
Abai.kz