Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 19444 5 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 12:39

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІНДЕГІ ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ АТА ТЕГІ

  Қазігі маңғолдар – осы халха маңғолдар.

Бұлардың Шыңғыс хан маңғолдарынан діні де,

тілі де, мінез-құлқы да бөлек.

                                                  / Қойшығара Салғараұлы/   

 

ҚИЯТ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Қазақтың нағыз ойшыл ғұлама шежірешілерінің соңғы тұяқтарының бірі, менің көзім көріп қалған Найман Байжігіт Ғұлам Қадыр марқұм Шыңғыс хан жөнінде айтқанда: «Шыңғыс ханның бесінші атасына дейін Қоңыраттың қыздарын алған, сондықтан оның бойында Қоңыраттың қаны басым. Шыңғыс ханның аты басқа болса да, заты қазақ» деген еді.  Осы әңгіме жөнінде мен тарихшы ғалым, «Шыңғыс ханның шежіресі», «Абылай әулеті», «Барақ әулеті» атты кітаптар жазған, кіші Әбілхайыр ханның інісі Бұлхайырдің ұрпағы Арман Қият төремен сұбхаттасқанымда, ол досым: «Онысы рас, қияттар үнемі Қоңыраттың қыздарын алып отырған. Есугей баһадүр құдасы Тай шешенмен әңгімелескенде: «Қияттар сіздерден алыстау жерге көшіп кетті, арамызда тайпалардың соғысы болып жатты, сондықтан, мен сіздерге жете алмай, бірталай жасыма дейін бойдақ жүріп қалдым» деп ағынан жарылыпты» деді. Осымен қатар, Қытай елінде «Қазақтың қысқаша тарихын» жазған қандасымыз Нығмет Мыңжан: «Қоңыраттар өз қыздарын үнемі Шыңғыс ханның маңғолдарына беріп отырған» деп айтып кеткен еді.  Осылай болғанда, есті жігіт Есугей көркіне қызығып біреудің қалыңдығын тартып алатындай адам ба еді? Меркіттің әкеле жатқан қалыңдығының Қоңыраттың қызы екенін білген Есугей баһадүр: «Бұл олжаны маған Көк Тәңірінің өзі жіберіп отыр» деп, түсінген болса керек. Есугейдің меркіттен тартып алған бәйбішесі Қоңыраттың Құлшығаш руынан еді. «Құпия шежіреде» Есугейдің Тай шешенге: «Ұлыма қалыңдық іздеп нағашыларына келдік» дегенінде, ол жалпы Қоңырат тайпасын нағашы деп отырған жоқ, өзінің қайын жұрты, Темежанның нағашы жұрты, Тай шешеннің Құлшығаш руын айтып отыр. Жалпы Қоңырат тайпасының Темежанның нағашы да, қайын да жұрты емес, өз жұрты екендігін, төменде нақтылап айтамыз.

Шыңғыс ханның шыққан тегін Қият Бөріжігіт деп атайтындары белгілі. Қият тайпасының құрамында Қият тобықты, Жауырыншы,  Айдын, Байжігіт атты бөлімдері болған.  Қытай деректерінде Кият-юркин дегендер де айтылады.  Юркин дегеніміз – көне керейлердің Жырхын тайпасы.  Наймандағы қаракерейлердің түбі осы Қият жырхын болса керек. Әбілғазының шежіресіне сілтеме жасаған Қойшығара Салғараұлы Түріктің Маңғол, Татар деген екі егіз ұлының болғанын айтады.  Демек, бұл шежіреде Маңғол атаулы Түріктен тарап тұр. Ал енді осының тарихи дәлелі бар ма?

Түрікті Самнан, яғни, арабтардан таратқан Адамзат шежіресі менің қолымда әкемізден қалған еді. Бұны әкеміздің қайдан, кімнен, қай уақытта алғаны маған белгісіз.  Кезінде, Әлкей Марғұлан «Ғылымға жүгінген жөн» атты мақаласында бұл таратылудың басы жалған екенін айтқан соң, мен осы жәдігерге талай жыл мән бермей жүрген едім.  Оның үстіне Шәкәрім қажының: «Арабсың деген сөздің түбі шірік» дегені тағы бар.  Жуықта мен Әз-Жәнібек ханның нәсілі, «Кенесары хан» қорының төрағасы, Шыңғыс хан орденінің иегері Мұхтархан Абаған төремен сөйлескенімде, ол досым: «Мен Қарақалпақтардағы қияттарды ғана Шыңғыс ханның руына жатқызамын» деген еді. Осының алдында Мұхтархан төре «Маңғолдардың құпия шежіресін» аударып, Шыңғыс ханды жалайырға жатқызып жүрген Тілеуберді Әбенаймен де сөйлескенде осыны айтқан екен.  Осымен қатар Мұхтархан төренің Шыңғыс ханның тегін зертеп жүргендер – Хасен Қожа Ахмет пен Қайрат Закариянов мырзаларға: «Бабамыздың тарихын төрелер өздері зерттесін, сіздердің оған бастарыңызды ауырпағандарыңыз дұрыс болар еді!» дегені де болған. Осыны естіген мен, Шыңғыс ханның тарихына қатысты бір жазғанымнан кейін араласпай  кеткен едім. Жоғарыдағы әңгімеміз кезінде Мұхтархан төре маған:   

