МЕКТЕПТЕГІ ХИДЖАБ ДАУЫ. ДІН-ҒАЛЫМДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жуырда шығарылған № 26 бұйрығына қатысты пікір, қоғамда әлі де қызу талқылануда. Аталған бұйрықтың 2.13-тармағында мектеп формасына қандай да бір дінге қатысты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі айтылған болатын.
Осыдан кейін бұл талапты жақтаушылар да, даттаушылар да табылып жатты. Алайда, орта білім беру мекемелерінің бірыңғай киім формасына қойылатын талаптар көптеген мемлекеттерде бар тәжірибе.
Қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселеге қатысты мамандардың пікірлеріне жүгінгенді жөн санадық.
Айдар Әбуов, философия ғылымың докторы, профессор
БІРЕГЕЙ МЕКТЕП ФОРМАСЫ – ОРТАҚ ШЕШІМ
Зайырлы мемлекеттің атқаратын қызметі мен діни құндылықтардың бағдары мен талабы әртүрлі болуы қазіргі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Олай болатыны, мемлекеттік жүйе сол қоғамда өмір сүріп, білім алып жатқан барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер жасауға негізделетін болса, діни қағидаттар белгілі бір дінді ұстанушыларға ортақ міндеттер жүктейді.
Елімізде соңғы бірнеше жыл көлемінде қоғамда екіұшты пікір қалыптастырып жатқан түйткілді мәселелердің бірі - мектепте діни үлгідегі киім киюге қатысты ұстанымнан туындап отыр. Білім және ғылым министрлігінің жақында ғана бекіткен жалпы орта мектептегі киім формасына қойылатын талаптардың ішінде білім беру мекемелерінде діни үлгідегі киім үлгілеріне жол берілмейтіндігі айтылған болатын.
Бұл, ең біріншіден, мемлекеттің әртүрлі этникалық және конфессиялық ерекшеліктерге ие азаматтардың ортақ білім алуына жағдай жасау қажеттілігінен туындайды. Егер мемлекет белгілі бір діннің мүддесіне басымдық берер болса мұндай жағдай басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болар еді. Ал екінші жағдайда, яғни барлық конфессия өкілдеріне білім беру мекемелерінде киімге қатысты толық таңдау беріліп, еркін форма ұсынылатын жағдайда әрбір конфессия өкілдері өздерінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысып, оқушылар арасында қайшылықтықты қарым-қатынас орын алған болар еді.
Біздің елімізде Конституцияда орын алған мемлекетіміздің зайырлы сипатына сәйкес барлық діни сенімдерге құрмет көрсетіліп, олар қарқынды дамып келеді.
Десек те, мектеп формасына қатысты бекітілген жаңа талаптарға жекелеген діндар азаматтардың біржақты сыни пікір танытуы көрініс беруде. Мұндай сыңаржақ көзқарас ұстануды қате деп санаймын, өйткені әрбір діндар азамат өзінің діни сеніміне барынша құрметпен қарайтын мемлекеттік органның ұстанымдарына түсіністік танытып, өз бойындағы рухани-адамгершілік қағидаттарды жетілдіруге және толық білім алуға талпынуы тиіс. Ең бастысы, бұл талаптар мектеп оқушыларына ғана қойылып отырғанын ескеруіміз қажет.
Мұндай ортақ форма тәжірибесі әлем елдерінде кең таралған тәжірибе. Сондықтан нағыз мұсылманды рухани дүниесі бай жан-жақты дамыған адам деп айтар болсақ, ол заман ағымына ілесе отырып, өзінің сан қырлылығымен басқаларға үлгі бола білуі керек.
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
ДІН АТРИБУТТАРДЫ ЖЕЛЕУ ЕТУГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Бүгінгі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан, орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар мектептен білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.
Сондықтан азаматтар мемлекеттің жалпы білім беретін орта мектептерде ортақ киім үлгісін енгізу талаптарына мойынсұнулары тиіс.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ, теология ғылымының докторы, исламтанушы:
БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ЖІБЕРМЕУ– ЕҢ ҮЛКЕН КҮНӘ
Біздің еліміздің басты бір құндылығы - адамның жеке басына ерекше мән беріп, оның білім алуына, денсаулығын сақтауға, жұмыс істеуіне, демалуына барынша жағдай жасалуы кеңінен қарастырылғанында. Атап айтқанда, елімізде балалардың мектепке барып білім алуы заңмен міндеттелген.
Жалпы, білім алу - Исламның ең басты құндылығы. Сол себепті, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Ол екі кітап.
Бірі - Құран кітабы, ал екіншісі - жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс ілімінен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсіне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердің барлығы дүниенің құдіретін тануға жол ашады.
Демек, мектеп - қасиетті орын. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы «хижабқа» сәйкес келмейді деп, бүлдіршін сәби баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды.
Мен осы жерде мына нәрсені ашық айтқым келеді. Баланы мектепке жібермей «жаһил» ету, яғни қараңғы надан ету - ең үлкен күнә.
Ал мектепте «басқа орамал тартуға» келсек, ол пәлендей басты мәселе емес. Ол екінші мәселе. Әуелі ілім алмаған ұрпақтан күні ертең «жаһил», қараңғы қоғам шығады. Біз осыны мықтап түсініп алуымыз қажет.
Abai.kz