ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІ: ЖЫЛЫТПАЙДЫ - ЖЫЛАТАДЫ
Еліміздегі коммуналдық қызметтер – түрлі кемшіліктерге толы сала. Пысықай коммунальщиктер халқымызды су, электроқуатпен, жылытумен қамтамасыз етудің орнына, бүкіл қоғамымызға ортақ шикізат түрлерін саудаға салады. Сонау тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында, жылпос Қажыгелдин, Машкевич, Шодиев пен Ибрагимов бельгиялық «Трактебель» компаниясына Алматының энергетика жүйесін сатып жіберді.
Кең байтақ, аса жомарт қазақ жері көптеген ұлттар мен тайпалардың қарқынды дамуына барынша жағдайды жасап бағуда ғой қазір. Алайда, кімге болса да «Шаңыраққа қара!» деп айтуды ұмытпау керек шығар. Алматыдағы құрылыс-коммуналдық шаруашылықтың жетекшілерінің дені – өзге жұрттың өкілдері. Мысалы, «Алматы жылу желілері» ЖШС-нің бастықтары көбінесе қазақ емес: оның коммерциялық директоры – Марина Хохлова, жылу энергиясы сату басқармасының бастығы – Оксана Галилова, мониторинг бөлімінің бастығы – Юлия Давыдова, есеп құралдарын бақылайтын қызметінің бастығы – Дмитрий Федюков және Наманган көшесі, 39а, мекенжайында орналасқан энергетикалық жүйенің меңгерушісі – Ольга Лепилина. Сондықтан да олардың ресми сайты www.alts.kz толығымен Ресейдің мемлекеттік тілінде жүргізіледі. Сіз орыс тілін білмесеңіз, Ресейде тіпті сыпырушы ретінде жұмысқа орналаса алмайсыз. Ал, аса қонақжай Қазақстанда оның мемлекеттік тілін білмейтін біреулер табысты әрі ықпалды лауазымдарды иеленуде.
Айтпақшы, солтүстіктегі көршілеріміздің әңгімелеріне ден қояйық. Биыл, татар журналисі мен блогері Ирек Муртазин өзінің irek-murtazin.livejournal.com/1654216.html мақаласының астында мынадай түсініктеме қалдырды: «Я уже лет десять говорю о необходимости аудита ценообразования услуг ЖКХ. У меня есть сильные подозрения, что они безбожно завышены....» Оның оқырманы, Петербург блогері colobus1.livejournal.com былай жауап қайтарды: «Ваши подозрения совершенно оправданы. Иначе как объяснить стоимость директорства в управляющей компании в миллион долларов». Қазан қаласында өмір сүретін бауырымыз солтүстік Пальмираның тұрғысынан сұрады: «Откуда цифра?» Питерлік блогер айтты: «Мне, как строителю, лет пять назад предлагали». Көрдіңіз бе, құрылыс-коммуналдық шаруашылықтың саласындағы лауазым иелерінің парақорлық құны өте қымбат! Ақша айналымы жағынан Алматы Петербургпен шамамен тең түседі, сондықтан оңтүстік астанамыздың да парақор прейскуранты питерлік бағалардан артық болмаса, кем түспейді. Осы саланың аса іскер бір адамы бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Н. Коржованың күйеуі А.Коржов еді. Бұл Коржовтың пара алып сотталғаны туралы 1997 жылдың 18 сәуірінде, «Караван» газетінде «Кое-что о муже министра Коржовой» атты шағын мақала жарық көрген де болатын.
А. И. Коржовтың туған інісі Михаил де қаржы мәселелерінің жілік майын ішкен «қайраткер». Әдетте, қылмыс жасап айыпталған кісілердің туған-туысқандарын жауапты қызметтерге тағайындамайды. Соған қарамастан, Миша атышулы «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны директорының бірінші орынбасары боп істеді. Неткен дарынды кісі! Бәлкім, бұндай жауапты лауазымға орналасуы үшін ол геодезия, картография мен сәулет өнерінің игерген шығар? Кім білсін?
