СЕРГЕЙ ЕСЕНИНДІ КІМ ӨЛТІРДІ?
Орыс және совет әдебиетінің ірі тұлғалары:С.Есениннің, В.Маяковскийдің, М.Цветаеваның, О.Мандельштамның, М.Горькийдің...о дүниелік болулары туралы Ресейде ғана емес, шет елдерде де көптеген мақала шықты, әлі де шығып жатар.
Бұл мәселеде, әрине, совет-орыстық әдебиетші-зерттеуші ғалымдар әу дегеннен белсенділік танытты. Алайда әліге дейін баршасы бәтуаласқан ортақ тұжырым жоқ, әрқайсысы өзінің сөзін оң етіп келеді. Әсіресе И.Сталиннің аруағымен алысқан алаяқ Н.Хрущевтың: «Сталин зиялылардан қорықты, оларды қуғындады» деген сухит сөзін малдана өршітушілер, мына аталғандарды, иә, ақын Сергей Есенинді де «сталиндік құрбандардың» тобына қосып қойды. Ал шындық қалай еді? Бұл тұрғыда ақын қазасы жайындағы мағлұматтарда екі нұсқа елеулі. Бірі – ақын И.Лысцовтың пайымы. «Молодая гвардия» журналында 1990 жылы жариялаған «Сергей Есениннің өлімі» мақаласында ол былай деді:
«...Ақын достар: Сергей Есенин, Алексей Гранин, Петр Орешин, Сергей Клычков Мәскеудегі әдеби кештердің бірінде, 1923 жылдың желтоқсан айында, Ресейді еврейлер билеп-төстеп алды, орыс мәдениетіне нұқсан келтіре бастады дегенді батыл, ашық айтады. Соған іле-шала С.Есенин «Жексұрындар елі» («Странанегодяев») деген драмалық дастан жазыпты. Зиялылар қауымы оның бас кейіпкері – Теміржолдар күзетінің комиссары Чекисовтың түр-түсі, сөз сөйлесі, жүріс-тұрысы, қимыл-қарекеттерінен Лев ДавыдовичТроцкийді (Лэйб Давидович Бронштейнді) бірден таныған.
С.Есенин 1922-1923 жылдары әйелі, американдық атақты биші Айседора Дунканмен бірге Еуропаның бірнеше елінде, АҚШ-та болып қайтқан. Ол сол жақта да антисемиттік ой-пікірлерін ашық айтып жүрген. Мәскеу полициясы сонысы үшін оның соңына түскен. Судья Комиссаров 1924 жылы ақпанда ақынды тұтқындау туралы шешім шығарады, бірақ, оның атақ-даңқынан сескеніп, тиісе алмайды. Әйткенмен, Есенин жасырынып жүруге мәжбүр болады да, 1924 жылдың қыркүйек айында Баку қаласына кетіп қалады. Арада бір ай өте бере Баку мейманханасында Мәскеуден ГПУ (Мемлекеттік саяси басқарманың) қызметкері Яков Блюмкин пайда бола қалады да, ақынды оңашалап алып, алты атарын кезеніп тұрып, боқтап-балағаттап: «Аузыңа ие бола алмасаң, ГПУ-дың подвалында кездесеміз!» деп қоқан-лоққы жасап кетеді. Сергей сол күні Тифлиске қашып, ондағы дос-жолдастарында бірнеше күн болып, қорғанысы үшін алты атар сатып алып қайтады.
Мәскеу пана болмасын білген Есенин Ленинградқа көшуді ойлап, 1925 жылы желтоқсанның 23-і күні сонда барып, әдеби кештерге қатысып, сатып алуға үй іздей де жүреді. Ол «Англетер» мейманханасына орналасқан екен. 28-іне қараған түнде Блюмкин адамдары Есениннің бөлмесіне басып кіріп, ақынды ұрып-соғып, асып кетеді. Блюмкин жасаған жауыздығына куә жақтасына – жергілікті Вольф Эрлихке: «Есенин өзіне өзі қол жұмсап, асылып өлді» деп сөз таратуды тапсырады.
Сұмдықты бірінші болып естіген журналшы Георгий Устинов әйелі Елизавета екеуі Есенин жатқан бөлмеге таңертең бірінші болып барған (олар да сол мейманханаға тоқтаған екен). Көрші бөлмедегілер де келіп, түнде тасыр-тұсыр бірдеңе болғанын естігендерін айтады. Не болғанын аңғарған Устинов: «Сергейдің күштеп өлтірілгені сөзсіз, сабалған, басы жарылған, шындықты айту керек!» депті. Жиналғандардың арасында Эрлих те болған. Ал келесі түнде устиновтер де «асылып қалған» күйлерінде табылыпты...».
Блюмкин бір жылдары С. Есениннің жақсы жолдастарының бірі болған, кейінде Троцкийдің социал-революцияшылар партиясына мүше болып, 1918 жылы маусымның 6-сы күні Германияның елшісі граф Вильгельм фон Мирбахты өлтірген. Блюмкин ол қылмысты КСРО тарихынан мәлім Брест-Литовск келісімін жасатпауды көздеген Троцкийдің тапсырмасымен жасапты. Кезінде Лениннің ол келісімге Сыртқы істер комиссары Троцкийді жібергені, ал Троцкийдің құр сөзден қырман жасап, Германияға іші бұрғаны белгілі. Ол оқиға да, С. Есенинді өлтіру де, кейін, 1929-жылы, Блюмкинге болған сотта жете айғақталып, қылмыскер ату жазасына кесілген.