  - Қареке, сен шежіре танушысың ғой, кім айтқанын ұмыттым, кезінде бір зертеуші: «После падения Найманского государства начинается нашествие Чингис хана на мир» деп айтқан еді. Найманың тарихын, шежіресін сен жақсы білесің, Шежіреге сүйеніп Шыңғыс хан жөнінде жазсаң дұрыс болар деймін. Осыны бір көрсеңші! -  деген еді.

Қайткенмен де, төренің баласы ғой, қанынан да сезетін шығар, сондықтан Шыңғыс ханның тегін осы Мұхтархан төре айтқан Қарақалпақтан қуып көрелік. 

 Даланың ауызша тарихының қайнар көзі шежірелер – ата-бабаларымыздың тарихта қалдырған іздері. Қай халықты алсаң да, сол халықтың ата тарихының басындағы түпнұсқалық негізі осы шежірелерде жатыр. Қазіргі тарихшылардың шежіреге деген немқұрайлы көзқарастары, олардың таным-түсініктерінің тар екенін білдіреді. Мұхтархан Абаған төренің айтуынша: «Тарихты шежіресіз айтқан тарихшы - тарихшы емес». Шежірені тарихтың атасы деуге де болады. Есте жоқ ерте замандарда жазылып қалынған Геродот, Қытай деректері халықтар жөнінде баяндағанда, сол баяғы, анау айтты, мынау айтты деген сөздер жиі кездеседі. Рашиден де жазғандарында: «Сенім білдіретін адамдардың айтулары бойынша» деп сөз бастайды. «Сенім білдіретін адамдар» деп Рашиденнің, әрине, шежірешілерді, ойшылдарды айтқаны. Шежіре деректері дегеніміз, бір шындықтың бір нұсқасы.  Шежіре дегеніміз – ата-бабаларымыздың тарихта қалдырған іздері болса, онда, шежірені танушыны, шежірені зертеушіні, осы іздерді кесуші деп танығанымыз дұрыс болады. Әккі шежіре танушы адамның бетіне қарап отырып тегін айта алатын, ерекше жаратылған адамдар екені сөзсіз. Жоғарыда айтылған Ғұлам Қадыр ақсақал осындай адам еді.

Шыңғыс ханның шежіресін аударған бауырымыз керей Тілеуберді Әбенайды жалайырлар екі қолдарын көтеріп қолдап, Құдайдай көреді екен. Өйткені, Тілеуберді Шыңғыс ханның түбін Жалайырға тіреп еді.  Бұның себебі – Жалайыр мен Шыңғыс ханның тарақ таңбалырында тұрған көрінеді. Рашидидің жазбаларындағы «Жалайыр – Шыңғыс ханның өткүл бұғұлы», яғни, «құлы» дегенін Тілеуберді тәржімелегенде: «Арқа сүйеген қарашысы» деп түсіндіреді.  Бұған дау айтудан аулақпыз.  Жалайырлар Шыңғыс ханның есігіндегі құлынан бастап, төріндегі қолбасшыларына дейін оның арқа сүйеген, сенім артқан қызметшілері болған соң, ол, осы өзінің меншікті тайпасына өзінің таңбасын берген болса керек. Бір сөзбен айтқанда, жалайырлар Шыңғыс ханның ұлы мәртебесіне құлшылық (қызмет) еткен тайпа. Сондықтан, даланың ауызша тарихында: «Төлеңгіттің түбі – жалайыр» деген сөз қалған.  Мәселен, орыстардың дағдылары бойынша, патша ағзамға адал қызмет еткендер өздерін: «Покорный слуга его императорского величества» деп атаған. Ханның ұлы Шоқан да өзінің басшыларына хат жолдағанда: «Имею честь, быть Вашего превосходительства, покорный слуга» деп жазған. Яғни, «Сіздің Ұлы мәртебеңізге құлшылық етуді құрмет тұтамын» дегені еді.  Сондықтан, Жалайырды Шыңғыс ханның ең сенімді, ең адал, арқа сүйеген, оның ұлы мәртебесіне ақырына дейін құлшылық еткен тайпа деп ұққанымыз жөн. Осыны жалайырлар құрмет тұтулары керек. Қытай деректері Жалайыр Мұқалыны Шыңғыс ханмен бірге Ұлы маңғол империясын құрғандардың арасында ең бірінші тұлға ретінде атайды.  Тіпті оны: «Временно заменающий императора» деп атаған (Чжао Хун). Жоғарыда аты аталған Ғұлам Қадыр ақсақалдың айтуынша, сұраусыз қалған Кенесарының кегін Жалайыр алған.

