Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9555 0 пікір 13 Мамыр, 2016 сағат 10:56

СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН (АЙТ-МАН): "ҚАЗАҚСТАН БАР МА ЕКЕН БАСҚА ЖАҚТА?.."

ЕКІ ОТАН

немесе нәнге хат

 

Сізден маған еш пайда жоқ, ей, аға!

Аспаным бар, зәру емен саяңа.

Жылап келдім, жылап өтем өмірден –

Ақсын қаным!

Шықсын жаным!

Аяма!

 

Аямайсың!

Аямасың білгенмін,

Сен Есікті теуіп ашып кірген күн.

Тесігінен кіжінгенмен Түрмемнің,

Жортқан Баққа ере алмайды Үрген Мұң.

 

Кәр қылар деп мен де ыға алман, ай, тақсыр!

Енді менде жай қалған жоқ тайқақсыр.

Атақтарын арт жалаумен шығарған,

Көп жәреуке жасай берсін айтақшыл!

 

Қызармауға үйренгесін бет ептеп,

Ер басына шатыр болған етек көп.

Еңбегіңіз төте сіңген,

жүре бер

Текесінген ақ шыбышты жетектеп.

 

Әншің – әрлі.

Заңшың – зәрлі.

Ақын – шат.

Ай-һай, заман, тұрсыз таққа тақым сап.

Сіз ұрсасыз – күңіренсек, аһ ұрсақ,

Біз сияқты болмайсың, – деп, – сатымсақ.

 

Тек сіздікі – ордамыз бен қордамыз,

Тек сіздікі – дорбамыз бен жорғамыз.

Сізбен бірге шыға алмаймыз жолға біз,

Елің – еру!

Елеңдеуші болмаңыз.

 

Би орнына кіл желғауыз болды абыз,

Жүрегімде – өрт,

көзімде – күл,

қолда – мұз.

 ...«Жүрек» деген бозторғайды қорғаңыз,

«Ізгі қала» жайындағы, Сорлы Аңыз!.. 

 

Өріп шыққан құбыжық пен жалмауыз

Ар-аманат-қазынама салды ауыз.

Дегенменен абайлаңыз, армаңыз,

Қанды ауызда Сіз де кетіп қалмаңыз! 

 

Төріңізді толтырғасын кіл кезбе,

Білінуші ед, ілінуші ед кім көзге!

Отан жайлы тебірене көрме тек,

Біздің Отан сіздікінен мүлде өзге. 

 

Біздің Отан – өртке үйтілу, шарпылу,

Сіздің отан: басы – гу-гу, арты – ду.

Біздің Отан – өксу менен өкіру,

Сіздің отан – ыңырсу мен алқыну. 

 

Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,

Сіздің отан – жармақ толған сейфте.

Біздің Отан – арман бүрген Жүректе,

Сіздің отан – жалған күлген кейіпте.

 

Бірде – орысқа, бірде – шүршіт, штатқа

Бірдей бұлғап, құйрығынды ұстатпа!

Сіздің отан – қолдан соққан ұшпақта,

Біздің Отан – сордан соққан қыстақта. 

 

Тулақ болған бұралқы мен өгейге,

Ертең: «Мынау кімнің жері?» – демей ме...

Сіздің отан – Астана мен Алматы,

Біздің Отан – Арал менен Семейде.

 

Зәузатымның Есесінен төленген,

Сіздің отан – жасалған шарт көп елмен.

Біздің Отан – Ұлытау мен Байғоңыр,

Су орнына у жауатын төбеңнен!

 

Сіздің отан – алғыс, қаума... көк орман,

Біздің Отан қарғыс, дауда жоғалған.

Сіздің отан – шет елдердің банкінде,

Біздің Отан – Маңғыстауда тоналған!

 

Хабарың кем, біздің Отан жұтай ма?..

Сіздің отан ұттырмайтын ұпайда.

Біздің Отан – қора, мола адыра

Қалған жерде – кеткен кеше Қытайға!

