БАТЫРХАН СӘРСЕНХАН. КӨКТАС ШЕБЕРХАНАСЫ
Мәрмәрді қашап, сәбиге,
Жылайды зергер,
Қай жерден, қалай от басты?
Мұңын да шағып айта алмай кетті-ау, фәниге,
Жасамашы аға, көк тасты.
Ажалын күткен сақалын әрлеп бояумен,
Адамдар қандай жетесіз!
Туыла сала құлпытас жасап қояр ма ең,
Өлмейтіндер ше,
Өлмейтіндерді не етесіз?
Тілегін жолдап тамұқтағы елден,
Жүрегін жұлып халыққа берген.
Сыймайтын рухы табытқа мүлдем,
Қырандай көкте қалықтап өлген,
Қабыландарды қайтесіз?!
Күшіген ойлар, ісіген кеуде,
Ілесіп ардың түсіне ергенге.
Шешесін тілдер шоқ басса,
Айналсын солар көк тасқа!
Сұқтана қарап ала көздері,
Мына шал еске салады өзгені.
Ақынға мұның керегі қанша,
Қаламмен қашап алады өздері…
Анамның үнсіз жылап тұрғаны...
Дауылды дауыл басып көрген бе,
Жолбарыстанып жасықтар жерде.
Шашынан сырғып ақ орамалы,
Көрші әйел үйге қашып келгенде,
Күрсініп, анам жылады,
Жынды су, – деді – Кінәлі.
Себеп те таппай кісіңді ақтауға,
Сәбидей қолы үсіп жатқанда.
Алпамса жігіт ақырып төніп,
Әкесін сабап тісін қаққанда.
Жабығып, анам жылады,
Жынды су, – деді – кінәлі.
Жамаусыз көңіл қазақта бар ма,
Панасыз қайтсін көзі ақпағанда?
Бейкүнә жанды тағдырдың өзі,
Жетімек қыз деп мазақтағанда.
Қосылып, анам жылады,
Сол, – деді – Тағы кінәлі.
Өмірдің мәні, мұраттың мәні,
Кеудеме толып сұрақтың бәрі.
Ішімдік көрсем, түседі еске,
Анамның үнсіз жылап тұрғаны.
***
Жер дейтін планета,
Әлемнің бұрышында,
Бір қыз бар...
Есімі тұр тіл ұшымда:
Әнші де, биші де емес,
Баққаны өнер де емес,
Бір ғана берер кеңес:
Қабағында толқынды жасын ойнап,
Ол күлсе – түрленеді жасыл аймақ.
Жыласа – күңірентер қанша әуенді,
Жұбанса – жүрек басты барша белді!
Аққудай тамсануға жаратылған,
Арулар ақындарға бола туған!
Бір қыз бар,
Үмітімнен таң атырған,
Әлемнен дара тұрған!
Сол жанның мәңгі алаудай жанса бағы,
Жүрегі жүрек емес, ән сабағы!
Ғажайып жұмбағына Жаратқанның,
Шіркін-ай, адам қалай қол салады?
Өмірім өктем күнін тапты содан,
Көңілім көктем күнін тапты содан.
Сенімім шерткен сырын тапты содан,
Сол жұмбақ жан ұқсайды қатты саған!
КІМ КІНӘЛІ?
Көзінде тартылыс бар, құштар ғалам,
Ақ моншағын теңеуге түс қалмаған.
Ақ саусағы орынсыз ұсталмаған,
Бұл жайлы ешкімге де тіс жармаған,
Бір қыз бар-тын ауылда,
Мен білетін..
Есіміне елеңдеп ел жүретін,
Есігіне көп жігіт телміретін,
Ессіздері тәкәппар, паң көретін,
Ес білгені ерекше мән беретін.
Ал бір күні,
Жаңа отау жарық шашты,
Селтең жігіт,
Шорт мінез,
Шарық басты.
Ертеңгілік еркеме ес білдірмей,
Көркем қылып көлікпен,
Алып қашты!
Қайран ару!
Қан тулап кетті бетін,
Махаббатты "сүйісу" деп білетін.
Пәк сезім жайлауынан шет жүретін,
Жат көзге жар тізгінін ұсынбақ па?
Артың – жар,
Жолға бастар тұсың – қақпа.
Құстай аққан көліктен, өзін-өзі,
Лақтырып кеп..
Қанатын түсірді отқа.
Таң ата зар жылатып тәмәм елді.
Бір жолаушы хабарын ала келді.
Сән құрып үлгермеген сарғалдақ қыз,
Мәңгілік зағип болып қала берді.
"Өзін-өзі қорлай ма, өстіп адам?" -
Деген қартты көзге ілмей көшті заман.
Одан соң аңғармады жат жүрегін,
Одан соң таңданбады ешкім оған.
Есіміне елеңдеп ел жүретін,
Есігіне көп жігіт телміретін.
Жүрегі жалғыздыққа бола туған,
Бір қыз бар-тын ауылда..
Мен білетін.
***
Бір күндер болады,
Күлкі білмейтін.
Бір түндер болады,
Кірпік ілмейтін.
Бір сезім болады,
Сыр ақтаратын.
Бір әзіл болады,
Жылап қалатын.
Бір бауыр болады,
Серік болмайтын.
Бір ауыл болады,
Көлік бармайтын.
Бір сырың болады,
Бөліске - жетім.
Бір шылым болады,
Теріс шегетін.
Бір уайым болады,
Тас та жылайтын.
Бір қайың болады,
Басқа құлайтын.
Бір бақыт болады,
Түкірген көбі.
Бір уақыт болады,
Күтіңдер мені!
Abai.kz