Тақырыбымызға оралайық. Біздегі жырынды коммунальщиктер неше түрлі әдістер ойлап табуда. Мысалы, ыстық пен салқын судың санауыштарын бес жыл сайын өзгертуі немесе ақылы тексерістен өткізуі – бұқара халықты қанауға арналған кезекті айла. Кезінде, су санауыштар қаншама тұтынушыларымыздың қаржы-қаражатын үнемдеді! «Судың да сұрауы бар» демекші, мұқиятты түрде есептелген суды пайдалану отбасылық бюджетке сәл жеңілдік әкелді. Ал, тап сол кезде табысы азайған пысықай коммунальщиктер үшін қиын кезең басталды. Дегенмен, олар тағы да іскерлік танытты. Жарайды, тұтынушылар су санауыштары арқылы уақытша қаржы-қаражатын үнемдей берсін. Бірақ, оларды әр бес жыл сайын әлгі санауыштарды өзгертуге ресми түрде мәжбүрлеу керек! – деп шешті олар. Оған қоса, тұтынушылардың жеке өміріне бас сұғатын бақылаушыларды да әр үйге жиі жібере бастады. Осы арада шетелдік тәжірибеге жүгінейік. Мәселен, Германияда су санауыштары сынғанша пайдаланылады. Себебі, техникалық құрал-жабдықтардың қызмет мерзімін қалай болжай аласың? Мүмкін, ол бір жыл ішінде сынады әлде жиырма жылдан соң істен шығады. Сонымен қатар, педант немістер де тұтынушылардың жеке өмірін сыйлап, жыл сайын бір-ақ рет қана су санауыштарын көрсеткіштерін тексеруге келеді.
Оңай олжаға масаттанған біздің обыр коммунальщиктер осы күні жаңа талап қойды: Алматыда жиырма сегіз мың пәтер ыстық судан ажыратылады, егер олардың иелері «қазақ» жер-суының қожайындарына қосымша төлем жасамаса. Жемқор коммунальщиктердің қаһарына ілінген пәтер иелерінің бірі – зейнеткер Толқынай Мақашева. Оның болмашы зейнетақысының мөлшері – отыз сегіз мың теңге. Соған қарамастан, бұл кісі ұқыпты түрде пәтерақысын төлейді. Тіпті, жылыту үшін он төрт мың теңгені артық төледі. Оның дербес шотының нөмірі: 003922553. Толқынай ханым үнемі су санауыштарының көрсеткіштері бойынша тиісті төлемдерін жасайды. Бірақ, ғалымсымақ коммунальщиктердің пайымдауынша Т. Макашеваның су санауыштары баяғыдан бері істен шықты, себебі әлгі бес жылдық мерзімінен соң олар ауыстырылмады. Мүмкін, Т. Мақашева өзінің кіп-кішкентай пәтерінде монша ашып алған шығар (әзіл) Әлде, оның шағын үйінде су шикізатына зәру өндірістік цех орналасқан ба екен (әзіл)? Қалай десек те, құрығы ұзын қатыгез коммунальщиктер әлгі ұқыпты зейнеткерді де борышкерлер қатарына қосып, оған бірнеше рет «сотқа береміз!» қарақағаз жіберді.
Әрине, әлгі «қарақағаздағы» «қарыздардың» елеулі бөлігі Т. Мақашеваның жалған борышы тәріздес өтірік міндеттемелер болып табылады.
Сайып келгенде, ҚР бас прокуроры ретінде жаңадан тағайындалған Жақып Асановқа құлаққағыс! Құрылыс-коммуналдық шаруашылықта орын алатын заңсыздықтарды қатаң түрде жазалау қажет. Сіз 1997 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Бас Прокурордың аға көмекшісі – Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы ретінде қызмет еттіңіз. 2006 жылы «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы ретінде жұмыс істедіңіз. Сондықтан, осы саланы бүге-шігесіне дейін білесіз. Кезінде, шығынға батқан «Қазатомөнеркәсіп»-ті халықаралық дәрежедегі компанияға айналдырған, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырған Мұхтар Жәкішев он төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Мұхаң нақақтан күйген қазекең ғой... Ал, миллиардтаған теңгені қымқырған коммунальщиктерді он төрт жыл түгіл, он бес тәулікке ешкім отырғызбайды. Сонымен қатар, парламент тарапынан осы саладағы тәртіпсіздіктердің қадағаланғаны жөн. Ең дұрысы, құрылыс-коммуналдық шаруашылықты мемлекеттік немесе қоғамдық меншікке өткізу керек. Себебі, бүкіл халқымыз үшін ортақ байлық – құрылыс-коммуналдық шаруашылық – бәзбіреулердің оффшор зоналарындағы есеп-шоттарының көзі болмауға тиіс!
Данияр НАУРЫЗ
Abai.kz