 

Біздің Отан – қысқы қырда тұл қалған,

Сіздің отан – күшті жырда жүлде алған.

Біздің Отан – арын сатқан нан таппай

Арулардың ышқырында былғанған!

 

Сіздің отан – атқалы тұр жел берсе,

Біздің Отан – қорғайды елін өлгенше!

Біздің Отан – мұхит асып жоғалған

Тумай туа шөккен бақсыз көрдемше!..

 

Біздің Отан – «дана түрде» шешілген

Мыйлау заңның моншасында шешінген.

Сіздің отан – қара түрме халыққа,

Біздің Отан: Ана тілде – кесілген! 

 

Сіздің отан – мәрмәр үйлер қоздаған,

Біздің Отан – боз торғайлы боз далам.

Сіздің отан – ібілістер әнінде,

Біздің Отан – қыл қобызда боздаған.

 

Біздің Отан – бершімек зар тумаған,

Сіздің отан – Шәддад-бақтай шулаған.

Біздің Отан – Қазақстан-бекіре,

Құлқын атты қызғылт ауда тулаған... 

 

Жә! 

Күйзелме,

күңіренбе,

сарқылма! –

Мола бағып отырған жоқ нар тұлға:

Қолданбаған ақыл бар-ды қартымда,

Жолданбаған хатым қалды артымда. 

 

Сарқылмайтын жымысқы арбап, жау ішсін,

Несібем бар – күнім бұлтқа қауыссын!

Мен шыдаймын –

тырымды ұрлап тауыссын,

Сіздің отан жырын жырлап тауыссын!

 

Сәби-халқым!

Жәутеңдеген құлдықта,

Мың жұт көрдің,

Шыдашы еңді Сын-Жұтқа.

Біздің Отан жеткізеді хабарын,

Ертең деген – өртенбеген Шындыкқа! 

 

Қашып жатыр – алдап-арбап туды алған

Зыр-зыбылдар – ақша-масы туғаннан.

Біздің Отан алады Ертең Азаттық,

Тәуелсіздік Түрмесінде уланған.

 

Далам менің!

Орда тіккен мың атам,

Көк байрақтай аспанынды ұнатам.

...Ешқашаңда Отан екеу болмайды:

Қалады әлі Жалғыз Отан – Шын Отан!

 

Ұлы Отан!..

 

15.07.1999 ж.

Ақтау.

 

ХАЛЫҚ ПА СОЛ ДА?..

 

Халық па сол да – соңында үні қалмаған –

Өз өркендерін өздері тірі жалмаған?!

Салдақы сатқын сол болар –

Бабаның Ділін

Белінен тамған тамшыға сіңіре алмаған!

 

Ордамды қанша озбырлар қиратқаны анық,

Сұрармын кеткен құнымды Сиратқа барып...

Пұт-«құдайларды» жітірген хас мұсылмандай,

Жұтқы байларды ылақтырсақ сирақтан алып!..

 

Неге мен ғана тартамын азаптың зарын,

Кешпекпін неге арсыздың мазақ қылғанын?!

Қазақтың қамын жемеген желөкпе тобыр,

Неліктен жеуге тиісті қазақтың нанын?!

 

Алып ем нәрем халқымның қанбай жырынан,

Дабысы қалды тек қана таңдайда ұлыған.

Борбай құлынан,

Мансаптың НӘН маймылынан,

Қорғауым керек Арымды – қандай да ұрыдан!

 

Атады қашан даламның ақсырға-ән таңы?

Шығарам қашан шыңына пәк сырды арқалы?

Табыт-түнекке –

Ұлтымның Сүлдесін таптап,

Сіңіп барады талтаңдап «тақсырлар» Табы.

 

Қанды жас төгед шығып ап қия бетке Айым,

Атады кімді жұлдыздар – ұялы оқтайын?..

Сүлделер өріп баратын Құдай Сотына,

Қалғаны хақ па жақындап – Қияметқайым?