Екінші. Виктор Кузнецовтың нұсқасы («Сергей Есенин қазасының құпиясы», 1998) басқашалау. Ол кітабы шыққанына бір ай шамасы болған кезде Мәскеудің «Чудеса и приключения» журналынан запастағы майор Виктор Титаренконың Есенинді атқан Николай Леонтьев туралы мақаласын оқып, еріксіз таңданады. Ол, Кузнецов, кітабында ақынды Блюмкиннің атқанын айтқан болатын. Әрине, мейлінше дәлелдеп. Ал Титаренко былай деген: ...Бұдан жиырма бірдеңе жыл бұрын Хабаров өлкесіндегі Ургау поселкесіне іссапармен барғанымда ұзақ жыл лагерьде тұтқын болған қарт, сырқат Леонтьев басынан кешкен оқиғаларды әңгімелеп отырып: «Витек, мен ақын Сергей Есенинді мына қолыммен аттым ғой...» деп налыды.
«...Пәленің басы Троцкийде жатыр, – дейді В. Кузнецов. – Ақын екеуінің ара қатынасы өте күрделі болыпты. Бірде Ленинградта дос-жолдастарымен ырду-дырду жасап отырған Есенин: «Ресейді Лейба Бронштейн билеп-төстеп тұрғанда мен Мәскеуге бармаймын!» депті. Саяси басқарманың құпия қызметкері Глеб Алексеев ақынның ол сөзін Троцкийге дереу жеткізеді. Есениннің «Жексұрындар елі» дастанына кейіпкер болғанын, ондағы бір кейіпкер Чекистовтың: «Сен жид емессің ғой? Сен – Веймардан келген мырзасың» дегеніндегі «мырза» Веймарда тұрған, оқыған өзі екенін білген Троцкий қалайша аласұрмасын! Екеуінің арасында басқа да қиямпұрыстықтар болған. Троцкийге бұзақы антисемит орыс Есениннің төңірегінде у-шудың көбейе түскені керек те еді.
Ақын дастанынан үзінді:
Замарашкин(сочувствующий коммунистам доброволец):
Слушай, Чекистов!..
С каких это пор
Ты сталиностранец?
Я знаю, что ты
Настоящий жид.
Фамилия твоя Лейбман,
И черт с тобой, что ты жил
Заграницей...
Всеравно в Могилеве твой дом.
Чекистов (комиссар из охраны железнодорожных линий):
Ха-ха!
Ты обозвал меня жидом?
Нет, Замарашкин!
Я гражданин из Веймара
И приехал сюда не как еврей,
А как обладающий даром
Укрощать дураков и зверей.
...Троцкийдің астыртын бұйрығымен тұтқындалған Есенин қаланың (Ленинградтың) Майоров даңғылындағы №8/23 үйде төрт күн тергеледі. Оны қорқытып-үркітіп, тіпті Мемлекеттік саяси басқарманың құпия агенті болуға көндіргілері келеді. Сол әрекетке ашынған Есенин бір сәтте Блюмкинді итеріп қалып, шалқасынан түсіреді де, оқыс қимылдан қатты шошыған Леонтьев, Блюмкиннің серігі, ақынды атып салады, ал қорланған Блюмкин атқып тұрып барып, Сергейді пистолетімен маңдайына қойып кеп қалады. Өлі Есениннің сол күні түсірілген фото-суретінде оның кеудесіне оқ тигені, маңдайы жарылғаны ап-анық көрінеді.
Блюмкин Мәскеудегі Троцкийге дереу телефон соғып, Есениннің өлігін қайту керегін сұрайды. Троцкий: Ертең газетте менің желөкпе, сарыуайымшыл ақынның өзін-өзі өлтіргені туралы мақалам жарияланады, ешкім басқаша ештеңе дей алмайды, деп жауап береді. Иә, солай болды да...».
Сергей Есенинді «деревняның ақыны», парықсыз, антисемит деп атап, өте жек көріп жүрген Троцкий 1926 жылы қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған мақаласында былай деп тілін безепті (түпнұсқасынан үзінді):
«...Мы потеряли Есенина – такого прекрасного поэта, такого свежего, такого настоящего. И так трагически потеряли! Он ушел сам, кровью попрощавшись с необозначенным другом, – может быть, со всеми нами. Поразительны понежности и мягкости эти его последние строки. Он ушел из жизни без крикливой обиды, без позы протеста, – не хлопнув дверью, а тихо прикрыв ее рукою, из которой сочилась кровь. В этом жесте поэтический и человеческий образ Есенина вспыхнул незабываемым прощальным светом...».
Құбылып тілін безеу, өтірік өкініп жылау деген осындай-ақ болар. Орыстар айтатындай: «крокодиловы слезы».
«Сөйлер сөзге келгенде тағалаған жорғадай» болған Троцкий және оның саясаттағы шәкірттері өздеріне қарсы шыққандарға талай тасырлық жасаған.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ (Айқын газеті)
Abai.kz