Алғашында, Шыңғыс хан шыққан Бөріжігіт – Боданжар әулетінің таңбасы қаршыға (ұйқыш) еді. Бұл таңба фашистердің свастикасына ұқсайды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қабырғаларында осы свастика таңбасы айнала басылған. Мен жас күндерімде соны көріп таң қалған едім. Қазір, әрине, бұған таң қаларлық дәнеме жоқ. Яссауидің кесенесін салдыртқан барлас Әмір Темір осы қаршыға таңбалы Бөріжігіт-Боданжарлардан еді. Әкемізден қалған шежіре дерегінде Әмір Темір – Асқақ Темір деп аталған. Орыстар болса, осы Асқақ Темірді – Тимур Великолепный деп аударған. Ал енді, оны ақсақ (хромой) Темір деп, кемсіту үшін жаулары айтқан. Шыңғыс хандар  құрған Алтын Орданы күйреткен Әмір Темір асқақ болмай, кім болған?

Сонымен, Шыңғыс хан қаршыға таңбасын тастап, тарақ таңбасын неге алған?  Алдымен, әңгімемізді біздерді арабтан таратқан шежіреден басталық. Бұл шежіре кестесінің фотосуреті менің жазған «Бөрі Найман» атты кітабымда басылған. Әмір Темір - Асқақ Темір деп осы шежіреде аталған.  Мендегі жәдігер шежіренің басы қиял болса болар, ал енді, ортасы мен аяғының таратылуларына күмәнмен қарайтын себеп тапппадым. Түрікті арабтан таратқан тек бір нұсқада ғана жаңсақтық бар. Атап айтқанда, 1991-ші жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Шежіре – қазақтың ру тайпалық құрылысы» атты кітапта Моғол (Мыңғұл, араб алфавитінде Ң әрпі болмаған соң моғол деп жазылған) Сұнақтың ұлы ретінде көрсетілген. Сұнақтың екі мағынасы бар. Біріншісі, Сұнақ ата –тарихи тұлға, Қожа Ахмет Яссауидің қарамағында имам болған. Екінші мағынада: «Аллаһ жалғыз, пайғамбар хақ, сунна ақ» деп уағыз айтып жүрген адамдар сұнақ атанып кеткен. Суннит дегенді білдірсе керек. Әрине, мыңғұлды осылайша таратулары жасандылық. Ал енді, әкемізден қалған мендегі шежіреде Моғол - Созақтың ұлы ретінде көрсетілген. Созақ дегеніміз кімдер?

Тарихшы ғалымдар Созақ деген этнонимнің бастапқыда Су сақ болғанын, яғни, бұл тайпаның Су сақтары екенін талай жерде айтып кеткен. Яғни, Созақ дегеніміз – су бойынан, су жақтан, теңіз, мұхит жақтан келген сақтар. Орыс ғалымы С.П. Толстовтың зертеулерінде қарақалпақтың арғы аталары Арал теңізі бойындағы массагеттер, соның ішінде печенегтердің атасы – апасиактар. Ал енді Страбонның апасиак этнонимінің этимологиясы «су сақтары» дегенді білдіреді.  Жданко, Сәрсен Аманжолов ағамыздың еңбектерінде қазақ халқымен қарақалпақтардың кең тараған шежірелерінде қазақ пен созақ ағалы-інілі, созақтан қарақалпақ тарайды деп айтылады. Менің қолымда қалған шежіреде де Алаштан Жайылхан, одан Қазақ, Созақ. Ескі сөздерде созақтар басқа тайпалардан бөлініп, саяқ жүргендіктен, қарақалпақ атанып кеткендері айтылады. Қазіргі қарақалпақтар екі арыстан құралған. Біріншісі, Қоңырат арысында Шыңғыс ханның ата тегі - Қият тайпасы бар.