 

Құдайсыз тобыр – сол Сотта құнығы қанып,

Тозақтың түрмелерінде шыбыны жанып,

Отырар ма екен шыға алмай тырдай жалаңаш, –

Халқымның мүрделеріне тығылып алып?

 

Қарғыстың қара таңбасы кейіптерінде,

Шойынқұлақтар жүр – жандары сейфтерінде.

...Көкірегінен Сүлдемнің тұтанар бір күн,

Сөнбеген шырақ – Бабамның Бейіттерінде!..

 

08.12.2001 ж.

Шынжыр.

 

 

Біздік ахуал

 

Қағады, ә, балақ далада қаһандар шаңы,

Шағала қанат самала – шаһарлар шамы...

Үптеп кетердей үйімді жанығам елге,

Сарқылған шақта жарқылды сапарлар сәні.

 

Саржасыл толқын даланы – бөкені бояп

Ағатын еді –

бүгінде мекені қаяқ?

Алыстан қайтып оралсам –

                                            бір түрлі қырды,

Езіле жаздап жүрегім, кетемін аяп.

 

Алдымнан аңсап шыққанда от жанарлы ақ таң,

Аударам барлық кінәні апталарға аққан.

...Жетім елікке су тимей қаптаған қақтан,

Талтаңдап жанды жаншиды жат табан – батпан.

 

Жалама жартас бәз дала,

                                          құлама құзды

Бауырдан саумал бұрқырап – бұлақ ағызды.

...Иттің бір жұты тигендер итініп келіп,

Сұрамай алып барады сыбағамызды!

 

Келгендей болам шетіне аранның кейде,

Құсардай іштен зәр-шынын һарам бір Бейне:

«Ұрдым да қойдым ерлігін бабаңның!» – дей ме, –

«Қасиетіне түкірдім далаңның!..» – дей ме?..

 

«Уақытым жоқ жататын қайғы-мұңды елеп,

Топылған тобыр!

Сендерден ай-күнім бөлек.

Биеңе қосып жүре бер айғырыңды ерек,

Айдынның керек, ал маған –

Байлығың керек!..»

 

Осылай дейді кіл сұрбет ішінен маған,

Ішімен айтқан сөзді де түсінем жаман!

Шоқиды қанша, Құдай-ау, қаңқамды менің,

Тұмсығы боқты,

көзі оқты күшіген-заман!?.

 

Қаһандар шаңы елестеп қонамыз дара,

Шаһарлар шамы шағылып қара құзға ана.

...Мына далада барлығы – басқалардікі,

Өзіміздікі әзірге –

Моламыз ғана!..

 

Әзірге!..

 

08.12.2001 ж.

Шынжыр.

 

 

«КӨҢІЛІНЕ КЕЛІП ҚАЛАР...»

 

«...Біздің Дала көнбістіктен көнге айналған тәрізді, –

«Единица – жақсылары» Нөлге айналған тәрізді!

Өз ұлдары өгей шығып, тәрік қылды Парызды!

Келер ұрпақ, өткен әруақ алдындағы Қарызды!» –

 

Деп ем, кенет бұғып жатқан шығып кетті тастан үн:

«Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Ал көнейік.

Сонда біздің кім қарайды көңілге?

Есектен де ессізденіп митыңдау да өмір ме?!

Қанмен жиған қазынамды тегін беріп тексізге,

Құл мен Құтан билік айтты Абыз гөйлер төрімде...»

 

Әлгі Дауыс Жанның көзін жарқ еткізді қас-қағым:

«Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Біздей самас, еренсізді есі дұрыс кекетті ел –

Сәл саңылау қалса Баста сол мазаққа төтеп бер.

Отан жайлы ұғымыңа ұрып қолын қояды –

Қотанына қасқыр ертіп келіп жүрген көпектер!»

 

Тағы да әлгі үн естілді:

«Жақ жаппауын қасқаның! –

Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Бостандықтың бозасына тойып алып оталап,

Сөйлесе ерлер, жұрт қарайды жанарлары боталап.  

