ДЕПУТАТ: МЕН – БИЛІКТІҢ ҚҰЛЫМЫН
... Мәжіліс өтіп жатады, сыртынан қайсысы не істеп отыр екен деп, бажайлап қарап жүреміз. Бірі ұялы сымтетегін, бірі ноутбігін, бірі алдындағы қағаздарын парақтап, кейбірі өзара сыбырласып сөйлесіп, қайсібірі қалғып - мүлгіп, біреуі нашар оқушыға ұксап шұқыланып, бірі жақсы оқушыларға ұқсап өз-өзінен белсеніп, шошаңдап отырады. Бұлар, әрине, заң жазып жатқан жоқ. Үкімет үйіндегі арнайы топ дайындап, жазып парламентке алып келеді. Үкіметтегі заң жазатын топтың құрамындағылар кімдер екендігі әзірге құпия. Өйткені заңдар Қазақ елінің, халқының мүддесіне орай жазылмайды. Жат жандардың қолтаңбасы көрініп тұрады. Парламент сонда қол көтеру үшін ғана керек пе? Әне, ана жерде мына жерде отыратын екі-үш депутат бүгін жоқ, "жұмыстарымен кеткен шығар" деп кейде пал ашып отырамыз. «Әне біреуінің орны үңірейіп тұр. Соңғы кездері көп келмей жүр», - деп қоямыз арасында. Бірі - екі күннің бірінде жоқ. Орнын жоқтатпай кейде сондағы мамандар, журналистер, кейде есеп беретін министрліктің кісілері келіп отырады. Әйел депутаттарға жолығып, сұхбат алсаң жаттап алған ресми сөздерімен сайрап қоя береді. Ұлтқа қарсы жазылған заңдарды қолдауда белсенді. Енді бірі көмекшісін ортаға салып, «сұрағыңды жазып бер» деп мемлекеттік істен қолы босамай, елдің бір шетін тіреп тұрғандай шіренеді.
...Бірде тойған қозыдай томпиып отыратын, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, депутаттық мерзімі біткен соң зейнетке шығатын ағамызға оңаша кабинетінде сұхбат алайыншы деп, «бүгінгі жетістіктер» туралы айтып беруін өтіндім. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуы, өркендеуі, саяси, экономикалық «жетістіктері», үкімет тарапынан үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының ірі жобасы ретінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолын, «2020», «2030», «2050», «Нұрлы жол» бағдарламаларын «ғажайып» қылып тамсана айтқанда менде «нұрланып» ертегілер еліне кіріп кетіппін. Жарты сағат тыңдаған соң: - Аға, сіздің айтқаныңыздың бәрі «шындық». Енді маған Қазақстаннан өндірілген бір затты осы кабинетіңізден тауып беріңізші, - дедім. Жан-жағына ары қарап, бері қарап отырып ештеңе таппады. Тоғызыншы қабаттың терезесінен сыртқа қарасам, «Қазақстан» концерт залының құрылысы аяқталып жатыр екен.
- Онда терезеден қараңызшы. Мүмкін көлік, құрылыс заттарының ішінен бірдеңелерді тауып қаларсыз, - дедім.
- Қара жұмысшы қазақтардан басқа ештеңе жоқ екен, - деді ол көңілі құлазып.
- Кабинетіңіздегі жиһаз, электронды техникалар, электр лампы қосқыш, қалам- қағаз, арысы үстіңіздегі костюм-шалбар, аяғыңыздағы шұлық, іш киіміңізбен қоса жұмыс телефоны, ұялы сымтетік, көзілдірігіңізге дейін бізден шықпайды екен. Сонда бізде қай сала дамып жатыр? - дедім.
- Білмеймін, - деді көп ойланып. Тағы бір сұрақ қояйыншы:
- Ертең мерзіміңіз бітіп облысыңызға, ауылыңызға барасыз, алғашқыда «депутататық «буыңызбен» жүресіз. Сосын бірте бірте жоғарыдан келген «ыстығыңыз» басылып ауылдастар, ағайын туыстар, әр жерден сұрақтар қоя бастайды. Немереңіз:- «Ата, депутат болғанда еліңізге, халқыңызға қандай «еңбек» сіңірдіңіз?» десе не деп жауап бересіз?
