«НАЗАРБАЕВТАНУ» ПӘНІ ҚАЖЕТ ПЕ? ҚАЖЕТ!
«Назарбаевтану» ғылымы ұсыныс тұрғысынан айтылғаны белгілі. Егер Білім және Ғылым министрлігі бұл ұсынысты талқылап мақұлдаса, онда сәйсектік авторларды саралап «Назарбаевтанудың» оқулығын, не оқу құралын жазуға басшылық қылғаны жөн деп білемін. Бұл пәнді оқу үдерістеріне еңгізу де ұсыныс дәрежесінде екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Оны да БҒМ-і шешеді.
Министрлік ұсыныс жасап бұл мәселені оқу орындарының өздерінің шешуіне тастауы да мүмкін. «Назарбаевтануды» ұсынуда біздің уәжіміз мынандай. Ұлық мәртебелі Н.Ә.Назарбаев Президент лауазымын 25 жылдан бері феноменалдық ерекшелікпен атқарып келуде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасы (БІӨ) 20 еседен көп өскен. Бұл ғасырдың жүгі емес пе?
«Біткен іске сыншы көп», «Бітірген ердің міні жоқ» демекші Елбасының тәуелсіздік жылдар кезеңіндегі сөйлеген сөздері, баяндамалары, жолдаулары, мақалалары, кітаптары 100 томнан асып кетті. Мемлекет, халық, қоғам өмірінің бірден-бір белесі шетте қалған емес. Тәуелсіздік дәуірінің тарихын, саясатын, экономикасын, мәдениетін үйрену, бағалай білу – барлық азаматтардың парызы. Олар Президент Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерінде жазылған. Оларды бір үлгіге, бағдарламаға келтіріп, көпшілікке ұсыну – қоғамдық пәндер мамандарының борышы. Бұл жаман ба? Кімнің мүддесіне қайшы? Меніңше бұл тек жақсылық қана! Мынау министрліктің, жауап хатынан алынған үзінді: « ... болашақта «Назарбаевтану» курсының іргетасын қалыптастыруға негіз болатындығына сенімдіміз». Біздер де сенімдіміз.
Оның үстіне «Назарбаевтануды» тек мен ғана ұсынып отырғаным жоқ. «Елбасытану», «Тұлғатану», «Қазақтану», «Елтану» аттарымен талай-талай конференциялар, баяндамалар жасау, кабинеттер ашу көптеген оқу орындарында жүргізіліп жатыр. Мұндай шаралар әсіресе, Президент Н.Ә.Назарбаевтың туылған күніне, 1-ші Президент лауазымына сайланған күніне бағышталып өтуде.
Н.Ә.Назарбаевтың бүкілхалықтық сайлаумен болған Президенттік лауазымын жоғары білгірлік пен көрегенділікпен басқарып келе жатыр. Сондықтан оған Лидерлік-Көшбасшылық мәртебесі лайық деп бір ауыздан айтуға болады. Президент күнін мерекеге айналдыруды да Парламент шешкен.
Бұл байсалды елдікті сипаттайтын іс-әрекеттерді адасушылық, тұлғаға табынушылық деп байбалам салуға боламайды.
Мәселе «таным» ғылымын, мысалы «Абайтану», «Әлихантану», «Ахметтану», «Мұхтартану», «Бауыржантануларды» үйрену оқу-ағарту ісіндегі қажеттілік. Осы деңгейде «Назарбаевтануды» да жүзеге асырсақ тәуелсіздікті нығайтқан, бекіткен боламыз. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бірінші Конституциялық міндеті де Қазақстанның тәуелсіздігін сақтау, қорғау, нығайту.
«Назарбаевтанудан» сескену, қорқу, үрку орынсыз.
Ғылыми ұсыныс жасаған адамды балағаттау «Таным» ғылымын «пән сабағы емес, ғылым емес» деп өзінің шектеулі көзқарасын жария ету мәдениеттілік, әдептілік, ойшылдықтан тысқары көрініс. Сөз егесін табады. Кезінде «Дінтануды» да ғылым емес деушілер болған. Мұндай надандық еш уақытта да ешкімге де пайдалы болған емес. Надандық сауатсыздықтан да жаман.
«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады». Сондықтан, біз «Назарбаев – Ленин, Сталин сияқты тұлға» болуын көксеп жатқанымыз жоқ, көксемейміз де. Бірақ марксизмді сөге жамандауға болмайды. Кез келген танымды байсалды ой елегінен өткізу лайықты. Жер жүзі ғалымдары Елбасымызды әлем ойшылдарының бірі деп бағалаған. Тек біздер емес, әлем көшбасшылары да мойындауда. Қолымыздан келгенін ше, құрығымыздың жеткенін ше, өз міндетіміз шеңберінде оған ат салысамыз.
Н.Б.Өткенбаев, профессор, Шымкент қаласы
Abai.kz
|