Елдің қамын жегенсініп,

Жердің Қанын қылғытад – 

Қызғылт кұлқын,

сұрғылт тәбет,

бозғылт ындын – махаббат».

 

Тап жаңағы Үн:

«Қозғау мүмкін емес Сордың тас-тағын,

Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Бұл неғылған керең түйсік,

кердең ұғым, кер сана?..

Сүйегімде Тірі ет қалса жұл, отыңа боршала!

Ұлы Төзім ұйықтап жатыр біздің мең-зең далада,

Селт етпейтін – көзін ойып, тілін кесіп алса да».

 

Тастың даусы тұр естіліп:

«Жағыңды енді ашпағын,

Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Менің жерім қаза-қаза көрге айналған сықылды,

Жиған ырзық-несібесі көңге айналған сықылды.

Өлікті де ұйқысынан шошытардай кешегі

Көрген Түсім, шыныменен, Өңге айналған сықылды».

 

Тастың даусы қатты шықты:

«Ойлау керек бас қамын,

Ойбай, тыныш!

Көңіліне келіп қалар басқаның...»

 

«Зорға жеткен Азаттығым ғасыр жалғап ғасырға,

Бұлың етіп жоғалардай үрейленем, ырасында...

Бабалардың Сүйектерін сатып байып алғандар,

Тойлап жатыр –

Болашақтың Моласының басында!..»

 

Боздап қоя берді кенет менің Басыр Аспаным:

«Тыныш, ойбай!

Көңіліне келіп қалар Басқаның...»

 

Тағы сөйлей бергенімде, тасты алды да Аспаным,

Тас төбемнен ұрды ақырып:

«Үні өшкірдің шаш қанын!..»

Мылжа-мылжа болар деп ем – қор көңілім, пәс тәнім,

Қалды қағып әлгі тасты ШЫҢЫ ҚАРЛЫ АСҚАРЫМ!

 

«Енді өзекке қол сұғуға хақысы жоқ Басқаның!..» –

Аспан астын кетті шарлап ЕСКІРМЕЙТІН ЕСКІ ӘНІМ!!!

 

17.11.96 ж.

Ақтау шәрі.

 

 

БАБАТҮКТІ БОЗ ДАЛА

 

Бабатүкті боз дала,

көгесем қыр,

Былтырғыдан жусаның неге селдір?..

Өзің жайлы мұңым көп көкіректе,

Жеңілдер ме біреуі төлесем жыр?

 

Көк бұталар көктемде шулап шығып,

Жаз өтпей-ақ құрыды қурап шыбық.

Шыт-шыт болып сортаң жер жарылады,

Күңде қалған, мәселен, тулақ сынып.

 

Қыр еріні кезеріп шаңы шығып,

Қол созады қурайлар жан ұшырып.

Күлтілдейді көк сағым көкжиекте,

Сол баяғы жеткізбес алыс үміт...

 

Бабатүкті боз дала, көгесем қыр,

Можап қапты жел мүжіп көне сеңгір.

Тапқан шақта бабамыз жаудан жазым,

Көзде кеткен ең соңғы елес ең бір.

 

Кемиек құм шығарса кемсиген үн,

Замананың болжаймын керсигенін.

Келген сайын қия алмай жылап кетем,

Мен де сені бабамнан кем сүймедім.

 

Сексеуілдер сөккенде көбе-күйді,

Күйді тыңдап қабағын төбе түйді.

Күйреп қалған қырдағы күмбездерге

Елден бұрын аятты жел оқиды...

 

Бабатүкті боз дала-ай,

көгесем қыр,

Көгіңдегі қайда әлгі ересен нұр?..

Ағам байғұс кіш-кіштеп бес ешкісін,

Тезек таппай даладан жеңешем жүр.

 

Қалар ма екен, шынымен, қыр оянбай?

Саған қызымет қылады кім аянбай?...

Топырақты жын қағып кетті дейді,

Құйын болып –

қорлыққа шыдай алмай...

 

Рухыңды қай зауал құртқан езіп? –

Отырамын соны ойлап, жұртта мезіп.