-Диктофоныңды өшірші, - деді ол қатқылдау үнімен. Сосын, біраз ойланып отырып, – Бір ауданның мәслихатын басқарып жүрдім. Он мың гектар жерім, әжептеуір тіршілігім бар. Бір күні аудан әкімі: -Облыс әкімі «Мәжіліс депутаттығына бір кісіні бер» деді. Сізді ұсынсам қайтеді, географияңыз бен биографияыңыз келіп тұр, -дегені. Төбеме жай түскендей болды. Астанаға парламентке барамын деген қорқыныш па, қуаныш па, білмеймін, арқамнан ток жүріп өткендей болды. «Барғасын «ананы айтамын», «мынаны айтамын», ана ауылға жол салдырып, мына жердегі көпірді жөндетіп, қабырғасына сылақ тимеген мектептерді жаңалату үшін қазынадан қаржы бөлдіремін. Еліме жасаған жақсылықтарымды ұрпақтарым мақтаныш қылып айтып жүреді» деген тәтті ойлар менің қаншама түндерімді , күндерімді ұрлады. Сонымен мәжіліс депутаты болу үшін керекті барлық «жағдаяттан» сүрінбей өттім. Парламентке келсем – мұнда сайқал саясат екен. Ешкім саған қысым жасап немесе қорқытып жатқан жоқ. Тәуелсіз, еркін азат депутаттсың, бірақ, жіпсіз қол -аяғың байлаулы, еркін ой кісендеулі, аузың – жабық, құлағың – керең, көзің – соқыр, ерік -жігерің шідерленген. Қалыптан шығып бара жатсаң, партиядан шығасың, партиядан шыққан соң, автоматты түрде мандатыңнан айырыласың, одан аудандағы абыройың, ұлтыңа, халқыңа көмектеспек түгілі бала-шағаңа кесірің тиеді. Менің де ертең қартайғанда абыройлы болғым келеді. Бала-шаға, ағайын туыс, құда жекжат, немере шөберелерімнің алдында сыйлы ата болғым келеді. Бірақ, «парламент депутаты болды» деген атым қалады да, ары қарай ештеңе айта алмай, өмір бойы ақталып, күмілжіп өтетін шығармын. Шынымды айтсам, осыарадан кеткенше асығып жүрмін. Бізді, халық та, БАҚ- тарда жерден алып жерге салып жатады. Бәрі шындық, соған өз басым қатты ыңғайсызданамын. «Халық пен билік» атты екі оттың ортасында жүрмін. Әріптестеріме айтсам: «Сені халық сайлаған жоқ. Халықтың алдында жауапты емессің, кім тағайындады соның ғана сойылын соғуға құқың бар» деді. Рас. Иә. Уақытша билік пен уақытша тұлғалардың уақытша тағайындаған құлымын. Парламенттегі бес жылғы бар тірлігім қол көтеру. Көп заңдар еліміздің, ұлтымыздың мүддесіне қайшы келіп жатады. Халық сайлаған болса, солардың мүддесі біздің мүддеміз болып, жауапты болар едім. Әркез, «Неге бұлай?» деген сұрақ миымнан кетпейді. «Еліме, халқыма, оның экономикасына пайдамды тигізсем деу құр қиял болып тұр. «Мұңдас» депутаттармен оңаша «сырласып», сыртымыз бүтін ішіміз түтін болып жүре береміз. Шынымды айтсам немеремнің алдында қарабетпін- деді жүзі солғын тартып. Жұмыс үстелінің бетіне бүктеп тастай салған газеттердің арасынан «Дат» пен «Жас Алаш» газеттерін жазбай таныдым. Иә, қазіргі қалыптасқан олигархиялық-экономикалық-авторитарлық саяси басқару жүйеміздің тірлігі ілдубай-шілдубай, балдыр-батпаққа айналып кетті. Еліміздегі кез келген саланы бақылап қарасаңыз аты бар да, заты жоқ «жетістіктерден» бас айналады. Сосын, парламенттегі ағаларымызды жөнсіз сөге беретінімізге де бір түрлі ыңғайсыздандым. Өйткені, «жаман айтпай жақсы жоқ», әлдебір жау елімізге басып кірер болса, осы депутаттардың бірі взвод, бірі рота, бірі двизия басқарып, елі үшін жанын пида ететіне сенемін.
Еліміздегі қазақ қоғамының өкініші, қазақ ұлтының өзегін өртеп жүр.
Тоғайбай Нұрмұратұлы
Abai.kz