Мен, жазған кітабымның «Наймандар және төрелер» атты тарауында Қияттың түбінің Қоңырат екенін жазған да едім. Қысқасын айтқанда, Ергене қоңнан шыққан бүкіл тайпа Қоңырат аталған. Ежелгі Хонкират дегеніміз – қазақша айтқанда Қоң қырат болады. Эргене Қоң қырат – «тік беткейлі құз қырат» дегенді білдіреді. Демек, Ергене қоң қыратынан келгендерді алғашында «Қоң қыраттан» келгендер деп айтып, Қоң қырат, Хонкират атап кеткен. Кейін, қазақ шежірелерінде Қоңқырат дегеннен Қ әрпі түсіп қалып, бұл ұлыс Қоңырат аталып қалған болса керек. Қоңырат этнонимінің қоңыр түсті жылқы малына ешқандай да қатысы жоқ. Рашиди өзінің еңбегінің «Қоңырат» тайпасы» деген бөлімінде бұл тайпаның сол Ергене қоңға кеткендерден тарағанын айтады. (Рашид-ад-дин. «Сборник летописей». Т1, кн.1, стр. 160-б).

 «Юань әулетінің тарихындағы» (Юань-ши) Жалайыр Мұқалының өмірбаянында, оған қоңқыраттардың он тайпасының әскеріне басшылық етудің тапсырылғаны айтылады. Бұл жерде қоңқыраттардың тайпа екені жөнінде сөз жоқ. Осыдан біз қоңқыраттардың ұлыс, арыс болғанын түсінеміз. Бұл жерде Жалайыр тайпасы да, Қият тайпасы да айтылмайды, өйткені, ол тайпалар осы қоңқыраттықтардың ішіндегі он тайпаның бірі болса керек.  Егерде ол заманда Қоңқырат қазіргідей тайпа болса, онда бұл деректе: «Қоңқырат тайпасының он руы» деп айтылар еді.  Қазіргі Қарақалпақтарда Қоңқырат тайпа ретінде емес, сол замандағы арыс ретінде сақталып қалған.

Алғашқыдағы Қоңырат арысындағы тайпалар менің пайымдауымша мыналар болған: Қият, Құлшығаш, Жалайыр, Қатаған, Жат (Жамұқа), Барлас (Асқақ Темір), Бесут (Бесөтей-Көкжал Барақ), Тайшыут, Арулат, Хотон (Көтенші, Қоңқатанау-Шоңмұрын). Тілеубердінің аудармасында және басқа да зерттеушілер маңғыттарды да Шыңғыс ханға жақындатады. Ал енді, «Юань-шиде» Маңғыт пен Икірес тайпалары қоңыраттардан бөлек айтылады. Икірестің ішінде қазіргі Наймандағы Бура руы болған. Жоғарыда айтылған  хотондар ойрат қалмақтардың дүрбіт тайпасымен ассимимляцияға түсіп, Алтай тауларын мекендеп қалған. Қазіргі Найман-қаратайлардың жеріндегі Катонқарағай ауданының аты осы Хотондарға қатысты айтылып қалған болса керек (Хотонқарағай). Кейбір білгіштер ешбір негізсіз оны Қатынқарағай деп қояды. Қоңқатанау-шоңмұрындар осы    қаратайлардың ішінде. Қаратай дегеніміз қалмақ тіліндегі Харадай, яғни, Қарлығаш, тарихи тұлғаның атауы емес, рудың аты.  Хотондар ең алғашқылардың бірі болып мұсылман дінін қабылдаған. Жоғарыда айтылғандай, Есугейдің қайын жұрты, Шыңғыс ханның нағашы жұрты жалпы Қоңырат тайпасы емес, сол Ергене қоң қыратынан шыққандардың арасындағы Көктің ұлы деген Құлшығаш руы ғана. Бұл Көктің ұлы дегендердің де, түріктердің аңызына сай, киетегі - көк бөрісі болған.  Төрелердің тек қана өз араларынан қыз алысып, қыз берісу дәстүрі, осы қияттар мен құлшығаштардан қалған ба деймін.

Ергене қоңға кезінде Қиян мен Нүкүз ғана кетіп қалды дегендердің сөзіне орай Қойшығара ағамыз: «Бұл кәдуілгі өмірде болған тарихи оқиғаның образға оралып берілген нақты баламалық көрінісі ғана» дейді. Қиян дегеніміз - Шыңғыс ханның дәуіріне дейін қалыптасқан су сақтарының, ғүндардың, Рашиди бойынша, ежелгі түріктердің Мыңғұл тайпасының қырғыннан аман қалғандарын  Ергене қоң қыратына ертіп әкеткен ақ иық, ақсүйек ру басы. Сондықтан да, Ергене қоңнан шыққан қоңыраттардың ішінде Қиянның өзінің тікелей ұрпақтары қияттар болған. Қарақалпақтардың шежіресіндегі қияттардың Қоңыратқа жазылғаны осының дәлелі. Басқаша айтқанда, қияттар өздерін Қоңыраттан таратып отыр. Жалайырлар болса, Нүкүздің ұрпақтары.

(Жалғасы бар)

Қайрат Зәріпханұлы Дәукеев,

Шежіре жазушы.

Abai.kz  

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322