Мерез басқан тәніңді көрген кезде,

Аспаныңнан кетеді бұлт та безіп.

 

Бабатүкті боз дала-ай,

көгесем қыр,

Перзентің боп қолтықтан демесем бір.

Сені ойласам,

жау да жоқ жарғыласар, –

Ылғи елес-сұлбамен егесем кіл.

 

Кім тілектес, білерміз кім білектес,

Бұл түріңді көрсе тек жын дір етпес.

Сосын –

сенің қаныңды ұрттап ішкен

Мыйғұрттардың мыңғыры дыңғыр етпес...

 

Кентке қашқан боз үйлер дөдегелі,

Малдан ада – қырпуы, төбелері...

Сені сұмдық аяймын, жазған далам,

Одан басқа қолымнан не келеді?!.

 

Бабатүкті боз далам,

көгесем қыр,

Жұбатармын жүректі не десем бұл?..

Біз де заман тұтқыны... 

Жапандағы

Жалғыз бостан – ақ киік, сен есен жүр!.

 

Көз жазып қап жөңкілген көп еліктен,

Ақ сағымның соңынан неге еліккем?..

Қалғып кетем түрмемде...

Түсімде ылғи

Қашып бара жатады төбе біткен...

 

Өң менен Түс ойнатып санамда жай,

Құбылады, Құдай-ай, заман қалай! –

Қашып кеткен көп төбе –

тауларды ертіп

Көшіп келе жатады маған қарай!..

 

Бабатүкті боз дала-ай...

 

05.05.1997 ж.

Шынжыр қыстағы.

 

 

БОЗДАЛАМЕН БАҚҰЛДАСУ                    

 

Кетті есерлік, оралды есті шағым,

Жарамайды бізге енді ескі сарын.

Пенделіктің тойына тойып болдым,

ЖАР Жұпарын сағынам, ДОС Құшағын!

 

Келемін мен көзімнен ән шықтатып,

Етегімді жалайды қаншық-бақыт.

Қаншық-бақыт дегенім – пенделік мұң,

Бәрі мәнсіз – тағар шен, таңсық тақыт.

 

Шер толғандым, –

                           жатса да құпталған боп,

Астары мен қатпарын ұққан жан жоқ.

Көрдім бәрін – өткіздім жүрегімнен,

Мен қарайлар жалғанда түк қалған жоқ.

 

Тек, боздала... шомылған боз мұнарға,

Сені Тәңір бақида кез қылар ма?..

Осы сурет қинайды-ау қимасым боп,

Көз алдымда тұрып ап көз жұмарда.

 

Боз даламнан басқа енді қимасым жоқ,

Қалады, ырас, ұл-қызым мирасым боп.

Ал отанның қайғысы – бақида да

Жыртып шығып жүректі, мыйға сіңбек...

 

Істейтін іс қалмады ақынға түк,

Жақтым – бағым, жүректі лапылдатып.

Фәни менен бақидың шегарасын

Әр дем сайын келемін жақындатып.

 

Бағыштасам ақырғы сөзді ЖАРҒА,

Бір қарармын артыма көз жұмарда. –

Жаным – ХАҚҚА аманат,

Тәнім – тақта,

Тербетеді боз далам боз мұнарда...

 

08.02.2008 ж.

Шынжыр.

 

КЕҢСЕДЕГІ КЕСІР ЖЫР

 

Мынау кеңсе қай кеңсе, мәрмәр кеңсе,

Енгізбейтін есігі аңғалды өлсе.

Кеңселердің желкесі күжіреймек,

Кер заман мен шерлі адам кермар келсе.

 

Жорға ғой деп жүргенім – китің шығып,

Қорамда үрген көпек көп итімсініп.

Қор боласың бұл жерде «итің шығып»,

Сілеңіне батырса қи-тіршілік.

 

Ел-жұртымның ауғасын құт басынан,

Құтыла алмай заманның жұтпасынан,

Мен де кірем кеңсеге, ағам бар деп,

Ұстап тұрған дәуреннің тұтқасынан.

 

Тар санасын жау менен жат тұсаған,

Теуіп тыққан қалпы бар қап құсаған.

Тура барсам танымай дүрдиеді,

Той-топырда арқамнан қаққыш ағам.

 

Қамдайтыны қашанда құт-қара бас,

Қарын болып бойына жұқты арам ас.

Құны қымбат жиһаздың тасасынан

Қандасына күледі ол тұт жалаңаш.

 

Күлмей енді өле ме қандасына? –

Қазына бар қымтаған қамбасына!

Бөлтеберден сиқында айырма жоқ,

Байлық басып жататын жамбасына.

 

Қаһарланса – жын шашқан кәрі бура,

Жалынуға қорқасың, жағынуға.

Ел мен жердің ырзығын жатқа сатып,

Енді аз жүрсе дайын тұр жарылуға.

 

Шаруасы жоқ, кетсе де ұлтың құрып,

Тұрқын танып тынасың, құлқын біліп.

Мен де амалсыз шылымын тұтатамын,

Ішім жылап тұрса да, сыртым күліп.

 

Екі етпейсің кәр қылса бұл ағаңыз,

Шойын езу, гүрзі қол, міне, нағыз.

Мұндай аға менде де, сенде де бар,

Мекен-жайын, ат-жөнін сұрамаңыз.

 

Бір тамырдан озалда дүрегенмен,

Бөлек бол, деп, қабірден тілер ем мен.

(Хал мүшкіл-ау, қапыда көзін салып,

Өзін танып қойса олар бұл өлеңнен...)

 

Хал-жайы осы ел сенген ұлығыңның,

Қамытына жегілген құл-ұғымның.

Қиналасың әлде бір обыр келіп,

Майын сорып жатқандай жілігіңнің...

 

Жоғарыдан кәр төксе қыли жендет,

Жорғаламақ алдында құл имеңдеп.

Қыли жендет желкесін қырыққанша,

Үстелдерде бықсиды кіл үйген боқ.

 

...Есігімде шиқылдап топса-шыдам,

Ұңғыдағы кей-кейде оқша ашынам.

Бұзып, мола салғым кеп кетеді-ай бір,

Кеңсе көрсем ақ мәрмәр –

боқ сасыған!.

 

28.01.98 ж.

Ақтау шәрі.

 

 

ҚАЗАҚСТАН БАР МА ЕКЕН?..

 

                                 «Басқа жерде «Қазақстан» деген

                                 ел бар ма екен? Болса, кетер едім!..»

                                                         Ермұхан Тоғызбайұлы.

 

Тіршілігі,

тынысы,

аспаны өңге –

Қазақстан бар ма екен басқа жерде?..

Қазанымның кірпігін ашып тастап,

Шымыр-шымыр қайнайды жас тереңде.

...Көз жасымның буынан пайда болған

Айықпайтын бір бұлт бар тас төбемде!

 

«Қазақстан бар ма екен бір қиырда? –

Бола қалса, – сол елге сырғиын да!..» –

Ауа жетпей алқынған Азаматтың

Ащы даусы әлі де тұр мыйымда.

 

Қазақстан бар ма екен – азат қаны? –

Берілетін жалғансыз таза ақпары.

Өз тілінде сөйлейтін қазақтары,

Өз мүддесін сатпайтын кәззаптары?..

 

Ұлдарының шекпеген азап тәні,

Ұрынбаған қыздары мазаққа әлі,

Аһ ұрмаған қарттары тозақтағы –

Қазақстан бар ма екен – ғажап бәрі?!.

 

Қазақстан бар ма екен басқа жақта? –

Хандары да қарайтын қас-қабаққа;

Қурылмаған қандары ащы араққа,

Бәрі қамқор ағаның – жас талапқа;

 

Тасбақадай бөленбей тас табаққа,

Азаматы ылайық асқақ атқа;

Жұлдыз төлдеп жататын қос қанатта –

Қазақстан бар ма екен басқа жақта?

 

Қазақстан бар ма екен –

ойып төрден

Орын берген қазаққа кейіп келген?!

Сөгіп ашып санасын сейфтенген,

Бәз баяғы бәкиза кейіпке енген!

 

Итаяқтан ас ішпей жөйіттермен,

Тосқауылын шүршітке қойып кеңнен,

Бабаларын бөліспей бейіттерден,

Бір тоқтысын Үш Жүзге сойып берген?!

 

Қазақстан бар ма екен –

майлы әкімнен

Қорлық көрмей күн кешкен –

қайратыңмен!?

Қара түнге қақалмай тайға-түрмең,

Бақтан бұлбұл сайраған сайрақы үнмен?!

 

Бала сатып ақша алмай қай кәпірден,

Төрлеріне байрағын жайната ілген;

Қыздары жоқ кіндігін Айға түрген,

Алласына сыйынған әйбат үнмен –

Қазақстан бар ед! – деп, –

Қайда?

Кімнен? –

Естіп едің, ағасы, қай хәкімнен?

 

Бола қалса, – сол жаққа мен де кетем,

Ғұмыр кешкім келеді пендеге тең.

Бұлбұл біліп менің де әндерімді,

Жұлдызға іліп жырымды ермек етем.

...Ұлдарының тасынан ұлтына атқан

Қирап біттім! –

Өмір де шөлмек екен!

 

Мен де кетем, ағасы, тастап кетпе,

Түк шара жоқ торай-тіл,

баспақ-бетке!

Өздеріне қалдырып батпақтарын,

Шығып жүре берейік асқақ көкке!

 

Ондай ел бар! –

Кей-кейде зор ұраны –

Шалынады құлаққа оның әні...

Кезігеді ол бір күні Ай туарда,

Шолпан туа немесе жолығады.

 

Ондай елдің –

Балқашы, Аралы аңыз,

Дегелеңі үстінде дем аламыз.

Еніп тұрып шегара – есігінен,

Керіп тұрып... тынысты кең аламыз.

Төгіп тұрып содан соң жасымызды,

Осы Қазақстанға ораламыз!..

 

11.12.2001 ж.

Шынжыр.

 

ҰЛТ ПЕН БҰЛТ

 

Аспаным аңырады бұлтсыз қалып,

Ерлерім еңіреді ұлтсыз қалып.

Жел деген жендет шықты күрт сызданып. –

Бұлттарды бір тауға айдап жиды апарып,

Ұлттарды бір халыққа құйды апарып –

Япырмай, ол не деген түпсіз халық!?

 

Бұлттарым тауды әзірге қызықтырар,

Бұлағын саусағына жүзік қылар,

Кемді күн гүлі сағақ үзіп тұрар.

Ұға алмас жел-жендеттей қырттың басы –

Жиылған қасіреттен бұлттың жасы

Сол тауды ақыр түбі мүжіп тынар...

 

Жел-жендет әлі талай оралады,

Жеріңнің бар асылын тонағалы.

Түзге ұшып елдіктің ақ орамалы,

Желменен қасірет те күрт тарайды. –

Білгенге бұлт та – қайғы, ұлт та – қайғы,

Қайғысыз Жер мен Елің не болады!?

 

Мен үшін таптырып ед қай жерұйық? –

Ұлиды ескі жұртта қайғы ерініп,

Сайларға бу шөгеді жаймен ұйып.

Бұлты жоқ көкте көшкен шудалана,

Ту далам айналғандай қу молаға –

Қарайды төбесінде ай мөлиіп.

 

Жеп мені тауысқан ба тағы-құлқын?

Жиылмай қалғаны ма сағым-ұртым?

Құри ма қайран жұртым, қалың ұлтым?.. –

деп едім, –

Теңіз шықты буы атылып,

Көкте ойнап қарқуар құс жүр ақырып!

Жебір тау құлап түсті уатылып! –

О, тоба-ай, орала ма-ей, тағы бұлтым!?.

 

19.02.1991 ж.

Құрық кенті.

Светқали Нұржан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060